Accessibility links

«Құдайға тіл тигізу» жөніндегі заңдар халықаралық сипат алуы мүмкін


АҚШ-та Құранды өртеп шара өткізбек болғандардың ниетіне қарсы наразылық акциясына шыққандар АҚШ туын өртеді. Пәкістан, 9 қыркүйек 2010 жыл.
АҚШ-та Құранды өртеп шара өткізбек болғандардың ниетіне қарсы наразылық акциясына шыққандар АҚШ туын өртеді. Пәкістан, 9 қыркүйек 2010 жыл.

Исламофобия және жалпы діни төзімсіздікті тек санкциялар мен нормативтік-құқықтық актілер қабылдау арқылы еңсеруге болады деу бекершілік. Тек төзім ғана әлемде діни бостандықтың салтанат құруына жол аша алады.


Осы аптада БҰҰ-ға мүше мемлекеттер жыл сайынғы «Дінді даттауға қарсы күрес туралы» қарарды талқылады. Оны қарауға ұсынған Ислам конференциясы ұйымына бүгінде тұрғын халқының көпшілігін мұсылмандар құрайтын әлемнің 57 мемлекеті мүше, деп жазады «Нью-Йорк Таймс» газеті.


ПІКІР БОСТАНДЫҒЫ ҚҰҚЫҒЫН ҚҰРМЕТТЕУ

Қарар дінді даттауды, яғни өзге біреудің діни көзқарастары мен сезімдеріне тіл тигізуді айыптап, әлем елдерін мұндайға тыйым салатын заң қабылдауға шақырады.

Бұл қарар жобасы исламофобия мен дінді даттауға қарсы тұруды мақсат етіп отырған әлемнің барлық елдеріне ортақ заң қабылдауды көздейтін науқанның құрамдас бөлігі болып отыр.

«Діни кемсітушілікті (адам құқықтарын заңдастырылған түрде бұзу) мағынасы бұлыңғыр «жала жабу» ұғымымен теңестіргісі келетін, сондай-ақ пікір білдіру бостандығына құқықтық шектеу қоюды ақтап алуға тырысатын мұндай науқан, адам құқықтары тұрғысынан алып қарағанда, кесірлі болмақ» деп атап көрсетеді «Нью-Йорк Таймс».

«Құдайға тіл тигізу» дегеннің мағынасы не екенін ешбір жан түпкілікті түрде анықтап айтып бере алмайды. Демек, оған тыйым салатын заңдардың мағынасы да бұлыңғыр болмақ. Әрі ондай заңдар саяси оппозициядан бастап дінді зерттеушілерге дейін – барлық азаматтарға қысым түсіру үшін қалай болса солай қолданылып кетуге бейім болып шығатыны айтылған осы мақалада.

Атқарушы билік тармағы басшыларының өкілеттігі әсірекүшті, соттары тәуелді, құқық мекемелерінде жемқорлық етек жайған, ал демократиялық институттары әлсіз дамыған мемлекеттерде «құдайға тіл тигізу» жөніндегі заңдар қоғамдағы діни төзім мен үйлесімге мүлде септесе алмай отыр.

Оның орнына, әлгіндей заңдар діни азшылықтардың немесе мемлекет халқының басым бөлігі ұстанатын дінді ұстанғанымен, оны жалпы ғұрыптан ерек, өзінше түсінетін діндарларға қысым көрсету үшін қолданылатындығын жазады басылым.


ҚҰРАНДЫ ӨРТЕУ – БОСТАНДЫҚ НЫШАНЫ МА?

Мысалы, Пәкістанда христиандар мен «ахмадия» қауымдастығына мүше мұсылмандар тұрғын халықтың екі пайызын ғана құрайды. «Ахмадия» қауымдастығына мүше мұсылмандардың бір ерекшелігі – олар Мұхаммед пайғамбардан кейін қиямет күнінің алдында тағы бір пайғамбар – адамзат пен бүкіл тіршілікті тамұқтан құтқаратын Қайым (Махди ғалайһиссалам) пайғамбар келеді деп сенеді. Алайда, өткен жиырма жыл ішінде «құдайға тіл тигізді» деген желеумен ұйымдастырылған тоғыз жүзден астам сот істерінің жартысында тап осы діни азшылықтар жауапқа тартылды.

Газет мәліметіне қарағанда, әлгі аталған сот істерінің қалған жартысы – мұсылмандарға қарсы ұйымдастырылған. Дегенмен, мұның басым көпшілігі шындығында дінге еш қатысы жоқ, жеке бастың кегін қуып, есе алудың жеңіл әдісі ретінде қолданылған шаралар болған. «Құдайға тіл тигізу» жайлы айыптаулар кейбір жайттарда адамдар тобына қарсы қиянат жасалған қантөгістерге апарып соғып, соның салдарынан кейбіреулер ажал құшып немесе мүгедек болып қалған.

«Нақ осындай заң қабылдаған елдер енді БҰҰ құрылымдары арқылы «құдайға тіл тигізу» жөнінде халықаралық заң қабылдаттыруға күш салып жатыр. Діни бостандық пен өзге де адам құқықтары жиі бұзылатын Египет, Пәкістан мен Сауд Арабиясы тәрізді мемлекеттер екіжүзді пиғыл танытып отырғаны сөзсіз» деп жазады «Нью-Йорк Таймс». Олар осылайша діни төзімділікке қол жеткізуді емес, өз елдеріндегі наразы тұрғын халық пен діни экстремистер алдында ұпай жинауды көздеп отыр деп атап көрсетеді басылым.

Мақалада «құдайға тіл тигізу» жөніндегі заңдар мұсылман елдеріндегі халықтың әр түрлі топтары арасында кеңінен қолдау тауып отырғандығы тілге тиек етіледі. Таяу Шығыстағы өз елдерінің жемқор және әлімжеттік көрсетуге бейім басшыларын ашық сынайтын, адам құқықтарын қорғаушы ең белсенді тұлғалардың өздері исламға «тіл тигізген» деп есептелетін пікірлерге келгенде екіұдай сыңай байқатады. Мәселен, Құранды өртеу мен (исламды әжуалаған) даниялық карикатуристің суреттерінің жариялануын олар «заңмен қорғалуы тиіс пікір білдіру бостандығынан ауылы алыс дүние» деп санайды.

Әлемде дінді өз ұлты немесе нәсілі тәрізді нышандармен тең дәрежедегі нәрсе деп қабылдайтын аймақтарда тұратын адамдардың көпшілігі дінге қатысты мұндай қылықтарды өз тіршілігінің түп-тамырына шабылған балта деп қарастыруға бейім тұрады.

Тіпті, демократиясы дамыған саналатын елдердің өзінде бұл салада шешімін таппаған мәселе жетерлік. Еуропада исламға қарсы және ксенофобиялық ұстанымдағы саяси партиялар жұрт арасында бұрынғымен салыстырғанда кеңірек қолдау тауып жатыр. Еуропада мұсылмандарға қатысты қабылданған бірқатар заң ережелерін құқық қорғаушы ұйымдардың көпшілігі мұсылмандардың діни бостандығын әділетсіз шектеу деп бағалап отыр.

Даниялық карикатуристің суреттерінің жариялануын «бұл пікір білдіру бостандығына жатады» деп қорғаштауға тырысқандардың көпшілігі Нью-Йорктегі 2001 жылы қыркүйектің 11-і күні лаңкестер қиратқан Дүниежүзілік сауда орталығы тұрған жерге таяу маңда ислам орталығын салу жоспарына қарсылық көрсетіп, «мұндай құрылыс олардың сезімін қорлайтынын» айтып отырғанын жазады газет.


БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ҮНДЕУІ

Еуропа мен Америка Құрама Штаттарындағы мұндай екіжүзді көзқарас «тіл тигізді» деген желеумен мемлекеттің қадағалауға алу талпыныстарын ақтай алмайды, деп атап көрсетеді газет. Үкімет сөз бостандығын шектеу, оны полиция бақылауы табанына салу және оның жолында үйме-жүйме бөгеттерді қоя беру тәрізді нәрселерден бойын аулақ ұстағаны жөн.

Төзімсіздікті, соның ішінде діни төзімсіздікті де, еңсеру жолы адам құқықтарын, олардың арасында пікір білдіру құқығын да қорғайтын
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун.
заңнамалық негіздің берік іргетасын жасаудан басталады. «Құдайға тіл тигізу» жөніндегі заңдар қандай контексте қарастырылмасын, бәрібір, оң нәтиже бермейді және БҰҰ-ға мүше мемлекеттер оларды қабылдамай тастауы тиіс» деп атап көрсетеді «Нью-Йорк Таймстағы» мақала ауторы Паула Шрифер.

Қараша айының 16-ы күні Халықаралық төзімділік күні аталып өтіледі. Осы айтулы күнге байланысты БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун әлем жұртшылығына үндеу жариялады. Оның мәтіні аталған ұйымның сайтында бар.

«Төзімділік жекелеген кісілер мен адамдар топтарының арасындағы өзара сыйластықтың әрі ортақ құндылықтар жүйесіне негізделген бүкіләлемдік қоғамды қалыптастырудың арқауы болып табылады. Төзімділік – бұл ізгілік пен өнегелілік сапа, әйтсе де, ол ең алдымен – әрекет, жақыныңа болысу және айырмашылықтарды бөгет емес, диалог пен түсіністікке шақыру ретінде қабылдау. Сауда мен ақпараттық технологиялар арқасында бүгінгі күні әлемнің әр бөлігі өзара тығыз байланыс ұстап отыр. Алайда, қайыршылық, надандық пен қақтығыстар себебінен әртүрлі қауымдастықтар мен елдер арасындағы, олардың өз ішіндегі айтыс-тартыс етек алып, күшейіп барады», – делінген үндеуде.

«Халықаралық төзімділік күнін атап өте отырып біз мемлекеттер мен халықтар арасындағы диалогқа қатысты өзіміздің адалдығымызды тағы да бір рет қуаттайық әрі кемсітушілік пен бөле-жаруға ұшырап отырған жандарды ойға алып, оларға аяушылық білдірейік. «Адамзат» ұғымы адамзаттың алуандығын құрайтын ұлы байлықты өзара құрметтеу негізінде бірге өмір сүру және біріге еңбектену дегенді білдіреді», – деп атап көрсетеді Пан Ги Мун.
XS
SM
MD
LG