Accessibility links

Ішімдікке қызып алған ағылшынның нысана көздеуден Қазақстан чемпионы болғаны туралы хикая


Дартс ойынына арналған нысана тақтайша. Қазақстан Республикасының садақ тарту, дартс және арбалет федерациясының сайтындағы сурет.

Дартс ойынына арналған нысана тақтайша. Қазақстан Республикасының садақ тарту, дартс және арбалет федерациясының сайтындағы сурет.

«Индепендент» газетінің оқырмандарына британ турисі Дом Джоули нысана көздеуден өзінің қалайша Қазақстан чемпионы болғаны жайында баяндап беріпті.


ТОСЫННАН ТАП БОЛҒАН ЖАРЫС

– Мен әуежай аумағына барып, ол жерден кері қарай Британияға ұшып кетпес бұрын таңертеңгі бірқыдыру уақытымды Алматыда бостан бос өткізуіме тура келген еді. Қала көшелерін кезіп жүріп, мен аяқ астынан жамырай сөйлесіп, дәл осы маңда тұрған бір барға кірмекші боп жиылған бір топ адамды көрдім. Бардың сырт кейпі сүреңсіз әрі көнелеу көрінді, – дейді Алматыдан алған әсерін «Индепендент» газетінде жариялаған Дом Джоули.

– Егер the Velvet Underground рок-тобы Нью-Йоркта емес, Алматыда құрылған болса, осы бар олар барғыштай беретін орынның бірегейі болар ма еді деген ой келеді. Ерігіп жүрген менің уақыт өткізуім керек, мыналар не деп шуылдап тұр деп ойлап, тоқтай қалып, бажайлап қарай бастадым. Әрине, олардың не істемек ойы бар екенін түсіну, сөзін ұқпаған соң мен үшін қиынның қияметі еді. Дегенмен, Қазақстанның көгілдір байрағының үстінен ұшып бара жатқан үш найзаша бейнеленген үлкен, көк түсті дөңгелек жарнама маған бірнәрсе ұқтырғандай болды.

Кенет жаттығу костюмін киген бір мырза дәл жанымнан өтті, оның арқасында «Қазақстан» деген жазу бадырайта жазылыпты. Қолына тіпті көз тартар көрікті найзашалар ұстап алған. Мен оны дереу тоқтаттым да, екеуміз бір-бірімізді түсінісу үшін өзара бірдеңелер айтуға тырыстық.

Бұл адамның ағылшыншасының оңып тұрғаны шамалы екен. Әйтсе де, одан мұнда жиылған елдің найзаша (дартс) лақтырудан Қазақстанның ұлттық біріншілігін өткізбек екенін біліп алдым. Сөйтіп тұрғанда, мені олар аяқ астынан сүйрелегендей ғып, жетектеп ғимарат ішінде кіргізіп жіберді. Еріксіз мен де барып алакөлеңке дәліз ішінде жиылғандарға қосылып, кезекке тұра қалдым. Бұл жерде жүрген дартс ойыншыларының саны әжептәуір көп, тіпті қарақұрым деуге келеді екен.

ЖЕҢІМПАЗДАР ШЕРУІ

Менің әлгі үстіне жаттығу костюмін киген жаңа танысым мұны «Жеңімпаздар шеруі» деп атап елеуреді. Сөйтіп тұрғанда Қазақстан әнұраны ойнап қоя берді де, біз шам жарығы ішіне жарқырата нұр шашып тұрған кең бір залға ендік, бұл бас бөлме екен. Қаптаған теледидар камералары бізді түсіріп жатты. Өстіп келіп, оң алақанымызды кеудеміздің үстіне қойып, бір сапқа тізілдік те, әнұран әлі шырқалып жатқан соң селт етпестен тапжылмай тұрдық.

Ақыр соңында әнұран әуені бітті-ау дегенде, костюм киген біреу алға шықты, сөйтті де қызбаланып әрі көсемсіп едәуір көп сөйледі. Менің әлгі танысым маған бір кітапша берді де, әлгі шешенсіп тұрған баяндамашыны көрсетіп маған бірдеңе деп жатты. Ол берген кітапшадан сөйлеп тұрған адамның Қазақстан Республикасының садақ тарту, дартс және арбалет федерациясының төрағасы екендігін ұқтым.

Бұлайша шұбыраңқы атау мен үшін бір түрлі оғаш әрі түсініксіз болып көрінсе де сыр білдірмедім. Кейін білгенімдей, қазақ тілінде арбалет сөзінің атауы балетке өте ұқсас естіледі екен. Сондықтан мен ол кітапшадағы терминді, жалпы Қазақстандағы көптеген нәрсені, жаңылысып, мүлдем бөтен мағынада түсіндім ғой деп ойлаймын.

Сонымен қойшы әйтеуір, не керек, салтанатты ашылу рәсімі аяқталды да, найзашаларды лақтыруға да кезек келді. Бөлмеге бұлар 7 бірдей нысана, яғни жол-жол қылып қатар сызылған дөңгелекшелер бейнеленген дартбордтар іліп қойыпты. Жарыс жүйесі ұтылған адам дереу аласталып отыратын ереже бойынша өткізілді.

Мен жалпы бұл дартс дегеніңді жиі ойнап жүрген жан емес едім. Өткен өмірімде, ел құсап, сырахана ішінде бірді-екілі саптыаяқ сыраға тойған күйі найзашаларды сілтеп жатқаным еміс-еміс есімде қалыпты. Одан тыс, бұл ойынды ойнап көрмеппін.

Сөйтіп, жарыс басталды. Бірнеше бәсекелесім «ә» дегеннен-ақ мүлде мүлт кетіп отырды да, жарыстан «ұшып» кетті. Бойымды да, ойымды да сәл босаңсытып еркіне жіберген мен, қайтсем де жеңімпаз атағына таласып, есе жібермеу үшін іштей оқталумен болдым.

Найзашаларды дәл әрі қас мергенше лақтырған мен, бірнеше раундты қалай жеңіспен аяқтағанымды байқамай да қалыппын. Бір демеуші фирма тегін таратқан ағыл-тегіл сыраның буы осындайда қолтығымнан демегендей болды. Екі сағаттай созылған әрі сонша бір жан алысып, жан берісуді талап етті деуге келмейтін тайталастың нәтижесінде мен финалға да іліктім.

КОТСУОЛД ҚОЙЫ

Сыра дегенің әлгі жерде үзіліссіз әрі ағыл-тегіл еді, ал еліріп алған жиылған жұрт болса, менің найзаша лақтыру өнеріме сүйсініп таңдай қағумен болды. Қысқасын айтқанда, мен жеңдім. Маған алтын медаль тақты (аты «алтын» демесең, заты қалайы ма бірдеңе).

Журналистер дереу қаумалай қоршап, менен сұхбат ала бастады. Ұзын бойлы, сымбатты денелі, тісінде қапсырмасы бар тілші қыз мені жеңісіммен құттықтады. Одан кейін ол Қазақстан ойыншылары уақыт өте келе ағылшын ойыншыларының деңгейіне көтеріле ме, осы жөнінде пікірімді сұрады.

Мен бар пәрменімше байсалды боп, яғни ішпеген, сау адам тәрізді боп көрінуге тырыстым. Содан ол тілшіге бұл ойынның қыр-сырын толық меңгеру үшін ең қажет дағды, ол іше білу екенін айттым. Егер оқыту жүйесін дұрыс ұйымдастыра білсе, мұндай «ішімдікке тойып алып жаттығу» қол мен жүйкені тыныштандырады дедім мен оған. Тілші қыз мен оған құдды бір көктен киелі уақи түсіріп жатқандай, менің айтқаныма аузын ашып, көзін жұмып, басын изеумен болды.

«Қазақстан халқы – ұлы ішкіш халық, – деп өз сөзімді жалғастырдым мен. – Сондықтан екі жыл немесе үш жыл өткен соң бұл ел найзаша лақтырудан әлемде алдына жан салмас ең мықты команда болып шығуы үшін үлкен әлеуетке ие екенін әлден танытып отыр».

Өз елін мақтағаным оған майдай жаққан секілді, тілші қыз марқайып, жүзі бал-бұл жанып алаулап сала берді. Сұхбаттан соң іле-шала ол менің есімімді сұрады, менің аты-жөнімді субтитрмен, теледидарда көрсету үшін керек екен. «Менің атым ба? – деп сұрадым мен, уақытты соза түсу үшін әр сөзімді шайнай сөйлеп. – Оны неге білуге болмасын? Әрине, болады. Менің атым – Уатқыш Котсуолд қойы».

Әй, мынауым тіпті өзіме де тым асыра сілтеп жібергендей боп көрінді. Дегенмен әлгі тілші қыз менің аузымнан не естілсе де, жаны қалмай жанталасып жазып алып жатты. Мына жеңістен соң әлі де болса осы маңды қыдырыстап, бұл барға жиылған өте сұлу әдемі бойжеткендермен әңгіме-дүкен құрғым-ақ келді. Ол бойжеткендер найзаша сілтеу өнерін қастерлеушілер болатын.

Әттең не керек, осы мезетте мені үйге алып самғайтын ұшақтың да уақыты кеп қалды. Сөйтіп мен мына таңғажайып қонақжай елді артқа тастап, тіршілігі сүреңсіз әрі түксиген кейіпті Отаныма қайтып оралдым.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG