Accessibility links

Жылқыны қазақтардың ата-бабасы қолға үйреткендігі туралы ғылыми жаңалық Еуразия тарихына көзқарасты өзгертуі мүмкін

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Gazeta.ru веб-сайтынан көрініс.

Gazeta.ru веб-сайтынан көрініс.

Ғылыми әлемде үлкен сенсация: Жылқының алғаш рет қазіргі Қазақстанның солтүстігінде қолға үйретілгені және қымыздың пайда болғанына бес жарым мың жыл болғандығы турасында сенімді дәлел табылған.

Адам жылқыны осыдан бес жарым мың жыл бұрын қолға үйреткенін және бұның Солтүстік Қазақстанда орын алғандығын археологтар дәлелдеді. Ғалымдардың пікірінше, бұл ғылыми жаңалық Евразия қоғамының аграрлық кезеңге дейінгі даму деңгейіне қатысты қазіргі көзқарасты қайта қарауға түрткі болуы мүмкін.

Жылқының ертерек қолға үйретілгені жөніндегі тың дәлелдерді Science журналының жаңа санында ағылшынның Эксетер университетінің Алан Оутрам басқарған көпұлтты археологтар командасы жариялады. Евразия тарихына деген көзқарасты түбірімен өзгертетін жаңалық туралы көптеген шетелдік басылымдар жарыса жазуда.

New York Times газетінің жазуынша, археологтар біршама жылқы сүйектері мен басқа да қазбаларды тапқан. Оларды зерттеу барысында, бұл жылқыларды Қазақстанның солтүстігінде, біздің дәуірімізге дейінгі 3600 жылдан бастап 600 жыл қатарында дамыған, жартылай көшпелі Ботай мәдениетінің өкілдері қолға үйреткені туралы бір-бірінен тәуелсіз үш түрлі дәлелдер тобы нақтыланған.

Біріншіден, ғалымдар төрт жерден табылған жылқы қаңқаларының түрі мен өлшемін талдаған. Оларды осы өңірлерде, осы кезеңдерде өмір сүрген жабайы жылқылардың, бұдан жүздеген жылдар кейінірек қола дәуіріндегі қолға үйретілген жылқылардың және монғолдың қолға үйретілген жылқыларының сүйектерімен салыстырған. Зерттеушілер, сүйегі ірі жабайы жылқыларға қарағанда ботай жылқыларының «сымбаттырақ» болғандығын және қолға үйретілген жылқыларға жақындау екендігін айтады.

Доктор Оутрамның пікірінше, Ботай мәдениетіндегі жылқылардың қолға үйретілуінен, жылқының генетикалық жағынан өзгерген жаңа түрі пайда болды деп біржақты нық айтуға болмас. Бірақ, ол жылқы сүйектеріндегі айырмашылықтар арқылы, ботай жылқылары еті мен сүті үшін, күш көлігі ретінде адамдарға пайдалырақ болғандығын айтады.

Дәлелдердің екінші тобы жылқының тістеріндегі іздер мен қаңқа тканінің бұзылуына байланысты. Зерттеушілер оны жұмысқа пайдаланған жылқыны басқару үшін кигізілген жүген мен ауыздықтың, жауырдың салдары деп есептейді. Тістегі мұндай кетіктерді археологтар бұрыннан бері қолға үйретудің дәлелі деп есептеп келеді.

Дәлелдердің үшінші тобы қыш ыдыстың қабырғасындағы май қышқылдарының дағымен байланысты. Ыдыс қабырғасындағы дақтар бие сүтінің ізі. Бұның өзі Ботай тұрғындарының қымызды қалай ашытуды білгенін дәлелдеп тұр.

Жылқылардың қолға үйретілген жері мен уақыты ғалымдарға бұрыннан жұмбақ болып келген. Зерттеушілердің көпшілігі мыңдаған жылдар бойы жабайы жылқылар өсіп-өнген, құрбандыққа шалынған тайлардың қаңқалары мен дөңгелекті арбалар табылған Украина, Ресей және Қазақстанның далалары жылқылардың қолға үйретілген жері болуы мүмкін деп есептеп келген. Американ археологы Дэвид Энтони 2007 жылы жарық көрген «Жылқы, дөңгелек және тілдер» атты кітабында бұл аймақтағы жылқының қолға үйретілу мезгілі шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жыл деп жазады.

Жылқының қолға үйретілуіне қатысты дәлелдер осының алдында, Ботай мекенінде, Көкшетау университетінің ғалымы Виктор Зайберт жүргізген қазбалардың нәтижесінде табылған. Карнеги жаратылыстану мұражайының қызметкері, америкалық Сандра Олсенмен бірге олар жылқы қаңқаларынан жауырдың іздерін тапқан. Бұл Ботай жылқыларының жұмысқа және мініске пайдаланылғаны туралы болжам жасауға негіз болды.

Зайберт пен Олсен адамның жылқыны қолға үйреткен уақыты мен орнын алғаш ашқан археологтар тобына жатады. Оутрамның айтуынша, бұның өзі «ақпарат алмасу, көлік, азық өндіру және әскери іс саласында әлеуметтік және экономикалық жағынан үлкен маңызға ие болған».

«Менің ойымша, жылқының қолға үйретілуі адамзат тарихындағы ең шешуші оқиға болған, - деп келтіреді Сандра Олсеннің сөзін Los Angeles Times газеті. – Александр Македонский мен Шыңғысханды қоса алғанда, барлық ұлы империялардың негізін қалаушылар жылқысыз ештеңе істей алмас еді».

Олсен мен оның әріптестері Қазақстанның солтүстігінде жылқылардың қолға үйретілгендігі жөнінде бұдан бұрын да түрлі дәлелдер келтірген. Мысалы, жылқыларға арналған қоршаулар, жылқы тезегінің құрылыс материалы ретінде пайдаланылуы, сонымен бірге, лассо тәрізді әбзелдің кең таралуы. Бұл дәлелдер даулы болатын, ал скептиктер болса, бұның барлығы жабайы жылқыларды пайдалануға байланысты деп байлам жасады. Алайда, жаңа табылған дәлелдер Ботайда адамдар жылқыны үйретіп қана қоймай, олардың бүкіл патриархалды экономикасы осы жануармен тығыз байланыста болғандығын айтуға мүмкіндік береді.

Infox.ru сайтының жазуынша, қазақ ғалымдары Оутреммен пікірлес және қазақ даласын жылқы өсірудің алғашқы отаны деп есептейді. Желтоқсанда олар Қаратауда андрон мәдениетіне жататын тастағы таңбаларды байқаған. Алматы археология институтының қызметкері, тарих ғылымының докторы Алексей Марьяшев Infox.ru тілшісіне берген сұхбатында Арпаөзен шатқалында археологтар қола дәуіріне жататын арбалы аттармен аң аулау сәті бейнеленген суреттер тапқанын айтты. Андрон мәдениетінің адамдары Қазақстан аумағында 4,4-3 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олар Қаратау жартастарына ұрыс қимылдарын, толықтай жарақтанған жауынгерлерді, екі метрлік түйелерді және табыну көріністерін салған.

Алексей Марьяшевтің айтуынша, Қазақстандағы ескерткіштердің саны ғана емес сапасы да өзгеше. «Мұндағы материалдар өте бай және олар жекелеген стилдерді, бұл өнердің туындауы, оның гүлденуі мен біртіндеп сөнуінің кезеңдерін бөліп алып, қайта електен өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Қазақстанда жаңартылған суреттер де көптеп кездеседі. Салт атты жауынгерлер түркілерге ұқсайды. Анықтап қарасаң, жауынгерлер кейінірек салынған. Ал, жылқылар қола дәуіріне жатады. Осыдан барып бұл өнердің сабақтастығы, оның дамуы мен біртіндеп сөнуі анықталады», - дейді Марьяшев.

Бұл сенсациялық жаңалық басқа да көптеген БАҚ-тардың назарын аударған. Мәселен, немістің Sueddeutsche Zeitung газеті «Әлемнің алғашқы салт аттылары» деген мақаласында, қазіргі Қазақстанның солтүстігіндегі Ботай мәдениетінің өкілдері осыдан 5500 жыл бұрын жылқыларды қолға үйреткен. Яғни, бұл оқиға Европадағы алғашқы қолға үйретілген жылқылар пайда болғаннан 2000 жыл бұрын болған деп атап көрсеткен.

«Жылқыны алғаш өсірген адамдар бие сауған деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, қазір де Қазақстанда бие сауылады, - деп жазылған мақалада. – Бие сүтінен ферменттелген, қышқылтым сусын - қымыз ашытылады. Мүмкін, Ботай дәуірінде де қымызды осылай ашытқан болар. Қалай болғанда да, археологтар қыш ыдыстардың қабырғасынан тапқан май іздері тек бие сүтінде ғана болады. Бұған қарағанда, Ботай тұрғындары жылқыны сиырдан, қой-ешкіден бұрын қолға үйретсе керек. Шыныққан жануарлар суыққа тоңбайтын. Өзге үй жануарларын қыста қолдан жемдеу керек болса, жылқылар жылдың кез-келген мезгілінде өздігінен жайылатын болған.

Сөз соңында Gazeta.ru электронды басылымындағы мына сөйлемді келтіре кеткенді жөн көрдік: «Адамзат баласы қазіргі қол жеткен табыстары үшін ежелгі әлемді біріктірген ежелгі Қазақстан тұрғындарына, олар қолға үйреткен жылқыларға қарыздар».
XS
SM
MD
LG