Accessibility links

Шетелдік саяхатшыны қазақтардың атқа отырысы мен көкпары тәнті етті


Қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қояды.

Қазақ жылқы десе ішкен асын жерге қояды.

Көшпенділер дәстүрін ұстанатын, дегенмен тұрғындары қазіргі заманға сай өмір сүретін елде, кең байтақ жазира төсінде қазақ ковбойлары қожалық етеді. Қазақстанда қонақ болып қайтқан шетелдік турист осындай тұжырым жасайды.


ТАҢҒАЖАЙЫП СҰЛУЛЫҚ ЕЛІ

Теңіз деңгейінен әлдеқайда биікте орналасқан Асы үстіртінің асуларынан асу қиынның қиыны деп жазады Эрик Хайнрих деген туристің жолжазбасын жариялаған «Торонто стар» газеті.

«Тік әрі қойтастарға толы бұл таулы жердің жолымен төске өрлегенде біз мінген «Лада» маркілі джип көлігінің дөңгелектері безілдей, жанұшыра шыр айналды, - деп әңгімелейді батыстық саяхатшы. - Алып та шымыр денелі, қарағанда көзі өңменіңнен өтетін Дәу деген қазақ селт етпеген күйі көлікті байыппен жүргізіп келеді. Бір сағаттан аса табанды мықшың мен тертөгістен соң, үш мың метр биіктікте біз бір асудан асып, атышулы Жерұйық атты елдің қақпасынан ендік те кеттік.

Онда көз алдыңа келетін табиғаттың таңғажайып көркемдігі мен сұлулығын енді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Самал жел бетті аймалайтын бұл кең байтақ жазира далада белуардан келетін көк майса шалғы тимей қаулай өсіп, жылқылар емін-еркін жайылып жүр. Арагідік киіз үй шаңырағы бой көрсетіп қалады. Бұл киізден істелген шатырлар көшпенді халыққа қыстың суығы мен жаздың аптабында сенімді баспана болады. Көкжиекте қой мен ірі қара, жылқы бет-бетімен жайылып, шашылған тарыдай маңып барады. Әне, дала түлкісі қырат баурайымен желе жортып зып берді, себебі оқыстан қыран шеңгеліне ілініп кетпеудің қамын жеуі тиіс.

Мен саяхаттап келген Қазақстан деген бұл елде жиыны он бес миллион адам тұрады. Кезінде мұнда македониялық Александр патша мен Марко Поло да болып қайтқан. Жер аумағы Техастан төрт есе үлкен, ковбойлар елі деп атауға заты әбден лайық бұл жерстанды менің де көргім келіп аңсарым ауды. Мен осынау елдің өрмінез де сайдың тасындай жайсаң ерлері мен әйел затын көруге ынтықтым. Олар - әлемде қазір сирек кездесетін, ежелден келе жатқан жылқы өсіру мәдениетінің мұрагерлері.

Алайда, бұл бұрынғы советтік республика қайшылықтарға да толы. Бір жағынан, Қазақстан жаңа, ең соны үлгідегі сәулет өнерінің туындысы болатын ғимаратқа толы Астана қаласын салып жатыр. Ол сән-салтанаты жағынан Дубайға еш есесін жібермейтін түрі бар. Астананы салуға Каспий теңізі аумағындағы мұнайды шетелге сатудан түскен қаражат жұмсалып отыр. Екінші жағынан, Қазақстанда кәдімгі малшылар ежелгі замандағыдай емін-еркін, табиғат аясы мен жазира дала төсінде, онымен етене бірігіп, мамыражай өмір сүріп жатыр.

Асы үстірті орналасқан аумақ Алматыдан күншығысқа қарай, аутокөлікпен барғанда бір күндік жерде. Яғни, ол көне Жібек жолының бойында жатыр. Оның табиғаты бұл өңірді 800 жылдай бұрын ежелгі түркі және моңғол тайпалары қоныстана бастаған заманнан бері ешбір өзгермеген деуге болады.

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ РЕГБИІ

Теңіз деңгейінен биіктігі бес мың метр болатын әрі пошымы Швейцария тау сілемдеріне ұқсас Тянь-Шань тауының басын ақ қырау шалған шыңдары оңтүстік көкжиектен менмұндалап, мұнартып көрінеді. Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы осы биік тау биіктерімен жүргізілген. Түрген өзені тіпті топан су заманынан бұрын да болған, әлі күнге дейін бар алаңқайлар мен жазықтықтарды төсінен баса, сарқырап ағып жатыр. Өлексе мал сүйегі, жылқының жақ сүйегі мен жіліктері күнге қаңсып, әр жерде шашылып қалыпты.

Біз әрі қарай кеттік, бағытымыз - биіктегі тау өзенінің жағасында, сайда қоныс тепкен киіз үйлі ауыл. Онда небәрі үш шаңырақ бар.

Ол жерге де жеттік, ақыры. Аутокөліктен түсе сала қазақ жерінің жаннатына аяқ басып тұрғанымды сездім.

Заңғар биіктегі Асы үстіртін Құдайдың өте алып, аясын үсті-үстіне кең жайып, кеңейіп бара жатқан ғибадатханасы деуге келеді. Үстірт үстіндегі көк зеңгір аспан баяу жүріспен, мәңгілік жүрісінен таймай, қоңыр-сары түсті жер бетімен алға беттеп барады. Менің есіме аяқ астынан Танзаниядағы Серенгети жазирасы түсті, ол бұған сәл ұқсас. Дегенмен, мұнда бізді тундра мен тайганың ну орманы қоршап тұрды. Сонымен қатар, бұл жердегі бетегедей аласа бойлы көк шөп пен зәулім көкке ұмтылған шыршалар солтүстіктің табиғатын еріксіз елестетеді екен. Тянь-Шань тауының салқын самалы да анда-санда жүзімді қарып өтіп, аймалап отырды.

Кеш түсе малшылар отар қой мен табын сиырды қораға қамады. Себебі, далада жатса, олар бөрінің жеміне айналады. Дәудің достары, бұрынғы совет армиясының жауынгері Мәсір мен кәнігі мерген Сұраған сиыр табыны мен екі жүз елудей қойы бар отарды бұдан үш тәулік жердегі қыстаққа айдап, көшпекші. Ол қыстақ тұрған мекен бұдан төменде, яғни ойда. Сұрағанның ер жеткен екі ұлы бар көрінеді. Бұлардың жайлауына барған кезім ерте күз болса да, олар үстіртте қар түсетін уақыт таяу екенін тілге тиек етті.

Әне, Мират жартастың тасына пышақ қайрап жатыр. Жасы отызды еңсерген, жауырыны қақпақтай, бура санды, шымыр денелі бұл қазақ көкпардан жергілікті чемпион екен. Американдықтар футболды, канадалықтар хоккейді ермек қылады. Ал қазақтардың дәстүрлі спорт ойыны – көкпар тарту. Көкпарды ойыншылар салт атпен жүріп сайысатын регби түрі деуге болады. Қарсыластар серкенің бассыз ұшасына таласатын бұл жарыста, байқамаса ойыншының өзі мерт болып, жан тапсыруы ғажап емес дейді газет.

Бұл ойынды ойнау үшін шайба не доңыз терісінен тігілген доп атаулының қажеті шамалы. Бар керегі – серкенің бассыз ұшасы. Көкпарда қарсыласыңды итеріп, аяқпен теуіп, тіпті тістеп те алуға болады. Ал ойын мұраты – серкенің бассыз ұшасын қолға түсіріп, күнілгері белгіленген жолмен мәреге жеткізу.

Көкпаршы мен көрермендер арасында жынды суды құтырта сіміріп алғандар да кездесіп қалады. Бұл бәйгенің соңы, көкпар тарту кезінде жараланып қалғандарды есепке алмағанда, жарыста болған елдің бәрін біріктірген әрі таңға дейін жалғасатын той-думанға айналады екен.

Орталықтандырылған жарық не сумен жабдықтау дегеннен бейхабар бұл жерде, сазды әуен мен тәтті күйді аутокөліктің музыкалық жабдығы арқылы естіп, құлағыңның құшыры қанады. Мират пышақты жанып болып, семіз бір қойды лып еткізіп бауыздап тастады.

ТӘҢІРТАУДЫҢ ЕТЕГІНДЕ

Шынын айтқанда, бұл елде Борат тәрізді адамды кездестірмейсің. Борат деген - Саша Барон Коэн ойлап тауып, өзі рөлін ойнаған есуастау мінезді қазақ теледидар тілшісі, өзінің атымен аталған фильмнің кейіпкері. Қазақстан - айбынды да әдемі табиғаты бар, ақжарқын да төзімді жандар мекендейтін қонақжай ел. Оның болмысының ең шыңырау терең түбі елдің де, жердің де түпкі табиғи болмысының осындай саф таза, пәк екендігіне куә етеді.

Бірнеше күннен соң отарының соңында ілбіп келе жатқан Мәсірді жолықтырдым. Ол таудан төмендеп, жайлаудан түсіп келеді екен. Мәсір ер үстінде жантайып, қалғып-шұлғумен болды. Мен джиптегі орнымды оған беріп, өзім атқа міндім. Қыстаққа беттеген бұл көштің де барар жері таяу еді. Ал жайлаудағы күн үсті-үстіне суыта берді, ол әсіресе мен атқа мінгенде өңменімнен өтіп кететін. Мәсір екі күн бойы көз ілмегенін айтты. Себебі, тау жонынан төмендеген ірі қара мен қой көшін дала тағысы сұр бөрілер аңдып, көштің қыр соңынан қалмай ерген де отырған.

Біз шаң-тозаң жұтып, қой отарының соңынан ерген сиыр табынын айдап, Қытайға баратын даңғыл жолды көлденең басып өттік. Біз атбасын тірер қыстақ Шелек маңында қоныс тепкен. Егер осы даңғылмен бір сағаттай төмен түссең, Шарын шатқалына кездесесің. Бұл даңғыл ежелгі Жібек жолының солтүстік беткейін ала төселген.

Өте терең, тік құзды жартастың табанында жатқан Шарын шатқалында жылтырап өзен ағып жатыр. Өзен тау мен тасты ғасырлар бойы үңги отырып, өзіне арна ашып алған. Орталық Азияның Үлкен каньоны деп атауға болатын бұл өңір, сыртқы түрі аспани ғаламдардағы ғимараттар тәрізді мұнаралары мен бедері Марс пейжазына келіңкірейтін жалдарымен даңқты. Мұнда, қола дәуірінде өмір сүрген скифтер молалары да арагідік кездесіп отырады. Даңғыл жолмен бұдан әрмен төмен түссеңіз, онда Қытаймен шекараға таяғанда, биіктігі жеті мың метрден асатын, Қазақстанның ең биік шыңы – Хантәңіріне жолығасыз.

Mәсір маған қолымен күншығысты көрсетті. Ол қазақ тілінде: «Қытай» деді, яғни аты аталған шетел мемлекетінің аумағы таяу дегені. Mәсір елдің екінші шетіндегі Каспий теңізінен басталатын мұнай құбыры құрылысының соңғы бөлігі жақын арада осы арамен өтетінін айтып түсіндірді. Ол құрылыс біткенде, Қазақстан мұнайы жермайға сусап отырған Қытай экономикасын күні-түні үздіксіз түрде қамтамасыз ететін болады. Бұл құбырды жаңа Жібек жолы деуге де келеді. Алайда, онымен жібектен де қымбат тауар батыстан күншығысқа, яғни ежелгі бағыттан кері жаққа тасымалданатын болады.

Отар қойды шопандар қораға қамап, түгендеп, санап жатыр. Дәу ең қоңды екеуін таңдап алды - оларды сойып, етін үйіне әкетпек.

Ойға түсіп, қыстаққа жеткен елдің әңгімесі енді таяу маңдағы ыстық бұлақтың басында жалғасты. Мәсір де, Сұраған да ащы судың шөлмегін ала келіпті. Бүгін оларда - той, қыстаудағы қоныс тойы» деп жазады «Торонто стар» басылымы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG