Accessibility links

Канадалық компания Қазақстанмен соттасып, 4 миллиард доллар алмақшы


1997 жылы Қазақстанның уран өндіретін кәсіпорындарын басқарудан шеттетілген канадалық World Wide Minerals Ltd компаниясы қайта бас көтерді.

Canadian Press ақпарат агенттігі канадалық World Wide Minerals Ltd компаниясының Қазақстан үкіметіне қарсы сот дауын қайтадан қозғамақшы болып отырғанын хабарлады. Компания өзінің шығынын 4 миллиард АҚШ долларына бағалап отыр. Келісімшарт бұзылғаннан бері он жылдан асып кетті, ал сегіз жыл бұрын Торонто қор биржасында World Wide акцияларын сатуға тиым салынған болатын.

Сейсенбі күні Торонтода орналасқан World Wide компаниясының басқарма төрағасы Пол Кэрроллдің компания басшылығын Роберт Грангерге тапсырғаны белгілі болды. Сондай-ақ бұл Кэрроллға өз күшін Қазақстаннан инвестиция төлетіп алуға жұмсауға және компанияны коммерциялық қызметін жаңғырту үшін қайта құруға мүмкіндік береді.
Кэрроллдың бұл істі жүргізуге деген өзіндік қызығушылығы (мүддесі) бар екенін айта кету керек. Келісімшартқа сәйкес, Қазақстаннан немесе «Қазатомпром» ұлттық компаниясы сияқты мекемелерден, сондай-ақ басқа да тараптардан өндірілетін қаржының 10 пайызы оның өзіне тиесілі болады.

БҰҰ халықаралық сауда құқы бойынша комиссиясының ережелеріне сәйкес, төрелік сотта Қазақстан үкіметіне қарсы істің қозғалуы туралы World Wide Minerals 2006 жылдың ақпан айында-ақ жариялаған болатын. Компания 1996-1997 жылдары Қазақстанның уран саласын қайта құруға жұмсалған қаржының қайтарылуын талап етеді. Талапкерлердің айтуынша, 1996 жылғы уран кешенінің World Wide Minerals-тің басқаруына берілгені туралы келісімді 1997 жылы Қазақстан біржақты бұзған.

Компания тікелей жұмсаған 34 миллион АҚШ долларымен бірге келісім бұзылған жағдайда алуға құқылы активтерін 4 миллиард АҚШ доллары болады деп отыр. Кэрроллдің айтуына қарағанда, Қазақстанның «World Wide Minerals-тің басқаруы үшін келісім бойынша берген ресурстары әлемдік қордың 10 пайыздайын құрайды».

Дегенмен Canadian Press агенттігі сот тыңдауларының уақыты мен орны туралы толық мәлімет келтірмейді.

Бұған қоса World Wide Minerals компаниясының бірнеше рет Қазақстан үкіметі мен «Қазатомпром» өнеркәсібін Стокгольмдегі халықаралық төрелік соты мен американдық сотқа бірнеше рет бергенін айтуға болады. Бірақ бұған дейінгі активтерді қайтару мен өтемақы алу әрекеттері нәтижесіз аяқталған еді. Ал канадалық бизнесмендердің Қазақстан үкіметінен даулап отырған қаржысының көлемі әр шағым сайын өсе түсуде. 2001 жылы World Wide Minerals инвестиция ысырабын 25 миллион АҚШ долларына, ал шығынды 1 миллиард долларға бағалаған болатын. 2006 жылы шағым сомасы 3 миллиард доллардан асып, бүгінгі талап етіп отырған қаржы көлеміне жақындады.

Қазақстан жағы бұрынырақта World Wide Minerals-тің ұлттық заңдылықтарды бұзғанын және келісім міндеттемелерін орындамағандарын бірнеше рет алға тартқан болатын. Халықаралық және американдық сот құзыры да дауды бірнеше рет Қазақстан үкіметі мен «Қазатомпромның» пайдасына шешіп берген болатын.
XS
SM
MD
LG