Accessibility links

Қазақстанның металл өндіретін компаниялары пайдалары молайғанын айтып отыр


Лондон қор биржасының логотипі.

Лондон қор биржасының логотипі.

«Гленкор» компаниясы «Қазмырыш» құрамындағы алтын өндіруші кәсіпорындар акцияларын 2011 жылы қор нарығына орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазақстан АҚШ-қа өңделмеген титан жеткізу жөнінен келер жылы да бірінші орында қала бермекші.


АЛТЫНҒА СҰРАНЫС ҮЗДІКСІЗ ӨСІП ОТЫР

Әлемдегі шикізат тауарымен қамтамасыз ететін ең ірі компания «Гленкор» өз активтерінің құнын 5 миллиард доллардан астамға бағалап отырғаны туралы осы істің егжей-тегжейіне қанық бір адам мәлімдеді деп хабарлайды Блумберг агенттігі.

«Қазмырыштың» 50,7 пайыз үлесіне ие «Гленкор», акцияларды көпшілік арасында бастапқы орналастыру арқылы кем дегенде 600 миллион доллар жинап алуды көздеп отыр.

«Саудаға шығарылатын құнды қағаздардың көлемі анықталып жатыр» деп хабарлайды Блумберг агенттігі. «Гленкор» компаниясының деректеріне қарағанда, «Қазмырыш» компаниясының жылына 700 000 унция алтын өндіруге шамасы жетеді. Бұл кәсіпорын негізінен мырыш пен мыс кенін өндірумен айналысады деп түсіндіреді Блумберг.

Алтын өндірумен айналысатын фирмалар күні бүгін халықаралық нарықта осы металға деген сұраныстың арқасында мол пайданың астында қалып отыр. Дүниежүзілік экономика дамуының қалпына келу қарқынының тежелуі алтынға деген сұраныстың жылдам өсіп кетуіне себеп болған.

Алтын өндіруден дүние жүзі бойынша бірінші орын алатын Barrick Gold корпорациясы биылғы жылдың наурыз айында өзінің африкалық бөлімшесінің 25-пайыздық акциялар пакетін сатты. Және акцияларды көпшілік арасында бастапқы орналастыру барысында аталған акциялардың Лондон қор биржасының листингіне енуін қамтамасыз етті. Аталған бастапқы орналастыру кезінде акциялар пакетінің құны 3,6 миллиард долларға тең болады деп бағаланған еді.

«Қазіргі кәсіпкерлік ахуалды – (әсіресе,) алтынды қайда сатып жатқанын - есепке алғанда, алтын өндіру активтері акцияларын көпшілік арасында бастапқы орналастыру – мәні бар нәрсе, - деп атап көрсетеді Франкфурттағы Union Investment GmbH компаниясының инвестицияларды басқару жөніндегі менеджері Феликс Фройнд. – Бүгінгі күнгі кәсіпкерлік ахуалының аясында, тәуекел деңгейі салым салудың осы саласында инвестициялық бизнестің кез келген басқа саласымен салыстырғанда төмен екені анық». Union Investment GmbH компаниясы жалпы құны 160 миллиард евро (немесе 200 миллиардтан астам доллар) болатын активтерге бақылау жүргізеді.

«ҚАЗМЫРЫШТЫҢ» БАҒАЛЫ ТАСТАРЫ

Маусым айының соңында Лондонда алтынның нарықтық бағасы рекордтық деңгейге дейін өсіп, шамамен 1270 долларды маңайлады.

Мұның алдында, қатарынан тоғызыншы жыл алтын бағасының көтерілуі тіркелген болатын. Ал егер осы тенденция өзгермесе, онда биыл алтын бағасының көтерілуі қатарынан оныншы жыл тіркелетін болады. Алтын бағасының мұндай жыл сайынғы өсуі 1920 жылдан бергі уақыт ішіндегі аталған металл бағасының үздіксіз артуы тіркелген ең ұзақ кезең болып отыр.

Дүние жүзінде шикізат тауарларын сату бойынша ең ірі компания деп есептелетін «Гленкор», таяуда өзінің наурыз айында жарияланған көмір өндіретін Prodeco фирмасындағы үлесін толық немесе жартылай сату жөніндегі жоспарын іс жүзіне асыруды кейінге қалдырғаны туралы мәлімдеме таратты.

Аталған жоспар нәтижесінде, өзінің активтерін сату арқылы компания алты ай ішінде 1 миллиард доллар пайда табуды көздеген екен. Наурыз айында «Гленкор» Prodeco – ны Xstrata Plc фирмасынан 2,25 миллиард долларға кері сатып алуға келісті.

Биылғы ақпан айында «Қазмырыш» қолма-қол ақша мен акцияларын айырбастау арқылы «Васильков алтыны» алтын өндірумен айналысатын кәсіпорынының 60 пайыздық үлесін 1,14 миллиард долларға сатып алған болатын.

«Қазмырыш» Ресейдегі Новоширокинское алтын кенішінің де 48-пайыздық үлесіне ие, делінген «Гленкор» - дың вебсайтында.

«Қазмырыштың» алтын өндіретін активтерінің құны оның өзімен дәрежесі тең деп есептелетін компаниялар құнымен шамалас болады. Мәселен, мұндай компаниялар қатарына құны 5 миллиард фунт стерлингтен асатын Randgold Resources Ltd. компаниясы, сонымен қатар, құны шамамен 2,3 миллиард фунт стерлинг болатын African Barrick Gold Plc фирмасы әрі Ресейде алтын өндіру бойынша үшінші орын алатын, құны шамамен 1,9 миллиард фунт стерлинг болатын Petropavlovsk Plc фирмасы енеді.

«Қазмырыш» іргетасы 1997 жылы Шығыс Қазақстандағы түсті металл өндіретін үш негізгі компанияның өзара қосылуы нәтижесінде қаланған еді. Оған дейін аталған түсті металл компаниялары акцияларының бақылау пакеті Қазақстан үкіметінің иелігінде болды, делінген «Гленкор» компаниясының вебсайтында.

«Қазмырыш» сегіз шахта, екі мырыш зауыты, қорғасын зауыты мен бағалы тастар зауытын басқарады. «Қазмырышта» жиырма екі мың адам жұмыс істейді.

«Полюс Золото» ААҚ Ресейдегі алтын кеніштерін игеріп жатқан кәсіпорындарға иелік ететін ең ірі компания болып саналады. Бұл компания енді KazakhGold Group Ltd. компаниясын кері жұтып жіберу арқылы Лондон қор биржасының листингіне енуге ұмтылып отыр. Себебі, KazakhGold Group Ltd. компаниясының бағалы қағаздары аталған листингте бұрыннан бар.

Өткен айдың соңында, «Гленкор» өкілдері компанияның 2010 жылдың бірінші жарты жылдығындағы тапқан пайдасы 42 пайыздай өсіп, бір жарым миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.

Мұның басты себебі металдарға деген сұраныстың өсуінің қалпына келуі мен олардың нарықтық бағасының артуы болған. Сатудың көлемі 55 пайыз өсіп, шамамен 70 миллиардқа долларға жеткен.

«Гленкор» компаниясы өзінің қызметкерлерінің иелігіндегі компания болып табылады. Компания мұнай, металдар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін сатумен айналысады. Сонымен қатар, «Гленкор» бес бірдей құрылықта шахталар мен металл балқыту зауыттарына иелік етеді.

Маусым айының соңына қарай, «Гленкор» – дың төлемпаздығы 6,5 миллиард доллар болды, деп түсіндіреді «Блумберг» аталған компания өкілдерінің сөзіне сілтеме жасап.

Ал Қазақстандағы ең ірі мыс өндіру кәсіпорыны саналатын Kazakhmys Plc. фирмасы биылғы жылдың бірінші жарты жылдығының нәтижесі бойынша өзінің тапқан пайдасының көлемінің артқанын мәлімдеп отыр. Аталған пайда көлемі 574 миллион долларға жетіп, өткен жылдың бірінші жарты жылдығы соңында тіркелген 516 миллион долларлық көрсеткіштен асып түсті, деп жазады «Блумберг». Ал компанияның кірісінің көлемі 1,52 миллиард долларды құраған, деп хабарлайды агенттік.

Онлайн – басылым «Метал бьюлетиннің» хабарлауынша, Америка Құрама Штаттарына өңделмеген титанды жеткізуден бірінші орынды иемденіп отырған Қазақстан ендігі жылы да осы бірінші орынды иемденіп қала беретін көрінеді. Қазақстан өз аумағында титанды өңдеу жөніндегі өндірістерді дамытуға баса назар аударып отырғанына қарамастан, ел өңделмеген титанды Америкаға экспорттау бойынша ең алдыңғы қатардағы мемлекет болып санала береді, дейді Өскемен титан – магний комбинатының бақылаушылар кеңесінің төрағасы Сильвен Джехлер.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG