Accessibility links

Американдық сарапшы «Роза төңкерісіне» Кремль дем беріп отыр деп санайды


АҚШ әуе күштерінің әскери жүк ұшағы «Манас» әуежайына қонып келеді. Қырғызстан, 12 ақпан 2010 жыл.

АҚШ әуе күштерінің әскери жүк ұшағы «Манас» әуежайына қонып келеді. Қырғызстан, 12 ақпан 2010 жыл.

Постсоветтік елдер аумағындағы Батыстың мүдделеріне қауіп төнді деп санайды «Мұра қорының» сарапшысы Ариэль Коэн. Оның пікірінше, Кремль кейбір көршілес елдерге жарым-жартылай болса да өз ықпалын жүргізуге мүмкіндік алып отыр.


ҚУҒЫНҒА ТҮСКЕН ҚУДАЛАУШЫ

Ақ үй әкімшілігі жыл сайын қайталанып отыратын көктемгі халық наразылығының күшеюінің соңы көтеріліс пен толқуға ұласып, Қырғызстанның жемқор президенті Құрманбек Бакиевтің билігін төңкеріп жібереді деп мүлде күтпеген еді деп жазады «Уолл-стрит джорнал» газеті.

Ал Ақ үй болса, тезірек Бакиевтен ат-тонын ала қашып, 59 жастағы Роза Отунбаева басшылық ететін Қырғызстан уақытша үкіметін жедел тану орнына немқұрайды қимылдады. АҚШ мемлекеттік хатшысының қызметін атқаратын Хиллари Клинтон Отунбаеваға тек сәуір айының 10-күні ғана телефон шалды. АҚШ президентінің арнайы көмекшісі Майкл Макфол да сөйтті. Мұндай шабандық АҚШ басшылығына келер уақытта қымбатқа түсуі мүмкін деп жазады басылым.

Роза Отунбаева Қырғызстан сыртқы істер министрі қызметін үш рет атқарған адам. Ол Лондон мен Вашингтонда елші де болды. Алайда, өзін ұстамды саясаткер ретінде көрсете білген ол, өзінің жақтастары тәрізді Мәскеумен тығыз байланыс ұстап отыр. Билікке келе сала, ол өзінің өкілін келіссөздер жүргізу үшін Кремльге жіберді. Мәскеу келіссөзіндегі тақырыптың бірі АҚШ-тың қарулы күштері орналасқан «Манас» базасының болашағына қатысты болғаны сөзсіз. «Манас» базасының жұмыс істеп тұрғаны Ресейдің қытығына тиюде.
Үкіметке қарсы бас көтергендер жеңіске жеткендеріне масаттануда. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.
Қырғызстанда Ресейдің де қарулы күштер базасы бар деп жазады газет.

Ресей «Роза төңкерісіне» қолдау көрсетті. Дегенмен, Кремль Еуразияда бұрынырақ болған «түрлі-түсті революцияларға» қатысты дұшпандық тұғыр ұстанып келген болатын. Олардың қатарына 2003 жылғы Грузияда болған «раушан революциясы», 2004 жылы Украинада орын алған «қызғылт сары революция» мен 2005 жылы Қырғызстанды дүр сілкіндірген «қызғалдақтар революциясы» жатады.

Мұның, сірә, геосаяси астары бар болуы тиіс: басқа революциялардың басшысы тәрізді Құрманбек Бакиев те Вашингтонмен тығыз байланыс ұстады әрі Бейжіңмен де оның қарым-қатынасы үсті-үстіне күшейе берді. Ал Мәскеу үшін бұл жайт сары уайымға айналды.

Құрманбек Бакиев билігі тұсында елді жемқорлық пен тамыр-таныстық жайлады. Ол өзінің кенже ұлы Максимді ұлттық инновациялар мен инвестицияларды дамыту агенттігінің басшысы етіп тағайындады. Ал оның туған-туысы мен тамыр-таныстары елдегі көптеген фирмаларды тақымына басты. Бұлардың қатарында Бішкек әуежайына жанармай жеткізу жөніндегі кірісі мол бизнес те бар болатын.

ОБАМА ҮШІН ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕГІ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ

Бірсыпыра уақыт бойы оппозиция мен бұқаралық ақпарат құралдары Құрманбек Бакиевтің режимін еркін сынап келді. Алайда, ол соңғы жылдары өршеленіп кетті. Нәтижеде, журналистер мен оппозиция басшылары тұтқындалды не өлтіріліп отырды.

Ауғанстанда соғыс жүріп жатқаны себепті Вашингтон аяғын аңдап басып, аузына қақпақ қойып отыруға мәжбүр болды да, Бакиев және оның алдындағы қырғыз президентімен қарым-қатынасын жалғастыра берді.

Дегенмен, Азияның осынау орталығында Мәскеумен тығыз байланыс ұстаушылар аз емес. Құрманбек Бакиев те, оның алдында ел билеген жемқор президент Аскар Ақаев та, Роза Отунбаева да советтік жүйеде білім алып, орыс мәдениетінен сусындаған саяси қайраткерлер болып табылады.

2007 және 2008 жылдары Қырғызстанға Ресей «Манастағы АҚШ базасын жап» деп өте қатты қысым жасады Ауғаныстандағы НАТО жауынгерлеріне керек-жарақ жеткізіп тұру үшін, Америкаға бұл базаның жұмыс істеп тұруы ауадай қажет болып табылады. Мәскеу қарыз бен несие түрінде Құрманбек Бакиевке екі миллиард доллар көлемінде көмек беруді ұсынды. Мұның біраз бөлігін ол жымқырып та жіберген болуы ықтимал.

2009 жылы қаңтарда Құрманбек Бакиев, дегенмен, АҚШ-пен келісім-шартқа қол қойып жіберді де, орыстарды жерге қаратты. Биылғы көктемде Мәскеу бұған жауап қимыл ретінде елге жеткізілетін отын өнімінің бағасын көтерді. Сонымен қатар, Кремль өзіне бағынышты телеарналар арқылы Бакиевке қарсы науқанды бастады. Аталған науқан барысында Бакиев «тиран» деген атқа қалды.

Американың қарулы күштерінің қырғыз елінде орналасуы Мәскеудің шымбайына қатты батты. Кремль, сонымен қатар, Бакиевтің Бейжіңмен де достық қарым-қатынас ұстағанына разы емес болатын. Мұндай саясат нәтижесінде Қырғызстанда аутокөлік магистральдары мен темір жол жүйесін дамыту жөніндегі жобаларды іс жүзіне асыруға жол ашылып еді. Қытайдан, сонымен қатар, ағылып инвестициялар да келді әрі Бейжің Қырғызстанның табиғи байлығын игеруге қол жеткізді деп атап көрсетеді «Уолл-стрит джорнал».

Соңғы қырғыз революциясы барысында Кремль елден ерек белсенділік танытты. Бұл келер уақтағы оқиғалардың нышаны іспетті әсер
АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роберт Блейк пен Қырғызстан уақытша үкіметінің жетекшісі Роза Отунбаева баспасөз-мәслихатында. Бішкек, 14 сәуір 2010 жыл.
қалдырады. Революция болысымен іле-шала Владимир Путин Құрманбек Бакиевтен ат-тонын ала қашып, елдегі толқуды күшпен басу үшін өзінің көмегін ұсынды.

Және де, қырғыздың уақытша үкіметі жария түрде Ресей басшылығына революция барысында көрсеткен «көмегі» үшін өзінің «алғысын» білдірді. Мұның бәрі аталған оқиғадағы Ресейдің ықпалы, сырт көзбен қарағандағымен салыстырғанда әлдеқайда терең болуы мүмкін дегенді білдіреді.

Қырғызстанда Обама әкімшілігі алдында тұрған таяу уақытқа арналған басты мәселе – Бакиевтен аулақтану болып табылады. Бакиев жемқорлығы мен көптеген шерушіні өлтіргені үшін өз елінде абыройдан айырылып отыр. АҚШ басшылығы уақытша үкіметке тақтан тайдырылған президентті сот алдында жауапқа тарту үшін өзінің көмегін ұсына алады. Бішкекте уақытша үкімет орнап үлгіргендіктен, мемлекеттік департамент пен Пентагон онымен қарым-қатынасты жолға қоюға тездете кірісуі дұрыс болады деп жазады басылым.

АҚШ үшін ұзақ мерзімге арналған басты мақсат – «Манас» базасын сақтап қалу және оның жұмыс істеп тұруын қамтамасыз ету болып табылады. Бұған Мәскеу көнбей, өзінің тығыз бақылауының астында болатын балама тасымал жолын ұсынса да Ақ үй бұл мақсаттан таймауы керек. Роза Отунбаева Манастағы АҚШ базасы ол жөнінде «жасалған ағымдағы келісім-шарттың уақыты біткенше» жұмыс істей береді деп мәлімдеді. Ал ол мерзім биыл жазда бітуі тиіс.

ҚАРЫМТАҒА ҚАРЫМТА

Ақ үй Роза Отунбаеваға Вашингтонға келіп, Америка мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынастардың болашағын талқылау үшін келіссөздер жүргізуіне мүмкіндік беруі қажет. «Манас» базасының жұмыс істей беруі АҚШ үшін ұзақ мерзімге арналған басты мұрат болып қала бермек. Ал кедейшілік жайлаған Қырғызстан үшін шағын және орта бизнесті дамыту, жемқорлықпен күрес мәселесі басты мақсат болып отыр.

Мемлекеттік департамент Қырғызстанның жаңа үкіметіне АҚШ-тың Қырғызстанға арналған көмегі өте қомақты болатыны жөнінде белгі
Бішкек маңындағы «Манас» әуе базасының қақпасын жауып жатқан американдық сарбаз. 13 сәуір 2010 жыл.
беруі керек. «Пәк ханым», яғни Роза Отунбаева оның еліне көмек түрінде бөлінген АҚШ салық төлеушілерінің ақшасын жымқырып кетеді деп Ақ үйдің мазасызданбағаны жөн дейді басылым.

Джордж Буш президент болған тұста АҚШ-тың алға жылжуы нәтижесінде пайда болған Еуразиядағы жаңа шептерді «кері қарай лақтыруда» соңғы жылдары Ресей бірталай ұпай жиып алды. Біріншіден, Грузиядағы соғыс осы елдің НАТО мүшесі болуын кейінге қалдырып отыр. Екіншіден, Виктор Януковичтың Украинада болған президент сайлауында жеңісі нәтижесінде Киев Батыспен одақтастық қарым-қатынас ұстану бағытынан бұрылды.

Енді келіп, міне, Американың Орталық Азиядағы тұғырларына қауіп төнді. Демек, Обама әкімшілігі бұрынғы ССРО аумағын тағы да американ геосаясатының басты назар аударылар аймағына айналдыруы қажет. Себебі, бүгінде Вашингтонның Ауғанстандағы белсенділігі мен Еуразияның қақ ортасындағы Батыс тұғырларының басына күн туды деп түсіндіреді ахуалды «Уолл-стрит джорнал».

ҚАЗАҚСТАНДА РЕВОЛЮЦИЯ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?

Кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары Қырғызстандағы тәрізді Қазақстанда да революция болуы мүмкін бе деген тақырыпқа арналған сарапшылар пікірін жариялапты. Сараптамалардың түпкі мәні мұндай мүдде қақтығысы нәтижесінде Қазақстанда оппозицияның өкілдері билік құрылымдарына бейбіт жолмен келеді дегенге саяды. Сарапшылар мұндай бейбіт тәсілмен билікке келу бұған қазіргі билеушілердің лажсыздан көнуінің арқасында болады деп отыр.

Рейтер агенттігі сарапшы Досым Сатпаевтың келесі сөзін келтіреді: «Қырғызстандағы тәрізді оқиғалар Қазақстанда тек президент тағынан кеткен жайтта ғана орын алуы мүмкін. Элита мұндай билікті күштеп ауыстырудың Қазақстанға пайдасынан гөрі, зияны көбірек болатынын түсінеді».

Аймақтағы басқа елдерге қарағанда, Орталық Азиядағы ең ірі экономика саналатын Қазақстанда халық толқуының қанат жаюының ықтималдығы әлдеқайда аз. Бұл мемлекет әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел болып табылады әрі дүние жүзіндегі ең ірі мыс, алтын және мұнай экспорттаушы елдердің қатарына кіреді.

«Қазба байлығы мол болғандықтан, Қазақстанда әлеуметтік және саяси ахуал әлдеқайда тұрақты. Бізде, әрине, шешілмеген әлеуметтік мәселелер бар. Алайда олардың себебінен Қырғызстандағы тәрізді “нақұрыстық” мұнда қайталанады деу шындыққа сай болмас еді», – дейді саясаттанушы әрі «Қазақстанда кімнің кім екені» атты кітабының ауторы Данияр Әшімбаев.

Сонымен қатар, Рейтер агенттігі сарапшы Том Mандидің де сөзін келтірген. Ол былай дейді: «Құрманбек Бакиев барлық билікті өз уысына жиып аларлықтай көп уақыт билеп үлгірмеді. Ал басқа Орталық Азия елдерінде мұндай мәселе жоқ».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG