Accessibility links

Экономиканың құлдырауы Орталық Азияда ұлтаралық жағдайдың шиеленісуіне себеп болуы мүмкін


Мейрамхана қызметкерлері келушілерге Наурыз көже ұсынып тұр. Алматы, 22наурыз, 2009 жыл.
Мейрамхана қызметкерлері келушілерге Наурыз көже ұсынып тұр. Алматы, 22наурыз, 2009 жыл.

Батыс талдаушылары экономикадағы қиындықтар Орталық Азияда этникааралық жанжалдарды, әсіресе тіл мәселесі өзекті проблемаға айналған елдерде, өршітуі мүмкін деп жорамалдайды.

«ЭКОНОМИКАДАҒЫ ДАҒДАРЫС САЯСИ ДАҒДАРЫСҚА ҰЛАСАДЫ»

Швейцариялық сарапшы әрі журналист Андре Лорш, Deutsche Welle сайтында жарияланған мақаласында, «жанжал тудырар потенциал тіл мәртебесі шешілмеген кезде орын алатынын» айтады. Журналист мұндай ахуалды Орталық Азия елдердінен байқауға болатынын жазады.

Ал осы мақалада берілген Қырғызстан парламентінің мүшесі Зайнидин Құрмановтың пікіріне салсақ, ол бүгінде бүкіл Орталық Азия бойынша этнократия саясаты жүргізіліп отырғанын тілге тиек етеді. «Барлығы мемлекеттік тілді көтермелеуде. Себебі, ол соңғы бекініс, оны беруге болмайды, [өйткені] халық содан бастау алады», – деп атап көрсетеді депутат Құрманов.

Андре Лорштың пікірінше, Орталық Азиядағы әртүрлі ұлыстар арасында жанжал тууына нашар экономикалық ахуал себеп болуы мүмкін. Ұлтаралық қатынастағы қауіпке қатысты мұндай пікірді өзге де бірқатар сарапшылар айтады.

Бұған дейін Еurasianet онлайн-басылымының талдаушылары, Қазақстан қазіргідей экономикалық құлдырауды бастан өткеріп отырған шақта, ресми Астана өзінің басты мақсаты ретінде ұлтаралық келісімді нығайтуды таңдап отырғанын айтқан еді.

Олар Қазақстанда тіл проблемасы өзекті болып отырғанын атап көрсетеді. «Альтернатива» орталығының былтырғы жылдың соңында жүргізген сауалнамасының қортындысы көрсеткендей, ел тұрғындарының тек үштен бірі ғана мемлекеттік тілде еркін сөйлесе, халықтың 15 пайызы одан мүлде бейхабар екен. Ал сонымен қатар, орыс тілін сауал қойылғандардың 90 пайыздайы еркін меңгергендерін айтқан, деп хабарлайды Еurasianet.

Бұрындары патшалық Ресей, одан кейін Совет үкіметі орыс тілін күштеп таңу саясатымен айналысты. Орыс тілі елде терең тамыр жайды, ал Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін алған уақытта қазақтар өз жерінде ұлттық азшылық болатын.

«Бұл [орыстану] қазақтың тілі мен мәдениетіне орасан – зор теріс әсер етті», – деп атап көрсетті президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтары ассамблеясының өткен жылғы бір отырысында сөйлеген сөзінде деп жазады сайт.

Сentral asian news сайтының хабарлауынша, бүгінде Қазақстанда 16 миллиондай адам тұрады. 2009 жылдың бас кезінде жүргізілген жалпыұлттық халық санағының алдын ала жасалған қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының 67 пайызын қазақтар құраған.

Әмбебап Wikipedia веб-анықтамалығы 1897 жылы қазақтар Қазақстан тұрғындары санының 75%-ын құрағанын, алайда патша үкіметінің отарлауы мен Коммунистік партияның озбыр саясатының салдарынан байырғы ұлттың үлес салмағы өз жерінде 1960 жылы 30%-ға дейін құлдырағаны жөнінде мәлімет береді.

ҚОС ТІЛ – ҚОС ӘЛЕМ

Қазақ ұлтшылдары Қазақстанда мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге жеткілікті күш салынбай отыр дегенді айтып жүр. Ал үкімет бұған қатысты қолдан келгенінің бәрін жасап жатқандығын айтып ақталуда: 2008 жылы аталған мақсатқа содан 3 жыл бұрынғымен салыстырғанда 40 еседей көп (42 млн.доллар) қаржы бөлініпті.

Алайда, тіл үйренушілер қолданыстағы оқыту материалдары мен әдістемесіне разы емес. Балалардың көбі, мектепте қазақ тілін оқыту міндетті болса да, мемлекеттік тілді тек шала-пұла үйренген қалпы аттестат алуда.

Кей шолушылардың пікірінше, Қазақстан қоғамы қазірден-ақ екі топқа бөлініп кетті. «Енді бізде [Қазақстанда] екі әлем бар – қазақтілді және орыстілді», - деп мәлімдеген болатын «Ұлт тағдыры» ұлтшылдар бірлестігінің жетекшісі Д. Көшім былтыр, қазан айында, Алматыда өткен «Политон» клубының ұлтшылдық мәселесіне арналған отырысында.

Аталған мәселенің тамыры тереңге кетеді, ол елдің өткен тарихы қойнауларынан бастау алған. "1917 жылғы төңкерістен соң өз билігін нығайту үшін,- деп түсіндіреді совет тарихын зерттеуші Донна Фарина (Donna Farina) Allacademic сайтында,- Кремль отарланған аймақтардың байырғы тұрғындарына орыс тілін күштеп таңды әрі оны алып совет империясының сан алуан халқы мен ұлыстарын біріктірер құрал етпек болды".

Кеңес билігі кезінде, деп атап көрсетеді Донна Фарина, Орталық Азиядағы жергілікті ұлттардың әліпбиі алдымен латын әрпіне, кейінірек кирилл әрпіне көшірілді. Әлеуметтік сатымен көтерілудің қажетті шарты – орыс тілін білу боп саналатын ахуал қалыптасты.

Ашық қоғам институты сайты Қазақстанда 1997 жылы қабылданған заң бойынша, елде қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылатынын жазады. Қазақстандағы тіл саясаты билеуші элитаның өз тұғырларын алыс мерзім аясында нығайту жөніндегі жалпы стратегиясының құрамдас бөлігі болып отыр.

Елде үкімет тарабынан жасалған байырғы халықтың тілі мен мәдениетіне артықшылық беретін режим совет заманы кезіндегі орыстандыру саясатының салдарларын залалсыздандыру үшін қолданылып келеді. Билеуші элита мұндай шараларды, өзіне қатысты оппозициялық пікірлер мен оған бағынбау арасында кең етек алған топ - ол елдегі славяндар екендігін есепке ала отырып, іс жүзіне асыруда деп жазады сайт.

Әрі билеуші элита аталған соңғы топ Ресейдің Қазақстан басшылығына қысым жасауының құралына айналып кете ме деп те қауіптенеді. Іс жүзінде, Астана қазақ тілі мәртебесінің артуын самарқау түрде ынталандыру мен славяндарды баяу түрде, бірте-бірте жалпымемлекеттік деңгейдегі билік құрылымдарынан ығыстыру саясатын жүргізіп отыр.

Бұл істе Ақорда 1991 жылдан бері ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге жетті де. Оның үстіне, бұл жетістікке миллиондаған байырғы ұлт өкілдері әлі де өз ана тілін күнделікті тілдесудің құралы ретінде қолдана алуға қауқарсыз боп отырғанда қол жеткізді деген қорытынды жасайды аталған сайт.
XS
SM
MD
LG