Accessibility links

Қазақ рестораны Лондонды тамсандырса, Құралай Нұрқаділова сән үлгісімен Жаңа Зеландияны тәнті етті


Сәнді киім шебері Құралай Нұрқаділова Алматыдағы баспасөз мәслихатында.
Сәнді киім шебері Құралай Нұрқаділова Алматыдағы баспасөз мәслихатында.

Британ астанасындағы қазақ мейрамханасының ас мәзірі мен Алматыдағы сәнді киім үлгілерінің көрмесі шетелдік басылымдардың назарын аударды.

КЭЙМБЕРВЭЛДЕГІ ҚАЗАҚЫ ДАСТАРХАНДЫ ҚОНАҚЖАЙ ШАҢЫРАҚ

«Таймаут Лондон» журналы өзінің соңғы санында оңтүстік Лондондағы Кэймбервэлл махалласында қоныс тепкен қазақ және қырғыз мейрамханасы туралы мақала жариялапты. Журнал мейрамхананы шартты түрде «КК» деп атаған («қазақ және қырғыз мейрамханасы» дегенді ықшамдағаны).

Мақала авторы, «Таймаут Лондон» журналының тілшісі Гай Даймондтың айтуынша, мейрамхана қоналқы бағасы арзанырақ «Пэша Отель» қонақ үйінің ішінде орналасыпты. Біреу-міреу қарапайым Лондон тұрғынына: «Бұл жерде кеңінен көңіл сергітіп, күштілеп демалып, құмарың қанғанша тойып тамақтануға болады», десе, осы арзанқол қонақ үй ішінде орналасуы себепті, әуелгіде лондондықтың бұған сене қоюы екіталай, дейді автор.

Қабылдау үстелінің маңында тұрған қызметкер қыздардың жанынан өтіп, сәл әрірек мейрамхана ішіне енсең болды, деп жазады Даймонд, сыртынан қарағанда қарапайым көрінетін бұл орын, «Көгілдір барқыт» типтес мейрамханалардың қазақы үлгісіне айналып сала береді.

Дереу түстену қажет болса, алдыңнан бар кездеседі, дәл қасында түрік моншасы бар, ал дәлізде – иісі адамды сергітіп жіберетін ауа хошиістендіргішінің жұпары аңқиды; аванзалға (яғни қонақ қабылдау бөлмесіне) арзанқол суреттер ілінген, онда Орталық Азияның табиғатының әсем көріністері бейнеленіпті. Мұнан да ары өткен қонақ, мейрамхана ішіндегі хауыздың үстінен салынған өткелден өтіп барып, ауқат ішер орталық залға табан тірейді.

Жұма күні түнде мейрамханада қонақ болғандардан батысеуропалықтары тек біз ғана едік, деп жазады Гай Даймонд. Кең зал бірте-бірте түркітілді мырзаларға тола бастады. Қазақша, орысша және өзге де тілдерде әңгімелерін бір-біріне айтып жатқан олардың арасында әртүрлі жас мөлшеріндегі орталықазиаттар, моңғолдар, дүңгендер, славян тектестер, т.т. отырғаны байқалатын.

«Таймаут Лондон» тілшісі мейрамханада ауқаттың нешеме түрлері бар екенін айта келіп, олардың бағасының (Лондон нарқы тұрғысынан алғанда) арзан екендігін тілге тиек етеді. Қазақстан да, Қырғызстан да бұрынғы Ұлы жібек жолының бойында қоныстанған, осы себептен бұл аймақтағы аспаздық өнеріне Түркиядан Қытайға дейін созылған алып аумақты жайлаған көптеген елдің ауқат жасау өнерінің ықпалы әсер еткені сезіледі.

Мейрамхана мәзірінен қонақ Орталық Азияның көптеген тағамдарының атын кездестіре алады, деп атап көрсетеді автор. Бұлардың қатарына «палау» (бұл «пилау» (pilau) не «пилаф» (pilaf) тәрізді күріштен жасалар тағам), кәуаптар мен үнді немесе түрік стилінде жасалған жалпақ күлше, әрі буға пісірілген «мәнті» енеді.

Аспаз бидай ұнынан қолымен созып даярлайтын толы тостаған кеспені «лағыман» деп атайды екен, оның үстіне қуырылған ыстық қоңды қой еті мен көкөністер салынады. Бұл Шыңжаң ұйғырларының сүйіп ішер тамағы болып саналады.

«Мәнті» болса, бұл дәмі тіліңді үйіретін бір таңғажайып тамақ. Топ-томпақ, буланып тұрған әрі ішіне тарттырылған ет тығыз етіп салынған олар «пирогиге» (pierogi) де немесе жапонның «джиозасына» (gyoza) да ұқсамайды. Мұның не екенін түсіне алу үшін, оны жеп көру керек! Ал бұлардың «гань-фань» (gan fan) дейтіндері ол кәдімгі күріштен істелген ас, тек қонаққа оның үстіне әсемдеп, көз тартатындай ғып ет пен шөп-шаламды салып береді.

«КК» мейрамханасын, бәлкім, Орталық Азия тұрғындарының ас мәзірі бойынша жасалған ауқатты ең тамаша етіп даярлар орын деп айтуға келмес, дегенмен мұнда ішілген тамақ дәмі көпке дейін таңдайыңнан кетпесі анық, дейді Гай Даймонд.

Тамаққа тойып алған қонақ еріксе, орыс не қазақ өнерпаздарының өнерін тамашалауына болады, әсем бикештер қонақ үшін арнайы «құрсақ биін» де билеп беруге әзір. Ал қонақ көңіл көтеріп, қымбат шарап ішем десе – ол мұнда бар болғаны 15 жарым фунт стерлингтей ғана тұрады.

Бұдан соң қалтаңдағы қалған тиын-тебен, енді бусанған түрік моншасына түсіп, онда терлеп-тепшіп, жартылай ұйқылы күйде, рахатқа кенеле демалуыңа әбден жетуі тиіс, деп сөзін аяқтайды Лондондағы қазақы мейрамхана жайлы сөзін «Таймаут» тілшісі.

АЛАТАУ ЕТЕГІНДЕГІ СӘНҚОЙЛАР МЕРЕКЕСІ


Ал Жаңа Зеландияда жарық көретін «Три ньюс» басылымының тілшісі Алматы кутюрьелерінің шеберлігіне қалай тәнті болғанын жазыпты. Оның сөзіне қарағанда, ол өзінің бұдан сәл бұрынырақ Алматыдағы сән аптасы барысындағы дефилені көруі кезінде бұған көзі жетіпті.

«Қазақстан» қонақ үйінде болған сәнді киімдер коллекцияларының шеруінде, әйелдердің биік шляпасынан бастап, нәзік әрі жұмсарта тігілген қыз бен келіншектің сәнді көйлектерінің үлгілеріне дейін көрсетілген. Бұл шебер – кутюрьелердің 2009-2010 жылдардың күзі мен қысқы маусымына арналған соңғы туындылары еді, дейді «Три ньюс» тілшісі.

«Қазақстандағы сән аптасы» бүкіл Орталық Азия бойынша осы саладағы ең айтулы оқиға болып саналады. Бұл сән аптасына қатысу ниетін білдіруші шетелдік сән үйлері мен дизайнерлер қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Жаңазеландиялықтың айтуынша, биыл бұл шараның өткізіліп келе жатқанына жетінші жыл толып отыр.

Ең соңғы сән үлгісі бойынша тігілген костюмдер мен көйлектер түрлерін көруге «сәнді киім» десе жаны қалмайтын жергілікті қалталы азаматтар мен азаматшалар, әсіре ынтызар. Шетелдік тілшінің сөзіне қарағанда, «Қазақстан» қонақ үйінде «От кутьюр», яғни «Жоғарғы сән» өнімдерінің көрсетілімін көрмекке келген жергілікті бай және атақты адамдарды түрлі папарацилар суретке түсіріп алмақ боп жанталасыпты.

Сонымен қатар, жаңазеландиялық тілші Алматының Қазақстанның мәдени және сән орталығы болып табыларына күмән келтірмейтінін айтады. Үш тәулік бойы өткен сәнді әрі талғамды киімдер көрсетілімі әртүрлі сән үйлерінің өнімінің стилі мен дизайнының жарысы болды, дейді ол.

Мұнда келісімді де консервативтік үлгідегі киімнен бастап, сәулелі – жарқын киімдерге дейінгі небір талғампаз киім түрлері, сонымен қатар, ашық экстраваганттық үлгілер көрермен назарына ұсынылған.

«Айгүл Қасымова сән үйінің» бас стилисі Мәрия Розахунова, «Қазақстандағы сән аптасының» жергілікті сән индустриясы үшін маңызды оқиға екенін тілге тиек еткен. Себебі, дейді ол, бұған көптеген елдің өкілдері келіп қатысады. Биыл көрмеге Италия, Голландия, Қытай және Грузиядан қонақтар келген, әрине, бұған Қазақстаннан да қатысушылар аз болмаған.

Рахила – мұнда сән шеберлерінің ең соңғы туындыларын көріп, қарап әрі таңдап сатып алуға келген әйелдің бірі. Ол өзінің клиенттерінің нәзік әрі соны талғамды халық екенін айтады, олар сән дегеніңнің жетік мамандары дейді ол.

Басылымға берген сұхбатында Рахила былай дейді: «Олар (клиенттерім) – көпке белгілі әрі абыройлы адамдар, оларды мен сондай сүйемін және құрметтеймін. Олардың арасында мынадай сән коллекцияларына деген сұраныс өте қатты. Мұндағы адамдар стилдерін әрі өздеріне не керек екенін біледі. Олар сән дегеннің дәм-талғамын бұдан да терең сезіп, білуге ынтызар!».

Сөз арасында айта кету керек, биыл сәнқойлар арасында экстраваганттік стилдегі киім үлгілері ерекше сұраныс тудырып отыр. Мұндай стиль қатарына тым ұзын етіп тарастырылған кірпіктерден бастап, ваза пішіндес бас киімдерге дейінгі аралықтағы, сырт көзді алғаш назар салғанда абыржытып тастар барлық киім үлгілері жатады.

Аида Кәуменова Қазақстанда танымал суретші-дизайнер болып саналады. Ол – Қазақстанның ұлттық спорт командасы былтырғы Бейжің Олимпиадасында киген бірыңғай киім үлгісінің авторы.

Аида өзінің соңғы сәнді киім коллекциясын еуропаша дәмдеп, «прет-а-порте делюкс» деп атапты, бұл аударғанда, «қалың жұртшылыққа арналған жоғары сапалы киім» дегенді білдіреді.

Бұл дефиле жайлы айтқанда, Құралай Нұрқаділованы ерекше атап өте кеткен дұрыс болар еді, себебі, ол Қазақстан модельерлерінің ішіндегі сән әлемін ең нәзік әрі ең озат түсінетін шебер, деп ағынан жарылады осынау алматылық мәдени қайраткер туралы «Три ньюс» тілшісі.

Аталған модельер өзін Қазақстандағы сән әлемінің негізін салушы деп санайды. «Тек менің (фирмалық) брэндім ғана соңғы 15 жыл ішінде болған сән көрмесінің әрбіріне қатысты. Қазақстандағы мода индустриясы менің арқамда аяғынан тұрып, дамыды, себебі мен бұған көп еңбек сіңірдім», дейді Құралай.

Көрмені ұйымдастырушылар ол бітпей жатып, енді қарашада болатын сән көрсетіліміне дайындық жұмыстарын бастап жіберді. Қарашада «2010 жылдың көктем – жазы» маусымдық киім үлгілері жұртшылық назарына ұсынылатын болады.

Ұйымдастырушылардың, келер жылдары «Орталық Азия жоғары сән аптасының» іргетасын қаламақ ниеттері бар. Олар ол көрмеге бұрыннан қатысып келе жатқан брендтерден өзге, Үндістан мен Пәкістаннан да сән үйлері келіп қатысады деп жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG