Accessibility links

Астананы сынап кітап жазған АҚШ ғалымы бұрынғы пікірін өзгертті


Марта Брилл Олкотт – Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының (АҚШ) аға ғылыми қызметкері. Астана, 28 қазан 2009 жыл.
Марта Брилл Олкотт – Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының (АҚШ) аға ғылыми қызметкері. Астана, 28 қазан 2009 жыл.

Қазақстан туралы кітап жазған Марта Брилл Олкотт ЕҚЫҰ төрағасының Қырғызстандағы ахуалды реттеудегі іс-әрекетіне оң баға берді. Бірақ, оның пікірінше, Кавказдағы ұзаққа созылған жанжалға ықпал жасау Астананың қолынан келмеуі мүмкін.


Марта Брилл Олкотттың сонау ССРО тұсында жазған «Қазақтар» атты кітабы Орталық Азия жөніндегі сарапшылар, диссиденттер мен аймақтың тәуелсіз пікір ұстанатын жастары арасында ерекше бағаланды.

Осыдан сегіз жыл бұрын Марта Брилл Олкотт «Қазақстан: орындалмаған уәде» атты жаңа кітабын жұртшылық назарына ұсынды. Онда автор Астананы елді демократияландыру ісінде кері кетті деп сынаған-тын. Бүгінде Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде атқарған ісіне қарап АҚШ ғалымы жаңаша баға беріп отыр.


АЙМАҚТАҒЫ ҮЛКЕН ҚАТЕРЛЕР

Марта Брилл Олкотт – Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының (АҚШ) аға ғылыми қызметкері екендігін жазады «Нью Юроуп» сайты. Ол 2009 жылы өзінің «Қазақстан: орындалмаған уәде» атты еңбегін толықтырып, оның тақырыбынан соң сұрақ белгісін қойған болатын. Яғни, осыдан автордың Қазақстанға қатысты алдыңғы білдірген сыни пікірлерінің жұмсарғаны байқалды.

«Нью Юроуп» сайтының тілшісіне берген өз сұқбатында Марта Брилл Олкотт Орталық Азиядағы қазіргі ахуалға және ЕҚЫҰ-ның Еуразиядағы кейбір маңызды халықаралық мәселелерді шешу мүмкіндігіне байланысты өз пікірін білдірген.

«Міне, таяуда Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толады. Аймақта тұрақты да, тынышсыз да мемлекеттер бар. Енді мені бәрінен де қатты алаңдатып отырған – Тәжікстан. Мұнда халықтың төзімі таусылды, оның ашу-ызасы бұрқ-сарқ қайнай бастады. Қырғызстандағы оқиғалар бұл елдегі дағдарыстың шиеленісуіне түрткі болды. Бұл аймақта уақыт жібермей, дер кезінде көмекке келіп үлгіруі маңызды», – дейді сарапшы.

Осы сұқбатында Марта Брилл Олкотт Қырғызстандағы ахуалды талдауға тырысып көрген.

«Көршілес республикада аласапыран оқиға өрбіген кезде, Қазақстан қиын жағдайда қалды. Бір жағынан, оның ЕҚЫҰ-ға төраға - мемлекет ретінде лайықты шара қолдануы керек болды, екінші жағынан оған өз мүддесін қорғау қажет еді.

Қазақстан өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шекарасын жапты. Әйткенмен Қазақстан тез шешім қабылдап, өзінің саяси кемелдігін таныта білді, ал басқалар әліптің артын баққан күйі асықпай, қандай да бір дұрыс шешім қабылдай алмай дал болды», – деп атап өткен маман.

Қазақстан ЕҚЫҰ полиция бөлімшелерін Қырғызстанға жіберу туралы шешім қабылдап, көрші елге нақты көмек көрсете бастады. Бұл нақты шешімді бірден қабылдамай шабан қимылдаған Ресей мен АҚШ үшін де ауыр кезең еді», – деп мәлімдеген Халықаралық бейбітшілік жөніндегі Карнеги қорының қызметкері Марта Брилл Олкотт.

Ол Ресей мен АҚШ-тың көмек бергісі келмегендігін айтады. Бұл туралы сол кезде мемлекеттің уақытша басшысы қызметін атқарған Роза Отунбаева қанша өтінсе де, бұл елге әскери көмек жіберуге олардың ешбірінің батылы жетпеді.

«АҚШ-тың бүйтіп екіұдай күй кешуін түсінуге және кешіруге болар, себебі Қырғызстан – НАТО мүшесі емес және Ирак пен Ауғанстандағы шешімін таппай, қордаланған қиын мәселелер мұндай қадам жасауды қиындатты» деп атап көрсетеді АҚШ сарапшысы.

Алайда, Ресей үшін ахуалды реттеу мақсатында өз жауынгерлерін жіберуге ешқандай бөгет болмаған еді. Жаңадан тұтанған жанжал ошағының дәл іргесінде отырған Қазақстандай емес, Ресейдің өз шекарасына алаңдамай-ақ, Қырғызстанға әскер жіберу туралы шешімді оңай қабылдауына болушы еді, бірақ бұлай істемеді», – дейді Марта Брилл Олкотт.

Осы орайда маман: аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құрылған Ұжымдық қауіпсіздік Келісім-шарты ұйымының [ОДКБ] атқаратын рөлі қандай деген сауал қояды.

Қырғызстандағы оқиғалар Ресейдің енді бұрынғыдай қалауынша ықпал ете алмайтынын көрсетіп берді деген түйін жасаған Карнеги қорының маманы Қырғызстандағы шиеленісті ахуалды реттеуде ресми Астананың атқарған рөліне оң баға береді.

«Қазақстанның экономикасы қуаттырақ және егер Қазақстан Қырғызстанның экономикалық серіктесіне айналса, бұл оңтүстіктегі осы республикадағы ахуалды тұрақтандыру үшін ең бір тиімді қадам болар еді» деп атап көрсетеді Марта Брилл Олкотт.


ДҮНИЕЖҮЗІЛІК АБЫРОЙ

Марта Брилл Олкотт тек Орталық Азия бойынша ғана емес, сонымен бірге Кавказ аймағы бойынша да сарапшы - маман болып есептеледі. Ол Кавказдағы шиеленісті жағдайларды реттеуге қатысты ЕҚЫҰ-на үлкен үміт артпайды.

«Егер дауласушы тараптардың өздері бұған даяр болмаса, кез келген ара ағайынның қандай да бір оң нәтижелерге қол жеткізуі қиын. Екі тарап та бір-бірімен келісімге келуге дайын болмай, құр саудаласумен отырғанда іс сәтті бітеді деп айту қиын», – дейді сарапшы.

Әлемнің осынау аймағында бітімгершілік рөлін атқарғысы келетін Астананың ұмтылысына меңзей отырып, сарапшы мынаны ескертеді: «ЕҚЫҰ-ның кез келген төрағасы тек екі тарап та өзара қарым-қатынасын жөндеуге даяр болғанда ғана оң нәтижелерге қол жеткізе алады. Бұл сөз Таулы Қарабақтағы жағдайға да, осетин-грузин жанжалына да қатысты айтылып отыр».

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «қарапайым адамдарға қарай 100 қадам» атты бастамасы тәрізді шараларға қатысты: «мұндай бастамалар тек Таулы Қарабақтағы жанжалды реттеуде ғана табысты болуы мүмкін, ал Грузия мен Ресей арасындағы жанжал екі мемлекет арасындағы қақтығыс болғандықтан, бұл нәтиже бермейді» деп атап көрсетеді Марта Брилл Олкотт. Оның сөзінше, ол жердегі дау-жанжал мемлекеттік құрылымға қатысты: Грузия өз аумағының біртұтастығына ұмтылып отырса, осетиндер мен абхаздықтар Грузияның құрамында болуға даяр емес.

ЕҚЫҰ-ның Астанада өткелі отырған саммитіне де тоқталған Марта Брилл Олкотт онда талқыға түсетін негізгі тақырыптарды атайды: НАТО кеткеннен кейін Ауғанстанда қандай ахуал қалыптасатындығы, Қырғызстандағы ахуал және оны тұрақтандырудағы ЕҚЫҰ-ның рөлі.

«Мен осы ұйымның басты мақсатының не екенін түсінуді жаңадан айқындап алар кез жетті деп санаймын. Себебі, қазір, өкінішке қарай, ЕҚЫҰ-ның өз ішінде бұл ұйымның рөлі мен орнына, шиеленісті ахуалдарды реттеу мүмкіндіктеріне қатысты ортақ түсінік жоқ», – деп мәлімдеген ол.

Марта Брилл Олкотт саммит шақыру жөніндегі Қазақстанның ұсынысына өзге елдердің құлақ асуын бұл елді әлем мойындағанын білдіретіндігін айтады.

«Дүниежүзілік қауымдастық Қазақстанды, және де оның, ең алдымен, Орталық Азия аймағында белгілі бір рөлі бар екендігін мойындады. Ал бұл өз алдына бір үлкен плюс», – деп атап көрсетеді Марта Брилл Олкотт «Нью Юроуп» сайтына берген сұқбатында.
XS
SM
MD
LG