Accessibility links

Билік және тәуелсіз масс-медиа: қарсыластық жалғасуда


"ЗонаКЗ" интернет газетінің басшылары Ю.Мизинов(оң жақта) пен Гимран Ерғалиев. Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.
"ЗонаКЗ" интернет газетінің басшылары Ю.Мизинов(оң жақта) пен Гимран Ерғалиев. Алматы, 3 наурыз, 2009 жыл.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары тағы да Қазақстандағы билікті бұқаралық ақпарат құралдарын қуғындаудан қорғауға шақырады. Өйткені тәуелсіз масс-медиаға қысым жасау тетіктері көбеюде: соттық талап-арыздар, журналистерді соққыға жығу, сайттарды құрсаулау не кибер-шабуыл жасау...

Қазақстанның адам құқықтарын қорғау ұйымдары сейсенбі күні президентті бұқаралық ақпарат құралдарын жала жапқаны үшін мүліктік зиянды өтеу жөніндегі соттық талап-арыздардан қорғауға шақырды. Бұл сұрақ қауіпсіздік пен адам құқықтары мәселелерімен айналысатын ұйымға төрағалық етудің қарсаңында тұрған постсоветтік елде БАҚ бостандығын қамтамасыз ету ісіндегі негізгі мәселеге айналды деп жазады ағылшын тілінде Парижде шығатын International Herald Tribune газеті.

Президентке үндеу тастауға өткен айда депутат Ромин Мадиновқа моральдік зиян келтіргені үшін «Тасжарган» оппозициялық газетіне 300 миллион теңге (200 мың АҚШ доллары) айыппұл салған сот қаулысы түрткі болды. Бұқаралық ақпарат құралдарын қорғау ұйымдары мұндай мөлшерде айыппұл төлеу басылымның жабылуына әкеп соғады дегенді айтуда.

«Жала жапқаны үшін талап етуге болатын сома мөлшерін белгілеу жөніндегі ұсыныстарды заңшығарушылар табанды түрде кері қайтаруда. Ал, елде бұқаралық ақпарат құралдарынан триллион, тіпті квадрильон теңге талап еткен соттық арыздар болған», - делінеді “Әділ сөз” және Қазақстан журналистер одағы ұйымдарының мәлімдемесінде.

Қазақстанның коммерциялық астанасы Алматыда қаңтар айында “Тасжарған” апталығы мен оның бір тілшісін аудандық сот азық-түлік бағасының өсуіне қатысты Мәжіліс депутаты Ромин Мадиновқа жала жабылған деректерді мақалада жариялағаны үшін оған 20 мың доллар төлеуге міндеттеген шешім шығарды. Ал, өткен аптада апелляциялық сот ол мөлшерді Мадиновтың бастапқы талабына сәйкестендіріп, 10 есеге көбейтті.

Адам құқықтарын қорғаушылардың пікірі бойынша, үкім шығарылған басылым тағдыры қыл үстінде. “Әділ сөз” ұйымы ол сот шешімі 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етудің қарсаңында тұрған Қазақстанның халықаралық имиджіне нұқсан келтіреді деп есептейді. ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге қол жеткізер алдында Қазақстан кең ауқымды демократиялық реформалардың жүргізілуін қамтамасыз етуге, оның ішінде баспасөз бостандығының ахуалын жақсартуға уәде берген. Бірақ та бұл саладағы ахуал жақсарған жоқ, бұған түрлі деректер куә:

«Human Rights Watch ұйымының өткен жылы жарияланған баяндамасында Қазақстандағы билік ЕҚЫҰ алдында берген уәдесін орындамағаны, бұқаралық ақпарат құралдарының елеулі деңгейде мемлекет пен үкімет жақтастарының бақылауында қалып отырғаны айтылады. АҚШ мемлекеттік департаментінің өткен аптада шыққан адам құқықтары саласындағы ахуал туралы баяндамасында да аймақ елдері журналист қызметін шектегені үшін сынға алынған».

Сонымен қатар жарияланым авторы Қазақстанның қауіпсіздік органдарының қаңтар айында мемлекеттік құпия шеңберіндегі деректерді жария қылды деген айыптаумен газет редакторы Рамазан Есіргеповты тұтқындағанын еске салады. Ал, желтоқсан айынан бері Алматыда жоқ дегенде үш тәуелсіз журналист шабуыл мен ұрып-соғудың құрбаны болды. Олардың бірі Артем Миюсов «Тасжарған» газетінде қызмет еткен.

Тақырыпты жалғастырған Reuters агенттігі Қазақстандағы БАҚ-ын қорғауға тағы бір ұйым кірісті — бұл жолы Парижде орныққан топ «Шекарасыз репортерлар» (Reporters Without Borders – RSF). Бұл халықаралық ұйым да аса үлкен айыппұл төлеу тәуелсіз апталықтың өмірін қияды деп есептейді.

«Шекарасыз репортерлар» және «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымдары басылымның өзі де, журналистері де төлей алмайтын айыппұл салу арқылы тәуелсіз газетті жоюға әрекеттенді деп алматылық апелляциялық сотты айыптайды, - делінеді дүйсенбінің кешінде жарық көрген RSF мәлімдемесінде. – Ең қорқыныштысы сол, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету қарсаңындағы Қазақстанда мұндай тәжірбие тұрақты түрде қолданылуда».

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары бұл елдің сайлау шаралары мен демократиялық шарттарды сақтау жөнінен ЕҚЫҰ-ның талаптарына сай келмейтінін алға тарта отырып, ЕҚЫҰ-ның Қазақстанды келесі жылы төрағалыққа сайлау туралы шешіміне күмән келтіреді» - дейді Reuters.

Өз кезегінде «Неміс толқыны» радиостанциясы Қазақстанның атақты интернет-сайттарына кибер-шабуылдардың жасалуы тақырыбына тоқталады. Репортаж авторы Анатолий Вайскопф виртуалды кеңістіктегі тәуелсіз басылымдарға қарсы күресті назарға алады:

«2000 жылдан бастап қазақстандық көптеген тұтынушыларға республикадағы eurasia.org.ru және kazhegedeldin.addr.com сияқты интернет-басылымдардың жабық екені мәлім. Тұрақты құрсау қоюдан Орталық Азиядағы inkar.info атты жалғыз қоғамдық-саяси жүйелік радио да ақпарат таратуын доғарды, ал Астаналық ресми саясаттан тәуелсіз respublika.kz, navi.kz, kub.kz және geo.kz сияқты басылымдарды тура мағынасында айтқанда Интернеттегі қазақстандық аумақтан басқа домендік кеңістіктерге қуып тастады. Осыдан бір жыл бұрын ғана құрсау салынған қазақстандық жүйелік басылымдарды прокси-сервер, «зеркала» және анонимайзерлер арқылы оқуға болатын болса, үстіміздегі жылдың 14 ақпанынан бастап бұл жол тек қазақстандық емес, бүкіл әлемдік тұтынушыларға да жабылып қалды. Билікке қарсы мақалалар тұрақты жарияланатын қазақстандық әйгілі интернет-басылымдарының серверіне кибернетикалық қуаты зор DDoS-шабуылдар жөнсіз төпеп кеткен. DDoS-шабуылдардың жылдамдығы кейде тіпті 8-ден 14 Гбит/сек. дейін жеткен. Соның салдарынан Қазақстан интернет-басылымдарына хостинг ұсынатын компаниялар оларға қызмет көрсетуден бас тартуға мәжбүр болды».

zonakz.net танымал сайтының бас редакторы Юрий Мизинов мәселенің күрмеуін шешуге премьер-министр, елдің ең жоғары мәртебелі блоггері Кәрім Мәсімовті шақырғаны белгілі. Бұл ол кісіге жедел әсер етті. Премьер: «Бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Тиісті мамандарға бұл оқиғаның мән-жайын анықтауға бұйрық бердім», - деп жеке блогында жауап жазды.

Алайда, интернет-тұтынушылар бұл уәденің орындалатынына күмәнмен қарайды, оған негіз боларлық себептер жеткілікті: «Кәрім Мәсімов осыған дейін мұндай уәделерді аз берген жоқ, алайда уәденің көпшілігі құр сөз күйінде қалды. Бұл уәденің де солай аяқталары сөзсіз, өйткені DDoS-шабуылдарға тапсырыс берген адамды табу оңай емес, әсіресе ол Қазақстанның билік құрылымында жоғары лауазымды қызмет атқарса» дейді интернет-форумдағы пікір таластырушылар.
XS
SM
MD
LG