Accessibility links

Батыс елдері ЕҚЫҰ-на төрағалық мандатынан Қазақстанды айыру мәселесін қозғауы мүмкін


Оппозиция басшыларының жақтаушылары оларға қарсы соттың басталуын күтіп тұр. Алматы, 12 наурыз, 2009 ж.
Оппозиция басшыларының жақтаушылары оларға қарсы соттың басталуын күтіп тұр. Алматы, 12 наурыз, 2009 ж.

Шетелдік бақылаушылар, егер ресми Астана қоғамды демократияландыру жөніндегі нақты іс-шараларды атқармаса, онда күн тәртібіне Қазақстанды ЕҚЫҰ-ның төрағалығынан айыру мәселесі қойылатындығын айтады. Deutsche Welle сайты 2010 жылы Әкежан Қажыгелдинге Ақорданы демократиялық қадамдарға баруға көндіруге мүмкіндік туады, деп жазады.

АСТАНАҒА БІРШАМА ТАЛАПТЫ АТҚАРУҒА КӨНУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ

Deutsche Welle сайты мамырдың 7-сі күні Германия және Қазақстан сыртқы істер министрлерінің Берлинде кездескенін жазады. Министрлер Франк-Вальтер Штайнмайер мен Марат Тажин кездесу барысында Еуроодақтың Орталық Азиядағы стратегиясын қалыптастыруға септігін тигізетін ортақ іс-әрекет бағдарламасына қол қойды.

2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы болатын Қазақстанның ресми билігі әлемдік қауымдастық алдында, әсіресе Батыс алдында өзін бостандықшыл ресми элитасы бар дамып келе жатқан ашық қоғам кейпінде көрсетуге тырысып бағады. Бұл үшін ол көмірсутек кенін Батыс елдеріне жеткізіп беріп отыру туралы келісімдерге қол қоюдан бастап, түрлі мәдени шараларды ұйымдастыруға дейінгі кең ауқымды іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Мәселен, 2009 жылы Қазақстанның Германиядағы жылы боп жарияланса, 2010 жылы Қазақстандағы Германия жылы боп жарияланды. Бұл Астананың Берлинге жүргізер ықпалын күшейтсем деген пиғылынан туған іс-әрекеттерінің жемісі болып табылады.

Келесі жылы ЕҚЫҰ-ға төраға болар кезінде қиын ахуалға тап болмауы үшін, ресми Астанаға қоғамды демократияландыру саласында кей шараларды іс жүзіне асыруына тура келеді. Өйтпесе, Астана бүкіл әлем жұртшылығы алдында, ЕҚЫҰ мүшесі болып табылатын кей Батыс елдерінің қатты сынына тап болып, абыройына нұқсан келуі мүмкін, тіпті, Астананы ЕҚЫҰ төрағалығынан уақытынан бұрын кетіру талабының көтерілуі де ғажап емес.

ЕУРООДАҚ АСТАНАДАН ЗАҢДАРДЫ ЛИБЕРАЛДЫ МАЗМҰНДА РЕФОРМАЛАУДЫ КҮТЕДІ

Германия үкіметінің мұрындық болуымен бұған дейін Еуропа Одағының (ЕО) барлық мемлекеттері қабылдаған Орталық Азия бойынша стратегиясы Астана үшін ерекше маңызды құжат болып табылады. Бұл стратегияны екі тарап арасындағы ынтымақтастықты дамытудың ресми қабылданған сценарийі іспеттес. Аталған құжатта құқықтық мемлекет негіздерін дамыту, мәдениет әрі білім беру жобаларын, сонымен қатар энергетика мен су менеджменті жобаларын іс жүзіне асыруға баса назар аударылған.

ЕО-ың Орталық Азиямен ынтымақтасу ниетінің астарында өзін газбен қамтамасыз етуде Ресейден көбірек тәуелсіз етсем деген мүддесі жатыр (табиғи газдың 1/3-ін, мұнайдың әжептәуір бөлігін ЕО Ресейден тасып алып отыр), сонымен қатар, ЕО өзінің халықаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қалайды, ал бұған Орталық Азиядағы қауіпсіздік ахуалы тіке әсер етеді, деп пайымдайды Германия сыртқы істер министрлігі сайты.

ЕО ресми Астана қоғамды демократияландыру жөніндегі бұған дейін берген уәдесін орындайды деп санайды. Әсіресе, Брюссель (сондай-ақ, Берлин де) Қазақстанның БАҚ, сайлау мен партиялар туралы заңдарының халықаралық стандарттарға сай етіп қайта қабылдануынан зор үмітті.

Қазақстанға келетін ЕО-ның әрбір биік деңгейлі делегациясы осы бір тақырыптарды тілге тиек ете кетуді ұмытқан емес. Мәселен, таяуда ғана, Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) делегациясы ресми сапармен келді. Бұл делегация Қазақстан басшылығына республиканы демократияландыруда көмек және кеңес беруге әзір екендігін білдірген еді.

ЕҚЫҰ СЫНАҒАН ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН ПАРЛАМЕНТ МАҚҰЛДАУДА

Алайда, ЕО делегациясының бұл ұсынысынан ресми Астана, әдеттегідей, тағы да бас тартқанын жазып отыр Silkroadintelligencer сайты. Осы мәселеге байланысты, ҚР Сенатының спикері Қасымжомарт Тоқаев «Қазақстанның өз дамитын жолы бар» екенін тілге тиек еткен.

Қазақстанда, жалпы, ел үкіметі ресми түрде мойындап, қол қойған адам құқықтарын құрметтеу жөніндегі халықаралық құжаттарға кереғар кеп жататын заңдар мен заңнамалық актілер әлсін-әлі қабылданып жатады. Мұндай іс-әрекетті ықпалды халықаралық ұйымдар да, елдегі оппозиция да қолынан келгенше сынап келеді. Мәселен, таяуда ҚР парламентінің төменгі палатасы интернетке ресми бақылау қоюды заңдастыратын заң жобасын мақұлдады. Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық етуінің қарсаңында жасалған мұндай шараға Батыстағы ЕҚЫҰ-на мүше елдер сын айтты.

ОППОЗИЦИЯНЫҢ «ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНАР» СӘТ

Қазіргідей жағдайда Қазақстанды демократияландыру бағытында алға жылжытудың бірегей қауқарлы құралы – халықаралық құрылымдардың Астанаға (ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен уақытта) тиісінше ықпал жасауы мен талап қоюы болмақ.

Қазақстан оппозициясының әлемдік қауымдастық арасында танымал өкілдері бұл істің табысты болуына өз үлестерін қоса алар еді, деген сарапшылардың пікірін Deutsche Welle сайты келтіреді.

Бүгінде Қазақстанның «шетелдегі» оппозициясының қатарына биылғы ақпан айына дейін елдің ең үлкен жеке меншік банкін басқарған Мұхтар Әблязов, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығында болған Рахат Әлиев және бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиндер енетіні мәлім.

Deutsche Welle сайтының жазуынша, бұл істе Батыста байланысы мықты, әрі Астанаға ықпал ету тұрғысынан алғанда жеткілікті тәжірибе мен интуицияға және құралдарға ие Әкежан Қажыгелдиннің мүмкіндігі, өзгелермен салыстырғанда, молдау боп көрінеді.

Ә.Қажыгелдиннің Қазақстандағы ахуалға әсер ету мүмкіндігінің аясы әлі күнге дейін шектеулі күйде қалып отыр. Дегенмен, ақыр соңында, оның да асығы алшысынан түсетін сыңайлы.

2010 жылы Қажыгелдин үшін ең бір қолайлы сәтті тудырары анық. Себебі, Астананың ЕҚЫҰ-на төрағалық етерін пайдалана отырып (демек, Ақорда іс-әрекетінің әлемдік қауымдастық назарының қақ ортасына түсерін пайдаланып), Қазақстанның экс-премьері қоғамды демократияландыру ісін бүгінгіден көш ілгері нәтиже беретіндей етіп алға жылжытуға ел басшылығын көндіру мүмкіндігіне ие болады.

Әрине, Қажыгелдинге бұл істе Батыс елдерінің басшыларынан көмек алуға тура келеді. Ал ондай шаруадан Қазақстанның экс-премьерінің тәжірибесі, біліктілігі мен беделі бар адам ретінде танымал екені бұрыннан мәлім.
XS
SM
MD
LG