Accessibility links

Ресейдегі құрғақшылық әлемде бидай тапшылығына әсер етті


Бидай масағы. Көрнекі сурет.

Бидай масағы. Көрнекі сурет.

Биыл Ресейде соңғы жүз отыз жыл ішіндегі ең қатты қуаңшылық болып отыр. Ол көлемі жағынан Португалияның жер аумағына пара-пар егіс алқабындағы егінді тып-типыл етті. Бидай бағасы қымбаттап кетті. Күзде халықаралық нарықта бидай тапшы болады деген болжам бар.



ЖАЗҒЫ АПТАП ПЕН БИДАЙ ТАПШЫЛЫҒЫ

Көлеңкедегі ауа температурасы Цельсий бағаны бойынша қырық градусты көрсеткен аптап Мәскеуден бастап Тынық мұхитқа дейінгі аралықта жатқан Ресейдің барлық аймағын шарпып өтті, деп хабарлайды «Рейтер» агенттігі.

Астық өндіретін жиырма үш аймақта төтенше жағдай жарияланды. Бұлардың қатарына Ресейдің орталық өңірі, Волга өзені бойындағы облыстар, Сібір аймағы, тағы бірқатар облыстар енеді.

Ресей Еуропадағы бидай өндіретін ең ірі мемлекет болып саналады.

Алайда, тоғыз миллион гектардан астам жердегі егін биылғы аптап ыстық пен қуаңшылық салдарынан толық жойылып кетті. Ресей астық одағының мәліметіне қарағанда, бұл 2010 жылы астық себілген барлық жер көлемінің бестен бір бөлігін құрайды.

Ресейдің экспортқа шығаратын негізгі ауыл шаруашылық өнімі – кәдімгі бидай құрамының 11,5 пайызы протеиннен тұрады. Ресейдің Қара теңіздегі басты экспорттық порты болып саналатын Новороссийск қаласында өткен аптада бидайдың осы түрінің бір тоннасы 198 долларға дейін қымбаттады. Ал содан бір апта уақыт қана бұрын бұл баға 180 доллардың маңында болған еді.

Биыл 80-85 миллион тонна көлемінда астық жиналатын болады деп айтылып жүрген жорамалдың жаны бар, дейді экономиканы дамыту министрінің орынбасары Андрей Клепак. Өткен жылы Ресей тоқсан жеті миллион тонна астық жиып алған-ды.

Бұл алдыңғы, яғни 2008 жылғымен салыстырғанда аз, ол жылы 108 миллион тонна астық алынған болатын. Шілде айының басына қарай Ресейдегі астық қорының мөлшері жиырма төрт миллион тоннаның маңында болды.

ИНФЛЯЦИЯ МЕН ПАЙЫЗ МӨЛШЕРІ

Ресей елі жыл сайын жетпіс жеті миллион тонна көлемінде астық тұтынады. Осының арқасында экспортқа жіберілетін астықтың мөлшері жиырма миллион тоннаны құрады, дейді Ресей астық одағының өкілдері.

Ал енді биылғы қуаңшылық Ресейде инфляция мөлшері өсіп кетуі мүмкін деген алаңдаушылықтың тарауына түрткі болды.

Әуелі 2010 жылы инфляция мөлшері алты мен жеті пайыз арасындағы дәліз аумағында болады деп болжам жасалған еді. Алайда оның мөлшері басқаша болып шығуы әбден мүмкін.

«Қуаңшылық қазіргі инфляция деңгейіне тағы да қосымша бір жарым – екі пайыздай қосуы ықтимал», – деп мәлімдеді Ресей астық одағының басшысы Аркадий Злочевский.

Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің мәліметі бойынша, биыл тауарлар мен қызмет бағасы 4,6 пайыз шамасында қымбаттаған.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі жылма-жылғы көрсеткіш бойынша шілде – қыркүйек айларында теріс шаманы көрсетуі ықтимал, деп атап көрсетеді «Тройка Диалог» инвестициялық банкінің сарапшылары ішкі нарыққа жасаған маркетингтік зерттеу нәтижесі негізінде жазылған баяндамасында.

Бұл ахуал беймонетарлық инфляцияны күшейтіп жіберуі мүмкін. Әйтсе де, инфляцияның жылдық өсімі алты пайыз мөлшерінде қалатын тәрізді, делінген аталған баяндамада.

Ресейдің Орталық банкі қуаңшылық себебінен үдей түсу қаупі бар инфляциялық қысымға төтеп беру үшін биыл пайыздық мөлшерлемені көтере алар еді, деп мәлімдеді кейбір экономистер өздерінен пікір сұраған «Рейтер» агенттігіне.

ФЕРМЕРЛЕРГЕ КӨМЕК

Президент Дмитрий Медведев пен премьер-министр Владимир Путин үкімет шенеуніктері фермерлерге қуаңшылық зардаптарын еңсеруге көмек көрсетсін деген жарлық берді.

Бұл Кремль басшыларының қалыптасып отырған ахуалға алаңдайтынын көрсетеді, деп жазады агенттік.

Дмитрий Медведев банктер қуаңшылық салдарынан қиыншылық көріп жатқан фермерлер үшін алған несиені қайтару мерзімін ұзартсын деген жарлығын жариялады.

Үкіметте ауыл шаруашылығы саласы үшін жауап беретін Ресей премьер-министрінің бірінші орынбасары Виктор Зубков нан тапшылығының туындауы екіталай жайт екенін тілге тиек етеді. Себебі, Ресейде астықтың жеткілікті қоры бар дейді ол.

Дегенмен, ауыл шаруашылығы министрлігіндегі кейбір шенеуніктер ет бағасы қымбаттап кетуі мүмкін деген пікір айтып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG