Accessibility links

Потемкиншілдік пен путинизм Ресейдіқиын халге душар етуі мүмкін


Ресей премьері Владимир Путин, оның артында Мәскеу мэрі Юрий Лужков тұр. Коломна, Мәскеу облысы, 16 тамыз 2010 жыл.
Ресей премьері Владимир Путин, оның артында Мәскеу мэрі Юрий Лужков тұр. Коломна, Мәскеу облысы, 16 тамыз 2010 жыл.

Көнерген авторитарлық тәсілдерге сүйеніп және жұртты алдау арқылы басқарғысы келетін Ресей билігінің әрекеті елдегі жағдайды одан әрмен күрделендіре түсуі ықтимал деген түйін жасайды батыс баспасөзі.


«Бірнеше апта бойы көптеген батырдың рөлдерін сомдаудан Владимир Путиннің қолы босамады» деп жазады «Ньюсуик» журналы. Ең алдымен, Путин-сарбаз Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде сұр кит аулап, оның біреуіне арбалеттен атып, сүңгіні дәл шаншыды. Содан кейін, Ресей үкіметінің жетекшісі Мәскеу іргесінде лапылдаған орман өртімен алысып, өртке қарсы күрес қызметінің ұшақтарының бірінен отқа су бомбасын тоғытып жатты.

Іле-шала, Путин жаңа, жанармайды үнемді пайдаланатын «Лада» маркалы аутокөлікті транссібір күре жолында сынақтан өткізумен болды. Ақыр соңында, ол Ресей алдындағы қиыншалықтарды шынайы түрде талқылау мақсатында Батыстан келген бір топ сарапшымен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Бұл сарапшылар оның қыруар іс атқарып жатқанын тілге тиек етті.

ШЫНАЙЫСЫ ТЕК КИТ ҚАНА

Мұның бәрі бұқара халықтың назары үшін арнайы даярланған Ресей теледидарының аталған оқиғалар туралы ресми болжамы болып табылады. Алайда, шындық сәл басқаша еді. Путин отырған «Ладаға» саны жүз шамалы шетел аутокөліктеріне мінген қауіпсіздік қызметінің адамдары мен полицияның күзет машиналары ілесіп отырды. Сонымен қатар, бұл шеру ішінде жедел жәрдем аутомашинасы мен екі резервтік «Лада» аутокөлігі де жүрді.

«Валдай» пікірталас форумы Кремльге оң көзімен қарайтын Ресейді зерттеуші сарапшылардың қатардағы отырысы болды. Оларды үгіт-насихаттың сорпасына әбден тойдырып алып, Путинмен өзара түсінісіп, ортақ тілге келген кейіптерін фото- және бейнетаспаларға түсіріп алып жатты. Дегенмен, әлгі айтылған киттің ауланғаны рас болатын. Тек, Путин оған найзаны төрт рет лақтырып барып қана шанши алды.

Саяси театр Ресейдің ойлап тапқан нәрсесі немесе бүгінгі күннің жаңалығы емес. Шынында да, сырттай тартымды көріністер ғасырлар бойы Ресей тіршілігінің ұйымдастырушы принципі рөлін атқарып келді.

Екінші Екатерина патшаның тұсында оның көңілін табу үшін князь Григорий Потемкин патша өтетін жол бойында тек сыртқы беті ғана жылтыраған әдемі ауылдарды тұрғызды. Аталған жол 1787 жылы Ресей жаңа ғана басып алған Украина мен Қырымдағы жерлердің үстімен өтетін еді.

РЕСЕЙ БРЕЖНЕВ ЗАМАНЫНДАҒЫ ҚАЛПЫНА ҚАЙТА ТҮСІП КЕЛЕДІ

«Потемкиншілдіктің Ресейде әлі өмір сүріп жатқаны және терең тамыр жайып отырғаны тек езу тартқызар нәрсе болып саналмауы тиіс. Себебі, бұл – қауіпті құбылыс» деп атап көрсетеді журнал. Нағыз өмірдің кейбір көлеңкелі тұстары саналы азаматтарды ойландырып тастары хақ.

Мысалы, таяуда «Сухой» маркалы ұшақтар өндіретін авиазауытта осы зауыттың «жаңғырту» процесінен өткенін дәлелдеу үшін менеджерлер қырық инженерге жалған диплом таратқаны белгілі болды. «Ведомости» басылымының зерттеуі жемқорлыққа қарсы Кремль бастаған науқаннан соң мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында осындай қылмысқа қатысты тергеулер жөнінде хабарламалардың күрт көбейгенін көрсетті. Алайда аталған қылмыстар бойынша сотта қаралатын істер саны аз ғана мөлшерде артқан, ал жемқорлық қылмысы үшін айыпталғандардың арасында түрме жазасын алғандар саны тіпті азайып кеткен.

Ресей элитасы 2014 жылы Сочиде өтетін Олимпиадалық ойындар кезінде шаңғы тебу спортынан жарыс болатын халықаралық орталық немесе Мәскеу түбіндегі жаңа «инновациялар кенті» Сколковоны салу тәрізді жылтырақ жобаларға миллиардтаған долларды төгу арқылы, кетеуі кетіп, қарқынынан айырылған экономиканың қалған бөлігіндегі тоқыраудың бетін қайтарамыз деп есептейді. Былтыр Ресей экономикасының көлемі 8 пайыздайға азайды және жаңа кеніштерді игеруге ақша жетпегендіктен, мұнай мен газды өндіру көлемі совет заманындағы деңгейге дейін құлдырап кетті.

Қазіргі Ресей басшылығы демографиялық құлдырау мен өнеркәсіптегі тоқырауды бастан кешіп, дамыған елдерден көптеген салаларда артта қалып отырған мемлекеттің шынайы ахуалын ел көзінен жасырып, шындықты боямалауға тырысады. Ресейді дамыған мемлекеттермен иық теңестіреді деуге болатын жалғыз сала – тек мұнай мен металдарды экспорттау саласы болып отыр.

«Кремль, жалпы, ресми шындықтың бейнесіне қайшы болар сөз айтып, ақпарат таратын әрбір мекемені – еркін баспасөз бен парламенттегі оппозициядан бастап, тәуелсіз прокурорлар, губернаторлар және соттарға дейін – жүйелі түрде құртып келді. ХХІ ғасырда әлі потемкиншілдікпен өмір сүріп жатқаны Ресейдің Брежнев заманындағы қалпына қайта түсейін деп келе жатқанының жан жабырқатар нышаны сыңайлы» деп атап көрсетеді «Ньюсуик».

КӨНЕ ГВАРДИЯМЕН АҚТЫҚ АЙҚАС

Мәскеу көшелерінде жаз бойы көз аштырмаған орман өрті түтіні сейілмей жатып, Ресей астанасы тұрғындары тағы да бір тосын оқиғаның куәсі болды. Көптеген телеарналарда Ресей астанасының мэрі Юрий Лужковқа қарсы шабуылдар тоқтаусыз жүріп жатыр. «Ресей бюрократиясы өзі өсіріп билік шыңына шығарғандарды енді өзі жұта бастаған сыңайлы. Нысанаға елдегі ең жемқор шенеуніктердің бірі ілінгенге ұқсайды» деп жазады «The Moscow Times» басылымы.

Сонау Үрім заманындағы ел билеу әсерінен әлі күнге дейін толық арылмаған Кремль дәліздерінде президент Дмитрий Медведевтің беделі мен ықпалы жеңіл тартып, ол өз дегенін еркін жасай алмай келеді. Медведевтің Лужков ісін қалайша реттейтіні қазіргі Ресей президентінің қауіпті де мықты қарсыластарын жеңу қабілеті қалай екендігін жұртқа көрсетіп береді.

«Егер Медведев Лужковты орнынан ұшырып жіберіп, Мәскеу мэрі лауазымына өз адамын қоя алса, онда ол өзіне ауқымы өте кең саяси қолдау базасын жасап алады. Себебі, аталған лауазым елде президент пен премьер-министр лауазымынан кейін тұрған, маңызы жөнінен үшінші орын болып есептеледі. Яғни, Лужковты біржолата биліктен аластау Ресейдегі бүкіл саяси және экономикалық құрылымға қауіп төндіреді» деп түсіндіреді басылым.

1990 жылы жазда Донбастағы шахтерлер ереуілі туралы «Төменнен қайта құру» атты деректі фильм түсіруге көмек берген мақала ауторы «совет экономикасы мен мемлекетінің күйреуіне де сол ереуілдер түрткі болған шығар» деген тұжырым жасайды.

«Жоспарлы коммунистік экономика икемсіз де өнімі төмен құрылым болды, мұнда әр кәсіпорын өзіне қажет затты үкімет тағайындаған жеткізушіден алып, өз өнімін үкімет тағайындаған алушыларға өткізетін. Бұл тізбектегі Донбасс шахталары тәрізді айтарлықтай ірі кәсіпорындар жұмысын тоқтатса, одан өнім алып келген клиенттер басқа жеткізіп берушімен қарым-қатынасын дереу жолға қояға қабілетсіз болды» деп жазады басылым.

1920 жылдары АҚШ президенті Кэльвин Кулидж «Америка Құрама Штаттарының бизнесі – ол бизнес» деген еді. Осы сөзді сәл басқашалап айтып, қазіргі «Ресей бизнесі – ол үкіметтің жемқорлығы» деуге болады. Ресейде өткен он жыл ішінде көптеген аса ірі мөлшерде әрі ауқымы өте үлкен жемқорлық мәмілелері жасалды. Соның нәтижесінде жоғары лауазымды шенеуніктер мен олармен ілік-шатысы бар кәсіпкерлер «Форбс» журналы тізіміндегі «А» санатты миллиардерлер қатарынан орын алды.

Ресейдегі өте икемсіз әрі тамыр-таныстық байланыстары тым шиеленісе шандып маталған, аясы тар саяси жемқорлық жүйесі демократия мен еркін нарықтық экономика дегенге бітіспес дұшпандық пиғыл ұстанып отыр. «Лужковқа байланысты дау-дамайдан туындайтын қатер мынаған келіп саяды: егер бүкіл Мәскеуді шырмап алған бұл жемқорлық тізбегінің маңызды да алып буынына қатысты еппен қимыл жасамаса, ағат қадам жасаудың салдарынан елдегі бүкіл мемлекеттік жүйе күйреп кетуі әбден мүмкін» деп атап көрсетеді «The Moscow Times».
XS
SM
MD
LG