Accessibility links

НАТО аясындағы жаттығулардан соң Қазақстанда ШЫҰ-ның әскери ойындары басталды


Қазақ және қытай сарбаздары «Бейбітшілік миссиясы - 2010» әскери жаттығуларының ашылу рәсімі кезінде. Мәтібұлақ, 13 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақ және қытай сарбаздары «Бейбітшілік миссиясы - 2010» әскери жаттығуларының ашылу рәсімі кезінде. Мәтібұлақ, 13 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстанда Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер армияларының жаттығуы өтіп жатқан кезде, НАТО Өзбекстанмен қарым-қатынасын нығайтуға кірісті.


Алматы маңындағы Мәтібұлақ деген жерде дүйсенбі, қыркүйектің 13-і күні Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер армияларының жаттығуы басталғанын хабарлады Рейтер агенттігі. «Бейбітшілік миссиясы - 2010» деп аталатын жаттығулар ШЫҰ-ның соңғы үш жыл ішінде ұйымдастырған осындай жаттығулары арасындағы ең маңыздысы болып табылады.

ШЫҰ Ресей, Орталық Азия республикалары мен Қытайды біріктіреді. Мұнда аталған Орталық Азия республикалары қатарына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. ШЫҰ-ын кейде сарапшылар НАТО-ға қарсы тұрған теңгерім ретінде қарастырады деп түсіндіреді агенттік.

БҰЛ СОНДА ӨЗАРА ҚАРСЫЛАС БЛОКТАР ОЙЫНЫ МА?

«Дала қыраны» жаттығуы өтіп болғанына ай толмай жатып, Қазақстанда ШЫҰ елдері армияларының жаттығуы басталды. «Дала қыраны» жаттығуы барысында Қазақстанның бір мыңдай жауынгері саны елуге тарта американ және ағылшын сарбаздарымен тізе біріктіре өздерінің ұрыс өнерін шыңдады.

«Дала қыраны» жаттығуының мақсаты келер уақытта НАТО-ның бейбітшілікті сақтау халықаралық күштерінің сапында қызмет атқару үшін Қазақстан армиясы бөлімшелерінің дайындық деңгейін жетілдіру болып саналады» деп жазады Рейтер.

Strategy Page сайты да ШЫҰ елдері армиялары бөлімшелерінің маневрі туралы жазады. «ШЫҰ құрылымына мүше боп кірген әрбір ел бүгінгі күні исламшыл ұрандарды бетке ұстаған лаңкестік қатерімен бетпе-бет келіп отыр» дейді онлайн-басылым. Бұған қатысты Strategy Page Қапқаз, Шешенстан, Тибет пен Шыңжаңдағы лаңкестікпен байланысты мәселелерді тілге тиек етеді.

«Биыл Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер өз армияларының бөлімшелерін біріккен жаттығуға осымен жетінші рет аттандырды» деп атап көрсетеді сайт. Қытай, Ресей мен Қазақстан жаттығуға бір мың сарбаздан жіберсе, бұл ұрыс ойынына Тәжікстан және Қырғызстан ұзын-саны жүз шамалы жауынгерден аттандырған екен.

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ТЕРРОРЛЫҚ ШАБУЫЛ

Strategy Page жақында ғана Орталық Азияда болған лаңкестік пен зорлық-зомбылық әрекеттері туралы жазады. Қыркүйектің тоғызы күні бұрын аты жұртқа беймәлім болып келген «Жамаат Ансаруллах» лаңкестік тобы қыркүйектің 3-і күні Тәжікстанда бір лаңкес өзін-өзі шейт етіп, жойып жіберген аутокөліктің жарылысы үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.

Полиция бөлімшесі маңында болған бұл жарылыс салдарынан екі адам өліп, отыздай адам жарақат алды. Бұл соңы бес жыл ішінде Тәжікстанда алғаш рет болып отырған лаңкестік әрекеті болып саналады.

«Ел үкіметі ата-аналарды «балаларыңды медреселерге (ислам діни оқу орындары) оқуға жібермеңдер» деп үгіттеп отыр. Себебі, мұндай мектептер радикалдық ислам ұйымдарының қатарын жаңа мүшелермен толтыратын басты көз болып қалып отыр» деп жазады онлайн-басылым.

Алайда, кедейшілік, жемқорлық пен билік режимінің диктаторлық тәсілдерді қолдануы көп адамның өз басындағы қиыншылықты шешудің (соңғы) амалы ретінде радикалдық ислам жолын таңдауына себеп болып отыр.

Қыркүйектің 5-і Тәжікстан астанасындағы түнгі клубта бомба жарылып, салдарынан бес адам қаза болды. Қыркүйектің үші күні солтүстік Тәжікстанда өзін өзі шейт етуге бел буған адам жүргізіп келе жатқан аутокөліктің жарылуы екі адамның өмірін қиды.

Қыркүйектің екісі күні Тәжікстан қауіпсіздік қызметінің басшысы орнынан алынды. Бұл өткен айдағы түрмеден бір топ тұтқынның қашып кетуімен байланысты оқиға болғанға ұқсайды. Лаңкестік жасады деген айып тағылып, сотталған жиырма бес адам алты күзетшіні жер жастандырып, абақтыдан қашып кеткен.

Олар түрмеден тамыз айының 22-сі күні қашты. Ізін суытып үлгерген тұтқынның барлығы лаңкестік жасады деп айыпталып, сот үкімі бойынша ұзақ уақытқа бас бостандығынан айырылған жандар болатын.

ӨЗБЕКСТАНДА НАТО ӨЗ ТҰҒЫРЫН КҮШЕЙТІП ЖАТЫР

ШЫҰ елдері армиялары бөлімшелерінің Қазақстанда жаттығуы басталған шамада, НАТО өзінің Өзбекстандағы тұғырын нығайтуға бағытталған әрекет жасап жатқан еді. «Таяуда НАТО Бас хатшысының Орталық Азия мен Қапқаз бойынша арнаулы өкілі Роберт Симмонс Өзбекстан мен НАТО арасындағы тереңдетілген ынтымақтастық екі тарапқа да пайдалы деп мәлімдеді» деп жазады New Europe сайты.

Роберт Симмонс Өзбекстанның НАТО ұйымымен жеке серіктестік бойынша бағдарлама қабылдап, оны табысты түрде іс жүзіне асырып отырғанын тілге тиек етті. НАТО өкілі Өзбекстанның Қырғызстанда болған қанды оқиғалар кезінде қолданған шараларына оң баға берді.

Роберт Симмонс Өзбекстанның өзімен көршілес республикаға қол үшін беру мақсатында іс жүзіне асырған қимылдарына да қолдау білдірді. Өзбекстан ол кезде дереу шекараны ашып, қырғыз жерінен ауып келген босқындарға пана болған болатын.

Бүгінгі күні Өзбекстанның Ауғаныстанмен шекарасына таяу қоныс тепкен кент Термез маңындағы азаматтық әуежайды өзбек үкіметі Германия әскери-әуе күштеріне жалға беріп отыр. «База Ауғаныстандағы Германия қолының бөлімшелерінің логистикалық операцияларын іс жүзіне асыру мен қайырымдылық көмегін тасымал жасау үшін пайдаланылады» деп атап көрсетеді New Europe.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG