Accessibility links

Теңгенің девальвациясы еуро үшін қолайсыз, ал «Қазақмыс» компаниясы мен еуразиялық топтың иелеріне жайлы жаңалық болды

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Теңгенің девальвациясы әлемдік қаржы және қор биржаларына әсер етіп жатыр. Лондон биржасында Қазақстандық шикізат компанияларының акцияларының бағамы айтарлықтай көтеріліп, еуроның долларға шаққандағы бағамы төмендеді.

Bloomberg агенттігі әлемдік базарларда еуро бағамының долларға қатысты арзандауына әсер еткен факторлардың бірі ретінде теңгенің девальвациясын атап көрсетіп отыр. Ақпанның 4-і күні еуроның долларға бағамы соңғы сегіз аптаның ішіндегі ең төменгі деңгейге түсті. Бүгін Қазақстанның орталық банкі өзінің валюта қорын сақтап қалу мақсатында теңгені 18 пайызға девальвация жасағаннан кейін еуропалық валюта әлсіреді деп жазады агенттік.
Ал, теңгенің құнсызданғаны туралы жаңалық қазақстандық тау-кен компанияларының акциялары бағасының өсуіне тәуір жәрдемдесті. Британдық Guardian басылымының жазуынша, Лондонның қор биржасында Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы (ENRC) мен «Қазақмыс» компаниясының құнды қағаздарының бағасы айтарлықтай өскен. Биржа брокерлерінің пікірінше, қазақстандық шикізат экспортерлері үшін девальвация жағымды жаңалық болған. Тіпті, 2008 жылдың төртінші тоқсанында ферроқоспа өндірісін 22 пайызға дейін азайтқандығы туралы ENRC корпорациясының жайсыз есебі де бағаның көтерілуіне бөгет бола алмады.
Айтпақшы, осының қарсаңында, ақпанның 3-і күні, «Қазақмыс» компаниясының акцияларының бағамы недәуір өскені байқалған болатын. Оған мыс бағасының қымбаттағаны және Қазақстанда теңгенің долларға бағамы соңғы 17 айдың ішіндегі ең төменгі деңгейге түскендігі туралы хабар түрткі болған еді (әйтсе де, ол жолы ұлттық валюта бар болғаны 45 тиынға арзандаған-тұғын). Доллар бағамының 122,32 теңгені құрағандығы туралы хабар мыс монополистінің акцияларын бірден 10 пайызға қымбаттатып жіберді. Ақпанның 4-і күні экспортерлердің құнды қағаздарының бағасы тағы өсті.
Алғашқы хабарлар бойынша, өз болжамдары тура шыққан шетелдік сарапшылар Қазақстан Ұлттық банкінің іс-әрекеттеріне оң баға беріп жатыр.
Ұлттық банктың соңғы қадамдары, ел экономикасының бәсекелестігін арттыру үшін Григорий Марченко белсенді түрде іске асырады деп, талдаушылар күткендегідей болып шықты деп жазады Reuters агенттігі. Девальвацияға дейін бірнеше күн бұрын Қазақстандағы ең ірі "БТА" банк пен елдегі төртінші банк «Альянс банк» мемлекеттің қарамағына алынған болатын.
«... Осы аптадағы оқиғалар Марченко – «жоспары бар адам» екенін көрсетіп берді және бұл сенім туғызады. Әйтеуір, [орталық банктың] бүгінгі іс-әрекеттері несие төлеу қабілетіне оң әсер етуі мүмкін, өйткені бұл Қазақстан билігінің өз қорын шетелдік валютада сақтайтындығын білдіретіндіктен, ...олардың сыртқы қарыздар бойынша алған міндеттемелерін орындауына мүмкіндік береді», - деп, RBS агенттігі талдаушыларының берген түсініктемесін келтіреді Reuters.
Bloomberg агенттігі тағы бір хабарында, соңғы күндері шетелдік сарапшылар девальвация туралы болжамдарды көп айтып кеткенін еске салады. «Goldman Sachs Group Inc. компаниясы девальвация 19 пайыз болуы мүмкін деп болжам айтқан соң бір күннен кейін Орталық банктың шешімі шықты. Ақпанның 2-і күні Societe Generale SA талдаушылары валюта [теңге] наурыздың соңына таман шамамен 175-ке дейін [теңгенің долларға бағамы] түсуі мүмкін деп мәлімдеген болатын. Қаңтар айында Nomura Holdings Inc. компаниясының сарапшылары Қазақстан 50 пайыздық девальвацияға баруы тиіс деген болжам жасаған еді».
Bloomberg агенттігі қаңтар айында недәуір көлемде доллар сатылуына байланысты Қазақстанның алтын-валюта қоры 6 пайызға азайғанын жазады. 2009 жылдың бірінші айында Ұлттық банктың қоры 1,6 миллиард долларға кеміген. Ресей, Украина және Беларуста болған ұлттық валюталардың девальвациясы да теңгенің бағамына қысымды күшейтті.
XS
SM
MD
LG