Accessibility links

Батыс баспасөзі теңгенің бағамын көтеру жөнінде Марченконың уәдесіне сенді


Шетелдік сарапшылар қазақ ұлттық валютасының бағамы тағы көтерілуі мүмкін дейді. Халықаралық нарықта мұнай бағасының қымбаттап кетуінен кейін бұл сөздің шындыққа айналу мүмкіндігі ұлғая түсті.

АЙЫРБАС БАҒАМЫН ӨСІРУ

Таяуда Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко 2010 жылы елде ұлттық валютамен сауда жасау дәлізі кеңейтілуі мүмкін деген мәлімдеме жасады. Осыдан кейін Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің құны артып, оның айырбас бағамы 1 АҚШ долларына 150 теңге деңгейіне дейін өсті. Бұл туралы «Интерактив инвестор» сайты хабарлайды. Күні бүгін теңге 1 АҚШ долларына 145-тен 155 теңге мөлшеріне дейінгі аралықтағы дәліз ішінде саудаланып отыр. Григорий Марченко сонымен қатар теңгенің бағамы өсуі мүмкін деген де меңзеу жасады.

«Сауда жасау дәлізінің ұлғайтылуы келешектегі бірнеше ай ішінде теңгенің айырбас бағамының өсуі мүмкін дегенді білдіреді, – деп жазады Unicredit банкінің сарапшылары аталған мекеменің клиенттері үшін даярланып, таратылған хабарламада. – Қазақстанның банк жүйесі салмағы тым өсіп кеткен сыртқы қарыздың ауыртпалығын көтеруге мәжбүр боп отыр, теңге ревальвациясы бұл қысымды азайтуға жол ашуы тиіс».

Сонымен бірге Қазақстан үкіметі халықаралық облигацияларды айналымға енгізбек боп отыр. «Файненшл таймс» басылымының хабарлауына қарағанда, Астана мұндай шараны ұлттық экономиканың қаржы саласына қолдау білдіру мақсатында қолданбақшы. Әрі осы арқылы капитал нарығында өзінің іс-әрекетін жандандыруға ниеттенген компаниялар үшін салыстыру негізі жасалады. Қазақстан АҚШ долларында деноминацияланған жалпы құны 500 миллион АҚШ доллары тұратын құнды қағаздарды 2010 жылдың басында айналымға шығаруды жоспарлап отыр.

Халықаралық нарықта жаңа дамушы елдер нарығынан айналымға енгізілген борыш міндеттемелеріне деген сұраныс артуда. Қазақстан халықаралық нарықта қалыптасып отырған осынау қолайлы конъюнктураны пайдаланып қалмақшы, деп түсінік береді аталған ахуалға «Файненшл таймс».

Қазақстан Республикасы үшін мұндай шара бұл мемлекеттің өз-өзіне деген сенімінің артқанын білдіреді. Осы жылдың басында ғана бұл ел үлкен қиыншылықтарға тап болған өзінің ұлттық банк жүйесіне қолдау көрсетпек боп шарқ ұрып жатқан еді. Өйткені, аталған жүйе несие нарығының қалыпты жұмысының кері кетуі себебінен мүлде күйреп кетудің сәл алдында ғана тұрды.

Елдің Ұлттық банкі енді АҚШ долларына қатысты теңгенің айырбас бағамының ауытқу дәлізін кеңейтуді ұсынып отыр. Бұл шара теңгенің айырбас бағамының өсуіне жол ашады, деген байлам жасайды газет.

«ЖЕҢІЛ ТАБЫС» ЗАМАНЫ ОРАЛА МА?

Қазақстан шетел банктерінің ел экономикасындағы белсенділігін шектеуі ықтимал. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, ел үкіметі банктер мен басқа да қаржы мекемелеріндегі шетелдік меншік иелерінің үлесінің өсуіне шектеулер енгізуі мүмкін. Мұндай шара қаржы сферасында дағдарыстық ахуалдың аяқ астынан пайда болуының алдын алу үшін қолданылмақшы.

«Егер қажет болса, біз әр сегментте жоғарғы шегі жиынтық капиталдың 50 пайызына тең келетін деңгейде қаржы секторындағы шетелдік меншікке құқықтық шектеуді қайта енгізуді қарастыруға тиіспіз», – деді үкімет отырысында Г.Марченко.

Аталған шараны дереу күшіне енгізу көзделініп отырған жоқ, алайда банктердің акциялар пакетіне шетел инвесторларының иелік ету үлесі артып кетсе, оның қолданылуы ықтимал, деп мәлімдеді Григорий Марченко журналистерге.

«Біз шетел банктерінің үлесінің оңтайлы мөлшері 30 бен 40 пайыз аралығында жатыр деп ойлаймыз», – дейді ол. Сонымен қатар, Григорий Марченко осы көрсеткіштің аталған деңгейден жоғарырақ болуы экономикадағы белсенділіктің келесі құлдырауы кезеңінде шетел банктері клиенттерге несие беруді тоқтатқан жағдайда тағы да несие дағдарысын тудыруы мүмкін екенін атап өтті.

Қазақстан Ұлттық банкі елдегі ішкі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған басқа да шаралар қолданып жатыр, деп атап көрсетеді Блумберг агенттігі. Банктердің несие беру әрекетін жандандыру үшін Ұлттық банк депозиттік мөлшерлемені төмендетуді одан ары жалғастырмақ.

Аталған шара нәтижесінде жекеменшік компаниялар мен басқа да инвестициялық жобаларға 8 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция бөлінбек. Григорий Марченко Ұлттық банктің теңгенің айырбас бағамының ауытқу дәлізінің қандай болуы керектігі жайлы әлі түпкілікті шешім қабылдамағанын айтады.

«Бұл 1 долларға 150 теңге минус 30 теңге және плюс 20 теңгеден келетін дәліз бола ма әлде ауытқудың шегі басқаша бола ма, осы мәселеге қатысты біз әлі нақты шешімге келген жоқпыз» деген Григорий Марченконың сөзін келтіреді Блумберг агенттігі.
XS
SM
MD
LG