Accessibility links

Түрік бизнесмендері Қазақстан билігін қағазбастылықтан арылуға шақырады


Астананың әкімшілік орталығы. 23 маусым 2009 жыл.
Астананың әкімшілік орталығы. 23 маусым 2009 жыл.

Түрік кәсіпкерлері Қазақстанда қағазбастылықтың әуре-сарсаңы еркін кәсіпкерліктің аяғына тұсау болып отырғанын айтады. «Мұра қоры» әзірлеген экономикалық еркіндік көрсеткіші бойынша Қазақстан былтыр әлемдегі 183 елдің арасында 83-ші орынды иемденген.


БЮРОКРАТИЯНЫҢ БҰҒАУЫ

Қазақстан іскер адамдардың іс-әрекетіне бөгет боп отырған бюрократиялық тұсауларды құртуы тиіс деп мәлімдеді сәуірдің 14-күні Алматыда Түркия Республикасы сыртқы сауда мемлекеттік министрі Зафер Чаглаян деп жазады «Хурриет» газеті. Ол мұны Қазақстан – Түркия бизнес-форумы кезінде мәлімдеген.

Түрік министрі Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемі қажет деңгейден төмен болып қалып отыр деді. Түрік бизнесмендері мұнда аяқ алып жүруге бөгет болатын саны тым көп бюрократиялық кедергілердің жойылмай отырғандығына алаңдайды.

Түркия Қазақстан – Түркия темір жолы құрылысының неғұрлым шапшаң аяқталуына үлкен мән береді деп атап көрсетті Түркия үкіметінің мүшесі.

«Қазақстан әлемдегі жетекші астық өндіруші елдің бірі. Сонымен қатар, ол ұн өндіруден де жетекші орынға ие. Қазақстанда өндірілген бұйымдардың біз Түркия арқылы халықаралық нарықтарға жеткізілгенін қалар едік. Осы үшін аталған темір жол құрылысы біте салысымен, оны пайдалана бастауға болады. Бұл Түркияға да пайдалы іс болар еді» деп атап көрсетті Зафер Чаглаян.

Түркияның сыртқы сауда министрі өзінің Қазақстанның алты бірдей министрімен, сондай-ақ премьер-министр Кәрім Мәсімовпен кездеспек ойы барын жеткізді. Түрік министрі қазақстандық әріптестерінен аталған бөгеттерді жою үшін көмек сұрамақ ниетте деп хабарлайды газет.

ТҮРІК СТРАТЕГИЯСЫ

Зафер Чаглаян өз елінің үкіметі «экспортты өркендетуге бағытталған өндіріс стратегиясын» қолға алып жатқанын тілге тиек етті. Нәтижесінде, Түркия экспортының көлемі ұлғайып, экспорт құрылымындағы жартылай фабрикаттар үлесі төмендеуі тиіс. Ол Түркия Орталық банкінің пайыздық мөлшерлеме саясатын сынға алды.

«Дүниежүзілік саудадағы көлемі 500 миллиард долларды құрайтын үлесті иемдену үшін, Түркия өзінің пропорционалдық үлесін 0,85 пайыздан 1,5 пайыз мөлшеріне дейін өсіруі керек. Сарапшылардың айтуынша, 2023 жылы дүниежүзілік халықаралық сауданың көлемі 34 триллион долларға жетпекші», – деп мәлімдеді министр Чаглаян.

Оның сөзіне қарағанда, түрік үкіметі «Экспортты өркендетуге бағытталған өндіріс стратегиясы» деп аталатын эксперттік зерттеу жүргізіп жатыр.

Түркияның сыртқы сауда министрі, сонымен қатар, зерттеу барысында Түркия Орталық банкінің іс-әрекетіне баға беріледі деп отыр. Министрдің айтуынша, шетел валютасына қойылатын пайыздық мөлшерлемеге қатысты банктің жүргізіп отырған саясаты соңғы 8 жыл ішінде ел мүддесіне айтарлықтай зиян келтірген.

2002 жылы АҚШ-тың 1 доллары 1,5 түрік лирасына айырбасталыпты. Ал бүгінде бұл айырбас бағамы 1,49 лираға тең екен.

«Пайыздық мөлшерлеменің шетел валютасына көрсетіп отырған қысымының нәтижесінде Түркия тауар импорттау ұжмағына айналды, – деп атап көрсетті Түркия Республикасының үкіметінің мүшесі. – Демек, біз өзіміздің экспорттық стратегиямызды дәл осы негізде құратын боламыз».

ЭКОНОМИКАДАҒЫ ЕРКІНДІК БАҒАМЫ

Әлемде «Index of Economic Freedom» деп аталатын көрсеткіш бар. Аталған көрсеткіш дүние жүзіндегі әртүрлі мемлекеттің экономикасының еркіндік деңгейін өлшейді.

Жыл сайын бұл индекстің әр елдегі деңгейін АҚШ-тың «Уолл-стрит джорнал» газеті мен «Мұра қоры» интеллектуальдық-сараптама орталығы күш біріктіре отырып айқындап отырады. Осы аталған индекс бойынша әр елдің еркін нарықтық экономика принциптерін қаншалықты есепке алатындығын білуге болады.

Индекс 10 параметрге талдау жүргізу негізінде жасалады. Олар қатардағы адамның кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігіне тікелей қатысы бар деп есептеледі.

Аталған параметр қатарына кәсіпкерлік жүргізу еркіндігі, сауда еркіндігі, салық мөлшерінің ауырлығы, жемқорлықтан азаттық, инвестиция салу еркіндігі, мүлік иелену құқы, т.б. көрсеткіштер енеді.

Әр жылы жарияланып келе жатқан деректер неғұрлым еркін экономикалы елдердің соғұрлым сәтті түрде өз азаматтарының әл-ауқатын нығайта алғанын көрсетіп беріп отыр.

«Index of Economic Freedom» деректеріне сәйкес, орташа есеппен алғанда, ең азат экономикалы деп саналатын елдерде халықтың жан басына шаққандағы табысының көлемі кәсіпкерлікті басып-жаншып, оның жолына түрлі бөгеттерді үйіп-төге беретін елдерге қарағанда 10 еседен астам көп екен.

«Мұра қоры» жариялаған мәліметке қарағанда, 2009 жылы «Index of Economic Freedom 2009» рейтингінде Қазақстан әлемнің 183 елінің ішінен 83-ші орынды иемденген. Түркия болса 75-ші орынды иеленіпті.

Нақ осы «Мұра қорының» биылғы жылға арналған «Index of Economic Freedom 2010» жаңа рейтингінде Қазақстан Республикасы жаңағы 183 елдің арасынан 82-ші орынды иемденген. Яғни, мемлекет өзінің рейтингін 1 сатыға алға жылжытқан.

Ал Түркия болса, биыл 67-ші орынды иеленіп отыр. Басқаша айтқанда, аталған мемлекет өзінің ұлттық экономикасындағы бостандықты Қазақстанға қарағанда 8 есе шапшаң жетілдіріп келеді екен.
XS
SM
MD
LG