Accessibility links

Уранға қол жеткізу үшін бәсеке қызған шақта Қазақстан оны өндіретін көшбасшыға айналады


Уран кені.
Уран кені.

Nomura International компаниясы сарапшысының болжамы бойынша, енді алты-жеті жылдан соң уран шикізаты қат тауарға айналып, Қазақстан әлемдегі уран кенін өндіретін елдердің көшбасына шығады.


УРАН НАРЫҒЫНДАҒЫ БӘСЕКЕ

«Блумберг» агенттігі Nomura International компаниясы сарапшыларының баяндамасы туралы жазады. Баяндамада келешекте басты мақсаты уран кеніштеріне қол жеткізу болып табылатын фирмалар арасындағы бірігу мен компанияларды сатып алу операцияларының көбейетіндігі айтылған.

Nomura International мамандары өз болжамына негіз ретінде келесідей уәжді алға тартады: бүгінде әлемдегі жетекші ядролық державалар өз аумағында салынатын жаңа ядролық реакторларға қажет отын жеткізудің қауіпсіздігін күнілгері қамтамасыз етуге ұмтылуда.

«Уран кенін жеткізіп берудің халықаралық жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Мұның басты ерекшелігі – әлемдегі уран кені қорының басым бөлігінің ат төбеліндей ғана елдің еншісінде болуы болып отыр, – деп атап көрсетеді Nomura International компаниясының сарапшысы Айвэн Ли. – Ал дамыған ядролық энергетика торабы мен өнеркәсібі бар елдердің жер қойнауы жеткілікті уран кені қорынан құр алақан қалған».

Қазір дүние жүзінде жалпы қуаты 200 гигаватт болатын атом электр стансалары салынып жатыр не оларды салу жобасы бекітіліп үлгірді. Баяндамада көрсетілгендей, келешекте уранға деген сұраныстың ең қомақты бөлігі Үндістан, Қытай, Ресей мен Оңтүстік Корея тарабынан туындайтын болады, деп хабарлайды агенттік.

Уран кені қорының басым бөлігіне ие саны ат төбеліндей бірнеше елден кенді жеткізуді қамтамасыз ету үшін уран отынын тұтынушы басты елдердің өзара қызу бәсекелесуіне тура келеді. Әлемдегі уран кені қорының басым бөлігіне ие ел тізіміндегі алдыңғы орында Австралия, Қазақстан және Канада тұр. Бұл үшеуі бүгінде бүкіл әлем бойынша уранның 60 пайызын жеткізіп беріп отыр, дейді Айвэн Ли.

Дүниежүзілік уран кені қорының 15 пайызына ие Қазақстан Қытай, Канада, Ресей мен Франциядан инвестиция тартты, деп жазады баяндама ауторлары. Өткен жылы «Қазатомпром» компаниясы мен қытайлық Гуандунь ядролық-энергетикалық корпорациясы біріккен негізде Қазақстанның оңтүстігіндегі «Еркөл» кенішін игеруді қолға алды.

УРАН ТАПШЫЛЫҒЫ КҮШЕЙЕДІ

Бүгінде Қытай әлемдік кен қорынан өз үлесін қармап қалу үшін АҚШ, Франция әрі Жапониямен бәсекеге түсіп жатыр. Соңғы аталған үш ел дүние жүзіндегі ядролық энергия өндіретін ең ірі мемлекеттер деп саналады. Бұлардың тарабынан туындап отырған уран кеніне деген сұраныс әлемдік нарықтағы уранға деген сұраныстың жалпы көлемінің 60 пайыздайын құрайды.

«Блумберг» агенттігінің хабарлауынша, алдағы он жыл ішінде дүниеде ядролық отын тапшылығы күшейе түспекші. Себебі, уран кенін жеткізіп беруші басты елдер уран байытатын зауыттарды тез арада салып бітіруге қауқарсыз болып отыр.

Сонымен қатар, олар совет заманынан қалған ядролық қару-жарақтан алынған материалды отын ретінде қайта өңдеуден өткізуде де шабандық танытуда. Бұл жөнінде Дүниежүзілік ядролық ассоциацияның 2009 жылы жарық көрген баяндамасында айтылған.

АҚШ пен Ресей арасында қол қойылған ядролық қару-жарақ жөніндегі келісім-шарттың заңды күші 2013 жылы бітеді. Қазір әлемдегі уранға деген сұраныстың 10 пайыздайы аталған келісім-шарт аясында жеткізіп беріліп отыр.

Сонау 1993 жылы қол қойылған бұл келісім-шарт бойынша, Ресей жойылуға жататын қарудан жеткілікті көлемде қару-жарақ уранын бөліп алып, оны бейбіт мақсаттағы уран отыны етіп қайта өңдеуі тиіс. Американың 30-дай атом электр стансасы осы отынмен қамтамасыз етіледі. Олар өндіретін электр энергиясының жалпы қуаты 41 мың мегаваттан асып кетеді.

ҚАЗАҚСТАН ҮШІН АТ-НӨПІР БАЙЛЫҚТЫҢ ЖАҢА КӨЗІ

Лондонда орналасқан Дүниежүзілік ядролық ассоциацияның мәліметіне қарағанда, әлемде бүгінде 53 атом электр стансасы салынуда әрі 435 атом электр стансалары жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Блумберг» агенттігі.

Ал Қазақстан уран кенін өндіру саласында қазірдің өзінде әлемдегі жетекші елге айналды. Бұдан бұрын «Майнинг уикли» басылымы, 2009 жылдың қорытындысы негізінде Қазақстан Канаданы басып озып, алға шықты, деп хабарлаған болатын. Қазақстан бұл межені кен өндіру көлемін 60 пайызға көбейту арқылы еңсерген.

Жалпы Қазақстан өткен жылы 14 мың тоннадай уран өндіріпті. Дәл осы мезетте Канада 10 мыңдай, ал Аустралия 8 мыңдай тонна кен өндіре алды, деп атап көрсетеді басылым.

Биыл Қазақстан уран өндіруді одан әрмен 30 пайыздай мөлшерде өсірмек. Соның нәтижесінде, елдегі уран өндірісі көлемінің жылдық көрсеткіші 18 мың тоннаны маңайлайды деген болжам жасалып отыр. Қазақстанда қазір 21 уран кеніші игеріліп жатыр.

«Бүгінде дүниежүзілік ядролық өнеркәсіп даму үстінде, ал оларға керекті кеннің көлемі азайып келеді. Осы себептен, 2016 жылдан бастап әлемде уран кенінің тапшылығы пайда болады деп болжам жасап отырмыз, – дейді «Қазатомпром» компаниясының вице-президенті Нұрлан Рыспанов аталған басылымға берген сұхбатында. – Осының нәтижесінде, уранға деген сұраныс өзінің нағыз шырқау биігіне жеткен мезетте, әлемдегі уран өндіруші басты мемлекет мәртебесіне Қазақстан ие болмақ».
XS
SM
MD
LG