Accessibility links

Гуманитарлық көмек адамдарға ауадай қажет болғанымен, Астанаға қажет емес


Бұрынғы Семей полигоны аймағындағы қолдан жасалған Атом көлі. 22 тамыз, 2009 жыл.

Бұрынғы Семей полигоны аймағындағы қолдан жасалған Атом көлі. 22 тамыз, 2009 жыл.

Гуманитарлық көмекті алу үшін адам құқықтары ахуалын жақсартуға тиіс болғандықтан, Астана ол көмекті алмағанды жақсы көріп отыр. Ал Ирландия азаматтары Семей полигонынан зардап шеккен балаларға арналған жаңа аурухана салуға қайырымдылық қаржысын жинап жатыр.

ӨЗІНЕ АРНАЛҒАН КӨМЕКТЕН... ҚҰТЫЛУ ҮШІН ЛОББИ ЖАЛДАУ

АҚШ үкіметі гуманитарлық көмекке зәру елдерге осындай көмек берумен айналысады. Көмекті алушылар тізіміне Қазақстан да енеді. Биылғы бюджет жылында Қазақстанға арналған көмек 20 миллион доллардың шамасында болуы керек екен. Ол түрлі бағдарламаны қаржыландыру, соның ішінде балаларға қатысты денсаулық сақтау жобаларын іс жүзіне асыру үшін жұмсалмақ көрінеді.

Американ заңдары бойынша, деп жазады «Евразия.нет» онлайн-басылымы, мұндай қаржыны бөлуге рұқсат алу үшін, АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанның соңғы алты ай ішінде адам құқықтарын қорғау ісінде әжептәуір алға жылжи алғанын дәлелдеуі тиіс.

Осы американ заңының тағы да бір бабында АҚШ-тың халықаралық мүддесін қанағаттандыру мақсатында мемлекеттік хатшы аталған ережені аттап өтіп, көмекті бөлуге рұқсат бере алады делінген. Биылғы жазда АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстан соңғы алты ай ішінде адам құқықтарын қорғау ісінде айтарлықтай алға жылжи алмады деген қорытынды жасады. Сонда да мемлекеттік хатшының қызметін атқарып отырған Хиллари Клинтон көмек берілсін деген өкімге қол қойыпты.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ТАЛАПТЫ ЖҰМСАРТУ ҮШІН

Қазақстан билігі демократияландыру саласындағы алға жылжуды сараптайтын мұндай «қорлаушы» тексеруден өткенше, ондай қаражат алудан мүлде бас тарту керек деген тоқтамға кеп отыр деп атап көрсетеді сайт. Астана осы мақсатына жету үшін Вашингтондағы бір лоббистік қызмет көрсететін фирмамен бір жыл мерзімге жалпы сомасы бір жарым миллион доллар тұратын келісімшартқа қол қойған.

Бұл лоббистік фирма Policy Impact Communications деп аталады. Астана бұл фирмаға гуманитарлық көмекті алу ережелеріне түзету енгізуді міндет етіп белгілеп берген. Осы іс-әрекетке қатысы бар бір адамның айтуынша, Астана бұл ақшаны сұрамапты, сонымен қатар, жыл сайын көмекті алу талабына Қазақстан сай ма, сай емес пе осыны анықтауға арналған әрі намысты таптап, қорлайтын тексерістен өтпеу үшін ел үкіметі ақшаны бөлуді тоқтатуды ұсыныпты дейді «Евразия.нет».

Policy Impact Communications ұйымын АҚШ Республикалық партиясының белсенділері, Миссисипи штатының қазіргі губернаторы Хейли Барбур мен бұрынғы АҚШ президенті Джордж Буштың кеңесшісі болған Эд Гиллеспи құрған екен. Ал компанияның қазіргі басшысы Уильям Никсон кезінде президент Рональд Уильсон Рейганның спичрайтері, яғни баяндамаларын жазып беруші боп қызмет атқарған көрінеді.

Ресми Астана болса, аталған талаптың әділдігіне күмән келтіруде. Қазақстанның Вашингтондағы елшілігінің өкілі Жанболат Үсенов аталған критерийлер жекелеген дамушы демократияларға қатысты негізсіз әрі әділетсіз түрде қолданылады дейді. Оның сөзіне қарағанда, кей елдердегі қатал әрі озбыр билік режимдеріне қатысты ондай тәртіп мүлде қолданылмайды екен.

Қазақстан қаражат бөлу жөнінде өтініш білдірмеген, бұл істе ел өзіне артықшылық берілуін де сұрамайды деп атап көрсетеді Жанболат Үсенов. Елшілік өкілі «бұл нақты өмірлік маңызы бар нәрседен гөрі, саяси астары мен мақсаты бар нәрсе» деп отыр. Оның айтуынша, аталған көмекті алу не алмауға қатысты шешім Қазақстандағы адам құқығы саласындағы ахуалдың жетілуіне еш әсер ете алмайды.

Ал адам құқықтарын қорғаушылар болса, аталған заң Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау саласындағы реформаларды алға жылжытуға түк септігін тигізбейді деген сөз айтады. Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бөлімшесі директорының орынбасары Рэчел Денбер «мұндай әдістің саяси механизм ретінде қолданылғанда пайдалы» екендігіне назар аударады.

Алайда, бұл талап жыл сайын орындалмай қалатындықтан, оның тиімділігін нақты бағалау біз үшін қиын дейді ол. Оның пікірін Freedom House адам құқығын қорғау ұйымының атқарушы директорының орынбасары Том Мелиа да келесі сөзімен растайды: «АҚШ-тың жыл сайын Қазақстанның белгілі критерийлерге сай, немесе сай еместігін тексеруден өткізуден бас тартып келе жатқандығы, Қазақстан демократияландыру жолында көп ілгерілей алмаған деген пікірге негіз жасайды».

"Елдің келер жылы «ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі Қазақстан басшылығының адам құқықтарын қорғау саласындағы іс-әрекетіне халықаралық жұртшылықтың көңілін аударып отыр. Бұл мәселеге өте мұқият назар аударылатын болады»,- деп мәлімдеді Рэчел Денбер аталған жайтқа қатысты.

АЛ БАЛАЛАР КӨМЕККЕ ҚАШАН ДА ЗӘРУ

Осы айдың соңында Ирландияның Корк қаласында Жаңа жыл жәрмеңкесі өткізілмекші. Жәрмеңке барысында жиылған қаражат Қазақстандағы балаларға арналған жаңа аурухана салу үшін жұмсалмақшы. Бұл туралы «Irish Examiner» сайты хабарлайды.

Жәрмеңке The Greater Chernobyl Cause деп аталады екен. Жәрмеңкеде саз балшықтан істелген ыдыс, бағалы заттар, кристалдардан бастап, Лиз Барр, Линн Мар тәрізді ирландиялық кутюрьелердің ең соңғы сәнді киім үлгісіне дейін сатылатын болады.

The Greater Chernobyl Cause ұйымының ресми өкілі Фиона Коркоран жиналған қаражат Қазақстанның Семей қаласындағы радиациядан дертке шалдыққандар жататын көнерген аурухана орнына жаңа стационарлық аурухана салу үшін жұмсалады дейді. Жаңа ғимаратта ауруханамен қатар ХОСПИС те, яғни дауасыз аурулар баспанасы да орналастырылатын болады деп атап көрсетеді басылым.

Бүгінде Семейдегі ауруханада қажетті дәрмек, көрпе-жастық пен тамақ қатты тапшы боп отыр. Кезінде үш адамға деп есептеліп салынған аурухана бөлмелерінде қазір аурулар саны екі есе көп.

«Созылмалы науқасқа шалдыққандар мұнда қоғамнан шеттетілгендер, ақыл-есі кемтарлар және басқа да аурулармен бірге жатыр. Бұлардың бәрі осы маңға таяу жердегі бұрынғы совет ядролық полигоны радиациясының қайғы-қасіретін тартып жатқандар, – деп түсіндіреді Коркоран ханым. – Ауруханада кір жуатын мәшине де жоқ. Аурулар әбден кірлеп, тоз-тоз боп кеткен киімі мен көрпе-жастығын ауыстыруға мұқтаж боп отыр. Кей науқастар тозып кеткен соң керексіз деп далаға тасталып, аурухана ауласының қорғаны қызметін атқаратын көне кереуеттер үстінде, далада түнеуде».

Фионы Коркоранның айтуынша, аурухананың биылғы жылғы бюджеті көлемінің аздығы сонша, ол бойынша ауруханада жатқан 40 науқастың әрбіріне тамақтануға күніне тек 4 цент бөлуге ғана мүмкіндік бар екен. Коркоран әрбір адам лайықты өмір сүруге, өмірде өзінің әлеуетін іс жүзіне асыруға әрі басты қажеттіліктерін қанағаттандыруға құқылы деп мәлімдейді.

«Алдымызда тұрған барлық мәселені шешу біздің қолымыздан келмейді. Дегенмен, түнекті құр қарғағанша, бір майшам болса да тұтатып, аздап сәуле шашу идеалы біздің әрекетке дем беруде» дейді ол.

Коркоран Корк тұрғындарын Жаңа жыл жәрмеңкесін лайықты өткізу ісіне қолдау көрсетуге үндеді.
XS
SM
MD
LG