Accessibility links

Қазақстанда туған бұрынғы хоккейші АҚШ-та өз жерлесін өлтірген деп айыпталып отыр


Хоккейден Швейцария және Беларус құрамаларының арасындағы ойыннан көрініс. Ванкувер, 23 ақпан, 2010 жыл. Көрнекі сурет.
Хоккейден Швейцария және Беларус құрамаларының арасындағы ойыннан көрініс. Ванкувер, 23 ақпан, 2010 жыл. Көрнекі сурет.

Бұрынғы кәсіпқой хоккейші, Қазақстанда туып-өскен Богдан Руденкоға АҚШ-та адам өлтірген деген айып тағылды. Өзінің кінәсіз екендігін айтып келген ол, жақында тергеу ісіне қарсыласуын доғарды. Енді оны сотқа тарту үшін Солтүстік Каролина штатына апармақ.


РУДЕНКО ЭКСТРАДИЦИЯЛАНАДЫ


«Colorado Springs» спорт клубының бұрынғы кәсіпқой ойыншысы Богдан Руденко кісі өлтірген деп айыпталып отыр.

Хоккейден АҚШ-тың кәсіпқой лигасында бұрын өнер көрсеткен Богдан Руденко сейсенбі, наурыздың 2-күні Колорадо штатындағы сот мекемесіндегі тергеу кезінде, сот төрешісіне өзінің Солтүстік Каролина штатының құқық қорғау орындарының қолына берілуіне енді қарсы болмайтынын мәлімдеді.

Бұл туралы Солтүстік Каролина штатында жарық көретін «Шарлотт Обсервер» газеті жазады. Солтүстік Каролина штаты құқық қорғау орындары Руденконы осы штаттағы Столлингс елді мекенінде кісі өлтірді деп айыптауда.

Сөйтіп, қазір Шарлотт қаласында тұрып жатқан 32 жасар Богдан Руденко Солтүстік Каролина штатына енді 10 күн ішінде экстрадицияланады.

Бұл жайлы Колорадо штатының Эль-Пасо және Теллер округтері аймақтық прокуроры кеңсесінің ресми өкілі Шелли ЛаГрилл мәлімдеді.

Руденко «Colorado Springs» спорт клубының қонақ үйінде Рождество мейрамы күні таңертең ертемен ұсталған. Аталған клуб АҚШ-тың кәсіпқой хоккей лигасында өнер көрсететін даңқты спорт ұйымы болып табылады. Ол Колорадо штатындағы Колорадо-Спрингс атты қаланың клубы.

ЖЕРЛЕСТЕР ЕРЕГІСІП ҚАЛҒАН БА?

Өзі тұтқындалар алдында Богдан Руденко бірнеше сағат бойы полициямен салғыласып, қарсылық көрсетумен болған.

Кісі өлтірді деген күдікке қалған бұл адам онан соң соттағы тергеу кезінде өзінің экстрадициялануына қарсылық білдірумен болған. Ол өзіне тағылған кісі өлтіру жөніндегі айыпты үзілді-кесілді тойтарудан бір танбады деп жазады газет.

«Біз оны құзыретіміз аясына қайтарып аламыз деп үміттенеміз», - деп мәлімдеді Юнион графтығының аймақтық прокуроры Джон Снайдер. Прокуратура қылмыстың жазасы ретінде айыпталушы адамға өлім жазасының берілуін талап ете ме деген сауалға қатысты прокурор Снайдер «бұған жауап беруге әлі ертерек» деді.

Богдан Руденко 32 жасар Юрий Харитоновты атып өлтірді деп айыпталуда. Көзі тірісінде Юрий Харитонов Юрий Харутоков есімімен де танымал болыпты. Юрий Харитоновтың тұрақты мекен-жайы болмаған деп жазады газет.

Руденко де, Харитонов та бұрын совет республикасы болған Қазақстанда дүниеге келген, осы елдің азаматтары болған. 1998-2008 жылдар аралығында Юрий Харитонов анда-санда Қазақстан мен Ресейдің төменгі хоккей лигасында өнер көрсеткен.

2004-2005 жылдар маусымында Богдан Руденко «Charlotte Checkers» спорт клубының құрамында тек ішінара ғана ойын ойнапты.

Аталған маусымдағы ойын оның төменгі лигадағы 18 жыл бойғы спортшы ретіндегі белсенділігінің бір бөлігі болып саналады. Осыншама жыл ішінде ол 14 команда құрамында өнер көрсеткен екен. Бұл командалардың барлығы Солтүстік Америка құрлығының клубтары.

Он жыл бұрын ол «Colorado Springs» спорт клубының сапында өнер көрсетіп, осында толық екі маусым болмайтын мерзім ішінде мұз алаңында ойын ойнаған көрінеді.

ДҮКЕН ТОНАУ

Соңғы рет Богдан Руденко Солтүстік Каролина штатындағы Уинстон-Сейлем қаласының кәсіпқой хоккей клубы «Twin City Cyclones» сапында 2008-2009 жылдары ойын маусымында ойнаған еді деп атап көрсетеді газет.

Юрий Харитоновтың өлі денесі өткен жылдың желтоқсан айының 20-күні «Ист индепенденс» бульварындағы аутодүкен ғимараты маңындағы тоғай ішінен табылған.

Полиция Солтүстік Каролина штатының Юнион графтығындағы Индиан трэйл кентінің шетінде қоныс тепкен дүкеннің тоналуына байланысты қойылған сауалға да өз жауабын берген болатын.

Құқық қорғау орындары өкілдері Богдан Руденко мен Юрий Харитонов «сыбайлас» болған дейді. Алайда, олар аяғы кісі өлтірумен біткен қылмыстың қалай жасалғаны жайлы ашып ештеңе айтпай отыр.

Полиция қызметкерлерінің пайымдауына қарағанда, кісі өлтіру құралы ретінде тапанша қолданылған.

Прокурор Джон Снайдердің айтуынша, Богдан Руденко Солтүстік Каролинаға оралғаннан кейін сот алдында жауапқа тартылады.

Руденкоға сот тағайындаған қорғаушыны жалдауға немесе өзінің бұрыннан бері жалдап келе жатқан қорғаушысының көмегімен бұдан әрмен өз құқын қорғауына мүмкіндік беріледі деп жазады «Шарлотт Обсервер».
XS
SM
MD
LG