Accessibility links

Астанаға қоныс аударатын «Экспресс К» газеті Гога Ашкеназимен байланысы жоқтығын айтады


Алексей Пан, "Экспресс К" газетінің бақылаушы кеңесінің төрағасы. Алматы, 18 мамыр. 2009 жыл.
Алексей Пан, "Экспресс К" газетінің бақылаушы кеңесінің төрағасы. Алматы, 18 мамыр. 2009 жыл.

90 жылдық тарихы бар «Экспресс К» газетінің редакциясы Астана қаласына көшірілетін болды. Өткен күзде басылымда Тимур Құлыбаевқа жақын Гога Ашкенази туралы жарияланған мақала оқырманды елең еткізген-ді. Жақында газет Азаттық радиосы туралы да жазған болатын.

АСТАНАҒА КӨШЕТІНДЕРГЕ БАСПАНА БЕРІЛМЕЙДІ

Республикалық қоғамдық-саяси апталық «Экспресс К» газетінің бақылаушы кеңесінің төрағасы Алексей Панның айтуынша, редакцияның бас кеңсесін көшіру туралы шешімі Астана қаласының қазіргі даму қарқынына орай қабылданып отыр.

- «Экспресс К» газеті Астанада болып жатқан негізгі және маңызды оқиғалардың ортасында болуы тиіс, - деді ол.

Соған байланысты биыл мамырдың 15-і күні газеттің барлық қызметкерлері «Экспресс К» апталығының бас кеңсесі Астанаға көшірілетіндігінен хабардар етілген. Яғни, бір айдан соң қызметкерлер Астанаға көшетіндігі немесе Алматыда қалатындығы туралы түпкілікті шешімге келуі тиіс.

Қазіргі таңда «Экспресс К» газетінде 80-ге жуық адам жұмыс істейді. Соның жартысынан астамы Алматы қаласындағы бас кеңседе қызмет атқарып жатыр. Газет басшылығының жоспары бойынша, бас кеңсе Астанаға көшірілген жағдайда, оның орнына Алматыда тілшілердің кеңейтілген пункті жасақталады.

Бақылаушы кеңесінің төрағасы Алексей Панның айтуынша, соны өзгерістерге байланысты ешкім жұмыстан шығарылмайды. Ал, мұндағы жұмысын Астанаға ауыстырамын деушілердің жол шығыны өтеледі.

- Яғни, барлық заң талаптары сақталады, - деді Алексей Пан.

Алайда газеттің Алматыдағы тілшілер қауымы қазірдің өзінде Астанаға көшу олар үшін тиімсіз екендігін айтып отыр. Жұмысшылардың көтеріп отырған басты талабы – жұмыс орнының ауысуына байланысты баспана қарастыру мәселесі. Газет басшылығы болса жұмысшыларға тұрғын үй қарастыру жағы заңда қарастырылмаған дегенді айтып отыр

Сондай-ақ, газет ұжымы бас кеңсенің көшірілуі редакцияның қазіргі құрамына түпкілікті өзгерістер алып келетіндігіне сенімді. Қазірдің өзінде газеттің бас редакторы Әділхан Нүсіповтың Астанаға бару-бармауы белгісіз болып тұр.

- Маған Астанаға көшу туралы ұсыныс жасалды. Мен әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпын. Ойлануға бір ай уақытым бар, - деді ол.

«ГОГА АШКЕНАЗИ ТУРАЛЫ МАҚАЛА ГАЗЕТ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ МЕН БАСШЫЛЫҒЫ АРАСЫНА СЫЗАТ ТҮСІРДІ»

Өзінің аты-жөні аталмауын өтініп сұраған және осы газетке қатысы бар кісі Азаттық радиосына газет ұжымы қазір алаңдаушылық күй кешіп отырғандығын, сондай-ақ басылым төңірегіндегі бұл өзгерістердің өзі «Экспресс К» газетін қазіргі басшылықтан тазарту мақсатында жасалып жатқандығын хабарлады.

Азаттықтың сенімді дерек көздерінен белгілі болғандай, осыдан шамамен жарты жыл бұрын газет басшылығы мен құрылтайшылар арасында келіспеушіліктертер болған. Оған апталық басылымда 2008 жылы 25 қараша күні жарық көрген «Она же Гога, она же:» атты мақала түрткі болыпты. Бұл материалда көпшілікке Гога Ашкенази деген есіммен танымал Лондон тұрғыны Гаухар Беркалиеваның өткен жылы күзде Астанаға келгендігі туралы баяндалады.

Артынша-ақ газеттің бұл мәліметін елдегі бірқатар ақпарат құралдары тілге тиек ете отырып, дәл осы мәліметтің президент саясатын жақтаушы «Экспресс К» газетінде бекерден-бекер жарық көрмегендігін, сондай-ақ Қазақстанда белгілі тұлға – Тимур Құлыбаевпен достық қарым-қатынасы бар делінетін Гога Ашкенази Қазақстанға неге келді деген сұрақ төңірегінде жазды.

Алайда апталық газетте таратылған бұл ақпараттың құрылтайшы мен басшылық арасында келіспеушіліктер туғызғандығын «Экспресс К» бас редакторы Әділхан Нүсіпов жоққа шығарып отыр.

- Меніңше, сондай өсек дұрыс емес. Ешқандай тазарту мақсаты жоқ. Мақсат біреу ғана – саяси шешімдер Астанада қабылданады, сол орталыққа жақындау керек. Менің өзім 5 жыл бұрын сондай ұсыныс жасағанмын, - деді «Экспресс К» газетін 5 жыл бойы басқарып келе жатқан Әділхан Нүсіпов.

Жақын күндері «Экспресс К» газетінің Алматыдағы тілшілер пунктіндегі штат саны анықталады. Әзірге әліптің артын бағып отырған газет ұжымы, штат көлемі аз қарастырылған жағдайда, өз мүдделерін қорғау үшін көпшілік наразылық шараларын қолға алу мәселесін қарастыруды жоспарлап отыр.

«Экспресс К» басылымының 16 мамыр күнгі санында, Азаттық радиосының Прагадағы редакциясы туралы мақала жарық көрді. Онда Азаттық радиосының директоры Едіге Мағауин сұхбат берген. Сондай-ақ, газет журналисі Марк Айсбергтің тізбекті жолсапар жазбаларында 1945 жылы 9 мамырда қаза тапқан Совет Одағының батыры, старшина Мәжит Жүнісов жерленген Прага қаласындағы совет жауынгерлерінің зиратында Жеңіс күні қалай атап өтілгендігі туралы баяндалған.

2010 жылы «Экспресс К» газетіне (бұрынғы «Ленинская смена») 90 жыл толады.
XS
SM
MD
LG