Accessibility links

Журналистерді қорғау комитеті ЕҚЫҰ-на төрағалыққа бекітілгеннен бері Қазақстанда баспасөз еркіндігінің ахуалы жақсарған жоқ деп есептейді. Сарапшылар биліктің ақпарат құралдарына монополия орнатуы сөз бостандығын тарылтты деп бағалайды.

Бүгін Алматыда Қазақстан Журналистер одағы мен «Фридом хаус» халықаралық ұйымы, экономика және құқық Академиясының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы БАҚ және жеке тұлғаның құқығы мен еркіндігін қорғау» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда заңнамалық тұрғыда журналистердің қызметіне тосқауылдар көп.

Мамандар Қазақстандағы ақпарат құралдары заңнамалық жағынан әлсіз қорғалуы салдарынан елде сөз бостандығының жағдайы
Тамара Калеева, «Әділ сөз» қорының президенті. Алматы, 19 тамыз 2009 жыл.
нашарлауда деп атап көрсетеді.

«Біздегі сөз бостандығын қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі шектеп отыр. Осыған қатысты Қылмыстық кодексте алты бап қарастырылған. Мемлекеттік құпия туралы, Ұлттық қауіпсіздік туралы заңда қоғамдық маңызы бар деректер негізсіз құпияландырылған. Біздегі заңнаманың құзыры кез-келген журналисті бас бостандығынан айырып қана қоймай, кез-келген басылымды, журналисті тақырға отырғызуға пәрмен береді. Біздегі заңнама сондай, тираждар рұқсатсыз кәмпескеленіп, газет шығаратын құрылғылар оп-оңай тұтқындалады. Мен тек заң бойынша ғана айтып отырмын. Ал іс жүзінде жағдай бұдан да сорақы», – деді сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.

ЖЕКЕ ӨМІРГЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ЗАҢ БАСПАСӨЗ ЕРКІНДІГІН ТҰСАЙДЫ

Қараша айында парламент мақұлдап, президентке қол қоюға жіберген «Жеке өмірге қол сұқпау» туралы заң жобасына қоғамдық ұйымдар тарапынан сын айтылған еді. Аталмыш заң жобасына сәйкес, азаматтардың жеке өмірі, телефон әңгімелері мен хаттарын жариялаушыға қылмыстық іс қозғап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қолдану көзделген.

Заң қабылдаушылар жаңа заңның мақсаты – барша азаматтың жеке өмірге қатысты құқығын қорғау деп түсіндіреді.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы. Астана, 28 қазан, 2009 жыл.
«Бұл заң жобасын журналистерге қарсы бағытталған деп түсінбеу керек. Ондай нәрсе заң жобасының бірде бір жерінде жазылмаған. Депутаттан бастап қарапайым адамдарға дейін, мейлі кім болсын, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады», – дейді даулы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының мүшесі болған Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков.

Алайда көптеген сарапшылар бұл заң жобасы шенеуніктерді қоғамның сынынан қорғап, журналистерді кәсіби қызметі үшін қудалауға негіз болады деп есептейді.

«Әрине, әркімнің жеке өмірі ол адамның өз шаруасы. Бірақ қоғамның, салық төлеушілердің ақшасы есебінен өмір сүретін қоғамдық тұлғалар, мемлекеттік қызметкерлер бар емес пе? Халықаралық тәжірибеде мұндай тұлғалар үнемі қоғамның бақылауында болады. Бұл заңнамада «қоғамдық тұлға», «мемлекеттік қызметкерлерді бақылау туралы қоғамның құқығы» сияқты ұғымдар жоқ. Сөз бостандығы Конституцияда жазылғанымен, елдегі басқа заңнамалар ол бостандықты мүлде шектеуге бағытталған», – дейді «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.

Ермұрат Бапи, қазақ журналисті. Алматы, 27 сәуір 2009 жыл.
Осы пікірге 2001 жылдың 3-ші сәуірінде Алматы қаласының Жетісу аудандық сотының үкімімен «ҚР президентінің ар-ожданына нұқсан келтірді» деген айыппен Қылмыстық кодекстің 318-бабының 2-тармағы бойынша бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған және тағы бірнеше рет сотты болған журналист Ермұрат Бапи де қосылады.

«Бұл заңнама Қазақстанның билік басында отырған жоғары лауазымды шенеуніктерінің өздерінің комфортты жағдайларын қорғау үшін және өздерінің қылмыстық, лауазымдық, жемқорлық жағдайларын жария етпеудің амалымен жасалған. Халыққа, демократияға қарсы, елді әлемдік өркениет жолымен дамытуға қарсы, Қазақстанның әлеуеттік дамуына қарсы жасалған регрессивті заң деп есептеймін», – деген баға береді Ермұрат Бапи.

ЕҚЫҰ-НЫҢ ЖАҢА ТӨРАҒАСЫНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ СЫНЫ

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына халықаралық қауымдастық өкілдері де сыни пікір білдіріп отыр. Журналистерді қорғау комитетінің Еуропа және Орта Азия бағдарламасының зерттеушісі Музаффар Сулеймановтың айтуынша, ЕҚЫҰ-на 2010 жылға
Қазақстандағы баспасөзге қатысты жыл басынан осыған дейін болмаған «журналисті сабап кетті», «пышақ салды» дегенді көре аласыз.
басшылық берілгеннен бері Қазақстандағы жағдай, баспасөз еркіндігінің деңгейі жақсармаған.

«Негізінде ол нашарлай түсті. Егер сіз біздің баспасөз саласындағы жағдайларды қамтыған ақпараттарымызға қарасаңыз, Қазақстандағы баспасөзге қатысты жыл басынан осыған дейін болмаған «журналисті сабап кетті», «пышақ салды» дегенді көре аласыз. Және одан кейін бізде интернетті бақылау жөніндегі заң жобасы болды. Оған қатысты ЕҚЫҰ, Журналистерді қорғау комитеті, «Хьюман Райтс Уотч» және басқа да халықаралық топтар қазақ билігіне үндеу жасап, даулы заңды қабылдамауды сұрады. Бірақ өкімет ол айтылған барлық үндеулер
«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққаннан кейін. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.
мен өтініштерге мән бермеді», – дейді Музаффар Сулейманов.

Биылғы желтоқсан айының басында Афинада келесі жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету міндеті Қазақстанға өтті. Ұйымға мүше өзге елдер бұл туралы шешімді осыдан екі жыл бұрын қабылдаған болатын. «Әділ сөз» қорының мәліметінше, содан бергі өткен уақыт ішінде елде журналистер мен басылымдарды қудалау процесі айқын байқалған.

2008 жылы «Заң және әділ сот» басылымының редакторы Тоқберген Әбиев сотталса, 2009 жылы «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов пен жергілікті облыс әкіміне көптің алдында сын айтқаны үшін жазушы Алпамыс Бектұрғанов бас бостандығынан айрылған. Сондай ақ, сотталғандардың арасында журналист Вадим Курамшин де бар. Ол қазір шартты түрде бостандыққа шыққан.

УКРАИНА ТӘЖІРБИЕСІ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Мамандардың айтуынша, Қазақстан сөз бостандығы аясында алға жылжу үшін ең болмағанда, қолданыстағы заңнан журналисті кәсіби қызметіне байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартатын баптарды алып тастау керек. Мұндай қадамдарды посткеңестік кеңістіктегі өзге кейбір елдер жасап отыр. Мәселен, Грузия, Украина, Молдовада журналистерге жала жабу мен ар-намысқа нұқсан келтіру әрекеттері үшін қылмыстық жаза қолданылмайды.

«Украина мұндай баптарды 2001 жылы Қылмыстық кодекстен алып тастаған болатын. Заң салыстырмалы түрде оңай қабылданды десек болады. Себебі, дәл сол кезде жаңа Қылмыстық кодекс қабылданып жатқан болатын. Жаңа заңға бұл баптар енгізілген жоқ», – дейді
Орталық Азия елдерінде бұл мәселені азаматтық қоғам өкілдері тұрақты түрде қозғап жүрсе де, әзірге билік ықылас танытпай отыр.
Украинадағы Медиа құқығы институтының директоры Тарас Шевченко.

Ал Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты Орталық Азия елдеріндегі жағдай Қазақстанға ұқсас. Аталмыш елдерде бұл мәселені азаматтық қоғам өкілдері тұрақты түрде қозғап жүрсе де, әзірге билік ықылас танытпай отыр.

«Біздің елде жала жабу мен ар-намысқа нұқсан келтіру әрекеттері үшін қылмыстық жазаны алып тастауға 4 рет әрекет жасалынды. Өз басым соның үшеуіне куә болдым. Заң жобасының қабылданбауының себебі – парламент депутаттарының өздері мұндай өзгерісті қабылдауға дайын еместігі. Заң жобасының бірнеше нұсқалары болды. Біреуінде, мысалы, Қылмыстық кодекстен мүлде алып тастау мәселесі қарастырылса, ендігі біреуінде кейбір бөліктерінің ғана алынуы қарастырылды. Заң жобасы үшін депутаттар қол көтерген кезде тіпті екі дауыс қана жетпей қалған кездер болды. Жай ғана демократиялық-либералды көзқарастағы депутаттар дауыс беруге келе алмағандықтан әлгіндей заң жобасының жолы кесілді», – деді Қырғызстандағы Медиа институтының өкілі Акмат Алагушев.

Тәжікстандағы «Хома» қоғамдық бірлестігінің өкілі Ирина Симонова:

«Тәжікстанның Қылмыстық кодексінде жала жапқаны немесе ар-намысына нұқсан келтіргендер үшін арнайы бап қарастырылған. Соңғы уақытта елде атышулы оқиғалардың бірі жергілікті «Овоза» газетінің екі тілшісі мен бас редакторының үстінен қозғалған қылмыстық іс. Сондай-ақ, «Кешкі Душанбеде» қорғаушының сот төрешісінің қызметін сынға алғаны турасында мақала шықты. Десе де, Қазақстанмен салыстырғанда бізде журналистердің үстінен қозғалған қылмыстық істер саны аз. Өкінішке қарай, бұған қатысты статистика жүргізілмейді».

Мамандар сондай-ақ, Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі кем-кетік ретінде баспасөз құралдарына биліктің монополия орнату мәселесін де атап көрсетеді. Ақпарат құралдарының «Арна-медиа» және «Нұр-медиа» секілді екі үлкен холдингіне топтасуы елдегі сөз бостандығының деңгейін төмендетеді деп бағалайды сарапшылар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG