Accessibility links

Қазақстанда азық-түлік бағасы тағы қымбаттады


Шілде айында жанар-жағар май бағасының кезекті мәрте қымбаттауы тұтыну бағаларының да шарықтап кетуіне түрткі болып, халықтың табысы аз бөлігінің тұрмысын қиындата түсті.

Семей қаласының тұрғыны Жадыра Орысбайқызы азық-түлік бағасының өскендігі билік иелеріне білінбегенімен қарапайым жұртқа қиын тиюде дейді:
- Қазір нанның өзі 100 теңгеге дейін барады. Баға өссе де біз секілді қарапайым тұрғындардың жалақысы өскен жоқ. Мысалы, Семейде адамдардың орташа жалақысы 30-35 мың теңге. Қарап отырсаңыз, ол неге жетеді? Оның үстіне қазір көп адамдардың несиесі бар.
Кәсіпкер Сырым Айтамағамбетовтың пікірінше, қымбатшылық себептерінің бірі - Қазақстанда өндіруші сектордың қалыс қалуы:
- Өзімізде ешқандай өнім жоқ. Тапқан табысымыздың барлығы шетелге кетіп жатыр. Солардың тауарлары мен қызметтерін тұтынып жатырмыз. Мысалы, 10 теңге тапсақ, оның 7 теңгесі шетелге кетіп жатыр. Қазақстанды жер байлығына қарап бай мемлекет, халықтың тұрмысына қарап кедей мемлекет деп атауға болады.
Тек жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері ғана 1-2 пайызға арзандады.
Өткен шілде айында елдегі инфляция көрсеткіші 0,9 пайызды құрады. Алдыңғы аймен салыстырғанда азық-түлік бағасында да өзгеріс бар. Нан және жарма өнімдері 1,8 пайызға, күріш – 8,2 пайызға, қант – 2,7 пайызға өскен. Жеміс-жидектердің маусымдық уақытының басталуы жемістердің 2 пайызға, көкөністердің – 1 пайызға ғана арзандауына әсер еткен.
Осыған дейін елдің экономикалық өсуіне баланып келген инфляциялық көрсеткіштің соңғы уақытта шарықтауы әлемдік экономистерді шын мәнінде алаңдатып отыр. Мәселен, АҚШ-та соңғы жарты жылда инфляция көрсеткіші 5 пайызға жеткен.
Мамандардың айтуынша, бұл соңғы 26 жылда болмаған көрсеткіш. Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры Тоқтар Есіркепов инфляцияның жоғары көрсеткіші биылғы жылы әлемнің барлық мемлекеттерінде байқалып отырғанын айтады.
- Қазір дамыған мемлекеттердің өзінде көп жылдар болмаған инфляция көрсеткіші өсіп жатыр. Оған ең бірінші, мұнай бағасының өсуі мен қаржы дағдарысы себеп боп тұр.
ҚР Статистикалық агенттігінің берген мәліметі бойынша, күнкөріс минимумы қазіргі кезде 12682 теңгеге жеткен. Экономист Тоқтар Есіркеповтың пікірінше, мұндай жалақымен өмір сүретін адамдар саны ресми деректен гөрі әлдеқайда көп.
- Мысалы, 2006 жылы кедейлердің саны 18 пайызға түскен. Қазір 40 пайыздан асып барады яғни, күнкөріс минимумынан төмен табыс табатын адамдардың саны қазір Қазақстан халқының 40 пайыздан астам бөлігін құрайды. Ресейде мысалы, әрбір жарты жыл сайын инфляцияға сәйкес тұрғындардың зейнетақыларына ақша қосып отырады. Біздің Үкіметіміз сәл де болса, халыққа бет бұруы керек. 1 шілдеден бастап, бюджетке өзгеріс енгізген кезде зейнеткерлердің зейнетақысына 600 теңгеден қосты. Біреулер мұны «бір сыраның құны ғой» деп еді. Қазір сол бір сыраның құнын беріп жатыр.
Ресми деректер бойынша, Қазақстанда өткен айда жанар-жағар май бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда 11 пайызға, оның ішінде бензин құны 7,3 пайызға өскен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG