Accessibility links

Азамат Кәрімбаев түрмеде отырса да биліктің мазасы кетіп еді, дейді марқұмның жесірі Айман


Арқалық түрмесінде қаза тапқан Азамат Кәрімбаев. Суретті Азаттыққа марқұмның туыстары берді.

Арқалық түрмесінде қаза тапқан Азамат Кәрімбаев. Суретті Азаттыққа марқұмның туыстары берді.

Азаттық радиосына арнайы сұқбат берген Айман Кәрімбаева жұмбақ жағдайда қаза тапқан күйеуінің ел ішіндегі көптеген заңсыздықтарды, адамды кемсітуге, құқының сақталмауына қатысты сыни пікірлерін ашық айтқаны үшін биліктің қаһарына іліккенін әңгімелеп берді.

2009 жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысының елдімекендерінде тұратын алты адам «террорлық акциялар ұйымдастырмақ болған-мыс» деген айып бойынша сотқа тартылды.

Сот Шұбаршы ауылының тұрғыны Азамат Кәрімбаевты «террорлық топтың жетекшісі» деп тауып, 17 жылға бас бостандығынан айырды. Арада бірнеше ай өткеннен кейін өткен жылдың 23 желтоқсанында Азамат Арқалық түрмесінде жұмбақ жағдайда қаза болды.

Жергілікті баспасөзде Азамат Кәрімбаев пен оның серіктеріне «уахабшылдар» деген айдар тағылған. Оған - Азамат Кәрімбаевтың ресми тіркелген мешіттерден өздерін бөлек ұстайтын азғантай ғана мұсылман қауымының өкілі болғандығы себеп болған.

Осы және де өзге жайттарға қатысты Азамат Кәрімбаевтың жесірі Айман Кәрімбаева Азаттық радиосына арнайы сұхбат берді.

МЕШІТ ХИКАЯСЫ

– Азамат дінге 2000 жылы келді. Оның алдында ұзақ уақыт бойы дайындалып, діни әдебиеттер оқумен щұғылданды. Ол кезде күйеуім «Ақтөбемұнайсервис» компаниясында дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін. Өздеріңіз білесіздер, дәл сол уақытта дін көпшілікке кеңінен тарала бастады, – деп бастады әңгімесін Айман Кәрімбаева.

– Біздің ауылымызда мешіт жоқ еді. Азамат жұмыстан шығып қалғаннан кейін, ауылымызда дінге бет бұрған бірнеше адамның басын біріктіріп мешіт салмақ болды. Ол өзі бір кездері құрылыспен айналысып, басқа істерге де шебер болғандықтан негізгі жұмыстарды өзі
Түрмеде қаза болған мұсылман Азамат Кәрімбаевтың әйелі Айман Кәрімбаева. 5 қаңтар 2010 жыл.
атқарып, қалғандарын көмекші ретінде қасына ертіп жүрді.

Сөйтіп, 2003 жылы мешіттің жобасы жасалынып, өз күштерімен, өз қаражаттарымен, қолда бар ең арзан материалдардың бірі - саманнан Алланың үйін тұрғызбақ болды. Мешітке арналған жердің құжаттарын да жасатып алды.

Азаматтың мешіт салуды жоспарлап жатқандығы туралы сыбыс көрші ауылдарға тез тарап үлгерді. Бұл игі бастамаға айтары мен қосары бар азаматтардың үйімізге жиналып бірнеше күн ақылдасқандары да есімде.

Біздің ауылда Өтегенов Макар деген адам бар еді, сол кезде ол Жаңа жол зауытының бастығы болды, қазіргінің байы. Оның әкесі өлерінің алдында баласына «менің атыма арнап мешіт сал» деп аманат айтып кеткен екен.

Содан кейін әлі есімде Мұрат деген кісі біздің үйге келіп, Макардың сәлемдемесін жеткізді.

– Мешіт құрылысын бастап жатыр екенсің, қандай құрылыс материалдары керек, айт, барлығын Макар өз мойнына алады, тек мешітке әкесінің атын берсең болғаны», – деді.

– Мешітті тек қана Аллаға құлшылық қылған, ақыретке сенген мұсылмандар ғана салу керек, атақ-дәреже үшін мешіт салуға болмайды, – деп жауап берді Азамат.

Көп ұзамай біздің ауылымыздың екінші жағынан Макардың бастауымен екінші мешіттің құрылысы басталды. Оған соңғы үлгідегі техника мен ең мықты деген құрылыс материалдары пайдаланылды. Саманды басып, күні түні балшықпен былғанғысы келмегендер сол мешітті салысуға кетті.

Осылайша тұрғындардың арасында түсініспеушілік туындай бастады. Сөйтіп, 1 жылдың ішінде ауылымызда екі мешіт пайда болды. Бірі – Азамат бастаған топтың саманнан салған қарапайым мешіті, оған мұсылмандар бірігіп – «Мұсылман бауырлар бірлестігі» деген ат қойды. Ал екіншісі – қазіргі заманғы құрылыс-жөндеу әдісімен салынған, көздің жауын алатын Макар Өтегеновтың әкесінің аты берілген «Меңдіғали мешіті».

ОЛ БИЛІККЕ СЫНИ КӨЗҚАРАС ТАНЫТТЫ

Азамат ресми тіркелген мешіттерден өздерін бөлек ұстайтын шағын мұсылман қауымының өкілі болған деседі, бұл туралы не айтасыз?

– Жоқ, ол өзін ешкімнен бөлек ұстаған емес, керісінше көпшілікпен бірге, жұрттың көз алдында жүргенді қалайтын. Бізде ресми тіркелген дейтін де мешіт болған емес, айтып отырмын ғой «Меңдіғали мешіті» мен Азаматтардың салған мешіті болды, қазір де бар.

Азамат пен оның жанында жүрген бірқатар мұсылман бауырлар Құранмен, пайғамбарымыздың сүннетімен жүргендіктен, мешіттің салыну ниетіне байланысты ол мешітке аса көп бара бермейтіні рас еді. «Алланың үйін адамның атымен атауға болмайды» деген көзқарасын бірнеше рет айтқан болатын.

Ол тек қана Құранмен амал істеді. Ол интернеттен Исламның заңдары мен дінге қайшы заттарды жазып алып, дос-жарандарына таратты, қыз балалардың жабық жүруін ескертумен болды, намаз оқып Аллаға құлшылық ет деумен болды.

Марқұм Азамат Кәрімбаев. Фотосурет марқұмды соңғы сапарға шығарып салу кезінде үйінде түсірілді. Шұбаршы поселкісі, 27 желтоқсан 2009 жыл.
Біз көпшілігіміз өзімізді «мұсылманбыз» дейміз, бірақ Алланың емес, биліктің заңын жоғары қоямыз. Азамат бүгінгі биліктің көптеген заңсыздықтарына; адамды кемсітуге, құқының сақталмауына қатысты өзінің сыни пікірлерін ашықтан-ашық айтып жүрді. Осы көзқарасы үшін Азамат құқық органдарының көзіне түсті. Іле-шала ол «террорист», «уахабшы» деген сыбыстар шыға бастады.

Бір кездері Азамат Қытайдың мұнай компаниясында жұмыс істеді емес пе?

– Иә, бірақ 2004 жылы ол өз еркімен ол жұмыстан кетіп қалды. Басты себеп – қытай мен қазақ жұмыскерлерінің құқыларының тең болмауы еді. Біз мұнайлы өлкеде тұрамыз, алайда жағдайымыз тым мүшкіл. Тұрғындардың тұрмысы, ауылымыздың жолдары, суы мен жарығы айтуға келмейтіндей нашар жағдайда. Соның барлығына қарсылық ретінде Азамат ол жұмыстан шығып кетті. Содан бастап ол жұмыс істеген жоқ. Ауыл ішінде біреудің жылуын тартып береді, біреудің газ құбырын жөндеп беріп нәпақа тауып жүрді.

Жүрген жерінде дін туралы айтып, жақсылыққа шақырып жамандықтан тиюға тырысты. Сол кезден бастап-ақ құқық қорғау органдары оны қудалай бастады.

«АЗАМАТ АЛЛАДАН БАСҚА ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚПАЙТЫН»

Азаматты ең алғаш қашан ұстап алып кетті ?

– Өткен жылдың 13 наурызында біз үйге келсек, бір топ құқық органдарының қызметкерлері бізді күтіп тұр екен. Оның алдында кәмелет жасқа толмаған екі қызымыздың көзінше тінту жүргізіп үлгеріпті. Екі күннен кейін, наурыздың 15 күні мені Ақтөбе қалалық ішкі істер департаментіне шақыртты.

Мен 16 жастағы ұлым – Есетпен бірге бардым. Бізді 7 сағат бойы сұрақтың астына алды. Маған күйеуімнің маған «күштеп» орамал таққызғандығы жайлы, қыздарым мен балама «қинап» намаз оқытқандығы туралы айтып, Азаматқа қарсы куәлік етуді талап етті.
Кәмелет жасына толмаған балаларымызды намазға жығылтқанымыз үшін ата-ана құқынан айыруға болатындығын айтты.

Сондағы олардың айтатыны «күйеуің екеуің жұмыс істемейсіңдер, үш баланы асырауға қайдан ақша аласыңдар? Мүмкін біреулер қаржыландыратын шығар?» деген күмәнді сұрақтар. Біз Азамат екеуіміз ресми түрде жұмыс істеген жоқпыз, рас. Бірақ мен нан пісіріп, дүкен мен базарға алып барып сатып жүрдім. Азамат ауыл ішінде құбырлар жөндеп азды-көпті ақша тауып жүрді, малымыз бар дегендей. Бірақ оған құлақ асқан ешкім болған жоқ.

– Сенің күйеуің біздің үкіметке – проблема, тіпті түрмеде отырғанның өзінде де артынан жамағат жинап дін жайлы уағыз айтады, сондықтан ол біз үшін проблема, – деді.

Содан не керек, Азамат 8-9 ай қамауда болды. Кейіннен сот оны 17 жылға бас бостандығынан айырып оның алғашқы 5 жылын жабық, ал қалған 12 жылын қатаң режимдегі түрмеде отыруға шешім шығарды.

Мен онымен 5 рет кездестім. Бесеуінде де ол маған сабыр сақтауға, діннен бас тартпауға шақырумен болды. Бір кездескенімде ол маған түрмеде полицейлер тарапынан қысым болғандығын айтты. «Сен неге қазіргі саяси жүйені мойындамайсың, президентімізді – ханымыз деп неге қабылдамайсың» дегендей сөздер айтылған екен. Алайда, Азамат Алладан басқа ешкімнен қаймыққан емес.

Сіз күйеуіңізбен соңғы рет қашан хабарластыңыз?

– Ол маған мүмкіндігінше жиі хабарласып тұрды, себебі, мен балалармен жалғыз қиналып жүргендігімді білді. Соңғы рет желтоқсанның 19 күні Астанадағы түрмеден телефон соқты. Желтоқсанның 20 күні өзін Арқалықтағы түрмеге алып кететінін айтты.

Қатты тілінген және шаншылған жараның іздері бар Азамат Кәрімбаевтың сол қолы. Шұбаршы поселкісі, 27 желтоқсан 2009 жыл
21 желтоқсанда таңертеңгі сағат 8-де Арқалықтағы 161/12 түрмесіне алып барған. Ол жерде оны өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар отыратын, жалғыз адамдық камераға отырғызған. Кейіннен сол камерадан оның мәйітін алып шыққан.

Артынан белгілі болғандай, ол камералар ҰҚК бақылауында болады екен, онда бақылау камералары орнатылған екен, соған қарамастан Азамат «өзін-өзі өлтірген» дейді.

Олардың сөзіне қарағанда, Азаматтың денесінің жанынан өлер алдындағы хат табылған. Бірақ оның інілері мәйітті алу үшін Арқалыққа барғанда ол хатты, ең болмағанда, оның көшірмесін де көрсетпеген. Тіпті мәйітті де ашып көрсетуге рұқсат бермеген, тек оралған мәйіттің шетінен қолын шығарып күре тамырының кесілген жерін көрсеткен. Кейіннен үйге алып келгеннен кейін ғана біз Азаматтың денесі түрлі жарақаттарға толы екендігін көрдік. Бірақ әлі күнге дейін жарақаттардың қалай пайда болғандығы белгісіз.

«ОЛ САЯСАТПЕН АЙНАЛЫСҚАН ЕМЕС»

– Сіз біздің радиомызға Азаматтың жұмбақ өлімін алғаш естіген кезде «барлығын бір Аллаға тапсырдым» деген едіңіз. Сол пікіріңіз әлі де өзгермеді ме?

– Мен Аллаға сенетін мұсылман болғандықтан, әрине, бұл қайғылы оқиғаның себепшілерін жазалауды бір Аллаға тапсырамын. Дегенмен мен де құр қол отырғым келмейді.

Азаматтың өлімі мен өмірі туралы қоғам хабардар болсын, адам құқынқорғаушылар білсін, Қазақстанның бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі естісін деген ниетпен бірқатар хаттар мен үндеулер жаздым.

Бүгінде қазақстандықтардың басым көпшілігі мұсылман екендігіне қарамастан елде оларға деген теріс көзқарас қалыптасуда. Мұсылмандарды – «террорист», «уахабшыл» дейді. Ал кез-келген сөздіктен қарасаңыз, «террор» дегеніміз – «саяси қарсыластарды қорқыту, жою» деген мағынаны білдіреді. Яғни саяси жеке мүдде үшін жасайтын іс-әрекет.

Күйеуім ешқандай партияға мүше болған емес, саясатпен шаруасы жоқ болатын. Соған қарамастан оны «террорист» деп тапты. Бүгінде билікке өзіне ұнамайтын азаматтардың көзін жою үшін «терроризм» деген жақсы сылтау табылды.

Мен де мүмкін қанша тырысқаныммен Арқалық түрмесінде желтоқсанның сол бір түнінде не болғандығын білмей кетермін, дегенмен ерте ме, кеш пе оның шындығы ашылып, керекті адамдар өз жазасын алады. Мен оған кәміл сенемін!

– Сұқбат бергеніңізге рақмет, Айман ханым.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG