Accessibility links

Тұтқындары қарындарын тіліп тастаған түрмені ағайындылар басқарады


Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 түрмесінде әкімшілікке наразылық ретінде өз қарнын тіліп тастаған тұтқын. Адам құқын қорғаушы Вадим Курамшин жолдаған сурет.
Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 түрмесінде әкімшілікке наразылық ретінде өз қарнын тіліп тастаған тұтқын. Адам құқын қорғаушы Вадим Курамшин жолдаған сурет.

Осы аптада тұтқындар жаппай наразылық танытып, өз денелерін жарақаттаған Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 түзету мекемесінде непотизмнің тамыр жайғаны туралы ақпарат расталды. Бұл түрмені ағайынды Жүсіповтер басқарып отыр.


ТУЫСҚАНДАР БИЛІГІНДЕГІ ТҮРМЕ

Вадим Курамшиннен келген ақпаратта Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/4 айрықша тәртіптегі түзету мекемесінің басшылығы өзара туыс екендігі айтылған. Есіл ауданындағы Горный кентіндегі бұл мекемеде жазасын өтеп жатқандар әкімшіліктің іс-әрекетіне наразылық ретінде жаппай өз денелерін тіліп тастағаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Вадим Курамшиннің сөзінше, колония бастығының қызметін атқарушы Бөгенбай Жүсіпов, оперативтік бөлімнің бастығы Руслан Жүсіпов және 4-ші бөлімнің бастығы Жасұлан Жүсіповтер - ағайынды адамдар.

Ал арнайы бөлімнің бастығы Жүсіповтердің қарындасы болса, оның күйеуі Абай Махметов түрме бастығының кезекші көмекшісі болып қызмет етеді дейді адам құқын қорғаушы.

Курамшин түрме қызметкерлері, ағалы-інілі Асқар және Жанат Жакиндер де Жүсіповтердің туысы екендігін айтады. Одан өзге Жүсіптовтердің Ғабит есімді тағы бір туысы осы түрмеде жұмыс істейді.

ЕС-164/4 мекемесінде тәртіптік бөлімнің қызметкерлері Сазынбай мен Нұрлан Шалдыкеновтер де ағайынды кісілер, ал олардың қарындастары Гуля кадр бөлімінің бастығы дейді Вадим Курамшин.

«ТУЫСТАР ҚАЙТАРЫМДЫ КЕЛЕДІ»

ЕС-164/4 түзету мекемесінің бастығы міндетін атқарушы Бөгенбай Жүсіпов Азаттық тілшісіне берген түсініктемесінде өзінің қоластында туған-туыстары жұмыс істейтіндігін растады.

- Иә, Руслан мен Жасұлан менің туған бауырларым. Біздің қарындасымыз Сәуле бастық емес, арнайы бөлімнің инспекторы ғана, ал оның күйеуі Абай кезекші көмекшінің орынбасары, - деді ол Азаттық радиосына.

- Ал түрмеде туысқандықтың белең алуы қаншалықты дұрыс?

- Әрине, заң тұрғысынан бұл дұрыс емес шығар. Бірақ туыстар қайтарымды келеді, - дейді Бөгенбай Жүсіпов.

ДЕНЕЛЕРІН ЖАРАҚАТТАҒАН ТҰТҚЫНДАР ҚАТАРЫ КӨБЕЙДІ

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Горный кентіндегі ЕС-164/4 айрықша тәртіптегі түрмеде 37 сотталушы өз денелерін жаралады, олардың алтауы қазір ауруханада жатыр деп мәлімдеді шілденің 22-сі күні Қазақстан бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Ол өз денелерін жаралаған тұтқындардың барлығына медициналық жәрдем көрсетілді, олардың жағдайлары "бірқалыпты" деп хабарлады.

Бұған дейін Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет Горный қаласындағы түрмеде 30 сотталушы сәрсенбі күні өз денелерін жарақаттады деп хабарлаған еді. Ол түзету мекемесіндегілер «ішкі тәртіпке бағынғысы келмегендіктен» осындай әрекетке барған деп түсіндірді.

ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ АУЫС-ТҮЙІС

Қазақстанның бес облысында Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті департаменттерінің басшылары қызметтерінен босатылды. Бұл туралы бейсенбі күні Астанада өткен брифингте Әділет министрлігінің ресми өкілі Ерболат Ерімбет хабарлады.

«Әділет министрі Рашит Түсіпбеков Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының департамент басшыларының өздері берген рапорт негізінде оларды қызметтен босатты. Сондай-ақ алты департамент бастықтарының орынбасарлары да өз лауазымдарынан босатылды», - деді ресми өкіл.

Бұл ауыс-түйістер биылғы маусымның 22-cі күні Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы қатаң режимдегі колониядан сотталушылардың жаппай қашып шығуынан кейін жасалыр отыр. Ақтаудағы төтенше жағдайдан кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш жазғаны хабарланған еді.

Қазіргі таңда Әділет министрі тек жекелеген лауазым иелерінің өтінішін қанағаттандырды. Комитет төрағасынан өзге оның екі орынбасары да қызметтерінен босады. Әйткенмен олар Әділет министрлігінің резервінде қалды.

Қазір Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының қызметін уақытша атқару - орынбасарлардың бірі, 54 жастағы әділет полковнигі Марат Шабақбаевқа жүктелген.
XS
SM
MD
LG