Accessibility links

Жергілікті билік несиегерлер автокеруенін Астанаға жібермеді, біразы поезбен аттанып кетті


Ипотекалық несиегерлер Алматыдағы Өтеген батыр көшесін бөгеп тұр. Алматы, 18 қазан 2009 жыл. (сурет socialismkz.info сайтынан алынды)

Ипотекалық несиегерлер Алматыдағы Өтеген батыр көшесін бөгеп тұр. Алматы, 18 қазан 2009 жыл. (сурет socialismkz.info сайтынан алынды)

18 қазан күні елдің бірқатар ірі қалаларынан жиналған жүздеген ипотекалық несиегер Астанаға бет алды. Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Павлодар, Жезқазған және Астананың ипотекалық несиегерлері мәселенің шешілу жолдарын президент әкімшілігімен, үкімет және парламент өкілдерімен бірге талқылауды көздеп отыр.

«Халыққа баспана қалдырайық» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы Есенбек Өктешбаевтың Азаттық радиосына хабарлауынша, әуелі республика бойынша мыңдаған ипотекалық несиегерлер Астанада жиналуды көздеген екен. Алайда жергілікті жерлердегі бірқатар әкімшілік аймақтардан жексенбі күні шығуы тиіс аутокеруеннің жолын кескен.

«ПОЛИЦИЯ ЖҮЗДЕГЕН АДАМНЫҢ CОҢЫНАН ҚАЛМАЙ ҚОЙДЫ»

Өктешбаевтың айтуынша, қазанның 18-і күні Алматы қаласының 150-ден астам несиегері Сайран автовокзалына жиналған. Бірақ сапарды ұйымдастырушылардың алдын ала жалдаған автобустарының бәрі де әртүрлі сылтаулармен жолға шығудан бас тартқан. Ал бағасына келіскен автобустарды «Сайран» автовокзалынан шығу жолын бақылауға алған қала полициясы сыртқа шығармай тастады дейді Өктешбаев.

- Жексенбі күні жолға шығуға дайын тұрған үш автобустың құжаттарын тартып алып кетті. Бұған қоса, автовокзалдағы көліктердің жүргізушілеріне бізден тапсырыс қабылдауға тыйым салған. Сонымен қатар, полиция автобекеттен шығар жолымызды жауып тастады, - деді Өктешбаев.

Ашынған несиегерлер қаладағы Өтеген батыр көшесін жауып тастаған. Жол үстіне қол ұстасып шыққан елуге жуық адамның шебінен көше бойы көліктер кептеліп қалған. Алайда шұғыл әрекет тобы несиегерлерді тез арада көшеден шетке ығыстырып шығарған.

Ұйымдастырушылар автобусқа отыру үшін қаланың басқа бір бөлігінде жиналып күтуге бел шешіпті. Алайда полиция жолға шыққан жүздеген адамның соңынан қалмай Қаскелеңге дейін еріп отырды дейді Өктешбаев. Амалы таусылған несиегерлер қалаға кері қайтқан.

- Сөйтіп сол күні кешке Астанаға жүретін пойыздардың қалған билеттерінің барлығын біз сатып алдық. Оның өзінде бар болғаны 48 билет қолымызға тиді. Жүзге жуық несиегер вокзалдан үйлеріне қайтты. Қалғанымыз Алматы-Қостанай пойызымен дүйсенбі күні кешке Астанаға жетеміз, - дейді Өктешбаев.
Виктор Долженков, Алматы қаласы әкімінің орынбасары әкімдік алдындағы тұрғындармен кездесуден кейін. Алматы, 19 қазан 2009 жыл.

Ипотекалық несиегерлердің жексенбі күнгі автокеруені неге тоқтатылды деген сауал Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Виктор Долженковқа дүйсенбідегі қала тұрғындарымен кездесуінде қойылған болатын. Алайда «Сайрам» автовокзалында кешегі тосқауылдарға жеке өзі басшылық жасаған Долженков бұл сұраққа «мен білмеймін» деп қана жауап қайтара салды.

«ШЫМКЕНТТІКТЕР ШЕКАРА БЕКЕТІНЕН ҚАЙТАРЫЛДЫ»

Астана қаласына қарай шыққан басқа да аймақтардың несиегерлері биліктің қысымына тап болған. Өктешбаевтың айтуынша, Шымкент қаласының тұрғындары автобуспен жолға шығу құқығы үшін үш сағат бойы арпалысыпты. Автобустар көші Шымкенттен шыққан-ақ екен, бірақ оларды Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары арасындағы шекара бекетінен өткізбей қойған. Соған қарамастан, Тараз бен Шымкенттің елуге жуық несиегерлері өз көліктерімен Астанаға бара жатыр деді Өктешбаев.

Қозғалыс жетекшісінің айтуынша, әр тараптан әрқилы жолдармен келе жатқан аймақтардағы несиегерлерді дүйсенбі күні астаналық несиегерлер қарсы алады. Несиегерлердің бәрінің бастары біріккеннен кейін барып олар астанадағы жоспарларын нақтыламақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG