Accessibility links

Аштық акциясындағы екі адамның денсаулығы нашарлаған, бірақ олар ауруханаға жата алмады


Аштық акциясын "Халыққа баспана қалдырайық" қозғалысына мүше 12 әйел бастаған болатын. Алматы, 20 қаңтар, 2009 жыл.

Аштық акциясын "Халыққа баспана қалдырайық" қозғалысына мүше 12 әйел бастаған болатын. Алматы, 20 қаңтар, 2009 жыл.

Қаңтардың 22-і күні Алматыда үздіксіз аштық акциясын өткізіп жатқан ипотекалық борышкер Айжанкүл Бағыбаеваның жағдайы нашарлап, наразылық шарасын амалсыз үзуге мәжбүр болды. Акцияны ұйымдастырушылар ыстығы көтерілген науқасты қаладағы ауруханалар қабылдамағандығын айтып отыр.

Қаңтардың 20-сынан бастап наразылық акциясын бастаған 12 әйелдің бірі Эльмира Ысқақованың айтуынша, бейсенбі күні ашығып жатқандардың бірі Айжанкүл Бағыбаеваның жағдайы күрт нашарлағандығына байланысты «жедел жәрдем» шақырылған.
- Дене қызуы 39-ға дейін көтеріліп кеткен соң дәрігерлерді көмекке шақыруға мәжбүр болдық. Оған «пиелонефриттің ушығуы, панкреотит, созылмалы гастрит» деген диагноз қойып отыр, - деді Азаттық тілшісіне Э. Ысқақова.
«Талмас» қоғамдық қозғалысының төрағасы Айнұр Құрманов ыстығы көтерілген науқасқа қаладағы ауруханалардың бірде- біреуінен орын табылмағандығын хабарлады:
- «Жедел жәрдем» Айжанкүл Бағыбаеваны Алматы қалалық №12-ші ауруханаға жеткізді. Бірақ, аталған мекеме орынның жоқтығын сылтауратып, науқасты қабылдамады. Сосын ыстығы көтерілген науқасты Қалқаман ықшам ауданындағы №1-ші ауруханаға алып барды. Онда да Айжанкүлге орын табылмай, дәрігерлер оны ақылы бөлімге жатқызуды ұсынды. Алайда науқастың жұбайы Бағыбаеваны үйіне алып кетуге мәжбүр болды.
Акцияға қатысушылардың хабарлауынша, осыдан бір күн бұрын аштық акциясына қатысушы 61 жастағы Бақытжан Кәрімованың қан қысымы көтеріліп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Осылайша екі адам денсаулығының нашарлауына байланысты аштық акциясын үзуге мәжбүр болды. Алайда олардың орнын жоқтатпаймын деушілер көбейген. Э. Ысқақованың айтуынша, бейсенбі күні акцияға тағы екі адам келіп қосылған.
- Біздің қатарымызды бүгін Болатбек Бұғыбаев және Лариса Шульга толықтырды. Болатбек жақында ғана хирургиялық операциядан шыққан болатын. Соған қарамастан ол да наразылық акциясына қатысуға ниет білдіріп отыр, - деді Э. Ысқақова.
Оның айтуынша, бүгін акцияға қосылам деген бір топ адам Шымкент қаласынан Алматыға қарай жолға шыққан. Жақын күндері наразылық шарасына қатысып жатқандардың қатарын Астана қаласының ипотекалық борышкерлері де толықтыруы мүмкін.
Аштық акциясын қаңтардың 20-ы күні «Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысына мүше 12 адам бастаған болатын. Олар үкіметтен стрестік активтер қорынан проблемалық несиені сатып алу үшін бөлінген қаржыны игеруге қатысты шараларды тездетіп қолға алуды талап етіп отыр.
XS
SM
MD
LG