Accessibility links

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылған сәтінен бері сегіз жыл өтті. 2001 жылы болған оқиғалардың негізгі кейіпкерлерінің бірі Рахат Әлиев қозғалыс әуел бастан-ақ жалған оппозициялық құрылым болатын дейді.

2001 жылдың 18 қарашасында элитаның кейбір жектекшілері «Қазақстанның демократиялық таңдауы» оппозициялық қозғалысын құрғандығы жайында мәлімдеді. 2001 жылдың күзіндегі шырғалаң жағдайдың шырқау шегі осы болды. Ол кезде Қазақстан президенті біріне бірі қарсы топтардың өршіп келе жатқан ықпалын байқады.

Жаңа қоғамдық қозғалыстың басшылығына Павлодар облысының әкімі Ғалымжан Жақиянов, вице-премьер Ораз Жандосов, қорғаныс вице-министрі Жаннат Ертілесова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Әлихан Бәйменов, экономика вице-министрі Қайрат Келімбетов, Казкоммерцбанктің басқарма төрағасы Нұржан Сұбханбердин, Темірбанк директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әблязов, парламент депутаттары Төлен Тоқтасынов, Серік Қонақбаев, Болат Әбілов, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтар енді.

Қазақстандағы әдет бойынша, көп ұзамай, ҚДТ-ның арасына жік түсті. ҚДТ жетекшілері радикалды ұрандар көтеріп, халықты жаппай қарсылық акцияларына шақырумен болды. Ақыры олар қыспаққа түсті. 2002 жылы ҚДТ қозғалысының жетекшілері Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязов қылмыстық баптар бойынша сотталды.

2003 жылы түрмеден мерзімнен бұрын босатылған Мұхтар Әблязов, арада алты жыл өткен соң, 2009 жылдың басында ашық оппозицияға қайтып оралу үшін, саясаттан кететіндігі туралы мәлімдейді. Ғалымжан Жақиянов 2006 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Қазіргі уақытта Ғалымжан Жақиянов пен Мұхтар Әблязовтар Қазақстаннан тысқары жерлерде жүр.

Рахат Әлиев ол кезде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалды туысы болатын. Бірақ, ҚДТ-ны құрушылардың әрекеттері арқасында ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, президенттің күзет қызметі бастығының орынбасарлығына тағайындалып, кейінірек Аустрияға елшілікке жіберілді.

Арада сегіз жыл өткен соң амбициясы мықты ірі оппозициялық ұйымның жетекшілері мен олардың сол кездегі басты қарсыласы Рахат Әлиев саясат сахнасынан ығыстырылды. Азаттық радиосы 2001 жылғы оқиғадағы кейбір негізгі тұлғаларды виртуалды дөңгелек үстел басына жинап, телефон арқылы осыдан сегіз жыл бұрын шындығында не болғаны, бүгінгі Қазақстанның дамуында өзіндік орын алып отырған оқиғалар жайында пікірталас өткізбек болып әрекеттенді.

Алайда, ҚДТ-ның көптеген негізгі қатысушылары, 2001 жылғы оқиғаларға қатысы бар көптеген саясаткерлер түрлі желеулерді сылтауратып, бүгінде саяси эмиграцияда жүрген, президент Назарбаевты ең қатаң сынға алушы Рахат Әлиевпен ашық пікірталасқа шығудан бас тартты. Сол себепті Азаттық радиосының журналистеріне Рахат Әлиевпен сұхбатты бөлек, қалған адамдармен бөлек өткізуге тура келді. ҚДТ тақырыбындағы дөңгелек үстел пікірсайысын мына жерден табасыз.

Алдымен сіздердің назарларыңызға Рахат Әлиевтің сұхбатын ұсынамыз. Ол ҚДТ-ны Қазақстан президентінің сценариі бойынша құрылған деп қадап айтады.

АВТОРИТАРЛЫ ЖЕТЕКШІНІҢ АЙЛА-ШАРҒЫСЫ

– Рахат мырза, 2001 жылдың соңында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының құрылуы үшін қандай саяси, экономикалық немесе өзге де алғышарттар болды? ҚДТ-ның пайда болуына сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдіретті күйеу баласының күш қолдану тәсілі ғана басты себепкер болды ма?

– Мен ең алдымен ҚДТ қозғалысын құруға президент Назарбаев 2001 жылдың мамыр айында-ақ рұқсат бергенін айтқым келеді. Сол кезде мен Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып отырған Алтынбек Сәрсенбаевпен сөйлестім. Ол жолы Ресейдегі «Союз правых сил» сияқты оңшыл партияны құру мәселесі сөз болды. Онда оңшыл бағыттағы бизнесмендер мен саясаткерлер болуы керек еді. Осы идеямен Сәрсенбаев президентке кіріп, онымен келісіп және сол кезден бастап бұл мәселе дайындала бастаған.

Шынымды айтсам, жоғарыдан, биліктен жасалып жатқан нәрсенің барлығы әрқашан қоғамдағы пікір қайшылығына алып келетіндігін әрдайым түсінетінмін. Төменнен басталмаған, астында шынайы тұғыры жоқ бастамалар ақырында авторитарлы жетекшінің айла-шарғысы болып шығады.

Назарбаевпен екеуміздің арамызда Қазақстандағы саяси алаңды толығымен қамту үшін оңшыл бағыттағы партияны жасау керек деген әңгіме болды. ҚДТ-ның құрылуына келсек, мен тағы да қадап айтамын, оны алғаш құрған сәтте үндеуге қол қойғандардың барлығы бірқатар
Сол кезде Назарбаев әлдебір «оппозициялық» партияларды жай ғана маған қарсы пайдаланбақ болды.
министрліктер мен мекемелерді басқарып отырған.

Олар Назарбаевтың әкелік қамқорлығында болатын, дәл сол кезде Назарбаев әлдебір «оппозициялық» партияларды жай ғана маған қарсы пайдаланбақ болды. Ол менімен тікелей айқасқа шығып емес, күресті түрлі топтарды пайдалана отырып, айламен жүргізбек болды. Қазақстанның саяси өмірінде ылғи да осылай жасалған және жасалып та келеді. Қазақстанда болып жатқандардың барлығы тек президент Назарбаевтың батасынан кейін ғана іске асады.

ӨЛІ ТУҒАН ШАРАНА

– «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына жік түсуінің себебі неде? Дәл осы ҚДТ-ға түскен жік Ақордадағы билікке қозғалысты тұншықтыруға мүмкіндік берді деген пікір қаншалықты шындыққа жақын? Сол кездегі және арада сегіз жыл өткендегі көзқарасыңызбен бөліссеңіз.

– Меніңше алғашқы сұраққа жауап берген сияқтымын. Біріншіден бұл қозғалыс Назарбаевтың рұқсатымен құрылды. Және бір ғана нұсқаумен ҚДТ-дан бірден кейбір мүшелері шығып кетеді. Ал тағы бір сәтте президент Назарбаевтың өзі бұл қозғалысты бақылаудан шығарып алып, осыған байланысты ол ендігі ықпалын оларды бір-бірімен қырқыстыруға жұмсады, бұл енді екінші мәселе.
Президент Назарбаевтың өзі бұл қозғалысты бақылаудан шығарып алып, осыған байланысты ол ендігі ықпалын оларды бір-бірімен қырқыстыруға жұмсады.


Бұл, өкінішке қарай, «бөліп ал да, билей бер» деген ұстаным. Президент Назарбаев – коммунистік заманның төлі. Ашық айқастан тыс тұрып, саясат алаңындағы әртүрлі топтарды басқару арқылы барлығын бақылауда ұстауға болатындығын ол тамаша түсінеді.

Бір тұлғаның екіншісімен тістесіп қалғаны оған тиімді. Егер ол тұлға көтеріліп, ықпалы күшейе бастаса, онда оны өзге топтың күшімен басу керек. Мысалы, дәл сол Келімбетов, Бәйменов және өзге де адамдар. Осының барлығы Ақорданың келісімімен пайда болған кез-келген нәрсенің өлі туатындығын айғақтап тұр. Өкінішке қарай, бұның осылай екендігі шындық.

ҚДТ-ның ЕКІ САБАҒЫ

– Рахат мырза, сіздіңше Қазақстан билігі және саяси оппозиция «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының тарихынан қандай сабақ алды?

– Мен бұл қозғалысқа үлкен үміт артпаған болар едім. Сол кезде ол, әрине, менімен және Назарбаевтың өзімен текетіреске алып келді. Өйткені ол жағдайды бақылаудан қалып, әлдебір сәтте тізгінді уыстан шығарып алды.

Содан соң ол дәл сол Жақиянов пен Әблязовты жазалады. Бірақ сол кезде мен Әблязовпен келіссөз жүргізіп, дәл сол кезеңде ашық айқасқа шығудың қажетсіздігі туралы айттым. Арада сегіз жыл өткен соң дәл қазір бір фактіні айтуға болады. Ауқымды қоғамдық қозғалысты құрған кезде ол жалпы халыққа жету керек.

Дәл сол Назарбаев оңшыл бағыттағы қозғалысты екі қаржылық-өндірістік топтардың – Қазкоммерцбанк пен ТұранӘлем Банктің қаржыландыруына рұқсат берді.

Әрине, қаржыландырусыз бір де бір қозғалыс саяси алаңда жұмыс істей алмайды. Азаматтық қоғам әлсіз, ал үкіметтік емес және азаматтық ұйымдар болмаған кезде мәселе Ақордаға тәуелсіз ұйымдар арқылы қаржыландыруға келіп тіреледі. Біздегі экономика мен бизнес шындап келгенде, қалай болғанда да Назарбаевқа тәуелді болғандықтан, мықты, тәуелсіз оппозициялық қозғалыс немесе партия туралы айту – бос сөз.

Түрлі жолдармен Назарбаевтың ықпалында тұрған әлгі банктер қаржыландыруды тоқтатса, кез-келген қозғалыстың күні бітеді.

Осы тұрғыдан келгенде кез-келген тәуелсіз азаматтық қозғалыстар, бірлестіктер, партиялар құру үшін, меніңше, алдымен халықтың санасын ояту керек. Екіншіден, бұл қызметті қаржыландыру мәселесі осы азаматтық одақтарды, т.б. қаржыландырып отырған адамдарға тәуелді болмауы керек.

Біз үлкен қоғамдастыққа, шағын және орта бизнеске қашан жетеміз? Дәл қазіргідей қоғамды жаппай жемқорлық шырмап алған жағдайда олардың жұмыс істеуге мүмкіндіктері жоқ. Парасыз, «қолдау-тірексіз», түрлі «көкелерсіз» ешқандай бизнесті жасау мүмкін емес. Бұны Қазақстандағылар жақсы біледі.

Меніңше, дәл сол бұқара халыққа ой-пікірді жеткізу керек. Бірақ, мәселенің қиындығы да осында. Өйткені, бізде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз бостандығы жоқ. Баспасөз құралдары Назарбаевқа байланысты біресе «өмірлік президент», біресе «ұлт көсемі», біресе тағы бір нәрсені көтеріп жүрген мемлекеттік насихатты көшіріп берумен тынады. Бұл, шындап келгенде, жеке басқа табынушылық.

Біздің міндетіміз – халыққа, қоғамға билік басындағылардың шынайы бет-бейнесін, олардың билікті қандай қылмыстық жолдармен ұстап отырғандығын көрсету.

– Рахат мырза, алдағы жақын маңда ҚДТ тәріздес саяси қозғалыстың немесе партияның пайда болуы мүмкін бе? Сіздің ойыңызша, дәл осындай тағы бір құбылыс үшін алғышарттар бар ма?

– Бұл, қалай дегенмен, әлдебір топтардың арасындағы күрес. Бірақ мен тағы да атап өтемін, ол қалай болғанда да президенттің рұқсатын алады. Дәл қазір Кәрім Мәсімов, Шабдарбаев, Құлыбаев басқарған топ қаржылық ағымдардың басында тұрып күш алып бара жатқанда баламалы тағы бір топ құру оған тиімді.

Бірақ, мәселе сонда, дәл осы интригалар, жасырын соғыстар президенттің өзінің бақылауымен, төрешілігімен өтеді. Мен тағы да қадап айтамын: саяси алаңда бас төреші – Назарбаевтың өзі. Оған тиімді болған кезде ол бір топты құлатады да, екіншісін пайдаланады, болмаса, керісінше жасауы мүмкін.

«МЕН АҚЫРЫНА ДЕЙІН БАРМАДЫМ»

– Рахат мырза, сізден мына бір жайтты сұрағым келеді. Сол кездері Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасының бірінші
Дәл қазір Кәрім Мәсімов, Шабдарбаев, Құлыбаев басқарған топ қаржылық ағымдардың басында тұрып күш алып бара жатқанда оған баламалы тағы бір топ құру оған тиімді.
орынбасары болған сіз парламентте әшкерелеуші баяндама жасамақ болыпсыз. Бұл жайында сіз өзіңіздің «Өкіл қайын ата» атты кітабыңызда жазасыз. Ол кезде әңгіме не жайында болмақ еді және сіз кімді әшкерелемек болдыңыз? ҚДТ пайда болған сегізінші жылы дәл қазір сіз бұл жайында айта аласыз ба?

– Алдымен Назарбаев «өзіне бағынбайтын-мыс» депутаттарды, дәл сол Төлен Тоқтасыновты пайдаланғанын ескере кеткен жөн. Дәл сол Төлен Тоқтасыновты (парламентке - Азаттық) Назарбаевтың тікелей нұсқауымен, меніңше, Семей өңірінде (Тоқтасынов ол жерде, меніңше, Тұрлыхановтың өзімен, кейінірек Тұрлыхановтың бауырларының бірімен бәсекеге түскен сияқты) өткізді. Бұл мәселеге Жақиянов араласып, Назарбаевтан дәл осы Тоқтасыновты өткізуін сұрады.

Парламент мінберін пайдалана отырып жасалған сында қайтадан менің атыма дәлел-дәйексіз шабуылдар жасалды. Ол кезде мен Қазақстандағы жағдай туралы, қылмыстық құрылымдар мен ұйымдасқан қылмыстың билік басындағылармен байланысы туралы, мемлекеттік аппарат пен қылмыстық құрылымдардың қалай жымдасып кеткендігі туралы, жоғары қызметтегілердің жемқорлығы туралы, жалпы алғанда заңның жоғары болуы туралы айтқым келді.

Менің баяндамам даяр болатын. Өкінішке қарай, ол Назарбаевпен келісілмеген еді. Мен өзімнің сөз сөйлеу мүмкіндігімді сол кездегі тікелей бастығым Тәжинмен және мәжіліс төрағасы Тұяқбаймен келістім.

Бірақ, өкінішке қарай, сол кезде оқиғалар шапшаң өріс алып кетті. Мен мәжілісте бұл баяндамамды жасай алмадым. Содан соң жағдайдың асқынғаны соншалық, ескі резиденцияда өткен біздің кездесуіміз кезінде Назарбаевтың өзі араласты. Отбасылық, жекелей және өзге де қатынастарды ескере келіп мен ақырына дейін бармай, сол күйі тоқтап қалдым.

ОҚЫЛМАҒАН БАЯНДАМАНЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

– Сіздің баяндамаңызда ҚДТ-ны құрушылардың аты-жөндері болды ма, әлде бұлар жоғары элитадағы саяси тұлғалар ма?

– Сол кезде мен бұның барлығы президенттің жақын маңындағылардан шығып жатқандығын енді ғана түсіне бастағам. Барынша пайда табуға бағытталған барлық қылмыстық әрекеттер, барлық қаржы ағымдары қалай болғанда да президенттің жақын маңайындағылармен байланысты.

Дәл сол жекешелендіру, шетелдік басқаруға берілді-міс делінген дәл сол экспортқа бағытталған кәсіпорындардан барынша пайда табу, осылардың барлығы қандай да бір жолмен Назарбаевтың өзімен және оның жақын маңындағылармен байланыстылығы жайында менде жеткілікті материалдар болды (олар әлі де бар).

Заңға сай келмейтін жерлердің барлығы бір қоңыраумен немесе бір нұсқаумен шешіліп отырды. Назарбаевқа жақын белгілі бір топтар үшін заң жұмыс істеген жоқ.

Бірақ, әрине, бұл бизнестің түрлі айла-шарғылармен, алаяқтықпен және өзге де әлдебір құбылыстармен байланысты екендігін сіз түсінуіңіз керек. Әлсіз заңнамаларға, бұл механизмдер мен байланыстарды биліктің өзі қылмыстық жолмен пайдалануына байланысты, әрине, ҚДТ-ның құрылуына алғышарттар жасауға қатысқан бірқатар адамдарға байланысты сұрақтар бар еді.

– Сұхбатыңыз үшін рақмет, Рахат мырза.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG