Accessibility links

Николай Мельниченко кім? Украиндық Рахат Әлиев және оның үлгі болған аңызы


Украина президенті болған Л.Кучманың бұрынғы күзетшісі Н. Мельниченко. Киев, 27 қаңтар, 2009 жыл.

Украина президенті болған Л.Кучманың бұрынғы күзетшісі Н. Мельниченко. Киев, 27 қаңтар, 2009 жыл.

Украинаның экс-президенті Леонид Кучманың бұрынғы күзетшісі Николай Мельниченко постсоветтік тарихта жаңа кезең - заңсыз алынған компроматтарды жариялау кезеңін бастады. Рахат Әлиев бұл істе бірінші емес еді. Бірақ ол Мельниченкодан да асып түсті.

Леонид Кучманың президент болып тұрған кезеңіндегі өз қарауындағылармен әңгімесі жазылды делінген үнтаспалардың арқасында Николай Мельниченко елдің басты шенеуніктерінің халықтан жасырылып келген былық-шылықтарының шетін ашты.

Кейбір ақпараттық бұлақтар Николай Мельниченко тапқан куәліктерді өз мақсаттарына пайдалануда деп жазады. Ресей ақпарат құралдары өз жарылқаушыларының, соның ішінде, атқарар ролі соңына дейін ашыла қоймаған арнайы құрылымдағылардың мүддесіне қызмет етуге тырысуда деп көрсетеді. Қазақстандықтарға, негізінен, Николай Мельниченко және оның жариялаған дерек, құжаттары туралы әлдекімдер алдын ала өңдеген ақпараттар ғана жетеді.

Қайсыбір фактілерді жасырып қоюға немесе өңін айналдырып беруге көптеген қызметтер мен адамдар мүдделі болып отыр. Мен Николай Мельниченко тарихының басы-қасында жүрдім. Прагадағы Азаттық Радиосының украин редакциясы басшыларының бірі болып тұрған кезімде майордың компромат жариялаудағы алғашқы қадамдары мен арқылы өтті.

Мельниченкодан, алғашқы сұхбатты, 2000 жылдың желтоқсанында алдым. Осы тікелей эфирден бастап, Кучманың бұрынғы күзетшісінің жария өмірі басталды. Сол кезде, оның соңына бірнеше арнаулы қызметтің адамдары түскен еді. Кей кездері мен де қосақ арасында кетіп жүрдім. Украин арнаулы қызметінің өз мүддесі бар. Олардың өкшесін баса Ресей тыңшылары жүр.
Леонид Кучманың Украина президенті болып тұрған кезі.


Маған Николай Мельниченко туралы сауалмен Чехия интерполының қызметкерлері шықты. Бұл іске жеке детективтер де араласты. Бір сөзбен айтқанда, ол бір аласапыран кезең еді. Кейбір кездері әлгілердің бірі нысанаға жақындап та қалатын. Николай Мельниченко ең соңғы минуттарда ғана ізін суытып үлгеретін. Алғашында мен онымен тікелей араласқан жоқпын. Тек телефон арқылы сөйлестік. Оның қайда жүргенін өзім де білмейтінмін. Соңыра біраз нәрсені біле бастадым.

Ол кезде Николай Мельниченконың қолындағы ең өткір дерек - Леонид Кучманың, өз қарауындағылармен, журналист Георгий Гонгадзе туралы айтты деген әңгімесі еді. Георгий әлі тірі болатын. Президенттің кабинетіндегі әңгімеге қатысушылар ол туралы соншалық жылы сөздер айта қоймайтын.

Леонид Кучманың өзі былай деген сияқты: «Гонгадзенің сазайын беру керек еді... ұстап алып, аулағырақ айдап жіберсе... шешендерге... олар онымен тиісінше әңгімелесер еді». Осының артын ала Гонгадзені әлдекімдер ұрлап әкетті. Кейінірек орманнан басы кесілген мәйіт табылды. Оны жоғалған журналистің денесі деседі.

Алғашқы күндері биліктің насихатшылары Николай Мельниченконы сатқындық жасады, антты бұзды деп айыптады. Есесіне, оппозиция Георгий Гонгадзенің жағдайын пайдаланып, Мельниченконы жақтады. Ол даярланып жатқан қылмыс туралы ескертіп, өзінің конституциялық міндетін орындауға әрекет жасады деді. Заңгерлердің пікірталасында осы көзқарас жеңіп шықты. Қоғамдастық алдында сатқындық туралы тақырыпты өткізу мүмкін болмай қалды. Дау-дамай осымен бітті.

Леонид Кучма билікте тұрған кезде Николай Мельниченконың үнтаспаларына ресми түрде назар аудармауға тырысты. Алғашында бұл үнтаспаны «президент пен оның айналасындағыларды қаралау үшін қолдан жасалған» деп жариялады. Оппозиция тәуелсіз сараптама жасауды талап етті. Сараптаманы екі рет – Австрияда және Нидерландыда жасады. Бірақ, бұл сараптамалар сот істері үшін ресми құжат деп қабылданбады.

Бұл жерде билік осыған дейін пайдаланып келген бір кілтипан бар. Бас прокуратураның ресми мәлімдемесі болу керек. Бұл қағазсыз, қалғанының бәрі заңдық күші жоқ, бос әңгіме болып шығады. Ең таңданарлығы, бұл қағазды тек Кучманың кезінде ғана емес, ол кеткен соң бірнеше жыл бойы алу мүмкін болмады.

Оның себебі туралы сан түрлі әңгіме айтуға болады. Ақырында, прокуратураның ресми мәлімдемесін осыдан бірнеше ай бұрын ғана алуға мүмкіндік туды. Бұдан соң Николай Мельниченко өзіндегі үнтаспаларды ресми мемлекеттік сараптама жасау үшін, Америкадағы украин елшілігіндегі Украина Бас прокуратурасының өкілдеріне берді.

Мамандардың айтуынша, үнтаспалардағы жазбаларды тексеруге үш айдай уақыт кетеді. Егер, үнтаспаларды жасанды деп таппаса, онда жаздың басына қарай олар сот процесінде заңды айғақтар ретінде пайдаланылады. Тек сонда ғана адвокаттар бір кездердегі ірі мемлекеттік шенеуніктер тобының әрекетіне қатысты сот тергеуінің басталуын талап ете алады.

Үнтаспада нағыз қылмыстық хроникаға жататын егжей-тегжейлі әңгімелер бар. Онда президент Леонид Кучмаға тарту етілген ерекше сыйлықтар жайында әңгіме болады. Кучманың бағыныштыларының бірі оған бірнеше килограмм скифтердің алтынын алып келіпті-мыс. Екіншісі зауытты алу үшін президентке акциялар ұсыныпты-мыс. Бағынбайтын депутаттар мен соттарды жазалау туралы бірнеше нұсқау бар. Жергілікті сайлау нәтижелерін бұрмалау туралы фактілер бар.

Бір сөзбен айтқанда, үнтаспадағы әңгімелерге қарағанда, президент кабинеті астыртын әрекеттердің, аса ірі мөлшердегі қаржылық айла-шарғылардың штабы болған да шыққан. Николай Мельниченконың айтуынша, Леонид Кучма өзінің күйеу баласы Виктор Пинчуктің миллиардтаған долларға баюына жағдай жасаған. Әңгіме тек Леонид Кучмада ғана болып тұрған жоқ.

Николай Мельниченконың пікірінше, барлық қылмыстарға мемлекеттік қызметкерлердің үлкен тобы араласқан. Олардың кейбіреулері әлі де аса жауапты мемлекеттік қызметтерде отыр. Бұл жерде емеурін, Кучманың кезінде беделі жағынан екінші орында болған, украин парламентінің бүгінгі спикері Владимир Литвин туралы болып отыр. Кучманың кезінде ол президент әкімшілігін басқарған. Президент кабинетіндегі кейбір жағымсыз мәселелер сол арқылы өткен.

Ал, бұрынғы майордың қарқыны қатты. Бір жолы мен америкалық «Нью-Йорк Таймс» газетінің мәскеулік тілшісі Патрик Тайлермен бірге, оңаша жерде, Мельниченкомен кездестім. Міне, сол кезде сегіз сағат бойы қашқын майордың өзі ғана сөйлеп отырды. Әңгімесінің барлығы Кучманың істері жайында болды. Оны бір сәтке болса да басқа тақырыпқа бұру мүмкін емес еді. Оның ақыл-ойының барлығын қандай да бір маңызды міндет жаулап алғандай.

Қазақстанда да өзінің Мельниченкосы пайда болды. Бұл, енді, майор емес, генерал-майор. Тіпті, екі мәрте генерал-майор Рахат Әлиев. Ол да биліктегілер мен олардың маңындағыларды шақырымдарға созылатын әшкерелеуші аудиожазбалармен қорқытуда. Бірақ, алдымен Украинадан Мельниченконың шыққандығы анық. Николай Мельниченкоға не керек? Ол үшін қазір ең маңыздысы не? Леонид Кучманы отырғызу ма? Жоқ. Ол бұны біткен іс деп ойлайды. Енді басқа не? Келесі жолы жалғастырамын.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG