Accessibility links

Қазақстанда «Рахат» атауынан, тіпті «Әлиев» деген тегінен бас тартып жатқандар бар


«Рахат» телеарнасының логотипі (сурет ресми сайтынан алынды).

«Рахат» телеарнасының логотипі (сурет ресми сайтынан алынды).

Рахат Әлиевтің өзінен кейін оның аты-жөнін де қырсық шалды. Танымал телекомпания «Рахат» деген атауын өзгертті, бірақ онысын мүлде басқадай себептермен деп түсіндірді. Бұған дейін жоғары лауазымды бір шенеунік «Әлиев» деген фамилиясынан жария түрде бас тартқан болатын.

ТӘТТІНІ НҰРЛЫ АТАУ АЛМАСТЫРДЫ

Қазақстанда Рахат Әлиевке қарсы науқан енді лингвистикалық сипат алып отыр. Қыркүйектің 1-і күні республикалық «Рахат» телеарнасы өзінің атауын жаңартты. Телеарнаның өзі бұның себебін «Қазақстан бүгін» агенттігіне былайша түсіндіреді:

«Бүгін біз өзімізді Қазақстанның жаңа астанасымен сабақтастырамыз, онда ел өміріндегі басты мәселелер шешімін табады және біздің басты кеңсеміз де сонда орын тепкен. Сол себепті СТВ – астаналық (орысша – столичное) телевидение дегенді білдіреді».

Бұған қоса бұрынғы рахаттықтар қазақстандық көрерменге жаңа атауды әркімнің қалауынша қолдану туралы да ұсыныс жасапты.

«...СТВ аббревиатурасы телекөрермендердің басым бөлігі үшін отбасылық телевидение, жарық пен күнге шақыратын, оптимизммен қаруландыратын (аталған сөздердің барлығының орысшасы С әрпінен басталады) жарқын телеарна ретінде қабылдауға мүмкіндік береді», – деп хабарлайды телеарна.

Бұған дейін, Азаттық радиосына берген сұхбатында, осы телеарнаның ақпараттық бағдарламалар редакторы Антон Федоров бұрынғы атаудың кемшін тұстарына тоқталуды жөн көрмеді, бірақ СТВ атауын былай деп түсіндірген еді:

«СТВ аббревиатурасы отбасылық телевидение дегенді білдіреді. Біз өз көрермендеріміздің сұранысын барынша толық қанағаттандыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз».

Сондай-ақ, жекелеген БАҚ-тың айтуынша, кезінде Рахат Әлиев пен оның бұрынғы әйелі Дариға Назарбаеваның иелігінде болған елдегі өзге де бірқатар танымал телеарналар өткен аптада өздерінше сақтық шараларын жасады.

Тамыздың тамылжыған бір күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі және Рахат Әлиевтің кенже ұлы, қазірде Ұлыбританиядағы корольдік «Сэндхерст» академиясында оқып жатқан Айсұлтан Назарбаев Отанға ант берді. Ол жайында бейнесюжет көрсеткен «Хабар» агенттігі жас кадеттің әкесінің атын – «Рахатұлы» деген сөзді бейнесюжет мәтінінен қырқып алып тастады. Айта кетейік, қазақстандық кейбір интернет-порталдар әлгі бейнесюжетте көрсетілген мәтіннің екі нұсқасын да жариялады.

КӘМПИТТЕР РАХАТТАНДЫРА БЕРМЕК

Әйтсе де, «Рахат» атауына ие тағы бір ұйым – Алматы кондитер фабрикасы өз атауын өзгертпек емес. Бұл жайында Азаттық радиосына кәсіпорынның бұқарамен байланыс жөніндегі қызметінің бастығы Наталья Тимощук айтып берді:

– Біздің фабрикамыз қазіргі атауына 1992 жылы, кәсіпорын жекешелендіріле салысымен ие болған. Бұл атау ұжымның ұйғарымы бойынша қойылды. Бұл атау «рахаттану, ләззат алу» деген ұғым береді. Одан өзге қандай бір жағдайға, уақыт ағымына немесе жекелеген тұлғаларға қатысты ұғым-мағына болған емес бұл атауда. Сол кезде де, қазір де сондай.

Сонымен бірге, Наталья Тимощук «кезінде фабриканы кейбір адамдардың бизнесімен байланыстырып, соларға таңбақшы болған еш әдепсіз жекелеген әрекеттердің болғанын» да айтты.

«Жақын уақытта компанияның жоспарында атауды өзгерту мәселесі жоқ екендігін сеніммен айта аламын», – деді Наталья Тимощук.

САЯСАТ ПЕН АТА-ТЕК

Дей тұрғанмен, осыған дейін Қазақстанда Рахат Әлиевпен бірдей фамилияда болғысы келмейтінін айтып, өзінің фамилиясынан бас тартқандар да болды. Ол адам – бұрынғы мәдениет және ақпарат вице-министрі, қазірде Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арыстанбек Әлиев. 2008 жылғы қазан айынан бастап шенеунік әрі музыкант өзінің фамилиясын ресми түрде әкесінің есіміне – Мұхамедиұлы деп өзгертті.

Бұл туралы алматылық «Время» газетіне берген сұхбатында бұрынғы Әлиев өзінің алдыңғы фамилиясына саяси жатырқау көзқарасын бүкпесіз ашық айтқан еді. «Бұрын мені Рахат Әлиевтің туысқаны емес пе, қызмет мансабымның өсуіне сол ықпал етті ме деп, маған ылғи да саусағын шошайтушылар табылатын, – дейді бұрынғы Әлиев. – Әрине, 2007-2008 жылдардағы саяси оқиғалар менің фамилиямды өзгерту процесін тездетуіме мәжбүр етті. Паспорт үстеліне құжаттарымды бұдан бір жыл бұрын тапсырып қойғанмын. Міне, қазір енді мен – Арыстанбек Мұхамедиұлымын».

Әйткенмен, Қазақстандағы өзге де Рахаттар мен Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісімен бірдей фамилиядағы азаматтардың көпшілігі өздеріне ата-бабадан берілген фамилияны өзгертуге асығып отырған жоқ. Біз хабарласқан Астанадағы екі аудандық АХАТ бөліміндегілер әзірге жұрт арасында ондай әбігерді байқамағандарын айтты. Сірә, ондай болмайтын да секілді. Тіркеушілердің пікірінше, өздерінің отбасылық дәстүріне адал, ата-бабасын құрметтеп, қастерлейтін парасатты қазақстандықтар түп-тамыры жоқ тексізге айналғысы келмейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG