Accessibility links

Каримов туралы білетінімен бөліскен соң Рахат Әлиевке өзбек аудиториясының назары ауды


Өзбек президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Өзбек президенті Ислам Каримов (сол жақта) пен Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Атышулы «Өкіл қайын ата» кітабының ауторы Рахат Әлиев «Би-би-си» радиосы Өзбек редакциясының BBCuzbek.com веб-сайты оқырмандарының сұрақтарына жауап берді. Олар Әлиевтің саяси қызметіне және жеке өміріне қатысты сұрақтар қойды.


НАЗАРБАЕВТЫҢ КӨЛЕҢКЕСІНДЕ БОЛҒАН АДАМ


Саяси қуғында жүрген Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» атты әшкерелеуші кітабы жарық көрген соң Қазақстаннан сырт елдерде де оған деген қызығушылық арта түсті.

Өз кітабында Рахат Әлиев Қазақстанмен көрші республикалар басшыларының да есімдерін атап кеткен. Ол қазақ арнаулы қызметтерінің Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың немен айналысқанын жіті бақылағанын және керісінше, өзбек чекистерінің Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өміріне қызығушылық білдіргені туралы жазған. Кітаптың осы жері Өзбекстан тұрғындарының да, Батыстағы өзбек диаспорасының да қызығушылығын туғызды.

Осыдан бұрын бұл деректерді Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Икрам Якубов Азаттық радиосының Өзбек редакциясы («Озодлик») ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтқан-тұғын.
Рахат Әлиев және Икрам Якубов. «Озодлик» радиосының фотоколлажы.


«Би-би-си» радиосының Өзбек редакциясы оқырмандарының Рахат Әлиевке қойған сұрақтарының көпшілігі оның бұрынғы қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевпен арадағы қарым-қатынасқа арналды.

Мысалы, олардың бірінде Әлиев президенттің қызына үйленген соң қайын атасына тәуелді болатынын білуі керек еді, есесіне қайын атасы оған ұзақ жылдар қатарынан мемлекеттегі жоғары қызметтерде отыруға мүмкіндік берді десе, екіншісінде:«Сіз қайын атаңызға тәуелді болу жалықтырған соң ғана оған қарсы шықтыңыз ба?» деп сұрайды Америкадан хабарласқан оқырман.

Бұған Рахат Әлиев:«Мені қайын атамның көлеңкесінде жүру жалықтырды. Біз шығыстың адамдарымыз. Сондықтан, мұндай жоғары қызметтегі қайын атаның көлеңкесінде болу жайлы ғана емес, пайдалы да екенін білеміз. Алайда, Қазақстанда президент Назарбаевтың өмір бойы билік құруы туралы заң шыққан соң мен оның көлеңкесінен шығуым керек деп шештім» деп жауап қайтарған.

«МЕНІҢ ЕЛГЕ ҚАЙТЫП ОРАЛУЫМ ӨЗ-ӨЗІМЕ ҚОЛ САЛУМЕН ПАРА-ПАР»


Екінші бір оқырман Нұрсұлтан Назарбаевтың үкіметінен Рахат Әлиевтің кетуінің негізгі себебін сұраған. Бұл сұраққа жауап бере келе Рахат Әлиев бұрынғы қайын атасының мықты ұйымдастырушылық қабілетін мойындайды. Олардың қарым-қатынасындағы сызаттың, режимнің үнсіз келісуі арқылы оппозициялық жетекшілердің өлтірілуінен соң пайда болғанын айтады.

«Ұзақ жылдар бойы Еуропада жұмыс істей жүріп мен мынадай қорытындыға келдім. Саяси жүйе билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтай алғанда ғана өміршең болады. Өкінішке қарай, тек Қазақстан ғана емес, аймақтағы өзге елдерде де авторитаризмның бар екендігі анық. Сайлау кезінде Назарбаев 91 пайыз дауыс алса, қандай сайлау еркіндігі, демократия туралы айтуға болады. Мұндай сандар сайлауды бұрмалаудың жаппай деректері болғанын анық көрсетіп тұр. Парламент тек билеуші партияның мүшелерінен ғана тұрса, онда бұл халықтың мүддесін қорғайтын өкілетті орган емес, президент әкімшілігінің бөлімі немесе бөлімшесі ғана. Қазақстан парламентінің бюджет қаржысының жұмсалуын бақылауға, тәуелсіз тыңдаулар өткізіп, комиссияларды құруға құқы жоқ. Бұл мәселелердің барлығын президенттің өзі бақылайды. Бұл маған ұнаған жоқ, сондықтан арамызда алауыздық туды», - деп жауап береді ББС-дің өзбек тілді тыңдарманы мен оқырмандарына Рахат Әлиев.

Сайт оқырмандары Рахат Әлиевтің қазіргі саяси қызметіне де қызығушылық танытқан. Оқырмандардың бірі Рахат Әлиевтің оппозиционер ретінде Қазақстанға қайтып оралу туралы жоспары бар ма деп сұрақты төтесінен қойған. Рахат Әлиев тек Қазақстанда ғана емес, аймақтың өзге де елдерінде өзгеше ойлаудың қатаң қысымда болуына байланысты бүгінде мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес деп жауап берген.

«Сол себепті менің елге қайтып келуім өз-өзіме қол салумен пара-пар. Назарбаев режимі мені сыртымнан 40 жылға түрмеге кесіп қойды. Сондықтан, Қазақстанға қайтып келуім мен үшін немен аяқталатынын жақсы түсінемін» деп жауап береді Рахат Әлиев.

КҮЙЕУ БАЛА МЕН ҚАЙЫН АТА

Рахат Әлиевтің бұрынғы істеген қызметі туралы да сұрақтар қойылды. Оқырмандардың біреуі Рахат Әлиевке дәрігер мамандығын таңдауға не себеп болды, қазір дәрігерлік жұмыспен айналысасыз ба деп сұрапты.

«Өкінішке қарай, қазір мен дәрігерлік жұмыспен айналыспаймын. Мен дәрігерлер отбасында дүниеге келгендіктен, мақсатым осы мамандықты игеру болды. Совет Одағы қирап жатқанда мен ғылым кандидаты болатынмын. Ол кездері бір жалақыға өмір сүру өте қиын
Рахат Әлиев (сол жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев сарайдың тыныштау бір бұрышында сөйлесіп тұр, 2001 жыл. Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабынндағы сурет.
еді. Сондықтан мен бизнеспен айналыса бастадым. Алайда әкем маған: «Егер дәрігер болып нан тапқың келмесе, ең болмаса білміңді соңына дейін жетілдір» деді. Содан кейін мен Мәскеуде докторлық диссертациямды қорғап, бірден бизнеске кеттім.

3-4 жылдан соң Қазақстанда реформалар басталып, президент Назарбаев бір топ жас бизнесмендермен бірге мені үкіметке шақырды. Алдымен салық жүйесінде жұмыс істедім. Содан соң менің басшылығыммен қаржы полициясы құрылды. Қысқа ғана уақыттың ішінде бізге Қазақстанда барынша маңызды реформалар жүргізуге мүмкіндік болды» дейді Рахат Әлиев.

Сол арада Қаирлық оқырман өзге бір сұрақ қояды: «Егер сіз Назарбаевтың күйеу баласы болмаған жағдайда осының барлығына қол жеткізе алар ма едіңіз?». Рахат Әлиев кезінде президент Назарбаевтың оны қолдап, қызметінің өсуіне жағдай жасағанын мойындайды.

«Бұл кездерде мен Назарбаев үшін жұмыс істемеген едім. Бірінші кезекте Қазақстанның мемлекеті мен халқы үшін жұмыс істедім. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету идеясын менің қозғағаным да ешкімге құпия емес. Осы ұйымның өкілі болып тұрған кезімде мен бұл үшін мүмкін болар барлық нәрсені жасадым. Қазақстанның футбол федерациясының президенті болып тұрғанымда мен Қазақстанды еуропалық футбол қауымдастығының 56-шы мүшесі қылу туралы идеяны бастап, осы мақсаттың орындалуына қол жеткіздім. 2002 жылдан бастап Қазақстан УЕФА-ның мүшесі болып табылады. Өзбек футбол жанкүйерлерінің Еуропаға шығып кеткен қазақ футболына аздаған қызғанышпен қарауы мүмкін содан болар» деп жауап беріпті Рахат Әлиев.

АЖЫРАСУДЫҢ АСТАНАЛЫҚ ӘДІСІ

BBCuzbek.com веб-сайтының оқырмандарын саяси қуғындағы Рахат Әлиевтің жеке өмірі де қызықтырыпты. Атап айтқанда, оқырмандардың бірі күйеу бала мен қайын атаның арасындағы алауыздыққа оның бұрынғы әйелі Дариға Назарбаеваның қалай қарағанын, Әлиевтің бүгінде әйелімен, балаларымен байланысының бар-жоқтығын сұрапты.

Рахат Әлиев сұрақтың барынша қиындау екенін мойындаған. Естеріңізге сала кетсек, Рахат Әлиев 2007 жылы Еуропада жүріп өзінің
Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев демалыста.
әйелі Дариға Назарбаевамен ажырасқандығы туралы факс арқылы хабарлама алғанын айтқан болатын.

«Ол кезде біздің кәмелетке толмаған екі баламыз бар еді. Шынын айтқанда, мені факс арқылы ажырастырды. Өкінішке қарай, отбасыммен байланыс жасай алмаймын. Бұл мен үшін өте қиын сұрақ. Әке мен баланы ажыратса, артынан барлығы жақсы болып кетеді деп ойламаймын. Ал ажырасу туралы сот шешіміне келсек, тіпті аудандық соттардың өзін президент тағайындайды. Осыдан соң соттар әділ шешім қабылдайды деп үміттенудің өзі – аңғалдық» деп атап өтті Рахат Әлиев.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ОППОЗИЦИЯ

Сайттың өзбек оқырмандары арасында Рахат Әлиевті Орталық Азиядағы оппозициялық күштерді аймақтағы билеуші режимдерге қарсы күреске жұмылдыратын адам ретінде танитындар да табылды. Брюссельден хабарласқан өзбек оқырманының мұндай болжамына Әлиев былай деп жауап берді:

«Ерте ме, кеш пе біз мұндай шешімге келеміз. Әндіжан оқиғасынан соң билеуші режимдер өзгеше ойлайтындарға қарсы күштерін біріктіріп, түрлі-түсті төңкерістердің жолын кесу мақсатында қатаң күресті бастады. Шынымды айтсам, мен аймақтағы оппозициялық күштерді біріктіру жайын ойлаған емеспін. Алайда, мұндай бірігуге апарар алғашқы қадам ақпараттық саладағы бірігу деп ойлаймын».

Суретте солдан оңға қарай: Тәжік президенті Эмомали Рахмон, Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Өзбек президенті Ислам Каримов. Мәскеу, мамыр, 2005 жыл.
Аймақтағы билеуші режимдер туралы оқырмандардың сұрақтарына жауап бере келіп, Рахат Әлиев Орталық Азия елдері президенттерінің саясатын «басқарудың сталиндік тәсілі» деп сипаттады.

«Өкінішке қарай, аймақтың бір де бір президенті еркін және әділ сайлау жолымен сайланған жоқ. Бұл деректі халықаралық бақылаушылар растай алады. Маған келсек, оның бүкіл кемшіліктері мен артықшылықтарын қоса алғанда, мен – өз уақытымның өнімімін».

Ал Қазақстан үкіметінде отырғанда қандай да бір қылмыс жасаған жоқсыз ба деген сұраққа Рахат Әлиев: «Мен үкіметке келген кезде кемеліне келген бизнесмен болатынмын. Мені мемлекеттік қызметкердің жалақысы ешқашан қызықтырған емес. Мен тек Қазақстанды мықты, бәсекеге қабілетті ел қылатын реформаларды қаладым. Әрине, кез-келген адам сияқты мен де қателестім. Алайда, егер біздің мемлекеттеріміз бұған қарағанда ашығырақ болып, билік тармақтары арасында тепе-теңдік сақталса, онда халықта шенеуніктердің барлығы шеттерінен парақорлар мен қылмыскерлер деген пікір қалыптаспас еді» деп жауап қайтарыпты.
XS
SM
MD
LG