Accessibility links

Денсаулығы нашарлағанына қарамастан Рамазан Есіргеповті жабық сот жауапқа тартып жатыр


Рамазан Есіргепов, "Алма-Ата инфо" газетінің бас редакторы. Алматы, 24 желтоқсан 2008 ж.
Рамазан Есіргепов, "Алма-Ата инфо" газетінің бас редакторы. Алматы, 24 желтоқсан 2008 ж.

3 маусымда Алматыда «Алма-Ата-инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіркеповтің қоғамдық қорғаушылары бас қосып, қазіргі Тараз қаласының тергеу абақтысында жатқан журналистің денсаулығының сыр бергенін мәлімдеді. Журналистің қоғамдық қорғаушылары жабық сотқа қатыса алмай отыр. Адвокат Серікқали Мусин Есіргепов ешқандай құпияны жариялаған емес дейді.

ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАРДЫҢ САНЫ ЕКЕУ ЕДІ, ЕНДІ 116 БОЛДЫ

Таразда жабық сотта жауапқа тартылып жатқан журналист Рамазан Есіргеповтың қоғамдық қорғаушылары сот тыңдауына қатыса алмай отыр.

«Журналистер қауіп қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукина оған осы іске қатысты тергеуді жүргізген ұлттық қауіпсіздік комитетін кінәлайды.

- Рамазанның «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақаласында 2 құжатты ғана жариялаған болатын. Алайда, журналистке қатысты жүргізіліп жатқан қылмыстық істе одан өзге 116 құпия құжаттар жүр. Осы құжаттардың құпиялығын негізге ала отырып, ҰҚК бізді бұл іске жақындатпауда. Бізді бұл істен шеттету соттың ашық әрі әділ жүруіне күмән келтіреді. Егерде ұлттық қауіпсіздік комитеті өздерінің кесірінен құжаттарын қолды етіп алса, ол үшін журналист жапа шегуі міндетті емес, - дейді Розлана Таукина.

Бүгінде осы іске қатысты жабық соттың төрт отырысы өтіп, 6 куәгерден жауап алынған. Журналистің адвокаты Серікқали Мусин сот отырысы барысында Жамбыл облыстық ҰҚК департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметі басшылығынан журналист жазған мақаладағы дәл қандай ақпараттар «құпия» болып есептелетіндігін анықтап көрсетіп беруін сұраған.

- Сонда маған берген жауабында олардың өкілі 3 әріптен тұратын «ДОП» аббревиатурасы мен «қазынаны тонаушы» деген атау «құпия» ақпарат болып есептелетіндігін айтты. Бұл «құжаттың тысы» болып саналады. Барлығымыздың жеке басымызды куәландыратын құжатымыз бар, бірақ оның ішіне үңіліп қарамағанша ондағы ақпараттарды білу мүмкін емес. Дәл сол сияқты бұл жерде көрсетілген ақпарат та тек тысы ғана. Ал оның ішіндегі жайттарды журналист жариялаған жоқ, – дейді Серікқали Мусин.

Қызметтік құжаттарды жариялағаны үшін «Алма-Ата-инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың Тараз қаласындағы тергеу абақтысына қамалғанына 5 ай болды. Заңгерлер, бұл құжаттар ҰҚК қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерін әшкерелейтін қоғамдық маңызды екендігін алға тартады. Алайда ол құжаттардың еш құпиясы жоқ.

ӘРІПТЕСТЕРІ РАМАЗАН ЕСІРГЕПОВТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАРЛАП КЕТКЕНІН АЙТАДЫ

Осыдан біраз бұрын республикалық «Свобода слова», «Жас Алаш», «Взгляд» сынды басылымдардың бас редакторлары бірігіп, Тараз қаласының қалалық сотының төрағасы Нұрмухаммат Абидов, облыстық прокурордың орынбасары мен ҰҚК-нің тергеу басқармасының бастығы Талғатбек Айтқожиновтармен кездескен.

Онда басты мақсат абақтыда жатқан тәуелсіз журналист Рамазан Есіргеповке кепіл болып, қазіргі берілген жазаның түрін жеңілдетуді сұраған. Өйткені, олардың сөзіне қарағанда, тұтқындағы журналистің денсаулығы сыр бере бастаған. Журналисте стенокардия, жүрек дерті асқынып, қан қысымы жоғарылаған.

«Журналистер қауіп қатерде» қорының жетекшісі Розлана Таукинаның айтуынша, Рамазан Есіргеповтың қазіргі жағдайы мәз емес.

- Біз оны көрдік, жағдайы тым ауыр. Арықтап кеткен, көзінің асты көгеріп тұр, сондай-ақ бізбен әңгіме барысында қатты тер басып отырды. Бұл қант диабетінің бірден бір көрінісі, - дейді Розлана Таукина.

Тараз қалалық сот төрешісінің атына Рамазан Есіргеповтың жағдайының нашарлауына байланысты оны тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстыруды сұрап жолданған хатқа қазақстандық журналистер Ермұрат Бапи, Гүлжан Ерғалиева, Розлана Таукина, Рысбек Сәрсенбай және басқалар қол қойған еді.

Сот отырыстарының бірінде Рамазан Есіргеповтың денсаулығының нашарлауына байланысты сот залына «жедел жәрдем» шақыртуға тура келген. Дәрігерлер оның қан қысымының 200-ге дейін көтерілгендігін айтты. Сот залында жүргізілген хаттамаға бұл жайында жазба қалдырып, тіркеп кеткен.

Алайда Тараздағы тергеу абақтысында журналисті қарап, медициналық тексеру жүргізген дәрігер «оның қан қысымы қалыпты, өлшемі 140-160-ты көрсетті деп жазып, Р.Есіргепов сот процесіне ары қарай қатыса алады деген тұжырым жасаған» дейді қоғамдық қорғаушылар.

Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл іс Қазақстанға еш абырой бермейтіндігін айтады.

- Қазірдің өзінде бұл істі бақылауға алған халықаралық ұйымдар, әсіресе журналистік ұйымдар өз баяндамаларында бұл «Қазақстандағы саяси қудалаудың бір көрінісі» деп баға беруде. Бұл істің басынан аяғына дейін заң бұзушылықтардан көз ашпай келе жатқандығын ескеретін болсақ, келер жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болудың алдында тұрған Қазақстан, дәл осы іске жауап беруде өзін еш нәрсемен ақтай алмайтындығы анық, - дейді Евгений Жовтис.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов ауруханада емделіп жатқан жерінен биылғы қаңтар айының 6-сы күні тұтқындалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облыстық департаментінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысына жабылған болатын.
XS
SM
MD
LG