Accessibility links

Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі штаб ҰҚК-нен үш күн ішінде жауап күтеді


Рамазанға қолдау білдіру хатына қол қоюға зейнеткерлер де келді. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.

Рамазанға қолдау білдіру хатына қол қоюға зейнеткерлер де келді. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.

Сейсенбі күні журналист Рамазан Есіргеповті қорғау штабы ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа жазылған хатты бір мезгілде ҰҚК-нің барлық аймақтық департаменттеріне (Астанадан басқа) табыс етті. Олар қызметтік өкілдігін асыра пайдаланған Тараз қаласының ҰҚК департаментінің әрекетіне түсініктеме беруін талап етеді.


ҚОЛДАУ АКЦИЯСЫ - ЖАППАЙ ХАТ ТАПСЫРУМЕН ЖАЛҒАСТЫ


ҰҚК-нің төрағасына хат тапсыру үшін 20-30-ға жуық адам таңғы сағат 11-де комитеттің Алматы қалалық бөлімшесінің алдына жиналды. Қоғам қайраткерлерінен, құқыққорғаушылар, журналистер, саясаткерлер, жастар, қарапайым азаматтардан құралған топ төмендегі мазмұнда хатқа қол қойды.

«Төраға мырза! Сіздің қарамағыңыздағы ҰҚК-нің Тараз бөлімшесінің қызметкерлері Рамазан Есіргеповке қарсы қылмыстық іс қозғай отырып, өздерінің қызметін асыра пайдаланды...Біз сізге осыған жариялы түрде түсініктеме беруіңізді талап ету үшін келіп отырмыз: неге ҰҚК-нің Тараз қалалық бөлімшесі заңды бұрмалап, құқықты белшесінен басады? Жалпы тәуелсіз газеттің бас редакторы не үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды және Сіздің қызметтеріңіз неге Сізде адамдардың мемлекет басшысына жолығуына шектеу құқығы бар деп есептейді? Біз ҰҚК «Алма-Ата Инфо» газетінде жарияланған хат жобасынан құпиялылықты, сәйкесінше бас редактор Рамазан Есіргеповтің үстінен де айыпты алып тастауды талап етеміз!»
Хатты табыс етуге 5 адам ғана жіберілді, журналистер кіргізілген жоқ. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.


Десе де, ҰҚК-нің ғимараты алдында тұрған күзетшілер қалың көпшілікті бірден жіберген жоқ. Тек 5 адамнан кіріп, хат тапсыруға рұқсат берді. Ал ақпарат құралдарына ішке кіруге мүлде тыйым салды. Хатты бірінші барып тапсырған «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева хатқа жауап үш күннен кейін болады деген ҰҚК маманының жауабын көпшілікке хабарлады.

«Заң бойынша азаматтардың сұрағына ҰҚК үш күннің ішінде жауап беруі керек. Біздің хатымыз Астана қаласындағы ҰҚК-іне жеткізілуі тиіс болғандықтан ол үш күннен кейін Астанаға жетеді деп отыр. Сәйкесінше, ол үш күннің ішінде әрқайсымызға жеке-жеке жауап беруі керек. Хатта көрсетілген мекен-жай бойынша жауап келеді»

«Журналистер қауіп-қатерде» қорының төрайымы Розлана Таукина бүгін Астанадан басқа республиканың барлық өңірінде осындай хат тапсыру рәсімі өтіп жатқанын жеткізді.
Есіргеповты қорғау штабының өкілдері ҰҚК-нің Алматы қалалық департаменті алдында. 25 тамыз, 2009 жыл.


«Астана қаласы хат тапсырылмай отырған жалғыз қала болып отыр. Ондағы белсенділер Рамазан Есіргеповты қорғау бойынша штаб пен оған қосылатын өзге де бас редакторларды күтіп отыр. Біз алдымен мұндағы реакцияны күтеміз. Сонан соң Астанаға барамыз»


"ХАЛЫҚТЫ ҚАРУМЕН БАСҚАРУҒА БОЛМАЙДЫ"

Акция барысында журналист Рамазан Есіргеповке шығарылған сот үкімінің әділетсіздігі айтылды. Естеріңізде болса, тамыздың 8-і күні Тараздың №2-ші қалалық соты Рамазан Есіргеповты үш жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған болатын.

Рысбек Сәрсенбайұлы, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы:

«Рамазан Есіргеповтың орнында басқа редактор болса да, қолына түскен мәліметті жариялауға тиіс еді. Өйткені, қоғам үшін, мемлекет үшін маңыздылығы бар ақпаратты олай жарияламай алып қалуға болмайды. Ол өзінің қызметтік міндетін адал атқарды. Сонысы үшін сотталып, қазір түрмеде отыр. Моральдық жағынан алғанда да, заңдық тұрғыда алсақ та дұрыс емес.
Зейнеткерлер хат тапсыруға кіргендерді күтіп тұр. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.


Материал жарияланғанда қойылған тақырып мынадай болатын: «Қазақстанды ҰҚК-і басқара ма, президент басқара ма?» Сол сұраққа өздері жауап беріп отыр. Олар қазірдің өзінде біздің ойымызша, мемлекеттік органдарға ықпал етті. Егер ондай ықпал болмаса, сот мұндай әділетсіз, заңсыз үкім шығармас еді. ҰҚК-і қазір мемлекеттің билігін өз қолына алған. Тіпті президенттен де артық билікке ие болып отыр ма деген күмәніміз бар. Оны ашық айтуымыз керек. Бұл қауіпті тенденция. Бұл жерге тек Рамазан Есіргеповты қорғау үшін ғана келіп отырған жоқпыз, сөз бостандығын қорғау үшін келіп отырмыз»

Назарбек Қанапияұлы, тәуелсіз журналист:
Рамазан Есіргеповті қорғау жөніндегі штабтанҰҚК-нің төрағасына хат тапсыруға келгендердің бірі- тәуелсіз журналист Назарбек Қанапиянов. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.


«Билікке аузын ашқан адамдарды қамау, ұрып-соғу, тіпті өлтіруге дейін бару етек алып бара жатқан сұмдық кезеңде өмір сүріп отырғанымызға өкініш білдіремін. Мемлекеттік құпияны ашты деп, шындықты айтқаны үшін кез-келген адамды әсіресе, бас редакторды, журналистерді қамай беретін болсақ, онда қоғамның іріп-шіріген қазіргі құр сүлдерін кім әйгілей алады?! Оған кім араша түседі?! «Халықты қарумен басқаруға болмайды» дейді халық даналығы. Халықты үркітіп, қорқытып қарудың ұшымен басқару деген әбестік, биліктің әлсіздігі. Билік өзінің сара жолын бастай алмай, өзінің кемшіліктерін халықтан өш алу үшін қолдана беретін болса, онда бұл қоғам ұзаққа бармайды. Қоғамды сынап жатқан адам қамала беретін болса, онда келешекте дара жолға жете алмаймыз. Бұл халықтың наразылығы деп атауға болады».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG