Accessibility links

Рамазан Есіргеповтың шағымын қадағалау алқасы қанағаттандырмай тастады


Журналист Рамазан Есіргепов қалалық соттың үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.
Журналист Рамазан Есіргепов қалалық соттың үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

Желтоқсанның 14-күні Жамбыл облыстық сотының қадағалау алқасы «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің шағымын қарап, оған шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Жақтастары оның ісін жүргізу кезінде заң талаптарының өрескел бұзылғандығын айтады.


«РАМАЗАННЫҢ СОТ ІСІНДЕ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ САҚТАЛҒАН ЕМЕС»

Журналистің зайыбы Раушан Есіргепова қадағалау алқасынан мұндай шешім күтпегенін айтты.

– Тіпті қадалағау алқасының өзі Рамазанның ісіндегі өрескел заңбұзушылықтарды көргісі келмейтіні мені таңдандырады. Мұнда заңбұзушылықтар тым көп. Біріншіден, әлі күнге дейін Рамазанда қорғаушы жоқ. Екіншіден, сот төрешісі үкімді жариялы түрде оқыған жоқ. Ең негізгі заңбұзышылықтардың бірі – сот үкімі мен аппеляциялық сот қаулысының сотталушының өзіне берілмеуі. Яғни, осының салдарынан ол қазір өзін-өзі қорғау мүмкіндігінен айрылып отыр. Заң бойынша, мұндай құжаттар міндетті түрде берілуі тиіс. Тіпті бұл
Раушан Есіргепова Алматы облыстық сотының алдында. Талдықорған, 20 қазан 2009 жыл.
оның меншігі десек те болады. Қадағалау алқасы осының барлығына мән беруі керек еді. Өкінішке қарай, бұлай болмады, – деді Раушан Есіргепова дүйсенбі күні Азаттық радиосына.

Ол сондай-ақ, сот үкімінен соң әлдеқашан колонияға қоныстандырылуы тиіс күйеуінің әлі күнге дейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тараз қаласындағы тергеу абақтысында отырғанын айтады. Ал тар бөлме, ыстық ауа оның денсаулығына әсер етуі мүмкін, деп алаңдайды журналистің зайыбы.

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғаушы «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева журналист Рамазан Есіргеповтің ісінде үкімнің жариялы түрде айтылмағанын – заңға қайшы деп бағалайды. Ол дәл осы ұғым төңірегінде әлі күнге дейін сот өкілдері арасында жаңылысушылық бар екенін айтады.

– Кез келген істе үкім жариялы түрде шығуы тиіс. Кейбір сот өкілдерінен «Шешімді жабық отырыста да жариялы түрде шығаруға болады» деген сияқты жабайы жауап естудеміз. Мұны қалай түсінуге болады? Жамбыл облыстық сотының мамандары егер сот үкімі сот процесіне қатысушылардың көзінше жария етілсе, жариялы үкім болып саналады деп түсіндіреді. Бұл – қате түсінік. Жабық отырыс пен жариялы үкім үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар. Ақпарат құралдары, жай азаматтардың қатысуымен өткен сот отырысында үкім жария етілсе ғана, жариялы үкім болып есептеледі, – дейді Тамара Калеева.

«ҰҚК ӨЗІНІҢ ЕРСІ ҚЫЛЫҒЫН АШҚАН ЕСІРГЕПОВТЕН КЕК АЛЫП ОТЫР»

Алматыда орналасқан «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қарсаңында елде мұндай қылмыстық істердің болуын ұят нәрсе деп есептейді.

«Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина.
– «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов өзінің кәсіпқой қызметі үшін сотталды. Осылайша ол саяси тұтқын болып отыр. Себебі, оның кәсіпқой қызметі біздің Конституциямызға қайшы емес. Біздің ойымызша, бұл іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы департаменті қызметкерлерінің араласуымен, ұйымдастыруымен жасалып отыр. Ал оны республикадағы ҰҚК қолдап отыр. Олар өздерінің міндетіне кірмейтін, жат әрекет жасаған комитет қызметкерлерінің құпиясын ашқан журналистен іс жүзінде кек қайтарып отыр, – дейді Розлана Таукина.

Адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтистің ісінде де қадағалау алқасының немқұрайлық танытқанын айтқан Розлана Таукина мұның барлығы Қазақстандағы сот жүйесінің билікке тәуелді екенін көрсетеді деді

– Аппеляциялық шағымдар талқылануы тиіс емес. Олар қарастырылуы тиіс. Ал біздің елде олар мүлде қарастырылмайды да. Сот төрешілері дәйектерге тіпті назар аудармайды. Олар жоғарыдан түскен тапсырманы тек орындайды. Осы тұрғыдан келгенде екі істе де (Рамазан Есіргепов пен Евгений Жовтис ісі – Азаттық) ұқсас жағдайлар болды. Сот төрешілері үкімді сол күйінде қабылдай салды, – деп түйіндейді Розлана Таукина.

«Алма-Ата инфо» газетінің 21 қараша 2008 жылғы санында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы жайында қызметтік құжаттардың жариялануы қылмыстық істің қозғалуына түрткі болды.
Рамазан Есіргеповты қорғаушы жақ аталмыш іс бойынша енді Жоғарғы сотқа шағым беретіндіктерін айтып отыр.

Биылғы жылдың тамыз айында Тараз қалалық соты қызметтік құпияны жариялады деп тауып, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 172-бабының 1-ші бөлігі және 339-бабының 2-ші бөлігі бойынша «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповті үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.

Аталмыш үкім Рамазан Есіргеповты тек бас бостандығынан айырып қана қоймай, сонымен қатар оған екі жылға дейін журналистік кәсіппен айналысуға тыйым салады.

Былтырғы жылы 21-қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде орыс тілінде жарық көрген «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақала Рамазан Есіргеповке қарсы қылмыстық іс қозғауға негіз болды.

Ол мақалада ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG