Accessibility links

Рамазан Есіргепов Тараз түрмесінде аштық жариялап жатыр


«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

«Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов сот үкімі шыққан күні. Тараз, 8 тамыз, 2009 жыл.

Шілденің 6-сынан бері Тараз түрмесінде журналист Рамазан Есіргепов аштық жариялап жатыр. Әйелі Раушан мен әріптестері оның денсаулығына алаңдап отыр. Адам құқын қорғаушылар араша сұрап халықаралық ұйымдарға жүгінді. Ресми орындар Есіргеповтың аштық акциясы жайлы тіс жармай отыр.


«ТҮРМЕ БАСШЫЛЫҒЫ ӘДЕЙІ АЙТПАЙ ОТЫР»

Кәсіби қызметі үшін үш жылға сотталған тәуелсіз «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтың Тараз түрмесінде шілденің 6-сынан бастап аштық жариялап жатыр. Бұл туралы сәрсенбі күні онымен телефон арқылы тілдескен зайыбына журналистің өзі айтыпты.

– Шілденің 8-інде Рамазанның аштық жариялағанына үш күн болды. Ол аштық жариялайтыны туралы колония басшылығы мен Жамбыл облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасын адын ала ескерткендігіне қарамастан, олар Рамазанның аштық жарияламағандығын айтып ақпарат құралдарын жаңылдырып отыр. Үш күннен бері тамақ ішпеген Рамазан әлі медициналық бақылауға да алынбаған. Оның денсаулығы кез-келген сәтте сыр беретіндігін колония басшылығы біледі. Аштық жариялайтын күннің қарсаңында ол түрме дәрігерінде болған. Алайда Рамазанның аштық жарияламақ ниеті барын естіген дәрігер оның қан қысымы 160/110 болып тұрғанына қарамастан бараққа қайтарған, – деді Азаттық радиосына журналистің зайыбы Раушан Есіргепова.

Айта кету керек, шілденің 6-сы күні Азаттық радиосы тілшісі телефон арқылы тілдескен Жамбыл облыстық қылмыстық атқару комитетінің басшылығы сол күні журналисттің түрмеде аштық акциясын бастағандығы туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын. Сол секілді, Тараз қаласындағы ИК 158/7 түзету мекемесінің басшысы Бақтияр Түлепов те Есіргеповтың аштық жариялағаны туралы ештеңе білмейтіндігін, журналисттің «көк шай ішіп жүргендігін» айтқан еді.

Ал шілденің 8-і күні осы адамдардан тағы да түсініктеме алуға тырысқан Азаттық тілшілеріне олармен хабарласудың сәті түспеді.

– Ол маған кеше таксофонмен хабарласты, өзінің аштық жариялағандығын айтты. Мен түрме басшылығының Азаттыққа берген жауабын айтқанымда, ол таң қалды. Себебі ол колония басшылығын да, облыстың қылмыстық ақтару жүйесі департаментін де, прокуратураны да ескерткендігін айтты. Тіпті сол күні колония басшысы Рамазанмен бір сағат әңгімелесіп, оның шешімін өзгертуге тырысыпты. Дегенмен Рамазан аштық жариялады және одан бас тартпайтындығын мәлімдеп отыр, – деді Азаттық радиосына Раушан Есіргепова бейсенбі күні.

Раушан Есіргепова түрмеде аштық жариялап жатқан жұбайының денсаулық жағдайына алаңдайды. Кезінде дәрігерлер жүрек талмасы және сусамыр дерті барын анықтаған Рамазанның халі аштық жариялағаннан кейін одан сайын нашарлап кетері сөзсіз дейді зайыбы.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА ЖҮГІНУ

Түрмедегі журналистің аштық жариялап жатқандығына оның кейбір әріптестері еш күмәнданбайды. Олар Есіргеповтың шатық жариялауын – саяси шара деп қабылдайды.

– Рамазан Есіргепов саяси тұрғыда аштық жариялап жатыр. Жеке басына ғана қатысты нәрсе емес бұл. Ал бізде саясатқа қатысты болған кезде, оны қашанда тұмшалайды, қашан да жасырады. Оны халыққа басқаша жеткізеді, – дейді «Жас алаш» тәуелсіз басылымының бас редакторы Рысбек Сәрсенбай.

Оның сөзінше, кәсіби қызметі үшін жазықсыз сотталған журналистің ісі ЕҚЫҰ-на төраға болып отырған Қазақстанның абыройына нұқсан келтіреді. Себебі, көптеген халықаралық ұйымдар Рамазан Есіргеповтың ісінен хабардар.

«Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының жетекшісі Розлана Таукина денсаулығы күннен күнге нашарлаған Рамазан Есіргеповтың аштық жариялауы оның өміріне өте қауіпті екендігін айтады.

Ол түрмедегі журналиспен шілденің 6-сы күні телефон арқылы сөйлескенін, сол күннен бері Рамазан Есіргеповтың аштық жариялап жатқаны туралы ақпаратты Қазақстанның әділет жүйесі қоғамнан жасырып отыр деп санайды.

– Рамазан Есергепов Қазақстан заңдары орындалмай отырғандығына наразы. Бұл заңдар бойынша, сот үкім еткен жаза мерзімінің тең жартысын – бір жыл алты айды – өтеген оған жаза өтеудің жеңілдетілген түрі белгіленуі тиіс. Себебі осы өткен уақыт ішінде ол тәртіп бұзған жоқ, ешқандай ескерту алмаған. Алайда соған қарамастан оның ісін қарауды әдейі созып, осылайша оны мұқатып, денсаулығына нұқсан келтіріп отыр. «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымы осы іске қатысты үндеуін «Шекарасыз репортерлер» ұйымы мен Халықаралық журналистерді қорғау комитетіне жолдады. Біз халықаралық ұйымдардан бұл іске қатысты тез арада шешім қабылдау мақсатында Қазақстан президенті әкімшілігіне не болмаса әділет министрлігіне ықпал етулерін сұрап отырмыз. Себебі, Рамазан үшін аштық жариялау қайғылы аяқталуы мүмкін, – деді Розлана Таукина.

Өз ісінің әділ қаралмауына наразылығын аштық жариялау арқылы білдіретіндігін Рамазан Есіргепов өткен айдың аяғында мәлімдеген еді. Шілденің 6-сы күні журналисттің түрмеде отырғанына тура бір жарым жыл толды. Заң бойынша, егер ешқандай тәртіп бұзушылық болмаса сотталушы қоныстандыру колониясына немесе мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алады.

АШ АДАМДЫ АСХАНАҒА САППЕН АПАРАДЫ

Раушан Есіргепова мен Розлана Таукинаның айтқандарына «Ваше право СКО» қоғамдық ұйымының жетекшісі Вадим Курамшин де қосылады. Ол журналист қамауда отырған түзету мекемесіндегілерден Рамазан Есіргеповтың сөзін растайтын хабар алғанын айтып отыр. Курамшиннің сөзіне қарағанда, түрменің ішкі тәртібі бойынша қамаудағылар асханаға баруға міндетті екендігін сылтауратқан басшылық Рамазан Есіргеповті өзгелермен бірге асханаға баруға мәжбүр еткен.

– Аштық жариялаған адамды өзгелермен бірге асханаға апарып, онда тамақ ішкен жұртпен қатар отырғызу – нағыз азапқа айналады, осылайша моральдық тұрғыдан мұқалтады, – дейді бұрын өзі де қамауда болған Вадим Курамшин.

Оның сөзінше, мекеме басшылығы Рамазан Есіргеповті дәрігерлік бақылауға алмаған, оны басқа тұтқындармен бірге ұстап отыр. Вадим Курамшин «Тараздағы колонияның қызметкерлері сотталушы Есіргеповтың ас ішуден бас тартқандығы туралы деректі тіркемеген тәрізді, бұның өзі қызмет ережесін бұзу деп бағаланады» деген болжам айтады.

2009 жылы тамыз айында Тараз сотының шығарған үкімі бойынша тәуелсіз журналист Рамазан Есіргепов қызмет бабындағы құпияны заңсыз жариялады деген айыппен үш жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеге қамалды. Оған қосымша сот үкімімен Есіргеповтің екі жыл журналистік және баспа жұмысымен айналысуына тыйым салынған болатын.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG