Accessibility links

Қазақ елін паналаған босқындар арнайы заңның қабылдануын күтуде


Алматының маңындағы өзбек босқыны тұрып жатқан күрке. Қыркүйек, 2008 ж.

Алматының маңындағы өзбек босқыны тұрып жатқан күрке. Қыркүйек, 2008 ж.

БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша Жоғарғы комиссиясының мәліметінше, қазіргі таңда әлемде қуғын-сүргінге ұшырап, өз Отанынан кетуге мәжбүр болған 42 млн. босқын бар. Ал Қазақстанда халықаралық көмекке зәру азаматтар мен босқындардың саны – 4800 адам деп айтылады.

БІР КЕЗДЕГІ МИНИСТРЛЕР БҮГІНДЕ АЛМАТЫНЫҢ БАЗАРЫНДА ЖҰМЫСШЫ БОП ЖҮР

Маусымның 20-сы күні әлемде босқындар күні аталып өтеді. Ауғанстаннан Қазақстанға ауып келген босқын Әбділуахаб Абави мұнда 14 жылдан бері тұрып келеді. Қалтасында осындағы жоғарғы оқу орнының дипломы бар оның қазіргі арманы Қазақстан Республикасының азаматтығын алу. Сонда бәлкім, еркін өмір сүруге құқығымыз болатын шығар дейді ол.

Әбділуахаб Абави, Қазақстанды паналап отырған ауған босқыны.
«Мен бұрындары да Қазақстанда болдым. 1983 жылы Қазақ ұлттық университетінде экономика-философия мамандығын оқып бітіріп, елге қайттым. Бірақ Ауғанстанда жағдай күрделі болып кетіп, соғыс өрши түскен соң отбасыммен бірге Қазақстанға қайта келуіме тура келді. Ол кезде көші-қон бойынша департамент жоқ болатын. 1998 жылы департамент құрылып, БҰҰ-ның босқындар ісі бойынша жоғарғы комиссиясының көмегімен босқын мәртебесіне ие болдық. Соның арқасында біз мұнда уақытша болса да оқып, жұмыс істеуге мүмкіндік алдық. Қазір Алматыдағы «барахолка» базарында жұмыс істеймін».

Оның айтуынша, босқындардың барлығы базарларда, болмаса әртүрлі қара жұмыс істеп, нәпақа табуда. Олардың арасында кезінде үлкен лауазымды қызмет атқарған шенеуніктер де бар дейді Әбділуахаб:

«Ауғанстаннан келген адамдарды босқын мәртебесін алған және алмаған деп екіге бөлуге болады. Босқын мәртебесіне қол жеткізе алмай жүрген адамдардың тағдыры ертеңгі күні не болатынын ешкім де білмейді. Олардың қайсыбіреулерін құқық органдары ұстап, Ауғанстанға депортация жасады. Соңғы рет мұндай жағдай осыдан 6 ай бұрын болды. Олардың қолында босқын мәртебесі берілгендігі
Босқындардың арасында Ауғанстанда министр, генерал болған азаматтар бар. Мұнда олар қарапайым жұмысшылармен бірге барахолкада жұмыс істеп жүр.
туралы куәлік болмады. Бұл өте қайғылы жағдай. Себебі, оларды Ауғанстанда не күтіп тұрғанын бір құдай біледі. Босқын мәртебесі көбінесе кезінде Ауғанстанның мемлекеттік органдарында істеген азаматтарға беріледі. Босқындардың арасында Ауғанстанда министр, генерал болған азаматтар бар. Мұнда олар қарапайым жұмысшылармен бірге барахолкада жұмыс істеп жүр».

Алматы қаласы бойынша миграция жөніндегі комитет департаментінің директоры Гүлсара Алтынбекованың мәліметінше, қазіргі уақытта бір ғана Алматы қаласының өзінде ресми түрде босқын деп танылған 510 шетел азаматы тұрады, бұлар негізінен Ауғанстан, Сомали, Эфиопияның өкілдері. Басқа шетелдік азаматтармен салыстырғанда босқын мәртебесі бар адамдардан республика аумағында еңбек ету үшін арнайы рұқсат талап етілмейді. Сондай-ақ Алматыда ата-аансы босқын деп танылғаннан кейін дүниеге келген 89 сәби бар.

ҚАЗАҚСТАН БОСҚЫНДАР ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУҒА АСЫҒАР ЕМЕС


Қазақстанда босқындардың мәселесі әлі күнге дейін «Көші-қон туралы» заңға сәйкес реттеліп келеді. Арнайы министрліктің хабарлауынша, босқындар туралы заң жобасы осы жылдың аяғына дейін қабылдануы тиіс. Бұл заңның қабылдануы елдегі босқындардың құқықтық мәртебесін реттеуге жол ашпақ.

Алматыдағы адам құқығын қорғау және заңдылықтардың сақталуы жөніндегі қазақстандық бюроның заңгері Денис Дживага былай дейді:
Өзбек босқындары Алматыдағы Өзбекстан елшілігінің алдында өзбек үкіметіне наразылық пикетін өткізіп тұр. 27 желтоқсан 2007 ж.
«Қазіргі таңда босқындардың барлығының өз еліне қайту мүмкіндігі бар деп айта алмаймын. Басым бөлігі үшін бір ғана жол бар – Қазақстанда қалу. Бұдан жергілікті интеграция мәселесі туындайды. Себебі, азаматтығы жоқ тұлғаға берілетін куәлік ықтияр хат, азаматтық алу мәселелері әлі күнге дейін шешімін таппай, созылып келеді. Құқықтық жағынан бөгеттер көп. Босқындардың өздері бұл мәселені шеше алмайды. Бүгінгі таңда олар бізде уақытша келген шетел азаматтары есебінде тұрып жатқандықтан, оларға қандай да бір артықшылықтар қолданыстағы заңда қарастырылмаған. Олар мұнда қалып, ықтияр хат, азаматтық ала алмайды. Ол үшін елшілікке өтініш беріп, анықтама қағаз алулары керек. Ауғанстан мен Өзбекстан азаматтарынан төлем қабілеттілік талап етіледі, яғни заң бойынша қазіргі кезде олардың банктегі
Заң бойынша олардың банкте кемінде 11 мың АҚШ долларына тең қаражаты болуы керек. Мұндай ақша кез келген адамның қолында жоқ. Ал мұнсыз ықтияр хат пен азаматтық алу мүмкін емес.
есепшотында кемінде 11 мың АҚШ долларына тең қаражаты болуы керек. Мұндай ақша кез келген адамның қолында жоқ. Ал мұнсыз ықтияр хат пен азаматтық алу мүмкін емес».

Денис Дживаганың айтуынша, ең бастысы босқындар мәселесінің заң жүзінде жеке қаралып, құқықтық мәртебесінің анықталуы.

«10 жылдан астам тұрып келе жатқан көрші елдің азаматтары бар, олар өздерін Қазақстанның азаматы ретінде сезінеді. Еңбек етіп, салық төлеуде. Егер оларға азаматтық берілсе, ел ешқандай зиян шекпейді. Ал босқындардың жағдайы тәуірлей бастайды», – дейді ол.

Қазіргі таңда босқындар туралы заң жобасы Қазақстан парламентінің қарауында жатыр. Онда 3 ай бойы қарастырылмақ.

«Біздің заңгерлер аталмыш заң жобасына қатысты құрылған жұмыс тобының құрамында болды. Ұсыныстарымызды жеткізді. Тек заң жобасы парламенттен қалай болып шығатынын нақты айта алмаймын, оны уақытында көре жатармыз», – дейді Денис Дживага.

Аталмыш заң жобасына қатысты Азаттық радиосы хабарласқан Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен жобада босқындарға азаматтық алу болмаса да, ықтияр хат алу мүмкіндіктері қарастырылатынын айтты.

«Жергілікті қазақтардың жағдайын жасай алмай отырған кезде, босқындардың әлеуметтік жағдайын жасауға мемлекеттің шамасы жетпейді. Заң жобасында пана іздеушілер мен босқын мәртебесін алғандардың құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Оған арнайы баптар бар. Бірақ бұл босқындар Қазақстан аумағында уақытша пана іздеушілер болып есептелгендіктен, олар Қазақстан Республикасындағы шетелдіктердің құқықтық жағдайына сәйкес, заңмен реттеледі.Қалай болғанда да, біз оларға барлық құқықты бере алмаймыз. Олар Қазақстан аумағында уақытша ғана өмір сүреді. Бірақ білім алуына, әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Әйткенмен мұнда тағы бір қиындық бар. Мәселен, медициналық мекемелерге қаралу үшін оларда әлеуметтік код болуы керек. Ол кодты олар ала алмайды.
Қазақ босқындары чех өкіметінен өздерін елден шығармауды сұрап шеру өткізіп тұр. Прага, 7 ақпан 2009 ж.
Себебі, қолдарында ықтияр хат жоқ. Ал ол құжат тек мұнда 5 жыл тұрғаннан кейін ғана беріледі. Десек те, біз үшін ең бастысы олардың осы жерде уақытша паналауына мүмкіндік беру. Олар енді сырттан өздерінің өмірлеріне қауіп-қатер төнгендіктен келіп отыр ғой», – дейді өз есімін атамауды жөн көрген министрлік өкілі.

Аймақтағы көрші елдерден Қазақстанға бассауғалап келіп жатқандармен бірге, діни сеніміне Қазақстан билігінен қысым көрген соң өзге елге кетуге мәжбүр болғанын алға тартқан 204 қазақ азаматының Чехияда босқын мәртебесіне қол жеткізе алмай жүргені туралы Азаттық радиосы тізбекті мақалалар жариялаған болатын.

Қараңыз:
Чехияда қазақ босқындары тұтқындалды
Қазақ босқындарының Прагадағы наразылық жиыны
Қазақ босқындары өз еріктерімен чех полициясына берілуде

Дүниежүзілік босқындар күні қарсаңында баяндама жасаған Босқындар ісі бойынша БҰҰ-ның Жоғары комиссары Антониу Гутерриш 2009 жылы босқындар санының өсетінін болжады.

«2009 жылы халықтың үлкен көлемде орын ауыстыруы орын алды. Атап айтқанда, Пәкістан, Шри Ланка мен Сомалиде. Кейбір орын ауыстырулар қысқа мерзімді болғанмен, қайсыбір орын алмасудың реттелуіне бірнеше жыл, тіпті он жылдан астам уақыт керек. Біз әлі де Колумбия, Ирак, Конго Демократиялық Республикасы мен Сомали елдеріндегі ұзақ мерзімді ішкі орын ауыстыру жағдайларының куәсі болып отырмыз. Аталмыш жанжалдардың әрқайсысы босқындар легінің пайда болуына алып келді» делінген баяндамада.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG