Accessibility links

Қазақ босқындарының Чехия үкіметінен де, кейбір адам құқығын қорғаушылардан да көңілі қалды


Өздерін депортациялауға қарсылық білдіріп митингке шыққан қазақ босқындары. Прага, 7 ақпан 2009 жыл

Өздерін депортациялауға қарсылық білдіріп митингке шыққан қазақ босқындары. Прага, 7 ақпан 2009 жыл

Чехияда сергелдеңде жүрген қазақ босқындары өздерінің қоғамдық ұйымдарын құрды. Бірақ, олар көмегінен үміттенген кейбір халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар мұсылман қазақ босқындарынан ат-тонын ала қашып отыр.

ҚАЗАҚ БОСҚЫНДАРЫНЫҢ КОМИТЕТІ

Азаттық радиосы үш жыл бұрын Батыс Қазақстаннан және Алматыдан ауып келген Чехиядағы қазақ босқындары тақырыбын тұрақты түрде көтеріп келеді. Біздің материалдарда 2006 жылдан бастап діни көзқарастарына байланысты арнайы қызметтің қуғынына ұшыраған жүзден астам мұсылман қазақ босқындарының Чехияға қалай қашқандары егжей-тегжейлі айтылады.

Одан бері үш жыл өтті, бірақ Батыста сенделіспен өткен осыншама уақыт ішінде көші-қон қызметінің бюрократиясының кесірінен бұл босқындардың көбісіне жанға тыныш пана табу бұйырмады. Кейбір адам құқығын қорғау ұйымдары осынау бір шағын ғана мұсылман қауымынан іргесін аулақ салып отыр.

Сергелдеңде жүрген мұсылман қазақ босқындарының қауымында екі бала о дүниелік болды, оның бірі Чехияда дүниеге келген еді. Біреуі ауыр науқасқа ұшырап, содан көз жұмды, әке-шешесінде босқын мәртебесі болмады.

Екінші бала да қазақ босқындарының отбасынан болатын, 10 жасар еді, оны автокөлік басып мерт етті, рульде Чехия азаматы отырған. Бұл елдің соты көлік жүргізушіні кінәсіз етіп шығарды.

Сол қазақ босқындардың өздері Азаттық радиосына әңгімелеп бергендей, сол қайғыдан кейін лагердің босқындармен айналысатын әлеуметтік қызметкерлері босқындарды қазақ баланы мерт еткен жүргізушіге қарсы ешбір әрекетке бармауға және соңына түспеуге икемдеген.

Чехияда жан-жақты құқықтық қолдаудан да, толыққанды медициналық қорғаудан да тыс қалған қазақ босқындары бірнеше елдің арнайы қызметтерінен қоқан-лоққы көргеннен кейін өз ұйымдарын – «Чехиядағы босқындардың қазақ комитетін» құрып, Чехияның ішкі істер органына тіркелген.

«Чехиядағы босқындардың қазақ комитетінің» осы жылдың мамыр айында ашылған веб-сайтында баяндалады:

«Бірнеше себептерге байланысты, әсіресе қайда жүргенімізді білдірмес үшін біз үш жыл бойы үнсіз келдік. Пендешілік селқостықпен өткен үш жыл. Ендігі жерде біз үнімізді шығаруға, Қазақстандағы заңсыздықтар туралы шындықты айтуға мәжбүрміз. Біз ешқандай саяси қозғалыс, партия немесе сол секілді тағы бір нәрсе емеспіз, мұны біз үнемі мәлімдеп келеміз, тағы да мәлімдейміз. Біздің сайтымыз және Чехия ІІМ-нде тіркелген «Kazakh Refugees Committee» атты ұйымымыз таза өзіміздің қаражатымызбен жұмыс істеп тұр, ешбір демеушіміз жоқ».

Бұл жаңа қоғамдық ұйым атқаратын қызметіне орай адам құқығын қорғау ұйымы болып саналады, ол Чехиядағы қазақ босқындарының мәселесімен айналысады.

ҮМІТ ОТЫ ЖӘНЕ ОПЫҚ ЖЕУ

Қазақстаннан ауып келген босқындарды Чехияда өз ұйымдарын құруға, яғни, «заңды тұлға» мәртебесіне ие болуға итермелеген себептердің бірі – кейбір адам құқықтарын қорғаушы ұйымдарының үнсіздігі болды. Мұсылман босқындардың белсенділері кейбір халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарының чехиялық бөлімдері бұлармен байланысудан қашып отырғанын айтады.

Қазақстаннан қашқан босқындарды мұнда да екіжүзділік күтіп тұрды. Алдымен олар Чехияның имиджіне алданды, саяси босқын мәртебесін қиындықсыз береді деп ойлады. Сөйткен босқындардың бірнеше жылы зая кетті, халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарынан көмек күтумен олар қазір де уақыт жоғалтуда.

Чехиядағы босқындардың қазақ комитетінің төрағасы Нұрлан Қанатбаев. Прага, ақпан, 2009 жыл.
Чехиядағы босқындардың қазақ комитетінің төрағасы Нұрлан Қанатбаев Азаттық радиосына берген сұхбатында адам құқықтарын қорғау ұйымдарының кейбіреулеріндегі Чехиядағы қазақ босқындарына көмек көрсетуге деген құлықсыздықтың арғы жағында саяси себептердің жатуын жоққа шығармады.

– Сөздің шынына келсем, «Амнести Интернэшнл» адам құқықтарын қорғау ұйымының Чехия Республикасының аумағында тұрған чехиялық бөлімінің бізбен байланысқысы келмейді. Түсінбедім, бәлкім, әлдебір саяси тапсырыс берілген болар оларға, – дейді Нұрлан Қанатбаев.

«Чехиядағы босқындардың қазақ комитетінің» жетекшісі көптеген халықаралық ұйымдармен байланысуға талпынғанын айтады. Бірақ, олардан жауап болмаған. «Амнести Интернэшнл», «Форум-18», «Хьюман Райтс Вотч» секілді ұйымдардың бас кеңселеріне ең басында хабарласқан. Олардың айтуынша, мұндай беделді қоғамдық ұйымдарға электронды хат жаза салу немесе аутожауап берушіге хабар қалдыру жеткілікті. Алайда, қазақ босқындары ешбір жауап ала алмаған. Ал, халықаралық ұйымдардың чехиялық өкілдіктеріне тікелей бару әуре-сарсаңға ұрындырады дейді олар.

– Біз Мәскеулік Хельсинки тобына шықтық, олар бізге Прагадағы мекен-жайларды берді. Бірақ, мен оларға Чехия аумағында отырған ұйымдардың бізбен жұмыс істеуге онша да бір құлықты емес екенін немесе «босқын», оның үстіне «мұсылман» деп тұрғасын бізбен жұмыс істегісі келмейтінін түсіндірдім», – дейді Чехиядағы босқындардың қазақ комитетінің төрағасы Нұрлан Қанатбаев.

Чехиядағы қазақ діни босқындарының жетекшілерінің бірі Қайрат Досметов наразылық шеруінде. Прага, 7 ақпан, 2009 жыл.
Бұл ұйымның өзге бір белсендісі Қайрат Досметов «Амнести интернешнлдің» Париждегі кеңсесіне бірінші барғанында көрші кеңсеге жібергенін айтады. Ал, көрші кеңседе чехиялық адвокат отырады екен, ол әңгіменің бірінші минутынан бастап ақша төлеу керектігін жеткізген: себебі ол жеке адвокат.

«АМНЕСТИ ИНТЕРНЕШНЛ» ҰЙЫМЫНДАҒЫЛАР ӨЗГЕДЕЙ УӘЖ АЙТАДЫ

Азаттық радиосының тілшісі «Амнести интернешнл» халықаралық ұйымының Париждегі кеңсесіне хабарласты. «Амнести интернешнл» ұйымының чехиялық өкілдігі мүмкіндігінше әртүрлі елдердің босқындарына көмектесетіндіктерін, ал, қазақ босқындардың ісімен жақын айналысып көрмегендіктерін айтады.

Бұл турасында Азаттық радиосы редакциясына «Амнести интернешнл» ұйымының чехиялық бөліміндегі халықаралық мәселелер жөніндегі үйлестіруші Эва Доброволна жазды:

«Мен «Амнести интернешнлдің» чехиялық бөлімшесі босқындарды қолдамайды деген ақпаратты жоққа шығаруға тиіспін. Осы көктемде біз қазақ босқындарының өкілі, «Орталық Азиядағы адам құқықтары» ассоциациясының президенті болып табылатын Надежда Атаевамен байланыста болғанбыз.

Біз Чехия Республикасындағы баспана беру барысында болатын елеулі кемшіліктерге қатысты адам құқықтары мәселелері бойынша бір жұмысты бірлесе жоспарладық. Біз Атаева ханымнан қазақ босқындары құқықтарының елеулі түрде бұзылғандығы жөнінде ақпарат алдық, оны біз өз жұмысымызда пайдаланбақшы болғанбыз. Сондай-ақ біз жария түрде алаңдаушылық білдіру үшін баспасөз мәслихатын ұйымдастыруды жоспарладық. Атаева ханым бізге пайдалануға болатын босқындар жөнінде баяндама әзірлеуге уәде берді, бірақ, сол күйі әлгі баяндаманы біз одан ала алмадық. Сондықтан біз бұл мәселе бойынша әлі қандай да бір шешім қабылдаған жоқпыз.

Қанатбаев мырза біздің кеңсеге жүгінді ме, жоқ па – оны мен білмеймін. Біз шағын ұйым болғандықтан бізде босқындар бойынша үйлестіруші бар, ол әрі волонтер. Ол маған қазақ босқындарынан орыс тілінде (орыс тілі біздің кеңсенің жұмыс тілі емес) еш түсініксіз хат алғанын айтқан. Ол хаттан біз оның жағдайы жайында ақпарат ала алмадық. Біздің волонтер оған жауап хат әзірледі. Бірақ, менің ол әріптесім біздің ұйымнан шығып кетті, сондықтан мен хаттың жолданғанына кепілдік бере алмаймын. Егер жолданбаған болса, мен шынайы өкініш білдіремін».

АТАЕВА БАЯНДАМАСЫН ӘЗІРЛЕП ЖАТЫР

Алайда, адам құқықтарын қорғау ұйымдарының бәрі бірдей қазақ босқындарының мәселесінен бейхабар емес екен. Мәселен, мәскеулік
Солдан оңға қарай: Абылай Төлегенов - қазақ босқыны, Виталий Пономарев - мәскеулік адам құқын қорғаушы, Қуаныш Кәменов - қазақ босқыны. Прага, 23 маусым 2009 жыл.
адам құқықтарын қорғаушы «Мемориал» қоғамдық ұйымының орталықазиялық бағдарламасының директоры Виталий Пономарев Прагадағы қазақ босқындарын бірнеше рет көріп қайтқан. 2007 жылы оның ұйымы мына адамдарды елден қашуға мәжбүрлеген Батыс Қазақстандағы мәселе бойынша есеп жариялаған. Азаттық радиосына берген сұхбатында Виталий Пономарев Чехия билігі 200-ден астам қазақстандық босқындардың құқықтарын өрескел бұзуда деген.

Қазақ босқындары мен эмиграциядағы оппозициялық саясаткерлер «Орталық Азиядағы адам құқықтары» ассоциациясының президенті Надежда Атаеваның зарықтырған баяндамасына үлкен үміт артады. Ол осы жылдың басында қазақ босқындарының хал-жағдайын білу үшін Чехияға барған болатын. Атаева тұсаукесері бірнеше рет кейінге ысырылған баяндаманы әлі даярлап жатыр екен. Азаттық радиосының редакциясына жазған хатында Надежда Атаева мынадай себеп айтады:

«Еуроодақ елдеріндегі қазақстандық босқындардың жағдайы туралы бірінші нұсқадағы баяндаманың негізгі бөлігі іс жүзінде дайын. Баяндамада біз әлгі адамдар тобының пайда болу тарихын; осы бір діни қауым өкілдерінің туған елді тастап шығуының негізгі себептерін; Чехияда нендей қиындықтарға ұшырағанын; кейбіреулерінің не себептен Чехияны тастап, Еуроодақтың
«Орталық Азиядағы адам құқықтары» ассоциациясының президенті Надежда Атаева. Прага, 20 ақпан 2009 жыл.
басқа елдеріне кетуге бел байлағанын сипаттаймыз.

Күш біріктіре отырып, бізге бұл діни қауымның Батыс Қазақстанда қалған мүшелерінің не күйде екені туралы мәліметтер жинаудың сәті түсті. Біз көшіп-қонудың ауыртпалығын көтере алмай, елге оралған босқыннан ақпарат ала алдық. Оның көргендері қазақстандық билік саясатының бұл діни қауымға қандай да бір араластығы бар адамға деген саясатының мазмұнын ашады деп санаймын.

Біз тұжырым жасамас бұрын мәлімдеушілерден алған барлық мәліметтерді тәуелсіз дерек көздері арқылы қайта тексердік. БҰҰ, ЕО және халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарымен жазысқан хаттарымыз да мазмұнды. Сол хаттардың бәрін біз өз талдауымызда қолданамыз.

Біз Барро мырзаның кеңсесінен ақыры бір алдын ала жауап алдық, оған әзірге түсініктеме бере алмаймыз, өйткені бізге жақын күндері осы босқындар тобына қатысты ресми жауап жолдайтынын уәде етіп отыр. Өзіңіз білесіз, 2009 жылдың 25 маусымында біз Еуропалық Комиссияның әділ сот, бостандық және қауіпсіздік мәселелері бойынша вице-президенті Жак Барро мырзаға жүгінгенбіз.

Шынында да біз Прагада өзіміздің баяндаманың тұсауын кесуді және әлгі босқындардың жағдайын Брюсселде талқылауды көздеп отырмыз.

Менімен бірге ол сапарларға босқындар құқықтарын қорғау саласындағы екі беделді сарапшы да шығады. Олардың аты-жөндері мен тұсаукесер рәсімінің болатын күнін біз жақын күндері арнайы баспасөз-баянында айтамыз. Күш біріктірсек өз елінде көзқарастарына байланысты қуғынға ұшыраған Қазақстан азаматтарына нақты көмек бере аламыз деген үміттеміз.

Мен осы сәтті пайдаланып, біздің ұйымға сенім артқан, қолдарындағы барлық дәлелдемелерді ұсынған, біздің бүкіл сұрақтарымызға шұғыл жауап қатқан және осы жарты жыл бойына құқықтарының сақталуына бақылау жасауға бізге жәрдемдесіп келе жатқан барлық босқындарға алғыс айтқым келеді.

Және де бізге Адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис үлкен көмек көрсетті. Енді түсініп отырмыз – ол үлкен қауіптің астында жұмыс істепті. Біздің ассоциацияның осы босқындар тобы бойынша жұмысы керегінше жалғасатын болады деп нық сеніммен айта аламын».

«ФОРУМ-18» ЖӘНЕ «ХЬЮМАН РАЙТС ВОТЧ»

Десе де, босқындар есігін қаққан адам құқықтарын қорғау ұйымдары әлдеқайда көп. Чехиядағы қазақ босқындарының өкілі Қайрат Досметов «Форум-18» адам құқықтарын қорғау ұйымына сонау 2007 жылы жүгінгенмін деді. Бірақ, ол ұйымннан жауап ала алмаған.

Азаттық радиосы өз тарапынан «Форум-18» ұйымына қазақ босқынның сөздеріне түсініктеме бер деп барған болатын. Бірақ, тілші өзінің хатына «Форум-18» ұйымынан жауап ала алмады. «Форума-18» ұйымының Ослодағы бас кеңсесінде істейтін қызметкер Феликс Корлей
«Хьюман Райтс Вотч» ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс. Алматы. 3 маусым 2099 жыл.
Азаттық радиосы журналистеріне телефон шалуға уәде етті, сөйтті де сол күйі жоқ болды.

Қайрат Досметовтың айтуынша, ол Нью-Йорктегі «Хьюман Райтс Вотч» халықаралық ұйымына хат жазып, телефон соққан. Одан да электронды хаттарға және аутожауап берушіге қалдырылған хабарламаларға еш жауап болмаған.

Осы жылдың маусымында «Хьюман Райтс Вотч» адам құқықтарын қорғау ұйымының атқарушы директоры Кеннет Росс Алматыдағы Азаттық радиосының тілшісіне ұйымда Чехиядағы қазақ босқындар туралы ақпараттың жоқтығын мәлімдеген.

– Оларды мен танымағандықтан ол жағдай туралы нақты айта алмаймын. Бірақ, бір білетінім – Қазақстанда діни бостандық қиын жағдайда екенін естідім. Ол қиындық діни азшылықтың басына тиеді, – деді Кеннет Росс.

ОППОЗИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУШЫЛАРДЫ СЫНАДЫ

Чехиядағы қазақ босқындар саяси қуғынға ұшырап немесе әлеуметтік себептермен Отанынан қашқан Қазақстанның алғашқы азаматтары емес. Мәселен, 2000 жылы Бельгиядан бір-ақ шыққан екі жарым мың қазақстандық азамат сол елден пана табуға талпынып бақты. Олардың кейбіреулері күштеп Отанына қайтарылды, сол оқиға Батыс Еуропада өткір сынға ұшырады. Қазақстан азаматтарының Канада және АҚШ елдерінде саяси баспана алғандары болған.

Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросының басшысы Серік Медетбеков – саяси эмигранттардың бірі. Ол Чехиядағы мұсылман қазақ босқындардың тағдырын жіті назарда ұстап отыр. Оның айтуынша, Чехиядағы қазақ босқындарының басқа қазақстандық босқындардан айырмашылығы сол, олар адам құқықтарын қорғау ұйымын құрды.

Серік Медетбеков ондай қадамға баруға чехиялық өкімет пен оның қабағын баққан халықаралық адам құықтарын қорғаушы ұйымдар мәжбүр етті деп санайды.

– Халықаралық міндеттемелерді сақтамауы, мына босқындарға деген қарым-қатынасы өз басына адам құқықтарын қорғау ұйымын құруға мәжбүрледі. Чехияда босқын құқықтары сақталмайды. Нағыз тағдырдың тәлкегі. Сондықтан да ол босқындар өздерінің құқықтарын қорғау үшін өз ұйымдарын тіркеуден өткізді, – дейді Серік Медетбеков.

Серік Медетбеков кейбір әйгілі халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдарының Чехиядағы қазақ босқындардың жағдайына жеткілікті көңіл бөлмейді деген реніш білдірді. Құқықтық көмек көрсете алатын жағдайда отырып, бұл ұйымдар оларға келгенде әрекетсіз қалып отыр деп санайды ол. Жалпылай алғанда, ондай ұйымдар бейдемократиялық елдерде адам құқықтарынан басқа дүниелерге де көңіл бөлуге тиіс деп санайды ол.

– Еуропа одағына кіретін және өзін демократиялық мемлекет санайтын ел де босқындарға келгенде тура қазақстандық биліктен айырмасы болмай қалды, бұл - масқара, – деді Серік Медетбеков.

Айта кету керек, Азаттық радиосы Чехия Республикасының сыртқы істер министрлігінен және ішкі істер министрлігінен осы елдегі мұсылман қазақ босқындары қауымы төңірегінде болып жатқан жағдай жөнінде түсініктеме беруді сұрады. Алайда, біздің электронды хаттарымыз бен телефонмен айтылған сауалдарымыз жауапсыз қалды.

Серік Медетбеков халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Чехиядағы қазақ босқындарының адам құқығының бұзылуына байланысты мәселелерін шешуде жәрдем бермеді деп бағамдайды

Азаттық радиосының тілшісімен сұхбаттасқан кезде Серік Медетбеков чехиялық биліктің үнемі қазақ босқындарына қысым көрсететінін айтты. Чехиялық билікке қазақ босқындарының тіркелген ұйымы бар екені де құпия емес.

– Сол себепті, әрине, олар бұл ұйымның жұмысына қалған ұйымдар қатыспас үшін әлдебір шаралар қолданады, – деп баса айтты Серік Медетбеков.

Ол мысал ретінде «Амнести Интернэшнл» халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымының чехиялық бөлімшесін айтады, оның пікірінше, «Амнести Интернэшнл» өзінің жарғысына сәйкес Чехия жерінде жүрген қазақ босқындарына құқықтық көмек беруге тиіс».

– Олар ештеңе істемеді. Ең жаманы осы – тікелей ашықтан ашық бас тартпау, ол ұйым ашықтан-ашық бас тартса бәлеге қалады. Олар ештеме істемеуде, – деп қорытындылады Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросының басшысы Серік Медетбеков.

ЧЕХИЯЛЫҚ СУДЬЯ АҢ-ТАҢ БОП ОТЫР

«Чехиядағы босқындардың қазақ комитеті» төрағасының орынбасары Қайрат Досметов ұйымның Чехия ішкі істер органында тіркеуде болғанына қарамастан осы құқық қорғау құрылымының белсенділері мұны сот босқындардың ісін қараған кезде пайдаға асырмауға тырысады дейді.

– Маған бірінші рет баспана беруден бас тартқан кезде ішкі істер министрлігіне қарсы апелляция жаздым. Градец Кралова қаласында баспана беру ісін қараған сот болды, – деп әңгімелейді Қайрат Досметов.

Оның айтуынша, босқындар ісімен айналысатын Чехияның ішкі істер министрлігі әдейі судьяларға оларды содырлар етіп көрсетеді.

– Біздің кімдер екенімізді анықтап жататын судьяның да уақыты жоқ. Алдарына қағазбен қалай келсе, солай шешеді. Бізді дәл солай содырлар, лаңкестер етіп көрсетті. Мен өзіміздің адам құқықтарын қорғау жөніндегі тіркелген ұйымымыздың бар екенін айтқанда судья аң-таң болды, – деп баса айтты қорытынды сөзінде Кайрат Досметов.

Мұнда қоса кететін бір нәрсе – қыркүйек айының соңында Қайрат Досметовке босқын мәртебесін беруден Чехия билігі екінші мәрте бас тартты. Аймақтық сот оның көші-қон полициясына қарсы шағымын қарап, Қайрат Досметовтың босқын мәртебесін алуына саяси негіз жоқ деп қаулы етті. Оның ісі тек Чехияның Жоғарғы әкімшілік сотында ғана қайта қаралуы мүмкін. Егер ол сот та бас тартатын болса, онда Қайрат Досметов Чехия аумағынан кетуге міндетті болмақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG