Accessibility links

Діни белсенділерге қатысты соттардың жабық өтуі жұрт көңіліндегі күдікті күшейтеді


"Хизб ут-Тахрир" ұйымымен байланыста болған деген күдікпен айыпталғандарға қарсы сот. Ош, Қырғызстан, 26 қараша 2008 ж.

"Хизб ут-Тахрир" ұйымымен байланыста болған деген күдікпен айыпталғандарға қарсы сот. Ош, Қырғызстан, 26 қараша 2008 ж.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының бес мүшесіне сот шешімі шыққандығын хабарлады. Айыпталушылардың есімдері белгісіз. Сол себепті елдегі бірқатар діни ұйымдар мен дінтанушылар, елде діни мазмұндағы сот процестері жабық өтетіндіктен, сот шешіміне күмән келтіреді.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, Алматы қаласы Алмалы аудандық соты мен Талдықорғанның қалалық сотында «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының бес мүшесіне сот үкімі шығарылған. Сот оларды Қылмыстық Кодекстің: «әлеуметтік, ұлттық, нәсілшілдік және діни араздық тудырған» деген баптары бойынша айыпты деп тапқан. Және олар заңсыз ұйым құрды немесе оның жұмысына қатысты деп айыпталған.

Бұл ақпарат ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтында сәуірдің 16-ы күні жарияланды. Бірақ онда сотталғандардың кім екендігі, нақты қандай жазаға кесілгендігі туралы ештеме айтылмаған.

«ДІНИ МАЗМҰНДАҒЫ СОТТАР АШЫҚ ӨТУІ ТИІС»

Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы Мұрат Телібеков елде экстремизмге қарсы жүргізілетін науқанды күрес шараларына қатысты ақпараттың аздығына, сондай-ақ Қазақстанда діни мазмұндағы сот процестерінің жабық есік жағдайында өтетіндігіне қынжылыс білдірді. Оның пікірінше, мұның салдарынан сотталған кісілердің өздерімен және олардың көзқарастарымен таныс емес халық сот процесіне де сенімсіздік танытады.

– Менің ойымша, мұндай жағдайлар түрлі жорамалдар мен сенімсіздік туғызады. Яғни, осы жайттардан соң сот істері шын мәнінде бұрмаланған ба дегендей ойда қаласың, – деді ол.

Сондай-ақ, Мұрат Телібеков «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының бірқатар өкілдері озбырлық саясатын насихаттайтындығын жоққа шығармайды. Алайда, ол сонымен бірге осы ұйымның қызметінде қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша жұрттың көңіліне жағатын нәрселердің бар екендігін айтады:

– Бұл ұйым сыбайласқан жемқорлыққа, протекционизмге және әлеуметтік теңсіздікке қарсы күреске үндейді. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымның халық қолдайтын бағыттары бар. Яғни, жалпы атауы үшін бәрін де қаралауға болмайды деген сөз.

Мұрат Телібековтың пікірінше, егер билік халықтың сеніміне кіргісі келсе, елдегі діни мазмұндағы сот процестері ашық өтуі тиіс. Сол арқылы жұртшылық сөз болып отырған ұйымның өкілдерінің көзқарастарымен жақын танысуы керек.

– Тек сонда ғана істің ақ-қарасы толық ашылады. Менің пікірімше, билік жабық соттарды өткізу тәжірибесінен бас тартуы тиіс, – дейді Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы.

ДІНИ БАСҚАРМАНЫҢ ӨЗ ШЕШІМІ БАР

Ал, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы болса «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымының қызметін мүлдем қолдамайды. Діни басқарма төрағасының орынбасары Мұхаммед Алсабековтің айтуынша, діни басқармада бұл турасында арнайы пәтуә бар.

– «Хизб ут-Тахрир» өкілдері елде халифат құрамыз деп жүр ғой. Бұл дұрыс емес. Осы туралы бізде, діни басқарманың пәтуәсі, яғни діни шешімі бар. Олардың әрекеті дұрыс емес, - деді діни басқарма өкілі.

«Хизб ут-Тахрир», яғни азат ету партиясы 1953 жылы Иерусалим қаласында құрылған. Оның қызметіне Ресеймен бірге Орта Азия елдерінде тыйым салынған. Сондай-ақ, бірқатар араб елдері – Египет, Сирия, Ливияда «Хизб ут-Тахрир» ұйымына жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Алайда, Германиядан басқа, Еуропа елдері және АҚШ бұл ұйымды тыйым салынғандар санатына жатқызбайды.

2005 жылы наурыздың 28-і күні Астана қалалық соты «Хизб ут-Тахрир» ұйымын экстремистік топқа жатқызып, ел аумағында оның қызметіне тыйым салу туралы Қазақстанның бас прокурорының берген өтінішін қанағаттандырды.

Сот өз шешімін Конституция бойынша елде діни мазмұндағы партия құруға тыйым салынатындығымен және «Хизб ут-Тахрир» ұйымының қызметінде экстремистік мазмұндағы әрекеттер байқалатындығымен негіздеді. Содан бері аталған ұйымның мүшелеріне қарсы қылмыстық істер Қазақстанда жиі қозғалып отырады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ ТОТАЛИТАРЛЫҚ АҒЫМДАРҒА ҚАРСЫ ҚАТАҢ САЯСАТ ЖҮРГІЗУДЕ

Мұсылман теологы Мұртаза Бұлытай әрбір ел ұйымдардың қызметіне қатысты үкімдерді өзінің ұстанымы тұрғысында қарайды деп санайды. Оның пікірінше, «Хизб ут-Тахрир» елде рұқсат етілмейтін ұйымдар тізіміне тектен-тек ілініп отырған жоқ.

– Бас прокуратура, ұлттық қауіпсіздік қызметі, әділет министрлігі ұсыныс енгізіп, мұндай ұйымдарға заң негізінде тыйым салып отыр. Сондықтан, мен заңға қайшы әрекет жасап отырған осындай ұйымдарды, шын мәнінде, бақылауға алу және олардың іс әрекеттерімен күресіп, тұрғындарды құлағдар етіп отыру керек деп есептеймін. Сондай-ақ, зайырлы демократиялық адам құқықтарын қорғайтын плюрализмді басшылыққа алған мемлекетте өмір сүру үшін біз осындай тоталитарлық ағымдармен күресуіміз керек. Олардың мақсаттары, тізімге алынғандардың қайсысы болса да, басқа қозғалыстарға, көзқарастарға төзімсіздікпен қарайтын белгілі бір саяси идеологияға негізделген қоғам орнатқысы келеді, – деді Мұртаза Бұлытай.

Қазақстанда қызметіне сот шешімімен тыйым салынғандардың тізімінде барлығы 14 ұйым бар. Олардың біреуі экстремистік, қалғандары террорлық ұйымдар деп танылған.

Бұл тізімге «Әл-Қаида», «Шығыс Түркістан ислам партиясы», «Күрді халық конгресі», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Асбат-әл-Ансар», «Мұсылман бауырлар», «Талибан» қозғалысы, «Боз Гурд», «Орталық Азия моджахедтері жамағаты», «Лашкар-и-Тайба», «Әлеуметтік реформалар қауымы», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «Аум Сенрике» және «Хизб ут-Тахрир-әл-Ислами» ұйымдары енгізілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG