Accessibility links

«Жаңа өмір» шіркеуі билік тарапынан қысым жасау жалғасып жатқанын айтады


Алматыдағы рим-католик шіркеуінің төбесіндегі айқыш. 25 ақпан 2009 жыл.
Алматыдағы рим-католик шіркеуінің төбесіндегі айқыш. 25 ақпан 2009 жыл.

«Форум-18» құқыққорғау ұйымы Ақтаудағы «Жаңа өмір» шіркеуін қудалау тиылмай отыр деп хабарлайды. Павлодар облысындағы ауруханада науқасқа құлшылық жасауға рұқсат бермей қойған. Католик священниктерін түрмелерге де кіргізбей отыр.

«Форум-18» құқыққорғау ұйымы Ақтаудағы «Жаңа өмір» шіркеуін қудалау тиылмай отыр деп хабарлайды. Павлодар облысындағы ауруханада науқасқа құлшылық жасауға рұқсат бермей қойған. Католик священниктерін түрмелерге кіргізбей отыр.

ПОЛИЦЕЙ ДІНДӘРҒА ПАСТОРДЫҢ СОҢЫНАН ТЫҢШЫЛЫҚ ЖАСАУҒА ҮГІТТЕГЕН

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің экстремизммен, сепаратизммен және лаңкестікпен күрес жөніндегі бөлімінің қызмекерлері Ақтау қаласындағы «Жаңа өмір» протестанттық шіркеуіне қысым жасауда. Бұл жайында осы дінді ұстанатындар Осло қаласындағы «Форум-18» құқыққорғау ұйымына шағымданған.

Пастор Максим Тәшеновтың айтуынша, Ақтау қаласындағы лаңкестікпен күрес жөніндегі бөлімнің қызметкері Нұрлыбай Айғарақов әріптесі Жаулыбаевпен бірге айғақты заттар жинау мақсатында 2008 жылы шіркеуге жиі келіп, мобильді телефонның камерасына құдайға құлшылық ету сәттерін түсіріп алған.

«Сол кезде осы екеуі холлда отырған, қастарында ата-аналары жоқ балаларды сұраққа алған. Полицейлер балалардан бұл шіркеуде не істеп жүргендерін сұрап, олар қазақ болғандықтан мұнда келулеріне болмайтындығын айтқан», – дейді «Жаңа өмір» шіркеуінің пасторы Максим Тәшенов.

«Форум-18» ұйымы осы діни қауымдастық мүшелеріне жасалған өзге де қысымдар жайында хабарлайды. Атап айтқанда, осы дінді ұстанушылардың бірі Вера Әлібекова биыл мектептегі жұмысынан шығарылған. Соңынан оны тергеп, қорқытып, тыңшы ретінде пайдаланбақ болған. Биылғы жылғы шілденің 2-сінде оған заңсыз миссионерлік қызмет жасады-мыс деген желеумен айыппұл салынған.

«Вера Әлібекованы үш сағат бойы полиция учаскесінде тергеп, одан заңсыз миссионерлік қызметпен айналысып жүргендігін мойындауды талап еткен. Оның өзін «түрмеге қамаймыз және балаларыңды да тергеуге аламыз» деп қорқытқан. Содан кейін полицей Айғарақов оған тыңшы болу туралы ұсыныс жасаған. Оған пастор жайында, өзге діндарлар, қаржы жұмысы және байланыстар жөнінде ақпараттарды беріп тұруды айтқан. Егер осы айтқандарын орындайтын болса, полициядан сыйақы алатындығын да түсіндірген. Бұдан соң Әлібекова кінәлі деп танылып, әкімшілік сот оған 12730 теңге (шамамен 85 доллар) мөлшерінде айып салған», – деді шіркеу мүшелері «Форум-18» ұйымының өкіліне.

ПОЛИЦИЯ КІШКЕНТАЙ ҚЫЗДЫ АТА-АНАСЫНЫҢ ҚАТЫСУЫНСЫЗ ТЕРГЕГЕН

Маусым айының соңында, 12 жасар қызға христиан журналын бергені үшін Өзбекстан азаматшасы, «Жаңа өмір» шіркеуінің мүшесі Феруза Өтегеноваға айыппұл салынып, ол Қазақстаннан шығарылған.

«Форум-18» құқыққорғау ұйымының хабарлауынша, 12 жасар қыз заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін айыпталған Феруза Өтегеновамен көрші пәтерде тұрған. Полицейлер Өтегенованы тергеген кезде 12 жасар қыз бірге болған. Өзбекстан азаматшасының айтуынша, кішкентай қызды тергеген кезде оның қасында ата-анасы болмаған.

«Оның тісі ауырып тұрған және ол қатты қорқып қалған еді. Содан соң оның тынысы тарылып қалды», – деді Өтегенова «Форум-18» ұйымына.

Соңғы 10 жылда Қазақстанда тұрып келе жатқан Өзбекстан азаматшасы Феруза Өтегеноваға Ақтау қалалық әкімшілік сотының шешімімен айыппұл салынған. Сот шенеуніктері Өтегеноваға Әкімшілік кодекстің 375 бабы бойынша айыпталғанын айтты. Бұл бап бойынша жауапқа тартылғандарға «жергілікті орындарда тіркелмей миссионерлік қызметпен айналысқаны үшін» айыппұл салынады.

Өтегеноваға 6365 теңге (шамамен 42 доллар) мөлшерінде айыппұл салынған. Бұдан бөлек Феруза Өтегенова өзге елдің азаматшасы болғандықтан, сот оны депортациялау туралы шешім шығарған деп хабарлады «Форум-18» құқыққорғау ұйымы.

«Жаңа өмір» шіркеуінің басшылығы айыпқа тартылған әйелдердің кінәсі жоқ болатын деп есептейді.

ШІРКЕУ ЖАБЫЛДЫ, ПАСТОРҒА АЙЫП САЛЫНДЫ

Ақтаудағы «Жаңа өмір» шіркеуі мемлекеттік тіркеуде тұрғанымен, оның пасторы Максим Тәшенов 9 маусымда Қызылорда қаласы әкімшілік сотының шешімімен Қызылорда облысының аумағында діни қызмет жүргізгені үшін айыпты деп танылып, оған 12730 теңге (шамамен 85 доллар) мөлшерінде айыппұл салынды. Ол Қызылордадағы христиандардың кездесуіне қатысқан болатын. Сол соттың шешімі бойынша Ақтаудағы «Жаңа өмір» шіркеуінің қызметі алты айға тоқтатылды.

Ақтаудағы «Жаңа өмір» шіркеуінің қызметі бұған дейін де жарты жылға тоқтатылғаны белгілі болды. Бұл діни қауымдастық мүшелерінің «Форум-18» ұйымына айтып бергеніндей, полиция қызметкері Нұрлыбай Айғарақов аталған шіркеуге байланысты көптеген рейдтерге, діни ұйым мүшелерін тергеуге қатысып, оларды қорқытқан.

«Форум-18» ұйымының тілшісіне телефон арқылы полиция өкілімен хабарласып, шіркеу мен оның мүшелеріне не үшін мұндай қысым жасалып жатқаны туралы сұрақ қоюға мүмкіндік туған еді.

Полиция қызметкері: «Біз біреуге қарсы әрекет етпейміз. Біз заңды қорғаймыз» деп жауап берген. Алайда, тілші шіркеу мүшелерінің сөздерін келтіре бастағанда Нұрлыбай Айғарақов тұтқаны қоя салды деп хабарлайды «Форум-18» ұйымының тілшісі.

БИЛІК КҮРЕСКЕ ИМАМДЫ ДА ТАРТҚАН

«Форум-18» ұйымы тілшісінің ресми адамдармен хабарласып, «Жаңа өмір» шіркеуінің мүшелері жайында жауап алуға ұмтылған әрекеті еш нәтиже бермеді. Шенеуніктер көбінесе телефон тұтқасын тастай салады немесе сот шешіміне қарсы тұруға құқы жоқтығын айтады.

Қазір белгілі болғанындай, «Жаңа өмір» шіркеуіне қарсы полицейлердің әрекетін тек Маңғыстау облысының соттары ғана емес, сонымен бірге прокуратура мен жергілікті мешіттің имамы қолдаған.

Облыстық әділет департаменті оқушылардың «Бекет Ата» мешітінің имамымен кездесуін ұйымдастырып, имам балаларға «Жаңа өмір» шіркеуінің зияндылығы жайында әңгімелеп берген.

НАУҚАСҚА МІНӘЖАТ ЕТУГЕ РҰҚСАТ БЕРМЕГЕН

Бұдан бөлек, «Форум-18» құқыққорғау ұйымы Павлодар қаласы маңындағы Мичурино селосында болған мына бір жағдай туралы айтады. Биылғы жылдың мамыр айында Германиядан келген бір топ неміс азаматтары көмек көрсету мақсатында жүйке-неврологиялық ауруханасында болған.

«Форум-18» ұйымы хабарлағанындай, шетелдіктермен бірге жергілікті католик сященнигі Иосиф Шмидтлейн жүрген. Олар аурухананы аралап жүргенде науқастардың біреуі священникке өтініш айтып, тәубеге келуге ықылас білдірген. Бірақ аурухана басшылығы науқастын өтінішін қанағаттандырмаған.

«Мен сол сәтте оның тәубесін тыңдағым келді, бірақ басшылық бұны басқа күні жасаған дұрыс деді. Алайда мен келесі күні келгенімде аурухананың басшысы Абдулин маған ол жаққа кіруге рұқсат бермеді. Бұл – ождан бостандығы бойынша адам құқын бұзу», – деді священник.

Мичурино селосындағы жүйке-неврологиялық аурухананың директоры өзін ақтау мақсатында «Форум-18» ұйымына былай деді:

«Ол кезде біз тиісті шешім қабылдадық. Священник бізге 20 күннен соң қайтып келді. Бірақ бұл кезде науқастың жағдайы күрт қиындап кеткен еді. Бұл кезде ол ешкімді де танымайтын, мойындамайтын. Сондықтан мен оған ешкімді кіргізе алмадым. Науқастың оған тап беріп, шабуыл жасауы да мүмкін еді».

«Ол сонымен бірге, бұған дейін науқастардың келушілерге шабуыл жасаған жағдайлары болғанын, сондықтан священникті әлгі науқастың тәубесін тыңдауға жіберіп тәуекелге бара алмайтынын айтты. Алайда, бұдан соң аурухана директоры науқастың мұсылман екендігін қосып қойды. Адамның діни қауымдастық өкілін көргісі келуі оның өз таңдауында емес пе деген сауалына директор: «Мен онымен сөйлестім, ол – мұсылман. Бірақ, мен оның священникпен кездесуіне қарсы емеспін» деп жауап берді», – деп жазады «Форум-18».

«Форум-18» ұйымының тілшісіне облыстық әкімдіктің өкілі Владимир Берковскиймен тілдесудің мүмкіндігі туды. Ол да жүйке-неврологиялық ауруханасы директорының ұстанымын қолдады. Ол сот шешімі бойынша Абдулин науқастың қамқоршысы болып табылатындығын атап өтті.

«Бұл жерде ешқандай субьективті фактор жоқ. Ережені министрлік жасайды. Священникке өзінің қауіпсіздігін қатерге тігуіне мүмкіндік берілмейді», – деді шенеунік «Форум-18» ұйымына.

КАТОЛИК СВЯЩЕННИКТЕРІНІҢ ТҮРМЕЛЕРГЕ БАРУЫНА КЕДЕРГІ ЖАСАЛАДЫ

Католик шіркеуінің өкілдері бүгінде жүйке-неврологиялық ауруханаларына, жабық мекемелерге, түрмелерге бару үшін толып жатқан бюрократиялық кедергілер мен қиындықтардан өту керек деп есептейді.

– Бізге онда кіру үшін түрме әкімшілігі тарапынан толып жатқан талаптар бар. Бізге түрмеге кіруге мүмкіндік беретін құжат алуымыз керек. Бұдан соң шенеуніктер ондағы біздің қызметіміздің жоспарын сұрайды. Бұл мүмкін болғанымен, өте қиын шаруа. Егер біз ол жақта болмасақ, онда католиктердің немесе бізбен сөйлескісі келетін адамдардың бар екендігін қайдан білеміз? Бұрын бұған қатысты проблема болмаушы еді, енді бұл өте қиын болып кетті, – деді католик шіркеуінің священнигі Иосиф Шмидтлейн «Форум-18» құқыққорғау ұйымына.
XS
SM
MD
LG