Accessibility links

Қазақстандағы кейбір мұсылмандар өз тілдерінде уағыз тыңдай алмайды


Қажыға баратындарды шығарып салуға келген мұсылмандар Алматының орталық мешітінде. 8 қараша 2010 жыл.

Қажыға баратындарды шығарып салуға келген мұсылмандар Алматының орталық мешітінде. 8 қараша 2010 жыл.

Қазақ билігі мен елдегі мұсылмандардың жетекшілері мұсылман жамағат арасында қазақ тілінің үстемдігін орнатуды көздеп отыр. Қазақстан зайырлы мемлекет бола тұра кейбіреулер шариатқа сілтейді дейді құқық қорғаушылар.


Қазақстандағы этникалық азшылық ұлт өкілдерінен құралған сүнниттер мен шииттердің (шиғалардың) кейбір жамағаттары өздеріне мешіт салуға мүмкіндік ала алмай отыр. Олар «біздің мешіттеріміз өз тілінде уағыз тыңдағысы келетін өзге ұлт өкілдеріне есігін айқара ашар еді» дейді. Алайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тек өз бақылауында болатын құлшылық үйлер ғана ашуға рұқсат беріп отыр.

Ослода орналасқан халықаралық «Форум-18» құқық қорғау ұйымы Қазақстанда айтыла бермейтін осынау тақырыпты қозғады. «Форум-18» құлшылық үйлерін тіркеткен мұсылмандардың кейбір этникалық жамағаттарына мемлекет тарапынан шектеулер қойылып отыр деп хабарлайды. Оған мысал ретінде құлшылық үйлерінде жұма намазын өткізуге тыйым салынғанын келтіреді. Мұсылман жамағат көп жиналатын мұндай жұма намаздарды тек қана мешіттерде өткізуге рұқсат берілген. Ал ондағы уағыздар қазақ тілінде айтылады.


«АТ-ТОНЫН АЛА ҚАШАДЫ»

«Форум-18» ұйымы Қазақстанда төбесіне күмбез тұрғызылған құлшылық үйлерін салуға тыйым салынғанын, жұма намаз өткізуге рұқсат етілмейтінін жазады. «Сондықтан, құлшылық үйлеріне келетін мұсылмандар аз және мұндай орындардың мәртебесі мешіттердің мәртебесінен төмен саналады» деп атап өткен құқық қорғау ұйымы.

Этникалық белгілеріне қарай мұсылмандық діни әрекеттерге қойылған шектеулер әсіресе шииттерге көбірек әсер отыр. Шииттердің басым көпшілігі – Қазақстандағы азшылық мұсылмандар, яғни әзербайжан ұлтының өкілдері болып саналады.

«Билік пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мемлекет бақылауында болғысы келмейтін кез-келген мешітке қырын қарайды» деп жазады «Форум-18» ұйымы. Қазақстандағы азшылық ұлттардың өз тілдерінде уағыз тыңдай алмауына не себеп деген осы құқық қорғау ұйымының сауалына көптеген мұсылмандар жауап беруден қашқалақтайды.

Бұл мәселе жөнінде пікір айтуға келіскендердің өзі биліктен сескенетінін алға тартып, «Форум-18» ұйымынан мақалада аты-жөндерін көрсетпеуді өтінді. Құқық қорғау ұйымы өкілдері көтерген бұл мәселені талқылаудан лауазымды қызметкерлер де бойларын аулақ салды. Шенеуніктер де, ҚМДБ басшылары да алдын-ала келіскен күннің өзінде телефон арқылы әңгімелесуден ат-тонын ала қашады.


ИМАМЫ ДА, МЕШІТІ ДЕ ЖОҚ

2009 жылы Қазақстанда өткен санақ мәліметтері бойынша, елдегі 16 миллион адамның 457 мыңы өзбек, 224 мыңы ұйғыр және 204 мыңы татар ұлтынан. Сондай-ақ қырғыздар мен әзербайжандардың, Кавказ пен Дағыстаннан келгендердің қауымдастықтары да өмір сүреді. Осынау этникалық азшылықтардың басым көпшілігі мұсылмандар. Бұл топтардың өкілдері «Форум-18» ұйымына санақ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 16 қараша 2010 жыл.
қорытындысында өз сандарының азайтылып көрсетілгенін айтады.

Жамбыл облысындағы қырғыз қауымдастығында ұлты қырғыз имам жоқ деп хабарлайды «Форум-18» ұйымына аты-жөнін айтуды қаламаған жергілікті құқық қорғаушы. Қырғызстанмен көршілес Жамбыл облысында көптеген қырғыздар өмір сүреді, алайда бірде-бір қырғыз имамға қырғыз тілінде уағыз айтуға рұқсат етілмейді.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастығы Рахия Тұрмағамбетова «Форум-18» ұйымына Қазақстанда мешіттер ұлтына қарай бөлінбейді деген пікір айтты. «Бізде қазақтың, күрдтің немесе қырғыздың мешіті деген мешіт жоқ, мешіт бәріне ортақ», – деді ол.

Қазақстан Конституциясы мен діни сенім бостандығы туралы заңда азаматтардың діни қауымдастық (жамағат) құрып, жетекшісін сайлап алуына еркіндік берілетіні туралы айтылғанымен Қазақстан татарларының да өз мешіттері мен татар имамдары жоқ. «Тіпті советтік кезеңнің өзінде татар диаспорасы көп шоғырланған Семей қаласында екі татар мешіті болатын, олардың имамдары да татар еді», – деп жазады «Форум-18».

Семейдегі татар мәдени орталығының төрағасы Ғабдулхақ Ахунжанов бүгінде бұл өңірде ресми түрде танылған бірде-бір татар мешіті де, татар имамы да жоқ екенін айтады. Ғабдулхақ Ахунжанов «көптеген татарлардың ұлттық дәстүрден қол үзіп қалғанын, сондықтан мешіттерге де бара бермейтінін» және «ресми түрде қысым жасалмағанын» айтып берді. «Егер мешіттерде татар тілінде уағыз айтылса татарлар барар ма еді?» деген сауалға Ғабдулхақ Ахунжанов жауап бермеді.

Көптеген татарлар тұратын Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілі Жақсылық Омар «Форум-18» ұйымына мешіт имамдарын тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғана тағайындайды деп хабарлады.

Алматыдағы әзербайжан жамағатының өз құлшылық үйі бар, бірақ оны мешіт ретінде тіркетуге бата алмапты. «Фатимай» жамағатының жетекшілері Әзиз-аға Гамбаров пен Гахраман Баширов Қазақстанда әзербайжандар баратын құлшылық үйі төртеу дейді. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 140 мың әзербайжан өмір сүреді. «Алайда Қазақстандағы әзербайжан қауымдастығы шындығында өздерінің 350 мың адамға жеткенін айтып отыр» деп жазады «Форум-18».

Алматыдағы әзербайжандардың жетекшілері өздеріне арнап мешіт тұрғызу үшін қалалық билік пен ҚМДБ-дан рұқсат ала алмағанын айтады. Олардың сөздеріне қарағанда ҚМДБ қойған шарттардың бірі – мешіт ішіне арнайы жәшік қою. Бұл жәшік ҚМДБ-ның мешітке келушілерден түсетін садақалардың белгілі бір пайызын алып тұруы үшін керек. Тағы бір талап бойынша, әзербайжан мешітіне кімді имам етіп тағайындайтынын ҚМДБ-ның өзі шешпек.


ДІНИ БАСҚАРМАНЫҢ МОНОПОЛИЯСЫ

«Форум-18» ұйымынан мақалада аты-жөнін айтпауды өтінген Қазақстандағы дін мәселесі жөніндегі тәуелсіз сарапшылар тәуелсіз мұсылман жамағаттарының мешіттеріне мұсылмандардың көптеп бара бастауынан қауіптенетін билік оларды тіркеуден бас тартып отыр деп санайды.

«Мемлекет мешіттерге ҚМДБ-ның монополия орнатқанын қалайды. Ал заң жүзінде діни жамағаттың мешіт ретінде немесе құлшылық үйі ретінде тіркелуінде тұрған айырма жоқ», – дейді сарапшы.
Мемлекет мешіттерге ҚМДБ-ның монополия орнатқанын қалайды. Ал заң жүзінде діни жамағаттың мешіт ретінде немесе құлшылық үйі ретінде тіркелуінде тұрған айырма жоқ.


Сарапшының сөзіне қарағанда, Қазақстан билігі қазақ тілі мен қазақ халқының мәдениетін өзгелерден үстем етуге тырысып отыр. «Бұл бір жағынан советтік кезеңдегі орыстандыру саясатына қарсы жасалған қадам болуы да мүмкін. Имамдардың қазақтардан тағайындалуы және мұсылман жамағаттары мен мешіттерде қазақ тіліне басымдық беруге тырысуы қазақ үстемдігін орнатуы жолындағы талпыныстардың бір парасы болар», – деп жазады «Форум-18» ұйымы.

«Мәселен, ұйғырлар салған мешіттердің көпшілігінде қазақ имамдар тағайындалған», – дейді мақалада аты-жөнін айтуды қаламаған мұсылмандар. Алматының «Ақсай» ықшам ауданындағы «Ақсай-Айша» мешіті мен Әуезов ауданындағы «Музаммил» мешітіне негізінен ұйғырлар барады, қазақтар санаулы ғана. Бұл екі мешітті де өз қаржыларына ұйғырлар салған көрінеді.

Бұл мешіттердің имамдары «Форум-18» ұйымына өздерінің ұлты қазақ болғандықтан жұма намаздағы уағызды да қазақ тілінде айтатынын хабарлады. «Музаммил» мешітінің имамы Әбдіқұл Әзбергенов өзінің орынбасары ұйғыр екенін және екі аптада бір рет ұйғырлар жұма намаз кезіндегі уағыздарды ұйғыр тілінде тыңдай алатынын айтты. «Қазақ арнаулы қызметінен сескенген этникалық ұйғырлар құқық қорғау ұйымының мұндай сауалдарына жауап қайтарғысы келмеді.

Елдегі мешіттердің барлығы өздеріне түскен пітір-садақалардың 30 пайызын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына береді», – деп жазады «Форум-18» ұйымы.


«БАСТЫҚТАР ЖИНАЛЫСТА»

Мәдениет министрлігі жанындағы дін істері жөніндегі комитет қызметкерлері халықаралық «Форум-18» құқық қорғау ұйымының өкілдерімен бұл тақырыпты талқылауға құлықсыз болды. Комитеттің бас сарапшысы Серік Елемесов бұл мәселеге түсініктеме беретіндей
Имамдардың қазақтардан тағайындалуы және мұсылман жамағаттары мен мешіттерде қазақ тіліне басымдық беруге тырысуы қазақ үстемдігін орнатуы жолындағы талпыныстардың бір парасы болар.
өкілеттігі жоқ екендігін алға тартты.

Серік Елемесов Мәдениет министрлігі жанындағы дін істері жөніндегі комитеттің төрағасы Ардақ Досжан мен оның орынбасары Жанболат Мұхаметқалиевтің аса маңызды кездесуде екенін айтты. Алайда «Форум-18» ұйымының өкілі кейін тағы да бірнеше рет телефон шалғанымен хатшы-қыз (аты-жөнін айтпады) төраға мен оның орынбасары «жиналыста отыр», не болмаса «кеңседе жоқ» деген жауап қайтарумен болды.

Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі жергілікті әкімдіктердің шенеуніктері «Форум-18» ұйымына имамдарды тек қана ҚМДБ тағайындайтыны және мешіттер адамдардың этникалық шығу тегіне қарап салынбайтынын көлденең тартты.

Қазақстанның жоғарғы мүфтиі Әбсаттар Дербісәлінің орынбасары Мұхаммед Хұсейн-қажы Алсабеков елдегі мешіттердің имамдарын тек мұсылмандар діни басқармасы ғана тағайындай алатынын мәлімдеді. «Шариат бойынша мұсылман жамағат ғұламаларды (үлемдерді) сайлайды, ал ғұламалар имамдарды тағайындайды», – дейді Мұхаммед Хұсейн-қажы Алсабеков.

Алайда құқық қорғау ұйымы өкілінің «Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан шариғат заңдарымен жүрмеуі тиіс» деген сөзіне Жоғарғы мүфтидің орынбасары «тәртіп солай» деп жауап берді.


«ТӘРТІП СОЛАЙ»

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы дін істері жөніндегі бөлім бастығы Владимир Иванов та «мешіттердің ұлтқа бөлінбейтінін» қайталап айтты. «Тек яһуди діні ғана бір ұлттың діні. Ал ислам – халықаралық дін», – деді ол «Форум-18» ұйымының өкіліне. Сонымен қатар ол егер әзербайжан-шииттер қаласа құлшылық үйлерін тіркетулеріне құқықтары бар екендігін айта кетті.

«Мешіт пе, құлшылық үйі ме, қандай атаумен тіркелгенінде айырмашылық жоқ», – деп мәлімдеді ол «Форум-18» ұйымының өкіліне. Владимир Иванов әзербайжан жамағатына қандай да бір қысым болғанын теріске шығарды.

Атырау облысындағы дағыстандықтардың мәдени орталығының төрағасы Мұса Алышаев «Форум-18» ұйымының өкіліне Қазақстандағы дағыстандықтар жамағатының құлшылық үйі де, дағыстандық имамы да бар деп хабарлады. Бірақ жұма күні уағызды тыңдау үшін олар Атырау қаласының орталық мешітіне барады екен. «Дағыстындықтардың жамағаты жұмадағы уағызды өздерінің құлшылық үйінде тыңдамайтыны қалай?» деген сауалға имам бір сөзбен: «Тәртіп солай» деп жауап берді.

Бірақ ол мұндай тәртіпті кім орнатқанын айтпады. «Орталық мешітте уағыздың қазақ тілінде айтылып, оны орыс тілді жамағаттың түсінбейтінінде тұрған ештеңе жоқ, Өйткені бәріміз де бір дәстүрді ұстанатын сүннитпіз», – дейді Мұса Алышаев.

2007 жылы «Даруссалам» мұсылман жамағатының «Тақуа» мешіті сот шешімі бойынша таратылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бақылауына берілді. Атырау облысы әкімінің орынбасары Кеңес Қосыбаев сол кезде «Форум-18» ұйымына аталған «жамағат мұндай қадамға өз еркімен барды» деген болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG