Accessibility links

Оралмандар шетелдегі қазақтардың тарихи Отанына оралуына белгіленген квотаны ұлғайтуды сұрайды


«Қазақстандағы бағалардың шарықтауынан әсіресе оралмандар зардап шегіп отыр, сондықтан оларға ескерілген мемлекеттен бөлінетін ақшаны 6 есеге көтеру керек». Астанада баспасөз мәжілісінде билікке ниеттерін жеткізбек болған оралмандардың бірнеше ұйымын қосқан «Оралған отандастардың Жаңа өмір қоғамдық бірлестігінің» төрайымы Лашын Боханқызы осындай мәлімдеме жасады. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің өкілдері қазіргі қаржы ауылдардан үй сатып алуға жетеді деген пікірде.

«Оралған отандастардың Жаңа өмір қоғамдық бірлестігінің» төрайымы Лашын Боханқызының айтуынша, оралмандардың қордаланған проблемаларын шешу үшін бірінші кезекте шенеуніктердің жұмысын үйлестіретін арнайы құрылым құру қажет, бұл ұсыныс үікіметке беріледі, дейді ол:

- Мысалы, квота белгілеу көші-қон комитетінің шаруасы болса, жер телімдерін бөлу жергілікті әкімшіліктің жұмысы. Азаматтық беру ісі ішкі істер министрлігіне қарайды. Виза алу үшін сыртқы істер министрлігіне сабылады, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында. Осыншама көп мекемелердің бір-біріне бағынбайтыны белгілі. Олардың басын қосып үйлестіретін құрылым жоқ.

Жаңа министрлік арқылы оралмандар квота мәселесін шешпек. Әзірге президент квотасы орта есеппен пәтер алатын жерлерге қоныстарындыру үшін ескерілген. «Жаңа өмір» қоғамының үйлестірушісі оралман Зиябек Қабылдиновтың айтуынша осы квотаны екі есеге ұлғайтуға болады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті оралмандарды екіге бөліп есептейді. Біріншісі президентттің квотасымен келетіндер. Келесілері Қазақстанға өз бетімен келетіндер. Квотасыз келген оралмандардың біразы, өз проблемалары үшін жергілікті үкіметті кінәлап отыр. Моңғолиядан келген оралман Айбарша Қырықпайқызының ойынша, республика басшылығы тарихи отанына оралғысы келетіндерге жағдай жасаймыз деген уәдесінде тұрмады:

- Алғашқы рет еңбек шартымен келген кезде, бізге сіз қандай жерге келесіз сол жерден баспана береміз деген. Сыған сияқты далада жүрміз, үй жоқ, күй жоқ. Не жер ала алмаймыз. Несие алайық десек, оған қоятын кепілдігіміз жоқ.

Астананың көші-қон және демография басқармасының бастығы болған Махамбетқали Садықов болса, оралмандарға ескерілген квота жыл сайын 5 мың адамға ұлғайып отырғанына қарамастан, Қазақстанға көшіп келем дейдін адамдарды толық квотамен қамту мімкін емес, дейді:

- Келушілердің қатары одан бірнеше есе көп болып жатыр.

Квотадан кейін оралмандарды баспана мәселесі алаңдатып отыр. Көші-қон комитетінің мәліметінше оралмандарға ешқашан жаңа пәтер алынған емес. Оралмандардың үйіне деп ескерілген ақша бюджетке енгізілгенше, пәтер бағалары қымбаттап сала беретін. Сондықтан Қазақстанға келетін оралмандарға пәтер орнына, әр жан басына шаққанда 120 мың теңге шамасында қаржылай жәрдемақы берілетін болды. Оралман Зиябек Қабылдиновтың айтуынша Қазақстандағы қымбатшылық оралмандарға ауыр соғып отыр. Сондықтан оралмандарға ескерілетін қаржыны 6 есеге өсіру керек, дейді ол.

Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің басқарма бастығы Аслан Қаржаубаев оралмандарға ауылдарға көшуді ұсынып отыр, өйткені онда баспана бағасы қалалардағыдай қымбат емес, дейді ол.

Алайда, Қазақстан ауылдары оралмандардың проблемаларын шешуге шамасы жететіндей мықты емес деген пікірлер бар. Өйткені көп жағдайда елге оралғандар кедей, әсіресе Моңғолиямен Ираннан келгендер. Оралмандардың өздеріде елге тек отанды сағынғаннан емес әлеуметтік жағдайды жөндеуге келгендерін жасырмайды. Қазақстанның фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дариновтың пікірінше оралмандарды шақыратын болсақ оларға жағдай жасау керек, дейді ол.

Кейбір деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта сырт елдерде 4 жарым миллион қазақ тұрады. Қазақстан Үкіметі жағынан тарихи отанына оралғандарға шектеу қойылмайды. Содан болар оралмандардан түсіп жатқан өтініштер саны квотадан әлдеқайда артық.
XS
SM
MD
LG