Accessibility links

Қангерей ақсақал: Әруақ қорлағандар заң жүзінде жауапқа тартылсын...


Қангерей Ботағараев, Алматы, 2 желтоқсан, 2008 жыл
Қангерей Ботағараев, Алматы, 2 желтоқсан, 2008 жыл

Ауыл тұрғындарының көрдегі мәйітті қайта аршып алғызуы мен әкімшіліктің қабірлік жер дауын шешуге құлықсыздығына наразы оралмандар бұқаралық ақпарат құралдарын шақырып, жергілікті халық пен әкімшіліктен қысымшылық көріп отырғандықтарын мәлімдеді.

Ұзынағаштан келген ақсақалдардың айтуынша, Жаңа-Құрылыс ауылында Өзбекстаннан көшіп келген оралмандардың саны шамамен мыңға жақындайды екен. Көпшілігінің атамекенге көшіп келгендеріне он бес жылдан астам уақыт болғандығына қарамастан, оралмандардың жергілікті халықпен қарым-қатынасы қалыптаса қоймаған, қазақ бола тұрса да жергілікті халықтың оларды «қалпақ» деп атауы оралмандардың шамдарына тиіп келіпті. Ал қазанның 26-ы күнгі оқиға олардың ашу-ызасын одан сайын қоздырыпты.

Қазанның 25-і күні 54 жасар Бибіраба Аманшақызының қан қысымы көтеріліп, кенеттен дүние салады. Ертеңінде ағайын-туыстары жиналып, марқұмды мұсылман салтымен жаназасын шығарып, жақын маңдағы зиратқа қояды. Артынша-ақ қабір басына бірнеше кісі келіп, мүрдені әкетуін талап етеді. Жергілікті әкімшіліктен қолдау таппаған азалы қауым марқұмның денесін қайта қазып алып, ауылдан бір жарым шақырым жердегі зиратқа көмуге мәжбүр болған.
Бекбосын Беделов ақсақал, Алматы, 2 желтоқсан, 2008 жыл


Бұл жағдай шетелден көшіп келген қауымның наразылығын туғызыпты. Жастарды сабырға шақырған ақсақалдар алдымен ауыл әкіміне, одан қайыр болмаған соң бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа шығуды көздеп, Алматыға келіпті.

- Мен дүние жүзіндегі қазақтардан мұндай ахуалды көргенім жоқ. Жасым сексенді шамалап қалды. Қатты намысымыз келді. Сіздердің алдарыңызға келіп отырғандағы жағдайымыз осы. Арғы жағын өздерің біліңдер, - деді жасы жетпістен асқан ақсақал Бекбосын Беделов.

Ал сексеннің сеңгіріне шыққан Қангерей Ботағараев болса бұл оқиғаның арты қанды қақтығысқа айналып кете жаздап барып, тоқтағандығын айтып отыр.

- Көрден бір адамды сүйреп шығарды дегенді мен осы уақытқа дейін естімеппін. Көрден шығарды деген сол жердегі халықтың намысына тиді деген сөз. Баяғыда осындай жағдай бола қалса, жалғыз адам емес, бүкіл халық қимылдайтын болған. «Бұл жерге қойдырмаймын» дегеннің өзінде үлкен дау болатын. Ал мәйітті көрден шығарып тастау—халықты қорлау дегенді білдіреді, - деді ақсақал.

Алматыдағы мәдениет және қоғам қайраткерлері ақсақалдардың ойын айтып:«Марқұмның аруағын қорлап, оның сүйегіне дақ түсірген, жалғыз оның ғана емес, бүкіл халықтық ар-ожданды аяққа таптап, адами қасиетті тәрік еткен осы оқиғаға қатысты азаматтардың барлығын да заң жүзінде жауапқа тартуды талап етуіміз керек» делінген қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтардың халыққа үндеуінде.

XS
SM
MD
LG