Accessibility links

Отанына оралған көп балалы қазақ отбасы мемлекет жәрдемақысына үміт артады


Оралман Дархан Бадауұлының көпбалалы отбасы. Жеке мұрағаттағы сурет.

Оралман Дархан Бадауұлының көпбалалы отбасы. Жеке мұрағаттағы сурет.

Жеті перзентті өмірге әкелген Захчин Хабданға «Алтын алқа» тапсырылғаны туралы хабар отбасын қуантып тастады. Отағасы Дархан Бадауұлы енді ай сайын мемлекет беретін 60 долларға жуық жәрдемақы өздері үшін қомақты қаржы екенін айтады.


ЖАҒЫМДЫ ХАБАР

Дархан Бадауұлы мен оның зайыбы Захчин Хабдан 2008 жылы Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған. Ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 35-те. Шаңырақтағы жеті баланың үлкені қазір 15 жаста, ал Қазақстанға келгенде туған кенжелері бір жастан енді асты.

Алты ұл мен бір қызды дүниеге әкеліп, өсіріп жатқан оралмандар отбасы Қазақстан өкіметі Захчинға «Алтын алқа» белгісі табыс еткені туралы хабарды естіп қуанып қалды. Бұл хабарды наурыздың 15-күні Дарханның Алматыдағы бажасы хабарлапты.

Оның үйіне Алматы қалалық әкімшілігінен хабарласқан қызметкерлер Захчинге әкімдікке келіп «Алтын алқасын» алып кетсін деген сәлем
Оралман Дархан Бадауұлының балалары.
айтқан екен.

– Өткен жылдың қараша айында қажетті құжаттардың барлығын жинап, Алматы қаласы Алмалы ауданының әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне тапсырып қойғанбыз. Хабар өздерінен болады деп еді. Жақында бажам үйіне телефон соғыпты, «Алтын алқасын» келіп алып кетсін деп. Мұндайда қала әкімінің салтанатты түрде тапсыратыны бар еді, – дейді Дархан.

Әйтсе де оралман қазақ енді өз отбасына ай сайын 8500 теңге (57 АҚШ доллары көлемінде) қосымша кіріс кіретіні оның шаңырағындағыларға қуанышты хабар болғанын айтады.

– Осы кезге дейін біз әр балаға айына 1030 теңгеден, сонда жиыны 8200 теңге алып келеміз. Онымен қай жыртығымызды жамаймыз? Әрі оны әрбір он күн сайын тіркелген жерге барып, құжаттарды жаңалап отыру керек екен. Оған айына бірнеше рет 300 шақырым жердегі Алматыға қатынау да бізге оңай емес. Ал егер Захчин ай сайын 8500 теңге жәрдемақы алатын болса, бұл біз үшін әжептәуір көмек болар еді. Оның үстіне, бұл жәрдемақы отбасы табысын есептемейді, яғни ай сайын құжат тапсыруды міндеттемейді. Демек, ай сайын 8,5 мың теңге біздің шаңыраққа қомақты кіріс, – дейді Дархан Бадауұлы.

Қазақстанда бұрын 10 және одан көп балалы аналарға – «Алтын алқа», ал 8 және одан көп бала тапқан аналарға «Күміс алқа» беріліп келген еді. Жаңа ереже бойынша «Алтын алқа» белгісі 7 баланы өмірге әкелгендерге берілетін болды.

АУЫЛДАҒЫ ТІРЛІК

Оралман қазақ отбасы қазір Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Көксу ауылында біреудің үйін жалдап тұрып жатыр. Бірақ тұрақты тіркеулері Алматы қаласындағы Дарханның бажасының үйінде.

Оралман Дархан Бадауұлының жанұясы.
– Қалада баспанаға қол жеткізу біз үшін өте қиын болғандықтан алыстағы осы ауылды паналауға мәжбүрміз. Әйелім жас баламен үйде отыр, өзімнің де, әйелімнің де денсаулығымыз да онша емес. Мен Алматыға келіп біреулердің ұсақ-түйек жұмыстары кездесе қалса, соларға жалданамын. Бірақ тұрақты жұмыс та жоқ қой қазір. Сондықтан, балаларға алатын жәрдемақыға ғана телміріп отырған жайымыз бар, – дейді Дархан.

Дарханның 4 баласы қазір олар тұрып жатқан ауылдың мектебіне барып оқып жүр.

– Бірақ ауыл мектебінің әкімшілігі тіркеуіміздің қалада екендігін сылтау етіп, ешқандай әлеуметтік көмек ұсынған емес, – дейді балалардың әкесі.

БАСПАНА МҰҢЫ

Дарханның ата-анасы, туған-туыстары Моңғолияда қалған. Олардың Моңғолиядағы негізгі күнкөріс көзі – мал бағу болған екен. Алматыдағы бажасын сағалап көшіп келген Дарханның отбасы қазір тұрып жатқан ауылда әйелінің туысқандары бар.

Дархан Бадауұлының жанұясы Қазақстанға келісімен мемлекеттік көші-қон квотасы бойынша өздеріне тиесілі жәрдемақыны да алған екен. Бірақ ол қаржы баспанаға алуға жетпегенін айтады.

– 8 адамға 1 миллион теңге (7500 АҚШ доллары) жәрдемақы берілді. Дегенмен, бұл біздің бір жылдық күн көрісімізге де жетпеді, – дейді ол.

Отағасы өзін бір жағынан күнкөріс қамы қысса, екінші жағынан баспана мәселесі де қинап жүргендігін айтады.

Дархан Бадауұлы 2 жыл бойы талай мекеменің есігін тоздырып жүріп, ақыры Алматы қаласы Алмалы ауданының тұрғын үй басқармасында көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй кезегіне тіркелген екен.

Алайда, ондағылар Дархан Бадауұлының отбасына жалпы кезек бойынша тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігі алдағы 25-30 жылда жүзеге асуы мүмкін екендігін айтып шығарып салыпты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG