Accessibility links

17 жыл бұрын атажұртқа оралған Нәби Ишан сотқа өкпелеп Түркияға көшіп кетпекші


Оралман Нәби Ишан жер дауына қатысты әңгімелеп отыр. Шымкент. 1 шілде 2010 жыл.

Оралман Нәби Ишан жер дауына қатысты әңгімелеп отыр. Шымкент. 1 шілде 2010 жыл.

Шымкент қаласының тұрғыны Нәби Ишанның сотқа деген өкпесі қара қазандай. 3 жылдан бері көршісімен соттасып, сот табалдырығын тоздырған азамат әділдік таппаса, қайтадан шетел асуға дайын. Айтуынша, оған тиесілі жерге көршісі дарбаза орнатқан. Ал сот Ишанның арызын дәлелсіз деп тауыпты.


Жер дауы


Екі көрші арасындағы жер дауы осыдан 3 жыл бұрын басталған. Үйінің жанындағы 1 метр жерді өзіне тиесілі деп есептеп, сотқа арыз берген Нәби Ишан 3 жылдан бері сот табалдырығын тоздырғанын айтады.

Ол жерді меншіктеген көршісі 4 метр дуал тұрғызып, дарбаза қойған. Арызданушының айтуынша, бұл заңсыз. Көршісі оның жерінен дарбазасын алмаса, ол 7 баласымен қайтадан шетел асуға бел буып отыр.

– Мен әріп танымаймын. Жазу білмеймін. Ол оқыған-тоқыған. Соны пайдаланып барлық сотты сатып алып жатыр. әйелім президент әкімшілігіне барып көмек сұраған. Нәтиже жоқ. Біз үкімет ақша бермеді, үй бермеді деп жатқан жоқпыз. Нанымды әділ тауып жеймін. Осы кішкене ғана жерді алып берсін бізге. Өз жерім өзімде қалсын,- дейді Нәби Ишан.
Нәби Ишан әулетімен бірге үйінің ауласында тұр. Шымкент.
1 шілде 2010 жыл.
Көршісі Галиф Тажидинов дарбазаны заңды түрде қойғызғанын айтады. Шымкент қалалық Еңбекші ауданының 2008 жылғы сот шешімі бойынша, талапкер Ишанның көршісінің заңсыз салынды деген құрылысын бұзу туралы шағымы қанағаттандырылмаған. Екі үйдің арасындағы 1 метр жер – мемлекетке тиесілі. Сондықтан, Тажидиновпен соттасауға тек мемлекет қана құқылы, делінген сот шешімінде.

– Сот органдары бар. Сот орындаушылары бар. Қолымда сот шешімі бар. Бұл мәселеге байланысты мен де шаршадым. Сот менің әрекетімнен заңсыздық тапқан жоқ. Қалай болған күннің өзінде, мен дарбазамды бұзбаймын. Тұрғаны тұрған. Мен жұмыс істейтін адаммын. Мүмкіндігім де мол, - деді Галиф Тажидинов Азаттық тілшісіне.

Осыдан кейін Нәби Ишан да, Галиф Тажидинов та жоғарғы сотқа дейін шағымданған. Сот шешімі, өзгеріссіз қалған.

Жанайқай

Нәби Ишанның айтуынша, оның үйіне бірнеше рет бейтаныс кісілер келіп, «соттасуын қоймаса жағдайының қиындайтынын» ескерткен екен. Бірақ отағасы бәрібір ақырына дейін баратынын айтады. Басына түскен жағдайды естіген Ауғанстанда тұратын анасы мен бауырлары елге оралудан қорқып қалғандарын айтады.

– Бізді қайда барсақ та «оралман, қаңғып келген сығансыңдар, кетіңдер» дейді. «Кезінде бабаларың байлығымызды алып қашқан» деп айыптайды. Мен - етікшімін. Нанымды адал жеймін. Соңғы кезде тіптен қалаға шығуды да қойдық. 14 жастағы ұлымызды боксқа бердік. Өзін-өзі қорғап жүрсін деп. Қазір үлкен жетістікке жетіп жүр. Біз Қазақстанға қазағым, елім, жерім деп келдік қой. Қазір анам да, бауырларым да бізді аяп отыр. Басқа амалдары жоқ. Ауғанда, елге оралуға рұқсат ала алмады, - дейді Нәби Ишан.

Ал оның жұбайы Гүлсім Ишан сот пен құқық қорғау органдарынан әділдік табудың қиын екенін айтады.
Нәбидің жұбайы - Гүлсім. Шымкент. 1 шілде 2010 жыл.

– Өткен жылы тал түсте аялдамада тұрған бауырымды біреулер өлтіріп кетті. Әлі кінәлілер табылған жоқ. Полициядан қайран жоқ екенін түсіндік. Жерімізді ала алмай 3 жылдан бері соттасып жүрміз. Біздің халімізді көріп, шетелде тұратын ағайындарымыз шошитын болды. Жақында Ауғанстаннан ағайындарымыз келіп еді, түннің бір уағында алып кетіп, депортация жасап жіберді. Ағайынға қай бетімізбен қарарымызды білмейміз. Қазақстанда заң жоқ, сот жоқ екен. Қайда барсаң ақша. Тек ақшаң болса ғана, сөзің жүреді екен, - дейді Гүлсім Ишан.

Ес білгелі отанына оралуды армандағанын айтқан Нәби Ишан мұндай жағдайға жетемін деп ойламағанын ашына айтады.

- Мен - Ауғанстанда туып-өскен қазақпын. Кейін тағдыр айдап Түркияға көшіп бардық. Бөгде елде жүргенде өзімді жетім сияқты сезінетін едім. Сүйікті қызымды ертіп, туған елге көшіп келдім. Той жасадық. Осы уақыт ішінде көрген қызықшылығымыз да, қиындығымыз да көп болды. Талай қиындықты бастан өткендер таныстарым да келген жағымызға қайтайық деп отыр, - дейді Нәби Ишан.

Қазір бұл отбасы кезекті рет сотқа арыз бермек. Алайда одан да қайыр болмайтындай көрінеді. Сондықтан да үйлерін сатуға кірісіп те кеткен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG