Accessibility links

Сот орындаушыларының әлегінен құтыла алмаған «Голос Республики» газеті үкіметпен соттаспақ


«Голос Республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 22 ақпан 2010 жыл.

«Голос Республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 22 ақпан 2010 жыл.

«Голос Республики» және «Республика –деловое обозрение» газеттерінің редакциялары мемлекет тарапынан қысым көріп отырғандарын мәлімдеді. «Голос Республики» газеті Қазақстан үкіметіне және президент әкімшілігіне қарсы сотқа арыз-шағым түсірмек ниетте.


ҚАЙДА БАРСАҢ ДА ҚОРҚЫТТЫҢ КӨРІ

«Голос Республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачеваның айтуынша, оппозициялық басылым, өткен жылы күзде Алматыдағы «Комета S» баспасының барлық мүлкі тәркіленіп жабылғаннан бері, қолмен түптеліп таратылып келді. Содан бергі жарты жылдың көлемінде республика аумағында бірде-бір баспахана газетті басуға келіспей келген.

Тек өткен аптада ғана аймақтық «Карагандинская полиграфия» акционерлік қоғамы оппозициялық газетті басуға келісімін берген.

Ақпанның 19-күні «Республика» газеті екі форматта басылып шыққан. Бірақ, дүйсенбі күні-ақ баспахана газет редакциясына өз қызметін ұсынудан бас тартатындығын хабарлаған.

- Қарағандылық баспахананың директорын жергілікті әкімшілікке шақыртқан. Біздің газетті баспасын деген бұйрық бар екендігіне менің күмәнім жоқ және мұндай бұйрық қарағандылық әкімшіліктен емес, жоғары жақтан түсетіндігі анық, - деп мәлімдеді Татьяна Трубачева
Біз үкіметке және президент әкімшілігіне қарсы арыз-шағым түсіретін шығармыз. Өйткені, біз газетке саяси тапсырма дәл сол жақтан түседі деп күдіктенеміз.
ақпанның 22-күні Алматыда баспасөз мәслихатында.

Бас редактор газетті бастырмаудың саяси астары бар деп есептейді және оппозициялық басылымның таралуына бөгет жасап отырғандарды сотқа тартқысы келетіндігін мәлімдеді.

- Біз үкіметке және президент әкімшілігіне қарсы арыз-шағым түсіретін шығармыз. Өйткені, біз газетке саяси тапсырма дәл сол жақтан түседі деп күдіктенеміз, - деді Трубачева.

Өткен аптада ғана Қазақстанның журналистік қауым өкілдері елдегі ірілі-ұсақты баспаханалардың барлығы «Голос Республики» және «Моя Республика» газеттерін басудан бас тартып отырғандығын баяндап, билікке мәлімдеме жолдаған еді.

СОТ ОРЫНДАУШЫСЫ САДЫҚОВТЫҢ ТАҒЫ БІР ҚАУЛЫСЫ

Бас редактордың айтуынша, аймақтарда саудаға түскен «Голос Республики» газетін таратушыларға да қысым жасалып жатыр.

- Бүгін таңертең бізге Қарағандыдағы сауда нүктесінен хабарласты. Газет таратушының айтуынша, оларға біреулер өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетіненбіз деп таныстырып, қызмет құжаттарын көрсетіп, «Республика» газетін «таратуға тыйым салынғанын» ескерткен, - деді Татьяна Трубачаева.

Бұл ретте ол қазіргі күні «Республика» деген атаудағы газет атымен жоқ, ал БТА Банкпен соттасқан «Республика - деловое обозрение. Дубль 2» газеті еді, қазіргі «Голос Республики» газетін ешкім сотқа берген жоқ деп түсіндірді.
Заңгер Сергей Уткин, Алматы, 22 ақпан 2010 жыл.


Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, «Хрен редьки не слаще» мақаласы төңірегіндегі өткен жылғы сот процесінен кейін БТА Банкке 60 миллион теңге моральдық шығын төлеуі тиіс «Республика - деловое обозрение. Дубль 2» газетіне қарсы қатардағы сот орындаушысы тағы да қаулы етіпті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ақпанның 16-күні Алматы қаласының Медеу аудандық соты оппозициялық осы газетті тоқтатуды талап етіп қаулы еткен сот орындаушысы Махмұд Садықовтың іс-әрекетін заңсыз деп тапқан еді.

Медеу аудандық соты осындай шешім шығарған күні-ақ Махмұд Садықов редакцияға тағы бір қаулысын жеткізген. Аға сот орындаушысы қызметін атқарушы Махмұд Садықов қол қойған қаулы «басылған өнімді таратуға тыйым» салады.

Заңгер Сергей Уткиннің айтуынша, редакция сот орындаушысының бұл әрекеті заңсыз деп, Медеу аудандық сотына тағы да арыз-шағым түсірген. Өйткені, БАҚ туралы заңның 14-бабында БАҚ өнімін таратуды шектеу тек қана заң күшіне енген сот шешімі негізінде жүзеге асырылады.

Медеу аудандық соты бұл арыз-шағымды қарап шешім шығарғанша, «Деловое обозрение» газетінің осы аптадағы саны тағы шықпай қалатын болды дейді заңгер.

Азаттық радиосы осы мәселеге байланысты Махмұд Садықовқа хабарласқан еді, бірақ сот орындаушысы бұл тақырып туралы түсінік беруден бас тартты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG