Accessibility links

Астанаға келген Холбрук Саудабаев арқылы Назарбаевқа сәлем айтты


Ричард Холбрук, АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкістан бойынша арнайы өкілі. Душанбе, 20 ақпан 2010 жыл.

Ричард Холбрук, АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкістан бойынша арнайы өкілі. Душанбе, 20 ақпан 2010 жыл.

АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкістан бойынша арнайы өкілі Ричард Холбрук жексенбі күні Астанада Қазақстан премьері Кәрім Мәсімовпен, сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездесті. Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жолыға алмағандықтан, оған министр Саудабаев арқылы сәлем айтты.


Ақпанның 21-күні Астанаға қысқа сапармен келген АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкістан бойынша арнайы өкілі Ричард Холбрук Қазақстанның ресми тұлғаларымен жабық есік жағдайында кездесті.

Жексенбі күні онымен Қазақстанның үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те кездесті деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі. Хабарламада Мәсімов пен Холбрук Ауғанстандағы жағдайға Қазақстанның үлес қосу мәселесі мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы турасында да сөйлескені айтылған.

Тал түсте Қазақстанның сыртқы істер министрі - мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевпен кездесуден соң баспасөз өкілдерімен болған қысқа брифингте Ричард Холбрук бұл жолғы сапарының мақсаты Ауғанстанмен байланысты екендігін айтты.

АҚШ өкілі Қазақстанның аймақтағы маңызы ерекше дей келе, елді 1991 жылдан бері басқарып келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысына жоғары баға берді.

- Қазақстан аймақтағы дамып келе жатқан үлкен әрі бай ел. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен ел көп векторлы сасатты табысты жүзеге асырып келеді. Назарбаевтың кездескен түрлі проблемаларды жеңе білетіндігі тәнті етеді, - деді Холбрук.

Сондай-ақ ол Қазақстан өзіндегі қуат қорын дұрыс пайдалана білгенде өркендеген елге айналып, үлкен табыстарға қол жетізе алады деп атап өтті. Холбруктың пікірінше, Қазақстан энергия ресурстары бар өзге мемлекеттер шалдыққан мұнай қарғысынан құтылуға шара қолданып жатқан ел.

Бұдан өзге Холбрук АҚШ-тың Өзбекстанда әскери база ашу жоспары жоқ екендігін, Манас әуежайындағы «Ганси» әскери әуе күштері базасының қызметіне қолдау танытып отырғаны үшін Қырғызстан басшылығына ризашылық білдіретіндерін айтты.

Орталық Азиядағы бірнеше елге сапарының соңында Астанаға арнайы ат басын тіреген АҚШ өкілі Ричард Холбрук бұл жолы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жолыға алмағандықтан, оған сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев арқылы сәлем айтты.

АҚШ өкілі Қазақстаннан кейін Грузияға аттанып, ол елдің әскери батальонын НАТО коалициялық күштерінің құрамында Ауғанстанға жіберу мәселесін ресми Тбилисимен талқылайтындығынан хабардар етті.
XS
SM
MD
LG