Accessibility links

Сапабек Әсіпұлы: Қазақтың ұлтарақтай да жерін сатуға болмайды

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сапабек Әсіп, жазушы, «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы. Алматы, 27 наурыз 2010 жыл.

Сапабек Әсіп, жазушы, «Жер және қазақ тағдыры» комиссиясының төрағасы. Алматы, 27 наурыз 2010 жыл.

Қазақ тарихында жер мәселесінің айрықша орын алатыны белгілі. Таяуда ұзақ жылдан бері жер мәселесін қозғап келе жатқан жазушы әрі публицист Сапабек Әсіпұлының «Қауқарсыз қазақ мәселесі» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті.


ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰНАРЛЫ ЖЕРІНЕН АЙЫРЫЛУЫ

– Сапабек мырза, сіз ұзақ жылдан бері шалғай аудандарда тұратын қазақтарды құнарлы аймаққа көшіру мәселесін көтеріп келе жатырсыз. Мұндай мәселені көтерге не түрткі болды?

– Мен Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келдім. Бұл жер өзі сонау Ыбырай Алтынсарин заманынан бері шөлейт дала, қонысқа қолайсыз мекен ретінде танылған аймақ. Ыбырай Алтынсариннің жазып кеткендерінде жердің табиғатының қолайсыздығы, онда тұратын халықтың қайта-қайта ашаршылыққа ұшырайтыны, қайта-қайта жұтқа кезігіп, елдің малы ғана қырылып қоймай, өздерінің де көп өлім-жітімге ұшырайтыны айтылған.

Көтеріп қана қоймай, ол мұны нақты іспен дәлелдеген. Қостанай ол кезде Николаев уезді деп аталады, соған бірсыпыра шаруаларды көшіріп әкеткен. 1879-1880 жылғы жұт кезінде қазіргі Қостанай, бұрынғы Николаев уездінен отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр айдатқан. Әрине, ол малдардың нақтылы есебі жоқ. Бірақ бұл анық мәселе.

Және ілік-жегжаттар, енді ағайынды адамдар ғой бәрі, рулас, көршілес, құдандалы болып жатады, солар жүздеген үйлерді, мүмкін мың да бар шығар сол жаққа көшіріп әкеткен. Бұл сол кезде көтерілген мәселе болатын.

Ал маған Амангелді ауданында туып-өскендіктен, жұмысқа араласа бастағаннан соң, Қостанай облысының солтүстік жағындағы
Қазақ жері (диаграмма)
аудандарды аралап көргеннен кейін көкейімде осындай бір ой пайда болды. Өйткен себебі аналарда нан бар қашанда. Ең құрығында жағдайы келмеген күнде қазақтар былтырғы егіннен қалған масақты теріп жеп, күн көріп, тамағын асырайды. Оларда күнкөріс жеңілірек болды.

Ал, енді біздің Амангелді ауданында ондай егіншілік жоқ. Шығыр салуға жұрттың көбісінің жағдайды келмей қалды. Міне осыдан барып, шынында да мынау тұрмысқа қолайсыз жер екен, мұнда қазақтар қалай келіп қалды деп осыны зерттей бастадым.

Осы ізденістің барысында Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлихановтың еңбектерімен таныстым. Ыбырай мен Шоқан жер мәселесін көп айтқан. Елдің жақсы жерлерінің бәрін казактардың алып қойып, одан мұжықтар келе бастап, қазақтардың құнарсыз жерлерге ығысып кеткені жайында олардың еңбектерінде жақсы жазылған. Сондықтан жерге қатысты мен ешнәрсені ойдан шығарып жүрген жоқпын, бәрі де деректі нәрсе.

Осылайша тәуелсіздік алғаннан кейін бірінші кезекті қазақтарға құнарлы жерлерін қайтып әперу мәселесін көтердім. Менің мынау
Барлығын бірдей көшіруге мүмкіншілік болмаған жағдайда мұндай жерлерде тұратын қазақтарға өркениетті елдердегі сияқты төлемақы беру мәселесін қарастыру қажет.
«Қауқарсыз қазақ мәселесі» атты кітабымда «Құнарлы аймақ қазаққа қайтадан қайтарылсын» деген мақала бар. Егер менен біреулер «тәуелсіздіктің басты талабы не?» деп сұраса, қазақтарды құнарлы аймақтарға қайта қоныстандыру деп жауап берер едім.

Барлығын бірдей көшіруге мүмкіншілік болмаған жағдайда мұндай жерлерде тұратын қазақтарға өркениетті елдердегі сияқты төлемақы беру мәселесін қарастыру қажет. Осыны жүзеге асыру үшін күресу – менің алдыға қойған мақсатым.

Бұған жақсы тәжірибе бар. Дүниежүзілік екінші соғыстан соң Америка Құрама Штаттары үндістер құрып бара жатқаннан кейін, олардың жағдайын жақсарту үшін резервацияларда тұратындарға өздерінің азды-көпті табыстарына қоса 250-300 пайыз көлемінде төлемақы беру қажет деп тапты да, оны мемлекет есебінен беріп тұрды.

Мұны Канада үкіметі де дереу қолдады. Олар да өздерінің үндістеріне дәл сондай жағдай жасады. Және олардың жерге құқығын қатты қорғады.

ШАЛҒАЙДА ҚАЛҒАН ҚАЗАҚ АУЫЛДАРЫ

– Сол шалғай аудандарда тұрса да төрт түлік мал өсіріп тіршілігін жасап жатқан қазақтар аз емес қой. Бірақ дәл қазіргідей уақытта мұндай мәселені көтерудің пайдасынан гөрі, Қазақстанның тәуелсіздігіне зияны тиіп кетпей ме? Мүйіз сұраймыз деп жүріп, құлағынан айырылып қалып, құнарсыз жерлеріне де қазақтар зар болып қалмай ма?

– Құнарсыз жерлерді ешкім алып кетпейді және оны ешкімге беруге болмайды. Қазақтың атам заманнан бергі дәстүрінде өзінің жерін пайдалануды төртке бөлген. Біріншіден ең құнарлы шөбі шүйгін, ықтасыны мол, орман-тоғайдың, судың жағасындағы жерлерден қыстау
Ұзынкөл ауылындағы шаруа қожалығындағы ірі қара малы. Батыс Қазақстан облысы, 6 қараша 2008 жыл.
салған. Сосын көктеу дейді,. Көктемгі кезде мал төлдетуге шығады да, сосын жайлауға кетеді. Енді одан кейін бір жарым, екі ай жайлауда болып, малын баяғы біраз оңалтып алады да, содан кейін күзекке келеді. Күзекте отырып, малы біраз май жинағаннан кейін сосын ол қыстауға қарай жақындай бастайды.

Қазақ қыстауға келуге асықпаған. Өйткені қыстаудың шөбін сақтау керек болған. Демек қазіргі жағдайда қазақты құнарлы жерге қоныстандырғанмен, құнарсыз жерлерді бос қалады деп ойлауға болмайды. Ол жер қазақтардың ата заманнан бері пайдаланып келе жатқан жайлауы болып қалады.

Бұл да Американың, Канаданың тәжірибесінде бар нәрсе. Олар да малсыз күн көре алмайды ғой. Ол жақтағы фермерлер де малын жаңағыдай жайлауға шығарады. Сол уақытта үш жүз, төрт жүз шақырым жерге шейін жайлауға апарғанда малдарын көлікке тиеп апарады. Бір жұт болған кезде біздің Амангелді мен Жангелді аудандарының малын көлікпен тасудың тәжірибесін көргенмін. Жем-шөп болмай қалған кезде осы екі ауданның малын солтүстік жаққа апарып, қыстатып, қайтадан алып келіп жүрді.

– «Қауқарсыз қазақ мәселесі» атты кітабыңызда құнарсыз жерлерде негізінен қазақтардың орналасқанын жазасыз. Неліктен? Осының себебін түсіндіріп бере аласыз ба?

– Мұның себебі әріде жатыр. Алғашқыда патша үкіметінің ойында мұжықтарды әкелу, қазақ елін өзіне қосып алу пиғылы болмаған. Ол алдыменен казактарды жіберіп, сол казактарды қоныстандырған. 1868 жылғы уақытша әкімшілік ереже шыққанға шейін қазақ даласында мұжықтар аз еді. Оған шейін казактар жайлы мекендерге орналастырылып, оны иеленіп, жергілікті халықтың жерін тартып алып, оны қайтадан қазақтардың өзіне жалға беріп отырған. Былайша айтқанда өзінің жерін өзіне.

Жылқыға пәлен, сиырға пәлен, қойға пәлен сомнан деп ақшасын алып отырған. Владимир Костерин деген патша үкіметінің бір шенеунігі 1831 жылы Омбы мен Семей уездін тексеріп қайтқаннан кейін «Время» деген басылымға «мына қырғыздар анау Ертіс өзенінен атын суара алмайды, оның балығын да аулап жей алмайды, өйткені он шақырым жерге шейін шеп құрылған, оның ішіне қазақтың малы түсіп кетсе «потрава» деген алатын болған» деп жазған.

Осылайша «потрава» деп қазақты сорлатып, малының жартсын алып қалатын болған. Ұлы жазушы Лев Толстойдың «Балдан кейін» дейтін хикасын оқыған шығарсың. Сонда бір башқұр бейшараны солдаттан қашқаны үшін әкеліп, екі қолын винтовкаға байлап, беліне шейін жалаңаштап, әскердің сабынан өткізеді. Сапта тұрған солдаттар қасына келген кезде шомпалменен бір-бір салып өтеді.

Дәл осы шығармадағыдай патша үкіметі қазақтарды да саптан өткізген. Осыны көргеннен кейін Владимир Костерин қазақтардың ауыр азапты басынан кешіріп отырғанын жазып кеткен. Мұндай деректер керемет тарихшы Ермахан Бекмахановтың еңбектерінде де бар.

«ЖЕР – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МЕНШІГІ»

– Бүгінгі уақыттағы жұртты қатты қобалжытып отырған жерді сату немесе шет елдіктерге жалға беру мәселесіне калай қарайсыз?

– Жерді сатуға мен түбегейлі қарсымын. Тіпті жаңағы мен жамандап отырған шөлейт жерлердің ұлтарақтайын сатуға да болмайды. Өйткені ол қазақтың ұлттың меншігі оған ешкім қол салуға тиіс емес.

«Қауқарсыз қазақ мәселесі» атты кітабымда «Үкіметке өтініштер мен талаптар» дейтін бөлім бар. Сонда талайлардың атын айтып, билікке қатты талап қойған жерлер бар. Қатты реніштер айтылған жерлер бар. Осыған орай кейбір азаматтар менімен араздасып, қазақтың мүддесіне қарсылық жасап жүр. Әлі күнге шейін газет-журналдар бұл мәселеге бармайды.

Менің жер туралы заңға қосулар мен түзетулерім 2000 жылғы 27 қыркүйекте «Егемен Қазақстан» газетінде кәдімгі суға батып бара жатқан
Шын мағынасындағы демократиялық қоғамда билік қарсы жақтың уәжін тыңдап, одан қорытынды шығарып, іске асырып отыруы тиіс. Алайда біздегі демократияның залалды жағы – жағың талғанша қанша айтсаң да билік сенің сөзіне назар аудармайды.
кемеден берілетін «SOS» деген белгі бар ғой, сол сияқты «Бәріңе! Бәріңе! Бәріңе!» деген тақырыппен жарияланды. Сонда Қазақстан жазушылар одағының жер және қазақ тағдыры комиссиясының жер туралы заңға ұсыныстары мен түзетулерін беріп отырмыз деп айтылды. Сонда жерге байланысты не істеу керектігі қамтылған.

Бір өкінішті жері, мына біздегі демократияның жақсы жағы да бар, зиянды жағы да шаш-етектен. Шын мағынасындағы демократиялық қоғамда билік қарсы жақтың уәжін тыңдап, одан қорытынды шығарып, іске асырып отыруы тиіс. Алайда біздегі демократияның залалды жағы – жағың талғанша қанша айтсаң да билік сенің сөзіне назар аудармайды.

Әйтпесе айтатын сөз айтылып жатыр, оппозициялық газеттер улап-шулап жазып жатыр. Бірақ билік мұның ешқайсысын да қаперіне алмайды, ең құрығында бір сөзге құлақ аспайды. Міне сондықтан жер тағдырына байланысты көтерген мәселелерім де жүзеге аспай, айтылған күйінде қалды.

Өкінішке қарай, жер сатылып кетті. Сатылғаны көп емес, бірақ жаңағы қырық тоғыз жылға жалға берілгеннің сатылып кеткеннен еш айырмасы жоқ. Қырық тоғыз жылдан кейін не болатыны бәріне белгілі. Ол жер сатып алушының меншігі болып қалады. Өйткені осы уақыттың ішінде ол тиісті салығын төлеп тастайды.

ҮКІМЕТ МАРАПАТЫНАН БАС ТАРТУ

– Сіздің билік тарапынан берілген марапаттан бас тартып, «Ерен еңбегі үшін» медалін алмай қойғаныңызды жақсы білеміз. Мұндай мінез көрсету арқылы сіз билікке нені дәлелдегіңіз келді?

– Мен үкіметтің назарын жер мәселесіне тағы да бір аударғым келді. Ол жерге көптеген адамдар келіп, орден-медаль алып, үкіметті мақтап жатты. Сөз кезегі маған тигенде мен жаңағы жоғарыда сөз қылған әңгімелердің біразын айттым.

Осы кезде Иманғали Тасмағамбетов «оның бәрі белгілі нәрсе ғой, оны айтудың не керегі бар» деп сөзімді бөліп еді., мен оған «сөзімді тоқтатпа, маған награда бергеннен соң жауабымды айтуым керек қой» дедім.

Осы екі ортада Мыңбай Рәш деген бір ақын «ойбай, мұны айтудың керегі жоқ, бұл жерде осындай болып жатыр» деп еді, мен оған «қыстырылмай жайыңа отыр» деп оны да тиып тастадым. Айтар сөзімді айтып шықтым да, медальді алудан бас тарттым. Медальдан бас тарту арқылы биліктің назарын тағы да осы бір өзекті мәселеге бұрғым келді. Өкінішке қарай, оған билік назар аударған жоқ.

Мен үкіметтің халықтың ауыр тұрмысына назар аударғысы келмейтініне қайран қаламын. Мынау Қазақстандағы 72 ауданды «депрессивный» деп атағаны үкіметтің қаулысында бар. Оның ішінде Қостанай облысындағы Амангелді және Жангелді аудандарды алдыңғы қатарда тұр.

Осы есеңгіреп қалғандардың ішінде ең сорлы 32 аудан бар. Үкімет бірінші кезекте солардың жағдайына қарауы керек қой. Барлық өркениетті елдердегідей үкімет олардың басқа бір жақсы жерге қоныстануына қаржылық тұрғыдын көмектесуі қажет. Жол шығынын көтеріп, қоныс аударған мекенінен үй сатып әперуге. Халықтың жағдайына қарайласпаған үкіметтің не керегі бар?

– Бүгінгі билік жер мәселесін талқылаудан немесе көтеруден неге қашқалақтайды?

– Себебі, біздегі билік бірінші кезекті байлардың мүддесін қорғайды. Карл Маркстің капиталына көзің түссе сонда қосымша құн теориясы деген бар. Қосымша құн қалай пайда болады? Түрлі өндіріс орындарында оның шығындарын өтегеннен кейін белгілі бір мөлшер артылып қалады. Сол артылып қалған мөлшер қарапайым халыққа тиісті болуы қажет.

Совет заманында оның шет жағасын көрдің. Ол уақытта шөл және шөлейт аймақтарда тұратын халықтың барлық шеккен зияндарын мемлекет өз мойнына алып еңбекақыларын уақытында беріп тұратын. Біздің Амангелді және Жангелді аудандарында әрбір совхоздың қызметкерлері ай сайын 150-250 сом мөлшерінде еңбекақы алатын.

Журналист Қайсар Әлім кезінде Жангелдин ауданындағы Бидайық совхозында 300 үйдің болғанын және оларға мемлекет көмектесіп отырғанын ал дәл қазір сол жерде бар-жоғы 30-ақ үйдің қалғанын жазды. Сол 30 үйдің өзі қалт-құлт етіп зорға күнін көріп отыр. Бұл тек бір ауылдың басындағы жағдайдың жай-күйі.

Жангелдин ауданында Совет үкіметі құлағанға шейін 29 мың халық болды. Қазір содан 10 мыңның ар-жақ бер жағында ғана халық
Қазақстанда құрт ауруымен негізінен түрмеде отыратындар және қазақтар ауырады. Өйткені Қазақстандағы қазақтардың басым көпшілігі ит байласа тұрмайтын жерде өмір сүреді.
қалды. Көп адам көшіп кеткен. Өйткені бұрынғыдай жұмыс жоқ. Ел азып, тоз-тозы шығып, босып кетті.

Ең бастысы, осы құнарсыз жерлерде тұратын халықтың арасында құрт ауруына шалдыққандардың саны еселеніп өсіп келеді. Қазақстанда құрт ауруымен негізінен түрмеде отыратындар және қазақтар ауырады. Өйткені Қазақстандағы қазақтардың басым көпшілігі ит байласа тұрмайтын жерде өмір сүреді. Қазақтар құрту ауры жөнінен дүниежүзінде жүлделі орын алады.

Біздегі билік бірінші кезекте осындай ауыр ахуалды басынан кешіп отырған қазақтардың жағдайын түзетуге көмектесудің орнына жеке басының қамын ойлайды. Қазақстандағы билікке жақын адамдардың көбісі шет елден бірнеше үйлер сатып алып жатыр. Ал, биліктің қазақтарды құнарлы жерлерге қоныстындыруға еш пейілі жоқ. Өйткені ол жерлердің бәрі байлардың қолында.

Әңгімеңізге рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG