Accessibility links

Саяси топтар тартысы шиелене түскенде «сұр кардинал» қайта атқа мінді


Нұртай Әбіқаев, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Алматы, 16 шілде 2010 жыл

Нұртай Әбіқаев, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Алматы, 16 шілде 2010 жыл

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығына Әбіқаевтың екінші рет келуі тасадағы топтар арасында билікке таластың күшеюін көрсетеді. Ал мұның соңы тағы бір жаппай қамауға алу кезеңіне апарып соғады деп санайды Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне қатысушылар.




Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткен аптада бас прокуратураның жедел іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаменті бастығы Мұрат Мұсабековті мемлекеттік құпияны жария еткені үшін тұтқындады. Интернетте жарияланған «бір топ ҰҚК қызметкерлерінің» хатында осылай хабарланды.

Кейінірек бас прокуратураның өзі де мұны растады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаров «ҰҚК қызметкерлері мұндай хат жазбағанын» айтқаны болмаса, Азаттық радиосының бірқатар сұрақтарын жауапсыз қалдырды.

Мұсабековтың тұтқындалуы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығына келген Нұртай Әбіқаевқа қаншалықты қатысты болуы мүмкін? Сарапшылар осы уақиғадан соң жаңа тұтқындаулар мен жабық соттар болатынын, сол секілді тағы да басқа күтпеген әшкерелеулердің пайда болуы мүмкін деп ойлайды.

Бір жағынан Әбіқаевтың араға 11 жыл салып шешуші лауазымдардың біріне оралуын Ақ Орда айналасындағы саяси топтардың билік жолындағы шиеленісті тартысын тарқатып, Назарбаевты аяқтан шалғысы келетіндердің екпінін бәсеңдетуді көздеген әрекет деп есептейді.

Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелін осы тақырыпқа арнайды. Қатысушылар: Рахат Әлиев – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майор шеніндегі бұрынғы бірінші орынбасары; Серік Әбдрахманов – «Әділет» саяси партиясы төрағасының орынбасары;
Владимир Козлов – «Алға» партиясын құру жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің төрағасы; Әлихан Бәйменов – Қазақстан президенті әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі.

Дөңгелек үстелді жүргізуші – «Азат Еуропа»/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің қызметкері – Сұлтан-Хан Аққұлұлы.

СӘРСЕНБАЕВТЫҢ ӨЛІМІН «АҚТАУ» МА?

Жүргізуші:


- Ең әуелі Мұрат Мұсабековтің тұтқындалуы мен «бір топ ҰҚК қызметкерлерінің» әлдебір хаты туралы Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Кенжеболат Бекназаровтың сөзін тыңдасаңыздар. Ол Азаттық радиосының сұрақтарына былай деп жауап берді:

- ҰҚК қызметкерлері мұндай хат жазған жоқ. Қалған сауалдарыңызға жауап бермеймін.

- Мұрат Мұсабеков тұтқындалды не болмаса тұтқындалған жоқ деп айта аласыз ба?

- Бұл сұрағыңызды да жауапсыз қалдырамын.

Мұрат Мұсабековтың тұтқындалғанын Бас прокуратураның өзі растап берді. Ал бір топ ҰҚК қызметкерлері жазған хат жөнінде келер болсақ, бұл тұста ой жүгіртетін жайттар көп сықылды. Осыған орай алғашқы сұрағым былай: Қазақстандағы жоғарғы билік үшін саяси элита арасында күрес президентке «қастандық» жасауға тәуекел ететіндей дәрежеге жеткені рас па?

Рахат Әлиев:

- Қазақстанда болып жатқан бұл оқиғалар саяси топтар арасындағы күрес емес, Назарбаевтың өзіне ықпал ету үшін жасалып жатқан күрес. Бұл күресте екі жақты бөле көрсетуге болады. Біріншісі, президенттің өзіне тікелей шыға алатын мемлекеттік органдар болса, екіншісі президентке олардан кем ықпал етпейтін жеке тұлғалар.

Нұртай Әбіқаевтың ҰҚК төрағасының орынтағына келуін, шын мәнінде, 2006 жылы кісі қолынан өлген Алтынбек Сәрсенбаевты атып өлтіргендерді ақтап алу деуге болады. Назарбаев Әбіқаевты ғана ақтап қоймай, осы аты-шулы кісі өліміне қатысқандарды да ақтап алуға мүмкіндік беріп отыр. Ал тұтқындаулар жөнінде айтар болсақ, ондай заңсыз әрекеттердің көп болғаны соншама Назарбаев бұл орынға 2012 жылғы сайлауға дайындалу үшін әдейі Әбіқаевты әкеліп қойды. Сайлау алдында жаппай тазартулар жүреді деп ойламаймын. Ондай болмайды, өйткені оның бәрі де баяғыда тазартылып қойған, енді тек іске жұмылу ғана қалды. Алдағы 2011 жылы Назарбаев бәрінен бұрын өз төңірегіндегі кландар мен өзіне тікелей шыға алатын жеке адамдармен ымыраласуға ұмтылады.

Серік Әбдрахманов:

- Биліктің ұшар басындағы жағдай ушығып тұр. Қазақта «Кедей бай болсам, бай құдай болсам дейді» деген мақал бар. Бір Құдайға сыйынған халықпыз, бірақ соның өзі кейбіреулерге аздық қылып жатқан сияқты. Бір сөзбен айтқанда, мұрагер атанып, таққа тырмысу үшін қырқыс жүріп жатыр. ҰҚК қызметкерлерінің хаты сол шындықты көрсетіп отыр. Конституциясы мен заңдары жұмыс істемейтін, билігі сайлау нәтижелерін бұрмалап, халықты дауыс беру құқығынан айырумен шұғылданатын, ашық сценарийі жоқ елден мұнан өзге не күтуге болады?

Әрине, жағдай осылай болғандықтан алдағы оқиғалардың қалай өрбитінін ешкім де білмейді. Мүмкін түркімендердің үлгісі жүзеге асып кетер. Онда да іске дәрігерлер араласқан еді ғой, бұл туралы мен бұрын да айтқанмын, ақпарат құралдары да жазудай жазды. Сондықтан Әбіқаевтың ҰҚК төрағалығына қайта оралуынан ешқандай күшейту шарасын көрмей отырмын. Яғни біздің мемлекеттілігімізді күшейтуге негіз боларлықтай факті жоқ бұл жерде.

Осы орайда біздің күштік құрылымдарымыздың есіне өткен тарихымызды сала кеткім келеді. Мәселен, бұрынғы ССРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін әлсіз болды деп кім айтты? Ия, ССРО бүгінгі картада жоқ, сонымен бірге МҚК да келмеске кетті. Олай болса қазіргі ҰҚК немесе басқа да құрылымдар Қазақстанды кезекті катаклизмдерден құтқара ала ма? Тек ҰҚК ғана емес, қаржы полициясы да, прокуратура да, сотымен бірге полиция да осы жөнінде ойлануы керек.

Бұл құрылымдар не үшін күшейтіліп отыр? Менің ойымша, президент төңірегіндегілерге бұлар коммерциялық құрылымдардың үстінен «шатыр» болу үшін, рейдерлік жасап, қоқан-лоққы көрсету үшін керек. Біз бұл күрестің нәтижесі – билік үшін, президентке ықпал ету үшін күрес екенін көріп отырмыз. Мұндай күшейтулерден мемлекетіміз әлсіремесе нығаймайды.

Сондықтан ең бірінші кезекте президент Назарбаев «Біз қандай жолмен жүруіміз керек?» деген мәселені ойлауы тиіс. Бүгін оның аяғына жығылып, қолын сүйіп жүргендер, ертең бірінші болып сатып кетеді. Ал біз мемлекеттілігімізден айырыламыз. Міне осыны жарияға жар салып айтуымыз қажет.

"ӨЛІМ МЕН ӨМІР МӘСЕЛЕСІ"

Владимир Козлов:

- Менің ойымша, жағдай бірқалыпты емес. Әлдекім президент Назарбаевтың өзі тәжірибеге енгізген механизмдер арқылы жоғарғы билікке жетуі тиіс болып тұр. Яғни президент өзінің кетпейтіндігін Конституция мен өзге де заңнамалық актілерде бекітті, бірақ билікке ұмтылып отырған жас шамасы белгілі ықтимал үміткерлер Назарбаевтың өзі кеткенше шыдай алмауы мүмкін. Жоғары билік – тек саяси амбицияларды жүзеге асыратұғын жер емес, сонымен бірге оның қолданбалы мәні де зор.

Біздің елімізде заң жалпыға ортақ бұлжымас ережеге айналмағандықтан «барлық мәселені тек билік шешеді» деген қағида үстемдік құрып отыр. Аса зор байлық жинаған аймақтық элита сол байлығын жоғары биліктегі өз өкілі арқылы қорғай алады, олар қазірдің өзінде соны істеуге ұмтылып отыр. Менің ойымша қазір болып жатқан тартыстар айтарлықтай жүйелі тартысқа айналады. Бүгін дәрігерді сатып алғысы келді деген сөз шықса, ертең тағы басқа бірдеңе шықпайтындығына еш кепіл жоқ. Өйткені жоғары билікті қолға түсіру - саяси топтар үшін өлім мен өмір мәселесіне тең.

Әлихан Бәйменов:


- Менің байқауымша, қазіргі уақытта мемлекет басшысына ықпал ету жолында күрес жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін миллиардтарды қойнына басып қалған топтар мемлекеттік органдарға да, күштік құрылымдарға да ықпал ете алады. Олар мүмкін өз араларынан болашақ мемлекет басшысын көріп те отырған шығар. Олардың кейбірі платформаларын ерте бастан әзірлеуге тырысады.

Елбасы ұғымы жөніндегі пікірталас пен содан соң заңнамаға енген өзгерістер олардың кейбірін алғашқы қадамдарға итермелеуі де ғажап емес. Өйткені мемлекет басшысының кеңесшісі оқиғалардың әртүрлі нұсқада өрбу мүмкіндігін жоққа шығарған жоқ. Сол сияқты билік төңірегіндегі саясаттанушылар да бұл ойдан кет әрі емес. Ал мұның барлығын да әлгіндей топтар мұқият саралап отырады.

Президент құқық қорғау органдарының барлығының қызметінің ашықтығына қол жеткізуі қажет. Жақында жарияланған жарлық осы органдардың өз іші мен бір-бірімен қарым-қатынасында жинақталып қалған мәселелерді белгілі-бір деңгейде шешуге бағытталды. Бірақ олардың ашықтығы мен ел алдындағы есептілігін көтеру үшін жасалған жұмыстар аз. Кейбір шаралар, мәселен, құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру мәселесінде прокуратураның рөлін жоғарылату үлкен күдік туғызады.

"ЛАҚАП АТЫ – ҮНДЕМЕС"

Жүргізуші:

- Нұртай Әбіқаевтың оралуы билікке таластың ушығуына байланысты ма?

Владимир Козлов:

- Билік үшін саяси топтар арасында күрестің күшеюі президентті тиісті шаралар қабылдауға итермелеуі тиіс. Яғни қазан аузын ашып, буды шығарып жіберуі керек. Мұны құқық қорғау органдарының қызметінің ашықтығы арқылы шешуге болады деп отырған Байменов мырзамен, бұл тұрғыда келісемін. Алайда адамдардың азаматтық құқығын жүзеге асыратын ең соңғы саты ретінде әділсот өз міндетіне жауап бере алмайды. Президент бұған да назар аударуға міндетті, өйткені қоғамдық өмірге ықпал ете алатын құрылымдардың барлығын ол өзі тікелелй басқарып отыр.

Әлихан Бәйменов:

- Тасадағы топтар жөнінде маман емеспін, мұндай дүние мені қызықтырған да емес. Өйткені онымен шұғылдана бастаған адам өзге тірлікті ұмыта бастайды. Мұндай жағдайлар бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерде де, қазіргілерде де болды. Мен бір ғана нәрсені айта кетейін, қарсыластары да, жақтаушылары да Әбіқаевты мемлекет басшысына барынша берілген салмағы ауыр саяси сенімді тұлға ретінде таниды. Мемлекеттік аппаратта оның беделі өте жоғары, Астанадағыны айтып отырмын.

Құқық қорғау органдары жүйесін белгілі бір шамада қайта құру жөнінде жарлыққа қол қоя отырып, президент бұл саланы тек кәсіби кадрлар тұрғысынан ғана күшейтіп қоймай, саяси тұрғыдан да нығайтуға ұмтылғаны байқалады. Бұл тек Қазақстанда ғана кездесетін жайт емес. Үлкен Буш президент болғанға дейін Орталық барлау басқармасының директоры қызметін атқарған. Бұл тәжірибе басқа бірқатар елдерде де бар.

Мұндай шешуші органның басшылығында әртүрлі топтардың ықпалына ұшырамаған адам тұруы керек.

Рахат Әлиев:

- Біріншіден мен оны (Нұртай Әбіқаевты) мемлекеттік тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да кәсіби тұлға деп санамаймын. «Үндемес» деген лақап аты бар ол шындығында да екі сөздің басын құрай алмайды. Мен ол отырған мемлекеттік кеңестерге қатысқан адаммын. Әбіқаевтың бұл қызметке тағайындалуы – марқұм Сәрсенбаевтың жақтастарының бетіне түкіргенмен бірдей. Сәрсенбаевты өлтіруге Әбіқаевтың белсене қатысқанын жұрттың бәрі біледі, бірақ ешкім айтпайды. Мұны мен «Өкіл қайын ата» атты кітабымда да жаздым, мәліметтерім де жеткілікті. Керек болса өзге де де жолдармен тексеруге болады.

Назарбаевтың іс-әрекетіне қарап «оның запаста тұрған адамдарын саусақпен санап алуға болатынын» көріп отырмыз. Бір шеңбердің ішінде жүрген бәз-баяғы бір адамдар. Бұл нені білдіреді? Бұл оның лайықты командасы жоқтығын, барлық шешімді бір өзі қабылдайтынын білдіреді. Қазір жүріп жатқан негізгі күрес Назарбаевқа ақпарат жеткізу үшін күрес. Өйткені Қазақстанда тек Назарбаев қана шешім қабылдайды, басқамыздың айтып отырғанымыздың барлығы құр қиял. Ақ Ордаға шынымен де оппозиция жүрген, басқаша ойлайтын адамдар іште де, сыртта да бас біріктірмей Назарбаев ешкімді тыңдамайды. Өзінен өзгеше ойлайтын адамдарды ол көзіне де ілмейді. Парламентте бір партия, бір халық, бір көсем.

Әрі қарай не болады? Күшті оппозиция болмай бірдеңе жасау мүмкін емес. Мысал үшін өзімді айтайын. Әлиевті, яғни мына мені, Қазақстанға экстрадициялауға болатыны жөнінде Назарбаевтың қаптаған адвокаттары мен лоббистері құлағына құйып келе жатқанына үш жыл болды. Бірақ бұл нонсенс! Егер тіпті барғым келген күннің өзінде мені еуропалық мемлекеттік құрылымдар «барма» деп үгіттер еді. Адам құқығы жөніндегі Еуропа конвенциясына қол қоймай, Еуропа Кеңесіне мүше болмай тұрып, әрбір адамның құқығы мен бостандығына, астын сызып айтайын, Қазақстанның қатардағы әрбір азаматының құқығы мен бостандығына кепілдік беретін құжаттарға қол қоймай тұрып, Қазақстан халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі бола алмайды.

"ШУ-ШҰРҚАН АЯҚТАЛСА ДА, СЕБЕП ҚАЛА БЕРЕДІ"

Серік Әбдрахманов:

- Менің ойымша, саясаткерлер де, саясаттанушылар да Қазақстандағы клан аралық тартысты тым асыра бағалап отырған сияқты. Клан аралық тартыс Ақ Орданың дәлізінде жүріп жатыр. Халық – сыртта. Әбіқаевтың тағайындалуын өз басым қатардағы оқиғаның бірі деп санаймын. Мәселен, Әбіқаев осынау шу-шұрқанды тоқтатып, тартысты тыйды делік, сонан кейін барлығы біржола басылып қала ма екен? Жоқ, әрине. Енді ол бұрынғыдан бетер астыртын жүре бастайды. Сондықтан Әбіқаевтың тұлғасына соншалықты мән бере берудің қажеті шамалы.

Ұлт жетекшісінің шай стаканына олар біртіндеп ұнтақ себелей береді немесе ұнтақ қосылған стакан су бере салады. Мұндай әрекет тоқтамайды. Егер біз мемлекетіміздің дамуы туралы сөз қозғайтын болсақ, онда өкінішке орай өздігінен ештеңе шеше алмайтын мемлекеттік құрылымдар туралы, парламент, тағы да басқа билік бұтақтары туралы айтуымыз керек. Бәріміз, әсіресе, жоғарыда отырып, осы тартыстың шоғын үрлеумен әуестеніп жүргендер бір жайтты мықтап ескеруіміз керек – халық арасында наразылық өршіп келеді. ССРО-да мұндай наразылық ондаған жылдар бойы жинақталды. Ал тарих бізге мұндай мерзім бере ме? Меніңше, бермейді. Ең қауіптісі, адамдардың көңіл-күйі дәл қазір билік жағында емес. Жалпақ жұртқа жұмбақ бұл билік өзімен-өзі алысып әлек. Биліктен дәмелілер қандай тәсілмен болса да тізгінді қолға алғысы келіп отыр. Олар монолог оқығанда, кабинетінде отырғанда күшті, бірақ халықпен ашық сөйлесер шамалары жоқ. Әлгіндей мұрагерлер ойлап жүргендей, Қазақстан - Малстан емес. Түптің түбінде халық бәрібір өз сөзін айтады. Өз басым әйтеуір бір адал сайлау болатынына сенемін. Халық өз дауысын талап ететін болады. Жанжал да болмасын, билікке де жамандық тілемеймін, бірақ бәріміз тізе қосып еңбек етсек, адал сайлау жолында жұмыс істесек деймін. Сонда ғана халық өзге де өркениетті елдердегідей дауыс беру арқылы кімнің кім екенін нақты айтады.

Рахат Әлиев:

- Қазақстанда тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары жоқ. Серік Әбдірахманов жария саясаткер екенін білеміз, бірақ ондай саясаткерлердің бүгінгі Мәжілістен біреуін де таба алмайсыз. Бұл - Қазақстанның үлкен трагедиясы. Жария саясаткерлер неғұрлым көп болған сайын Қазақстан соғұрлым алға жылдамырақ жүрер еді. Президент сайлаудан сайлауға дейін ғана жұмыс істейді. Оның бір ғана мақсаты бар, яғни халыққа билікті қайткенде бермеу. Мұны Бәйменов мырза да біледі, бұл сөзімді қолдайтын шығар деп ойлаймын. Шырқау биікке шығып алып, шын мәнінде авторитарлы жетекші – диктаторға айналған, ол аз болса өзін көсем деп жариялаған адам ешқандай да демократиялық өзгерістерге аттап баспайды. Бұл - утопия. Мұны тарих талай көрсеткен. Ал бірақ демократияландыру жолымен жүрген ешбір диктатор билікті әрі қарай ұстап тұра алған емес. Назарбаев та солай. Әзірге халықтың өзі мен жекелеген көшбасшылар бастаған оппозиция тізе қосып, бір майданға шықпай, Назарбаев тек өз басының билігіне негізделген режимді одан әрі нығайта береді.

"ПЕРІШТЕЛЕР ЕШ ЖЕРДЕ ЖОҚ"

Әлихан Бәйменов:

Мен Әлиевтің сөзін түзете кеткім келіп отыр. Сессиядан сессияға дейін «көңілді» жүретін студенттерге қарата айтылатын мұндай сөздерді президент Назарбаевқа қатысты қолдану артық болады. Оның аса зор жұмыс қабілетіне талай рет куә болған адаммын. Ол алдындағы жатқан мол ақпаратты түгел қорытып, шешім қабылдар шақта шебер пайдалана алады. Ешбір күнделікті қарым-қатынас оның жеке тұлғасын бағалаудағы объективтілікке ықпал етпеуі, оның біздің мемлекетімізді қалыптастырудағы рөлін кішірейтпеуі тиіс.

Өмірімде еш жерден Америка Құрама Штаттарынан да, Ұлыбританиядан да, Англия мен Сингапурдан да өз басым періште көрген емеспін. Періштелер біздің билікте де, оппозицияда да жоқ. Тек адамзат сынағынан өткен формулалар, үлгілер, бірінші кезекте билік бөлінісі мен тепе-теңдік деген ұғымдар бар. Құқық қорғау органдары қалыпты жұмыс істеуі үшін парламенттің рөлін көтеру қажет, дұрыс сайлау өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары халыққа шындықты жеткізуі, соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметі туралы шындықты жеткізуі үшін телеарналардан балама ойлардың айтылуына жол беру керек. Қоғамдық бақылау күшейсін. Міне осының бәрі бірге жүргенде ғана саяси реформа деп аталады.

Бүгін президент Назарбаевты қолдайтындар көп. Бірақ соған қарамастан келесі мемлекет басшысы мұндай өкілеттіктерге ие болмауы қажет. Бұл «мономахтың мұрабы», немесе қазіргі жағдайда айтқанда «Назарбаевтың мұрабы» келесі президентке тым ауыр болады. Егер, әрине оған дейін президент Назарбаевтың өзі саяси реформаларды бастап кетпесе. Жалпы дәл қазіргі жағдайды ескере келгенде Қазақстан үшін саяси рефоромаларды президенттің өзі жүргізгені ең қолайлы нұсқа болар еді деп ойлаймын.

Серік Әбдрахманов:

- Мен премьер-министр Кәрім Мәсімовтың «НұрОтанды» екі партияға бөліп, қос партиялық жүйе жасау жөніндегі жаңа бастамасы жөнінде айта кеткім келіп отыр. Қолдан жасалған жасанды партия біздің жүйемізді құтқара алмайды. Біз одан әрі құрдымға кетуіміз мүмкін. Әділ сайлау керек. Алдағы катаклизмдерден билік сонда ғана құтылады, қоғамды да құтқарады.

Владимир Козлов:

- Рим империясының заманынан бері авторитарлық билік екі белгісімен ерекшеленіп келді. Біріншіден, билік өзімен ешкім тең келмес үшін төңірегіндегі күшті оппоненттерді түгел шауып тастады, екіншіден айналасына жеке басына мүлтіксіз берілген талантты адамдарды жинады.

Меніңше, біздің билікте осы белгінің екеуі де бар, сондықтан авторитарлық билік деген атауға әбден лайықты. Мен Назарбаевқа адамзат тарихын қайтадан бір рет еске алу жөнінде кеңес берер едім. Авторитарлы билік қантөгіссіз, жоғарғы билеушінің өзіне зиян шектірмей ешуақыттта саяси аренадан кеткен емес.

Мен осыған назар аудартқым келеді. Мұндай оқиғалар болмас үшін оның алдын алу керек, өйткені біздің ешбіріміз қанды оқиғалардың қайталанғанын қаламаймыз. Тіпті ол өзіне әбден берілген ескі гвардиясын түгел жинап алған күнде де, олар өзі көп те емес кой, барлығы да іші сарқ-сұрқ қайнап, күн санап буы мен қызуы кернеп бара жатқан қазан үстінде отырғандай күй кешпекші.

Жүргізуші:

- Құрметті қонақтар, осымен Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелін тәмамдайды. Пікірталасқа қатысқандарыңызға рахмет. Студияда сіздермен бірге болған Сұлтан-Хан Аққұлұлы. Сау болыңыздар!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG