Accessibility links

Әлихан Бөкейхан Нығмет Нұрмақовпен бірге Мәскеуде жерленген


1930-1942 жылдар аралығында сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болғандар көмілген бауырластар моласындағы ескерткіш. Осында Әлихан Бөкейхан да жерленген. Мәскеу, Дон зираты, 2009 жыл. Азаттыққа Мәскеулік «Ритуал» кәсіпорнының баспасөз қызметі жолдаған сурет.

1930-1942 жылдар аралығында сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болғандар көмілген бауырластар моласындағы ескерткіш. Осында Әлихан Бөкейхан да жерленген. Мәскеу, Дон зираты, 2009 жыл. Азаттыққа Мәскеулік «Ритуал» кәсіпорнының баспасөз қызметі жолдаған сурет.

Азаттық радиосы Әлихан Бөкейханның атылуына қатысты жаңа мәліметтерді жариялағаннан кейін, ақыры бізге оның қайда жерленгені белгілі болды. Оның зираты Мәскеудегі Дон қорымынан табылғанын бірден екі оқырман хабарлады.


ДОН ҚОРЫМЫНДАҒЫ БЕЙІТ


Біздің алматылық әріптесіміз, «31 арна» телеарнасының журналисі Болат Мүрсәлім бізге Мәскеудегі Дон сопыханасы қорымының фотосуретін жолдады және де қорымның мекен жайы мен телефонының номерін хабарлады.

Жас әдебиеттанушы Болат Мүрсәлім – кинодерекші Қалиолла Омаров түсірген Алаш-Орда ұлттық-аумақтық аутономиясының тарихы туралы жаңа деректі фильм сценарийінің ауторы.

Біздің екінші оқырманымыз және әріптесіміз алматылық журналист Әділ Нұрмақов бірнеше жыл бұрын, Мәскеуде тұрған кезінде, өзінің немере атасы Нығмет Нұрмақовтың моласын іздеймін деп «Мемориал» халықаралық тарихи-ағарту қоғамына барғанын жазып жіберіпті.

Сол қоғамда оған Мәскеуде жарық көрген, «Ату тізімі: Дон қорымы. 1934-1940» деген атауының өзі зұлмат заманның ызғарын сездіретін кітаптың дискін ұстатқан.

Дискте 1934-1940 жылдары атылып, Дон қорымына жерленгендер туралы 670 шамасында анықтама бар. Анықтама мазмұны: тегі, есімі, әкесінің аты, туылған жылы, туылған жері, ұлты, партияға мүшелігі, білімі, жұмыс орыны, тұтқындалар алдында тұрған жері, тұтқындалу уақыты, соттаған орган, сотталу уақыты, тағылған айып, атылған уақыты, ақтаған орган, ақталу уақыты. Кейбір анықтамалар фотосуреттермен толықтырылған.

Әділдің әкесі Аман Нұрмақовтың айтуынша, көрнекті қазақ мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақов Әлихан Бөкейхан екеуі бір «ату тізімінде» болған. Ол екеуі бір күнде – 1937 жылдың 27 қыркүйегінде атылып, сол күні бір жерге көмілген.

Азаттық радиосына берген сұхбатында Аман Нұрмақов ұлына «Мемориал» қоғамы табыстаған дискте жан түршігерлік ақпарат бар екенін айтты. Ол ақпарат бойынша, 1937 жылғы 27 қыркүйекте атылғандар, олардың арасында екі қазақ мемлекет қайраткері де бар, сол қорымда көмілген. Бірақ, қалай көмілген?

Азаттық радиосының тілшісі телефон арқылы Дон қорымының директоры Александр Деменковпен сөйлескенде ол оқырмандарымыздың ақпаратын растады. Онымен ғана шектелмей, жерленген адамдарды тіркеу журналынан Әлихан Бөкейханның аты-жөнін тауып, ол туралы барлық анықтамалық мәліметтерді оқып берді.

Деменковтың сөзі бойынша, ол қорымда жатқандардың аты-жөні тіркеу журналына атылу немесе жерлену уақыты бойынша емес, әліпбилік тәртіп бойынша жазылған. Ал, ең бастысы – Әлихан Бөкейхан және Нығмет Нұрмақовпен бірге бір молаға көмілгендердің аты-жөндері моланың өзінде көрсетілмеген. Ол тұрмақ, не жерленгендердің саны да, жалпы ештеңе жазылмаған.

Дон қорымында салт-жоралғы қызметін көрсететін мәскеулік «Ритуал» кәсіпорыны баспасөз қызметі Азаттық радиосының редакциясына әлгі моланың суретін жолдап, Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың дәл сол молада көмілгенін жазады.

Алайда мола басындағы ескерткіш пен тақтайшалардағы жазуларға қарағанда, бауырластар зиратында 1930 жылдан бастап 1942 жылға дейінгі аралықта қуғын-сүргін құрбаны болғандар жерленген тәрізді.

Марқұмдардың туған-туыстары, шамасы 1980 жылдардан кейін, моланың басына орнатқан жазуларға қарағанда, жалпы көлемі ең көп дегенде 2-3 шаршы метр болатын осы бауырластар моласына қазақтың қос арысынан өзге көрнекті грузин-совет қайраткері Авель Енукидзенің, Совет одағының алғашқы бес маршалының біреуі Михаил Тухаческийдің, армия қолбасшысы Август Корктың, әскери корпусты басқарған Роберт Эйдеманның және көптеген басқа адамдар көмілген.

«Эхо Москвы» радиосының ақпараты бойынша, Дон сопыханасы қорымында осы тәрізді бірнеше мола бар. Орыс радиосы оларды тіпті бауырластар моласы деп те атамайды, сталиндік қуғын-сүргін құрбандары көмілген жай ғана «шұңқыр» дейді.

«Ол жерде тек марқұмдардың туған-туыстары өз ата-бабалары сонда жатқан болуы мүмкін деген жорамалмен қойған тақтайшалар ғана бар. Бұл жай ғана шұңқырлар, оларға мәйіттерді лақтырып көме салған. Оларда 1937-1938 жылдары атылған бес мыңнан астам репрессия құрбандары жатыр», деп хабарлады «Эхо Москвы» радиосы.

НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ

Совет өкіметі мұндай сорақылық пен айуандықты қазақтың ұлттық көсемі Әлихан Бөкейхан тәрізді идеялық қарсыластарға ғана көрсеткен жоқ. Утопиялық ұрандар мен идеологияны шынайы қабылдағандар да, ең бастысы – сол идеяға шын жүрегімен қызмет еткендер де қуғын-сүргіннен құтыла алмады. Ондай құрбандардың ішінде Нығмет Нұрмақов және көптеген өзге де қазақ коммунистері бар.

Нығмет Нұрмақов (1895-1937) – қазақтың көрнекті советтік мемлекет қайраткері, 1920 жылы коммунистер қатарына қосылған. Ол да өзінің үлкен әріптесі Әлихан Бөкейхан секілді Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының (бұрынғы Семей облысы Қарқаралы үйезі) тумасы.

Бірақ, қазақтың ұлттық жаңғыру идеясы – «Алаш» үшін күресіп, соңғы демі үзілгенге дейін идеяға адал болған Әлихан Бөкейханнан айырмашылығы сол, Нығмет Нұрмақов та, ұлттық қазақ зиялыларының жаңа жас толқынының елеулі бөлігімен бірге коммунистер жар салған идея мен көтерген ұранға сеніп, адал қызмет етті. Бұл оның совет қызметіндегі мансаптық өсуінен байқалады.

Бар-жоғы оқытушылық семинариядан алған білімімен Нығмет Нұрмақов 1921 жылы, әлі 26-ға да толмаған шағында, Қазақ АССР Революциялық трибуналының төрағасы қызметіне келеді. Бұл қызметті 1923 жылға дейін атқарады.

28 жасар Нұрмақов – РСФСР Жоғарғы соты Қазақ бөлімінің төрағасы, ал 1923-1924 жылдары ол Қазақ аутономиялық ССР-ның әділет халық комиссары, бас прокуроры болады.

1924 жылдың күзінен 1929 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта Нығмет Нұрмақов Қазақстанның жетекшісі – Қазақ (Қырғыз) АССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы.

1929 жылдан 1931 жылға дейін оқуда. 1931-1937 жылдары Нығмет Нұрмақов Мәскеуде биік әрі бір қарағанда зор үміт күттіретін партиялық-мемлекеттік қызметтерде істеді: Бүкілодақтық орталық атқару комитеті (ВЦИК) хатшысының орынбасары, ВЦИК Президиумында бөлім меңгерушісі, сондай-ақ БКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің және ҚАССР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды.

1937 жылдың қыркүйек айында ана тілі – қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне әрекеттенгені үшін ғана Нығмет Нұрмақовқа ұлтшыл деген айып тағылды. Өлім жазасына кесу туралы үкім жабық сот отырысында шығарылды.

ЭКЗОТИКАЛЫҚ АЙЫПТАУ

Кезекті қазақ қайраткерінің ұлтшыл деп айыпталуы таңғаларлық іс емес. Ол кездегі жаппай қуғын-сүргіндер жан түршігерлік пиғылда жүргізілді. Қуғын-сүргінмен қатар барлық ССРО халықтарын бірыңғай «совет халқына» айналдыруды көздеген зұлым тәжірибе жасалды. Батыста мұны кекесінмен «хомо советикус» деп атады.

Мән-жайдан бейхабар адам бірден мұндай сценарийді шығарған Сталин деп ойлауы мүмкін. Бірақ, мұның ауторы большевиктердің
Алаштың көсемі һәм Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың атылар алдындағы суреті. Бутырка түрмесі, Мәскеу, 1937 жыл. ССРО КГБ-сының мұрағатындағы сурет.
көсемі Владимир Ленин еді, ол билікті басып алған алғашқы жылдарында-ақ осының шетін шығарған болатын.

Әлихан Бөкейханға тағылған айыптар мынадай еді: «советтік құрылыстың жауы», «азаматтық соғыс жылдарында қазақ буржуазиясының контрреволюциялық қозғалысын басқару», «Алаш-Орда» контрреволюциялық үкіметіне жетекшілік жасау», «Советтерге қарсы бірлесе күресу үшін Башқұртстандағы уалидовтық үкіметпен байланысу» (Ахмет Заки Уалидов – Башқұрт аутономиясының 1917-1919 жылдардағы басшысы), «контрреволюциялық жұмысты идеологиялық майданда жалғастыру», «Мәскеудегі және Қазақстандағы контрреволюциялық түрікшіл лаңкестік орталық жетекшілерімен байланыс».

Оқырманды бір таңғалдырса, осы тізімдегі қазақ көсемі Әлихан Бөкейханға ғана тағылған бір айыптау таңғалдыру мүмкін. Ол – «жапоншылдықты» (!) насихаттау және тарату.

Айыптаудың соңғы бөлігін осы мақаланың ауторы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті тек танысу үшін ғана ұсынған жауап алу және сот тергеуі хаттамасының көшірмесінен жазып алған еді.

Әлихан Бөкейхан «Мәскеудегі және Қазақстандағы контрреволюциялық түрікшіл лаңкестік орталық жетекшілерімен байланыста болды» деген айыптауды алар болсақ, Советтердің жазалау машинасы бұл жерде Нығмет Нұрмақовты меңзеп отыр және тек бір оны ғана емес.

ЗИЯЛЫ ҚАУЫМДЫ ЖОЮ

Негізінде, өзінің мәні бойынша Ресей империясының әлдеқайда сорақы мирасқоры болып табылатын Совдепия бұрынғы бодан өңірлер мен ондағы халықтарға өзгеше көзқарас танытады деп ойлаудың өзі ақылға қонымсыз болар еді. Өйткені, коммунистер жариялаған идеялар мен ұрандар қып-қызыл өтірік пен жалғандықтан тұрды.

Мәселен, ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық элитасы «Алаш» деп ұрандап, ұлттық жаңғыруды, ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру идеясын басшылыққа алғанын совет өкіметі тамаша білді. Алаш-Орда аутономиясының құрылуы соған дәлел болды.

Төңкеріске дейінгі және одан кейінгі уақыттағы қазақ зиялыларының жаңа толқыны да ұлттық сана-сезім және ұлттық ерекшелік рухында өсіп-қалыптасты.

Қазақ зиялыларын құрсауламайынша, ал, ыңғайы келсе біржола жойып жібермейінше, Советтердің авантюралық билігі өздерінің сұрқия жоспарларын жүзеге асыру былай тұрсын, орынында табандап тұрып қала алмас еді.

Азаттық радиосының редакциясы Болат Мүрсәлімге, Аман Нұрмақовқа және оның ұлы Әділге жолдаған жаңа мәліметтер мен фотосуреттері үшін алғыс білдіреді.

P.S. Мақала ауторына Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінен берілген анықтамада былай деп жазылған: «1935 жылдың қаңтар айынан 22 маусым 1941 жылға дейін ССРО-да 19 миллион 840 мың адам тұтқындалды. Олардың 7 миллионы атылды».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG